Жаңалықтар

«АРЫСТАН» – жүзден жүйрік тердің лицейі

ашық дереккөзі

«АРЫСТАН» – жүзден жүйрік тердің лицейі

Биыл Кеңес әскерiнiң Ауғанстан жерiнен шыққанына тұп-тура 23 жыл толып отыр. Осы орайда, өткен аптаның сәрсенбiсiнде ауған соғысының ардагерлерiн құрметтеп, 28-панфиловшылар саябағында мәңгiлiк алауға арнайы гүл шоқтары қойылды. Ардагерлерiмiзге құрмет көрсеткен топтың қатарында арнайы мамандандырылған «Арыстан» лицейiнiң оқушылары бар.

Іле Алатауының баурайында орналасқан «Арыстан» лицейінің ашылғанына да көп уақыт болған жоқ. Арнайы мамандандырылған бұл лицей – интернаттық үлгідегі, әскери тәртіптегі, физика-математикалық оқу бағытындағы мемлекеттік емес жалпы орта білім беретін мамандандырылған білім ошағы. Ашылғанына бір ғана жыл болған лицейде бүгінгі таңда 160-қа жуық жас жеткіншек білім алуда. Бұл балалардың барлығы еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған.

Іле Алатауының етегінде орналасқан лицейді аралап көру үшін арнайы барып қайттық. Сол күні лицейді тамашалауға ауған соғысының ардагерлері де жиналды. Алматыдан әріде Табағанда қоныс тепкен лицей соңғы үлгідегі технологиямен салынған. Алыстан менмұндалап көзге түсетін әдемі ғимараттың сыртының өзі көз сүріндіреді.

Лицейде жас жеткіншектердің білім алуына барлық жағдай жасалынған. Мұнда дәріс алатын әрбір бала ақпараттандыру, ағылшын, қазақ тілдерін тереңдете оқиды. Оқу корпусы да, жатын жер де ішінде. Одан бөлек компьютерленген арнайы кабинеттер де бар. Әрі мұнда балалардың тегін білім алуымен қатар, арнайы шәкіртақы да тағайындалған. Көп балалы және жағдайы нашар отбасылардан шыққан балалар да осында білім алуда.

«Арыстанға» балаларды қабылдау екі кезеңмен жүзеге асырылады. Әуелі баланың білімі сарапқа салынады. Әскери лицейде білім алғысы келетін талапкер математика, физика, ағылшын тілін меңгергені абзал. Ал, екінші кезеңде баланың физикалық қабілеті сыналады. Спортпен шұғылданған қабілетті әрбір бала екінші кезеңнен сүрінбей өтуге мүмкіндігі бар.

Лицейде балалардың білім алуына да, тыңғылықты спортпен айналысуына толық жағдай жасалынған. Балалардың қыстық, жаздық спорт түрлерімен шұғылдануына да мүмкіндіктер бар. Әрбір талапкер қыс мезгілінде шаңғы, коньки тебе алатын болса, одан бөлек, лицейдің ішінде арнайы спорттық ойын түрлеріне арналған кабинеттер де бар. Жүзу бассейіндері, күрес, бокс секциялары жұмыс істейді. Одан бөлек, балалар үшін дыбыс жазу студиясы, музыкалық аспаптар орын тепкен. Демалатын бөлмелерде балалардың бос уақытын құр жібермеуі үшін домбыра, гитара аспаптары да арнайы қойылған.

Алатаудың етегінде қоныстанған оқу орны «Нұрсұлтан Назарбаевтың білім беру қорының» бір бөлімшесі саналады. Аталмыш оқу орнының директоры Сәбит Сауманұлы да ауған соғысының ардагері, запастағы генерал-майор. «Арыстан» мамандандырылған арнайы лицейін аралап шыққан соң, Сәбит Сауменұлы Таулановқа бірер сауал қойған едік

– Сәбит аға, «Арыстанға» балаларды қабылдау қалай жүзеге асырылады?

– Еліміздің түкпір-түкпірінен білімді, білікті балаларды оқуға қабылдаймыз. Біріншіден, балалардың денсаулығы мықты болуға тиісті. Биылдың өзінде біздің мектепте 160-қа жуық бала бар. Құдайға шүкір дейік. Біздің елімізде әскери тәртіпке баулитын орта білім беру ошақтары аз. Сондықтан осы лицейді ашу қажеттілігі туындады. Лицейде барлық жағдай жасалған. Арнайы спорт секциялары, ән жазуға арналған студия, арнайы оркестр, тіпті шаңғы тебу үшін де жағдай жасалып отыр. Лицей оқушылары жаңа үлгіде жабдықталған оқу сыныптары, зертханалары, дәріс залдары, компьютерлері, интерактивті тақталары бар ғимаратта білім алады. Қажетті мөлшерде Интернет қызметін пайдалануға мүмкіндік жасалған. Балаларға бес уақыт тамақ беріледі. Тіпті, лицейшілердің арасында шахматтан бірнеше жүлделі орындарды иемденген спортшыларымыз да бар.

– Лицейге балаларды нешінші сыныптан бастап қабылдайсыздар?

– 9-сыныптан бастап, балалардың «Арыстанда» оқуға мүмкіндігі бар. Әрине, үш жылдың ішінде барлығын бірдей үйрету мүмкін емес. Соған қарамастан, біз балаларға қолымыздан келгенше, білім үйретуге, тіл білдіруге, әскери тәртіпке үйретуге тырысамыз. Дегенмен үш жыл ішінде балаларымыз білікті, білімді азамат болып шығады.

– Бұл лицейде әскери мамандар ғана дайындала ма?

– Жоқ. Біздің балаларымыз бітірген соң, таңдау өздерінің еріктерінде. Әскери салаға бет бұрамын десе де, өздері біледі. Өздерінің қалаған мамандықтарына оқуға түсулеріне болады.

– «Арыстанда» білім алу тегін бе?

– Тегін оқиды. Олар бізге бір тиын төлемейді. Керісінше, біз жақсы оқитын балаларға шәкіртақы береміз. Отбасысы нашар балаларға бес мыңнан шәкіртақы беріп отырамыз.

– Лицейдегі балалардың көпшілігі еліміздің қай аймағынан жиналған?

– Республиканың әрбір аймағынан келіп, білім алуда. Барлық облыстан бар десек те болады. Кейбір облыстан бір адамнан, кейбірінен екі бала бар деген сияқты. Күніне бес рет тегін тамақ ішеді.

– «Арыстанды» кім қаржыландырады?

– Президенттің білім қоры бар. Сол қор бұл мектепті арнайы қаржыландырады.

«Арыстанда» қазақтың өрімдей балалары білім алуда. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жеткіншектеріміздің алдына қойылған бір ғана талап бар, ол – білім. Ал балалардың алаңсыз білім алуы үшін мұнда барлық жағдай жасалынған. Демек, ендігі мақсат – тек күндіз-түні ойыңды, мақсатыңды білімге жұмса деген сөз. Күш-қайратыңды ақыл мен білімге жұмсаған баланың санасы да, ой-өрісі де кеңейеді. Сәбит Сауменұлының айтуынша, келешекте бұл лицейді бітірген әрбір бала Отан алдындағы борышын адал атқара алатын болады. 23 жылдан соң, «Арыстанды» бітіргендердің арасынан генералдар шықпасына кім кепілдік бере алады?!

Гүлзина Бектасова