Жаңалықтар

СЫРБАЙДЫҢ СЫРЛЫ ӘЛЕМІ

ашық дереккөзі

СЫРБАЙДЫҢ СЫРЛЫ ӘЛЕМІ

Биыл күзде қазақтың көрнектi ақыны, халық жазушысы, Абай атындағы мемлекеттiк сыйлығының лауреаты Сырбай Мәуленовке 90 жыл толады. Дайындық қалай? Астанадағы ақын есiмiмен аталатын мектеп алғашқылардың бiрi болып, iс-шараны бастап кеттi.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 30 мамырдағы № 497 қаулысына сәйкес Астана қаласы бойынша Алматы ауданының №37 орта мектебіне Сырбай Мәуленовтің есімі берілген болатын. Қазір мұнда 1831 оқушы білім алады. Көрсеткіштері жаман емес.Өткен жылы 6 оқушы «Алтын белгі» иегері атанса, 3-і Назарбаев университетіне түсіп, біреуі шетелде білім алып жатыр. Сондай-ақ мектептегі «Ата мұра» ұлттық дүние таным орталығы – мұражай бөлмесінен ақынның туғанына 90 жыл толуына орай арнайы көрме ашылған.Бұл көрме «жыр тұлпары, сыр тұлпары» атанған Сырағаның шежіресін шертіп тұр десек жарасатындай. Ақынның өмірі мен шығармашылығынан жан-жақты мағлұмат беретін жәдігерлердің әрқайсысының өзіндік тарихы бар. Көрмеге қойылған дүниелер Сырбай Мәуленовтің балалық шағына бастап, студенттік кезеңі, өскен ортасы, ата-тегі, елге ақын ретінде танылып, халық жазушысы дәрежесіне жетіп, өмірден өткенге дейінгі уақытты қамтиды.Әсіресе, орден, медальдары мен жазу машинкасы, құран кітабы мен тәспісі келген көрермендерді қызықтырары сөзсіз. Мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Кенжеғұл Ещановтың айтуынша әр жылғы қыркүйектің 17-інде С.Мәуленовтің туған күнін атап өту дәстүрге айналған.Сондай-ақ шығармашылығын насихаттау мақсатында дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, ақынның сөзіне жазылған «Сырбайдың сүйікті әндері» атты ән кеші, ақынды еске алу апталығы өтіп тұрады. Мектеп оқушылары арасында «Мәуленов оқулары», ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізу де игі дәстүрге айналған. Әсіресе ақын туралы деректі фильмдер көрермен назарын ерекше аударуда. Бүгінгі ұйымдастырылған шара сол жақ­сы істің жалғасындай көрінді бізге. Білім ұя­сын­дағы бір күнгі «Ашық сабақ» ақынның құрметіне арналыпты.Қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша шығармашылығы, ән-күй сабағы бойынша ақын сөзіне жазылған әндерге мән берілсе, тарих пәні өмірбаяны мен еңбек жолдарын қамтыды, ал дене тәрбиесі сабағында спорттың бірнеше түрінен сыныпаралық жарыс өтті. Келген қонақтар мен БАҚ өкілдері өздері қалаған сыныпқа кіріп, Сырағаң туралы сырға қанығып жатты. Бізді қызықтырғаны — қазақ тілі мен әдебиет пәні бойынша «ашық сабақ» еді.Белсенді оқушылар бірінен соң бірі ақынның отты жырларын жарыса оқыса, енді бірі өздері жазған өлеңдерін ақын рухына арнады. – Белгілі дәрежеде біраз іс атқарылғанымен, С.Мәуленовтің қызметі мен шығармашылығы әлі күнге дейін кеңінен зерттеліп, түбегейлі сөз болмай келеді.Бірен-саран мақалаларда, естеліктерде Сырағаның ақын, журналист, көсемсөз шебері болғандығы, радиокомитет, баспа саласында қызмет істегендігі айтылғаны болмаса, қомақты көңіл толтырарлық зерттеу әлі жоқ, –дейді қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Ғайния Ахметова. Шынында да Сырбай Мәуленов әде­би­еттің де, журналистиканың да бар жанрында жазған, жүректегі сырын оқырман қауыммент жасқанбай бөлісіп отырған қаламгер. Поэзияда қандай із қалдырса, баспасөзде де сондай із қалдырды. Қай жанрда жазса да оның өзіндік өрнегі, өзіндік стилі, өзіндік әдісі бар. «Жұлдыз» журналы мен «Қазақ әдебиеті» га­зетіне бас редактор болып тұрғанда та­лай талай жанрды жаңартып, жаңғыртқан жур­на­лист. Сырбай Мәуленов ақын ғана емес, бас­па­­сөздің дамуына, өркен жаюына зор еңбек сің­ірген тұлға. Әсіресе эпистолярлық жанрда жаз­ған хаттары зерделі зерттеу жүргізуді қажет етеді. Ендеше, тамаша шығармалар қалдырған талантты қаламгердің жазушылығымен қатар журналистік еңбектері де алдағы кезде терең зерттелуі тиіс. Қалай дегенде де, тиянақты зерттеу жүргізудің нәтижесінде шаң басқан мұрағаттардағы сарғайған қағаздардың сыры Сырбай Мәуленов болып сыртқа шығарына сенеміз.Кездесуде ақынның өмірі мен шығарма­шы­лығына арналған «Сөнбес сәуле» атты де­ректі фильм көрсетіліп, ақынның қос ұлы Қасым мен Ғазиз Сырбайұлы оқушылардың сауалдарына жауап берді. Жиналған қауым мектеп оқушыларының орындауында ақынның сөзіне жазылған «Соғыстан қайтқан солдаттар» әнін тыңдап, Сырбайдың сырлы әлеміне қаныға түсті. Мектеп қабырғасынан жазушы Әбіш Кекілбайдың «Біз бала кезімізден бастап Сырбайша оқуға, Сырбайша сөйлеуге ұмтылып өскен ұрпақпыз» деген сөзін көзіміз шалып қалды.Ендеше, бүгінгі ұрпақ Сырбайша оқып, Сырбайша сөйлеуге ұмтылса, ертеңгі күні елдің елдігі, ердің ерлігі асқақтай түседі. Ал Сырбай Мәуленовтің 90 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар мұнымен тоқтап қалмайды. Жыл бойы мектепте жалғаса береді. Осы жалғастық еліміздің барлық аймағында жалғасын тапса жарар еді дегің келеді.< br> Базарбек ТҮКIБАЙ   Астана қаласы