ТАСҚЫНҒА ТОСҚЫН ҚОЙҒАН

ТАСҚЫНҒА ТОСҚЫН ҚОЙҒАН

ТАСҚЫНҒА ТОСҚЫН ҚОЙҒАН
ашық дереккөзі

Биылғы қыс ерекше болды. Жұртшылық «қоянның қысы үнемi осындай болады» дегендi мысалға келтiредi. Ал кейбiреулер төрт жылда бiр рет келетiн кiбiсе жылының осындай «тосынсыйларының» көп болатынын тiлге тиек етуде. Қалай десек те, табиғат биыл тосын мiнез көрсетiп тұр. Ерiген қар суы мен жауған жаңбыр оңтүстiк жұртшылығын жаппай әбiгерге салып қойды.

Бұл әсіресе, көктем ерте түсетін оңтүстікке оңай болмай тұр. Күннің күрт жылынуынан қалың қар еріп, көптеген ауылдағы арық-атыздардың бәрі арнасына сыймай кетті. Мұның салдарынан, Оңтүстік Қазақстандағы бірнеше аудан тасқын судың астында қалды. Арық-атыздарға толған су арнасынан тасып, оңайшылықпен бой берер емес. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, қар суының әлегіне жаңбырдың жаууы да дөп келген сияқты. Түн ортасында тосыннан келген топан су, әсіресе Ордабасы ауданының халқын қатты састыруда. Темірландық тұрғындар ақпанның соңғы күндерін осындай қарбаласпен өткізуде.

Арықтарға сыймай, ернеуінен асып жығылған су қойсын ба? Ауылдағы үйлерді табанда шайып кетіп, жергілікті тұрғындар баспанасыз қалды. Кейбір деректерге сүйенсек, қазір 450-ге жуық үй судың астында қалған. Бірнеше шаңырақ опырылып, ортасына түскен көрінеді. Аудандағы 17 көпірді су шайған. 2 мыңнан астам тұрғындар басқа жаққа көшірілді.

Табиғаттың бұл тосын қатері ақпан айының 19-нан басталған болатын. Күрт жылынған ауа райынан, әрі жаңбыр суынан жер-жерлерде сел жүре бастаған. Селдің салдарынан Отырар, Сарыағаш, Арыс, Түркістан және Ордабасы аудандары судың астында қалды.

Бүгінде Арыс ауданына қарасты Монтайтас ауылы да тасқын судан зардап шегіп отыр. 19 баспана суда қалды. 59 үйдің тұрғындары қауіпсіз аймаққа көшірілген. Тасқын судың зардаптарының алдын алу үшін Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлері мен Оңтүстік Қазақстан облысының шенеуніктері де күн-түн демей, ауылдарда түнеп жүр десек те болады. Су шайған үйлер мен тасқынның зардабы тиген ауылдарды құтқару жолында қолдарынан келген бар мүмкіндіктерін аяған жоқ. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі мен облыс әкімдігінің біріге атқарған іс-шараларының нәтижесінде адам өлімі орын алмағаны ғана көңілге медеу ұялатады.

Биылғы жылы Арыс ауданына қарасты Ақдала ауылының тұрғындары да тасқынның алдын-алу жұмыстарын жаппай жүргізген болатын. Ауыл әкімі Сапар Дәрібаев ақдалалық тұрғындарды жинап алып, білек сыбана кірісіп, ауылдағы арық-атыздардың бәрін қардан аршып алған екен. Қыстық қардан тазартылған арықтардың арқасында Ақдала ауылының тұрғындары апаттың алдын ала білді.. Ауыл әкімі Сапар Дәрібаевтың бұл тірлігіне жергілікті тұрғындар да дән риза. Үнемі қар ерісе, су шаюға дайын тұратын Ақдала ауылы биылғы апаттан әзірге аман. Кішкентай ауылдың әкімінің бұл ісі көпке үлгі болса керек. Ақпан аяқталмай жатып, Оңтүстіктегі бірқатар аудандардың су астында қалуының басты себебі – көптеген оман арықтар мен каналдардың тазаланбауынан. Турасын айтсақ, көптеген тұрғындардың өзі қолына күрек-кетпен ұстауды ар санайды. Көптің жұмысына қырсыз. Ақдала ауылының тұрғындары сияқты, өзге аудандарда да арықтар мен көпірлер қардан аршылып, қоқыстардан тазартылған болса, мұндай келеңсіздіктер болмас па еді, бәлкім!

Әзірге, тасқынның беті қайтты. Алайда, көктемнің алғашқы күндері келді дегенмен, қауіп сейілді деп тоқмейілсуге тағы болмас. Айтып келмейтін апаттардың алдын-алу үшін көктемгі дайындықтарды бүгіннен бастаған абзал. Көктем келіп, қар еріп, жылғалардан су ағатын сынақ күндері енді басталды. Сондықтан көктемнің қамын қазірден ойлағанымыз жөн шығар.

Марғұлан НҰРЛАНҰЛЫ

Оңтүстік Қазақстан облысы

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ