Жаңалықтар

Жаяу Мұса әндері шырқалатын кеш

ашық дереккөзі

Жаяу Мұса әндері шырқалатын кеш

«Алаш айнасы» газетi мен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бiрлестiгiнiң бiрлесiп ұйымдастыруымен Алматыдағы Ғ.Мүсiрепов атындағы академиялық жастар театрында 26 ақпан күнi 18.00-де «Жаяу салдың жауһарлары» атты дәстүрлi ән кешi өтедi.

«Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі Алматы қаласында 2010 жылдан бері Біржан сал, Ақан сері, Мұхит әндерінен республикалық деңгейдегі концерттер ұйымдастырған болатын. Болашақта «Сал-серілер мұрасы» жобасы негізінде Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Естай, Әсет, Мәди, Қапез, Кенен әндерінен кеш өткізуді жоспарлауда. Ұлы музыка алыптарының өмірі мен шығармашылығына арналған кештердің жас ұрпаққа тарихи танымын, отансүйгіштік қасиетін, ұлттық рухын оятуда үлкен маңызға ие екені даусыз. Жобаның мақсаты – ұлттық музыка мен халық композиторларының тағылымды өмірін, қазақтың ұлттық құндылықтарын насихаттау болып табылады. Жаяу Мұсаның әндеріне арналған кеште Тұрсынғазы Рахимов, Жоламан Құжиманов, Рамазан Стамғазиев, Ерлан Төлеутай, Тілеулес Құрманғали, Еркін Нұрханов, Талғат Мұқышев, Еркін Шүкіманов, Мұрат Әбуғазы, Ерлан Рысқали, Жасұлан Базарбеков, Талғат Әбуғазы, Саят Нұрғазин және тағы басқа ұлттық өнер саңлақтары қатысып, әндерін шырқайтын болады.

Кештің режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сағызбай Қарабалин. Кешті жүргізетін Жаяу Мұса шығармашылығы мен өмірімен жақсы таныс өнертанушы, дүлдүл әнші Ерлан Төлеутай болады. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының театр өнері факультетінің студенттерінің көмегімен сал-серілер өмірінен шағын қойылым қойылады. Мұнда Шорманның Мұстафасы рөлінде М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының белгілі әртісі Бауыржан Қаптағаев ойнаса, Жаяу Мұсаны Мүсірепов театрының жас талантты әртісі Бейбіт Қамаранов сомдайды. Мерекелік шараның тағы бір ерекшелігі – соңғы кездері мүлде айтылмай, тек архивтерде нотасы шаң басып қалған Жаяу Мұса әндерін жастар талантты әнші Жоламан Құжимановтың үйретуімен орындап шығады.