Жаңалықтар

БУДАН ҰРПАҚТЫҢ БҰЙДАСЫ КІМНІҢ ҚОЛЫНДА?

ашық дереккөзі

БУДАН ҰРПАҚТЫҢ БҰЙДАСЫ КІМНІҢ ҚОЛЫНДА?

24 мамырда «Түркістан» газетінен Қанат Қабдырахмановтың «Қазақтарды бөліп жүрген – ұлтшылдар» деген сұхбатын оқып, қазақ баласының өз ұлтын соншама жермен-жексен еткеніне «әттеген-ай» деп жағамды ұстадым. Басылым редакциясының кіріспесінде, Қ. Қабдырахмановтың орыстілді баспасөздерде жарық көрген материалдарында қазақ қауымына қатысты айтылған ойларды біз қате түсініп жүрген жоқпыз ба деген оймен оны ашық әңгімеге шақырдық депті. Хош. Материалды оқып шығып, сан қилы ойға кеттім, оқырманды ойландыратын һәм толғандыратын материал жоғары бағаланатын болса, бұл дүние «Түркістанның» айын аспанға шығарған сыңайлы.

Сұхбат берушінің тарихтан хабарсыз екені және ойларын талдап саралауға тұрмайтынын мына бір үзіндіден-ақ байқауға болады. Оның «ойына не келеді, соны айтатынынша» – көпэтникалық мемлекетте өмір сүру әлдеқайда жақсы (?), ал моноэтникалық мемлекетте өмір сүру мүмкін емес (?!). Автор бұл ойын тіпті дәлелдеп те жатпайды. Бұл жазушының (өзінің сөзіне сенсек) саясат тақырыбындағы саралау мен сараптау тәсілдерінен хабарсыз екені көрініп-ақ тұр, сәлден кейін «Жапонияда не мұнай, не көмір, не газ жоқ… Бірақ адам капиталы өте көп. (Бұл жерде орысша «человеческий капитал» сөзінің аудармасы келтірілген. Ол сөзге «өте көп» деу қате, ол көп сан емес, бір сан). Сондықтан … әлемдегі озық мемлекеттің бірі. Оңтүстік Корея, Қытай да солай…» деп салады. Ау, сонда моноэтникалық мемлекетте өмір сүру мүмкін емесің қайда, Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай – нағыз моноэтникалық елдер емес пе?! Бұл мемлекеттер халқының 95-99 пайызы мемлекет құрушы ұлт өкілдері – жапондар, кәрістер, қытайлар екенін бүгінгі орта мектеп оқушысы да біледі. Жазушы Қ. Қабдырахманов мұны білмейді деу қисынға келмейді, біле тұра білмегенсиді, өйткені ол оның идеялық ұстанымына – қазақ ұлтын қаралауға, басқа ұлттармен (орыс, ағылшын т.т) терезесі тең емес екенін, білімі де, өркениеттілігі де, дәстүр мәдениеті де ХІХ ғасырдағы қалпында екенін дәлелдеуге қайшы келеді. Қазақстанда өркениетті орыстілділер қалыптастырды дегеніне сенсек, сонда ол өркениет ХІХ ғасырдағы боп шықты ғой.

Өзі қазақ, тегі қазақ, туған жері қазақтың жері, өскен елі қазақтың елі, түрі қазақ, бірақ болмысы, ойы, арман-тілегі мен отбасы, бала-шағасы қазақ емес. Басқа. Кім? Оралхан ағам жазып кеткен Будан. Жасанды жәндік.

Ұлтын қастерлемейтін, тіпті қазақ екенінен ұялатын будан ұрпақ өсіп-өніп, көбейіп келе жатыр. Өткен ғасырда «Ұлы орыс коммунистері» ұйымдастырған зұлматтардан ұлттың жартысына жуығы құрбан болғаны белгілі. Жиырма бірінші ғасырда да ұлт үшін кезекті қасірет – будандар санының өсуінде болып отыр. Олар қазірдің өзінде қоғам мен биліктің негізгі тетіктерін ұстап отыр, тәуелсіздік алған жиырма жылда экономикамыз өткен ғасырдың 90-жылдарындағы деңгейіне жетпеуінің басты себебі – осы ұлтсыздардың іс-әрекеті. Оларға елсүйгіштік, ұлттық намыс, Отан – жат ұғымдар, осы жерді ұрлап-жырлап, иеленіп, ие болып қалу армандары. Ұлттың мүддесі, елдің ертеңі олар үшін түсініксіз сөздер.

Іштен шыққан жау. Қазақтың маңдайына жазған осы жаудан арыла алмай-ақ келе жатырмыз. Өз Анасына (ұлтына, еліне) шапқан, яки оны қаралап, басқалардан кем санаған есірік төл өскен ел, өркениетті деп жүрген ХХІ ғасырдың жетістігі шығар, бәлкім.

Себебі қайда? Мұндай ұрпақ қалып­та­суы­на негіз болған не? Жауап біреу – Тіл.

Ұлттық тілді ұмытқан ұрпақ ұлттық ділді санасына сіңіруі мүмкін емес. Қазақ тілін білмейтін қазақ жаттың – орыстың, ағылшынның, т.б. тілінде ойлайды, яғни оның ділі, болмысы да – орыс, ағылшын.

Бұларға (будандарға) еліктегіштер де ел ішінде толып жатыр. Жер жаһанды жайлаған ұлттардың ішінде өз мемлекетінде тұрып, екеуара жат тілде әңгімелесетін бірден-бір ұлт болса, ол қазақ ұлты шығар. Сенбесеңіз, Алматының көшесіне шығыңыз да, тыңдаңыз қазақтарды.

Қ.Қабдырахмановтың «ойына не келді, соны айтып», ағынан жарылғаны – жарағаны. Оның Ана тілін білмегеніне қынжылмайтыны, игерем деп талпынбайтыны да өзі сияқтыларға ортақ үрдіс. Бүгінгі қазақ қоғамының қасіреті де осында.

Байназар НҰРАЛИН