ТҮРКІСТАН ТРАГЕДИЯСЫ
ТҮРКІСТАН ТРАГЕДИЯСЫ
Түркістан сияқты үлкен де бай өлкеде Кеңес өкіметінің орнауы, өкімет билігінің жергілікті халыққа жат солдат және жұмысшы депутаттары атынан большевиктер партиясының қолына өтуі сияқты ірі қоғамдық құбылыс тарихының деректері арасында, жазба деректер тобына жататын мерзімді басылымдардың алатын орны ерекше. Мысалы Түркістанда басқа басылымдармен қатар сол жылдары шығып тұрған орыс тіліндегі «Туркестанские ведомости», «Туркестанский вестник», «Туркестанский курьер» және «Семиреченские ведомости» газеттерінде өлкеде Кеңес өкіметінің орнауы тарихына қатысты құнды мағлұматтар сақталған.
Кезінде Кеңес өкіметіне қарсы буржуазиялық газеттер ретінде оқуға тыйым салынып, кітапханалармен мұрағаттардың арнаулы бөлімдерінде тығулы жатқан аталған басылымдардағы мақалаларға деректанулық талдау жасап, оларда сақталынған мәліметтердің шынайылық дәрежесін анықтау, олардан Кеңес өкіметінің Түркістанда орнау тарихына байланысты ғылыми құндылығы жоғары ақпараттар алуға мүмкіндік беріп отыр.
Әрине, кез келген дерек сияқты, олардың да субъективті екендігі белгілі. Дегенмен аталған газеттердің патша өкіметінің Түркістан өлкесін отарлауына байланысты, осында қоныс аударған келімсектердің әр түрлі әлеуметтік топтарының немесе 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін пайда болған Уақытша үкіметтің жергілікті мекемелерінің ресми органдары екендігін ескерсек, онда олардағы кейбір объективті мақалалардың жергілікті мұсылман халықтарының мүддесін қорғағандықтан емес, өмір шындығын амалсыз мойындаудан туындағанын байқауға болады. Бұл фактор газет бетіндегі нақты тарихи деректердің субъективтілігін кемітіп, керісінше шынайылық дәрежесін арттыруға әсер ететін факторға жатады.
Кеңес өкіметінің Түркістанда бір күнде кездейсоқ орнамағандығы, оның өлке өмірінің даму барысындағы әр түрлі объективті және субъективті факторлардың шиеленісуі нәтижесінде дүниеге келгендігі түсінікті. Сондықтан да көрсетілген басылымдардан 1917 жылғы Қазан төңкерісі қарсаңындағы Түркістан өлкесінде қалыптасқан әртүрлі ұлттар мен әлеуметтік топтардың, қоғамдық ұйымдар мен ағымдардың саяси-әлеуметтік қатынастары тарихының жазба дерек көздерінің бірі ретінде құнды ақпараттар алуға болады.
Жоғарыда аталған басылымдардағы материалдарға Түркістан тарихы бейнеленген дерек көздері ретінде деректанулық талдау жасау, Түркістандық отарлаушылар арасында 1917 жылдың жазына қарай орталық Ресейдегі сияқты айқын екі бағыттың пайда болғандығын көрсетеді. Біріншісі – Уақытша үкіметті жан-жақты қолдау арқылы соғысты жеңіске дейін жеткізу, өкімет, жер сияқты күрделі мәселелердің шешуін, сол жылдың күзінде шақырылуға тиіс Құрылтай жиналысының ықтиярына қалдыру. Сондықтан да, бар күшті майданға көмектесуге және Құрылтайға сайлауды ұйымдастыруға жұмсау.
Екіншісі – большевиктік бағыт. Апрель тезистерінде саяси өкімет билігін өз қолдарына алуды басты мақсат етіп қойған В.Ленин (Ульянов) бастаған большевиктер партиясы, көп ұзамай мақсатқа жету жолында ешнәрседен тайынбайтындығын, күрестің қандай түрінен болса да бас тартпайтындығын, тіптен сатқындыққа, екіжүзділікке дейін баруға дайын екендігін көрсетті. Олар күрестің негізгі объектісі етіп солдаттар, жұмысшылар және шаруалар кеңестерін алды.
Соғыстан тез арада шығу, өкімет билігін кеңестер арқылы жұмысшыларға беру, тап күресі арқылы қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікті жою, жерді шаруаларға, завоттар мен фабрикаларды жұмысшыларға, халыққа бейбітшілік беру сияқты жалған уәделер арқылы халықты өз соңдарынан ертуге әрекеттенді. Жалған уәделер берумен қатар, большевиктер қарапайым халықты заңсыздыққа, бүліншілікке, зорлыққа барып, бар байлықты тартып алуға шақырады. Большевиктердің мұндай әрекеттері туралы «Туркестанские ведомости» газеті редакциялық мақалада «Большевиктік-лениндік ұйымдар… өздерінің революция кезіндегі барлық іс-әрекеттерімен, пролетариаттың таптық партиясы ретінде өздерін социал-демократиядан тыс қалдырды. Олардың іс жүзіндегі әрекеті тартып алу және талқандауды үгіттеумен, қарулы күштерде іріткі салумен шектелді….халыққа да, жұмысшы табына да зиянды. Россияның қоғамдық күштерін бытыратты. Мұндай әрекеттің салдары ішкі бүліншілікке әкелді» деп жазды. (//Туркестанские ведомости. 1917. 8 август.)
Большевиктердің «Халықтарға – бейбітшілік», «Шаруаларға – жер», «Кеңестіктерге – билік» сияқты ұрандарына қараңғы, сауатсыз халық бұқарасы түгіл, көзі ашық зиялылардың да бір бөлігінің, оның ішінде қазақ зиялыларының бір тобының сенгені, олардың большевиктердің таптық саясатын қолдағаны, сол үшін күрескені белгілі. Ал өз саясатын қолдамаған, келешекте өздеріне кедергі болуы мүмкін зиялыларға қарсы олар жұмысшыларды айдап салды. «Семинарические ведомости» газетінің «Интеллигенцияға қарсы жорық» деген мақалада: «Тоқтаусыз ағылған өтірік, тартып алуды насихаттау, көп ұзамай социалистік жұмақ орнату сияқты жалған уәде т.б. халық бұқарасын жолдан тайдырып, басын айналдырды… Таптық жіктелуді насихаттау, бәрінен бұрын адасқан халық «пролетариат» пен интеллигенттер «буржуалар» арасында жік түсіруге әкелді…» – деп жазуы соның дәлелі. (// Семинарические ведомости. 1917. 12 август.)
Ленин партиясының атына айтылған мұндай ауыр айыптың шындықтан алыс емес екендігін басқа емес, сол партияның өзі дәлелдеп отыр. Мысалы 1988 жылы шыққан соңғы «КПСС тарихы» лекциялар курсында: «Большевиктік шешендер, үгітшілер мен насихатшылар өз жұмыстарын фабрика және завод цехтарында, окоптар мен казармаларда, ауыл және селоларда жүргізді. Барлық жерде өздерінің тыңдаушыларын тапты… елдің ұлттық аудандарында үгіт-насихат жұмыстарын 100 мыңнан астам большевиктер жүргізді» делінген. Осы еңбекте мұндай үгіт-насихаттардың не бергені туралы: «Большевиктердің шаруалар арасында жүйелі түрде, мақсатты түрде жүргізген жұмыстары қорытындысында…. шаруалар қозғалысы бұқаралық сипат алды…. 1917 жылдың қыркүйек-қазан айларында 3866 шаруалар қозғалыстары болды, олардың барысында шаруалар помещиктер жерін, астығын, малын, құрал-саймандарын тартып алды, усадьбаларын өртеді», – дейді. (КПСС тарихы. Лекциялар курсы. – Алматы: 1988.- 416-420 бб.)
1917 жылдың жазында большевиктердің арандатушылығына ерген Түркістандық солдат, жұмысшы және шаруалар кеңестері де өлкеде бүліншілік әрекеттерге көше бастады. Сол жылдың күзіне қарай өлкенің қоғамдық өмірінде елеулі рөл атқара бастаған, алдымен бүліншілік ұйымдастырып, артынан өлкеде өз үстемдіктерін орнатқан солдат, жұмысшы және шаруалар кеңестерінің жергілікті тұрғын халықпен арақатынастарын айқын көрсететін құжатқа тоқталайық. «Туркестанский курьер» газетінде Ю.Пославский деген азамат өз мақаласында:
«Әр нәрсені өз атымен атауымыз керек.
Түркістан солдат, жұмысшы және шаруалар депутаттарының Кеңесі халықтың қалың бұқарасына сүйенген, шын мәніндегі демократиялық ұйым болып табыла ма?
Жауап тек біреу ғана болуы мүмкін:
– Табылмайды.
Ташкент қалалық думасына сайлау Кеңестердің түземдік көпшіліктен алшақ тұрғанын айқын көрсетті.
Егер біз Кеңестің құрамына көңіл аударсақ, онда, солдат депутаттарының Кеңесінде түземдік жоқ екендігін, өйткені жергілікті халықтар әскери міндет атқармайды: жұмысшы депутаттары Кеңесінде түземдіктердің өкілі жоқ екендігін, өйткені олар үшін орыс пролетариатының социалистік идеясы тіптен жат идея, ақырында шаруалардың депутаттары Кеңесі халық бұқарасының емес, шеттен келген ат төбеліндей орыс отаршыларының Кеңесі екендігін көреміз.
Сонымен, осында Түркістанда революциялық орыс демократиясының Кеңестері өлкеде қарулы күштердің қолдануына сүйенген азғана орыс келімсектерінің еркін білдіретін ұйым деп үзілді-кесілді қорытынды жасауға болады», – дейді. (// Туркестанский курьер. 1917. 5 сентябрь.)
Мақалада айтылған азшылықтың өкілі ретінде, автордың көп нәрсені өз атымен атағаны күмәнсіз. Автордың жасаған қорытындысының дұрыстығы, аталған кеңестердің мақсат-мүдделерінің жергілікті мұсылман халықтарына жат екендігі, Құрылтай жиналысына сайлау барысында, әсіресе сол большевиктік кеңестер ұйымдастырған, Ташкенттегі қыркүйек бүліншілігінде айқын көрінді.
Большевиктік үгітшілердің арандатушылығымен басталып, бірнеше күнге созылған бұл бүліншілік туралы «Туркестанские ведомости» газеті 17 қыркүйектегі 143-санында: «Ташкент қаласында 10-11 қаңтарда, мұсылман мейрамының қарсаңында, бірінші және екінші Сібір полкының солдаттары кейбіреулердің айдап салуымен Ташкент вокзалында заңсыз әрекеттерге барды, бұзақылық жасады. Солдаттар мұсылман-жолаушыларды вагондардан топ-тобымен түсіріп, қол жүктерін тартып алды, поездардың жүруіне кедергі жасады», – деп хабарлады.
Осылай, солдаттардың бейбіт халықты тонаудан бастаған бүліншілігін большевиктер өз мақсаттарына пайдалануға, оған саяси бағыт беруге тырысты. Солардың ұйымдастыруымен «12.ІХ сағат 12-де Александровск бағында солдаттар мен жұмысшылардың митингісі болды. Сөз сөйлеген шешендер халықты өкімет билігін өз қолдарына алуға шақырды.
Барлық өкімет билігін солдаттар мен жұмысшылар Кеңесінің қолына беру…. банктерді национализациялау, қоймадағы және көтерме саудагерлердегі товарларды тартып алу туралы қаулы қабылданды.
Осыларды, т.б. шараларды іске асыру үшін 14 адамнан тұратын революциялық комитет құрылды….
Солдаттар мен жұмысшыларды тәртіпке шақыруға келген өлкелік қарулы күштер қолбасшысы болып поручик Перфильев сайланды, комендант болып прапорщик Гриневич тағайындалды» деп жазды «Туркестанские ведомости» газеті 1917 жылғы 14 қыркүйектегі 141-санында.
Бұл дерек Ташкент бүліншілігінің ұйымдасқан және саяси сипат алғандығын, қабылданған қаулылардың большевиктік бағдарламамен толық сай келетіндігін, күрес тәсілінің де (тартып алу, шыны лақтыру т.б.) солардікі екендігін байқатады.
Уақиғаның одан әрі дамуы туралы, Уақытша үкіметтің Түркістан комитетінің Петроградқа, министрлер Кеңесінің төрағасының атына жолдаған телеграммасында, 12-сі күнгі оқиғаны айта келе, «….әскери қатынастар бастығы полковник Михайлов, прапорщиктер мектебінің бастығы капитан Фролов тұтқындалды. Үйлерінде күндіз-түні тінтулер жүргізілуде. Прапорщиктер мектебі қарусыздандырылды. Әскери училище де комитет жағына шықты» делінген. (Телеграмма. //Туркестанские ведомости. 1917. 16 сентябрь.)
Өз кезегінде Қысқы сарайдан жолдаған телеграммасында, министрлер Кеңесінің төрағасы Керенский: «…. өкімет билігін басып алушылар…. жиырма төрт сағаттың ішінде уақытша үкіметтің жергілікті өкілдеріне бағынбаса заң бойынша қатаң жазаланады. Ташкентте барлық тұрғындарды босатып, өкімет билігін барлық жерде қайта қалпына келтіруді ұсынамын. Әскер және пулемет жібердім», – деп хабарлады. (Телеграмма. // Туркестанские ведомости. 1917. 16 сентябрь.)
Ташкент бүліншілігі теміржолшылардың жаппай ереуіліне ұласты. Қалыптасқан жағдайдың қиындауына байланысты, 20 қыркүйектен бастап, Ташкент қаласы әскери жағдайда деп жарияланды. Тек, 24 қыркүйекте қалаға генерал Коровиченко бастаған әскердің кіруі бүліншілікті тоқтатты. 27 қыркүйекте Бас коимиссар және Түркістан әскери округының бас қолбасшысы, генерал-майор Коровиченконың бұйрығымен, Ташкент қаласындағы әскери жағдай алынды.
Осылай, большевиктердің солдат және жұмысшылар депутаттары кеңесін айдап салу арқылы ұйымдастырған Ташкент бүліншілігі жеңіліспен аяқталды. Бірақ бұл жеңіліс оларды тоқтата алған жоқ. Олар солдат және жұмысшылар депутаттары Кеңесін жаңа, шешуші күреске дайындады.
Сонымен, кезінде мерзімді басылым беттерінде объективті қоғамдық құбылыс ретінде әртүрлі дәрежеде бейнеленген әлеуметтік топтардың, таптардың, саяси ұйымдардың өлкедегі іс-әрекеттерін, өзара қарым-қатынастарын дерек ретінде зерттеу, өлкеде 1917 жылғы қазан төңкерісі қарсаңында қалыптасқан саяси-әлеуметтік жағдайларды түсінуге, саяси күштердің ара салмағын бағалауға мүмкіндік берумен қатар, қауіп-қатерге толы сол күндерде баспасөз беттерінде жарияланған құжаттық деректерді талдау, ықпалды саяси ағымдардың, тіптен тұтас халықтардың өлкеде, қоғам өмірінде болып жатқан оқиғаларға қатысын, көзқарасын немесе оқиғаға байланысты позициясын анықтауға көмектесетіндігін көруге болады.
Осындай, Түркістандық негізгі тұрғын мұсылман халықтарының, большевиктердің өлкедегі іс-әрекеттеріне деген пікірлерін білдіретін құжаттардың бірі – Өлкелік мұсылмандар съзінің қаулысы. Онда большевиктердің сол жылдың күзінде өлкедегі солдат және жұмысшы депутаттарының Кеңестері арасында кең көлемде жүргізген, ақыры Ташкенттегі қыркүйек бүлігіне әкеп соққан іс-әрекеттері туралы, олардың енді өздерінің арандатушылық мақсаттағы үгіт-насихаттарын жергілікті халықтар арасында жүргізе бастағандары туралы айта келе: «Кей жерлерде солдат және жұмысшы депутаттарының Кеңестерінің өкілдерінің араласуымен және кейбір адамдардың қаскүнемдікпен жүргізген үгіт-насихаттарының салдарынан жергілікті мұсылман халықтары арасында күрестің жол беруге болмайтын, сатып алу, ұрып-соғу, бопсалау сияқты түрлерін кеңінен пайдаланғандығы, билік үшін таласқан партиялық тартыс етек алғандығы көрінеді», – деді. Одан әрі қаулыда: «Бірінші өлкелік жалпымұсылмандық төтенше съезі және шаруалар делегациясының Кеңесі мыналарды ескертеді:
1. Тұрғын халықтардың тұрмысы мен өмір салтынан хабары жоқ бөгде ұйымдардың жергілікті әкімшіліктердің (ауыл, болыс, уезд) істеріне заңсыз араласуына принципті түрде жол беруге болмайтындығын;
2. Жауапсыз адамдар тарапынан жүргізілген күш қолдану, тартып алу, жікке, партияға бөлу сияқты зиянды насихаттардың аса қауіпті екендігін ескертеміз» – деп жазылған. (Өлкелік мұсылмандар съезінің қаулысы. //Туркестанские ведомости. 1917. 6 қазан.)
Бұл құжаттан, біріншіден, жергілікті халықтар атынан мұсылмандар съезінің большевиктердің өлкедегі бүліншілік іс-әрекеттерін ашық айыптағанын, екіншіден, Ташкент бүліншілігінен кейін жұмысшы және солдат депутаттары Кеңесі арқылы халықты жаңа бүліншілікке шақырған болшевиктік үгіт-насихаттың өрши түскендігін және олардың жергілікті халықтар арасында да іріткі сала бастағандығын көреміз. Үшіншіден, қаулыда аса қауіпті деп аталған күрес тәсілдерінің большевиктерге тән екендігі еш күмән тудырмаса керек.
Қазан төңкерісі қарсаңындағы өлкеде қалыптасқан саяси-әлеуметтік жағдайды анықтауда баспасөз бетінде жарияланған құжаттық деректермен қатар жеке адамдық деректердің де маңызы үлкен. Өзінің пайда болу жағынан жеке адамдық деректер тобына жататын бірнеше мақалаларды салыстыру төңкеріс қарсаңындағы большевиктенген солдат және жұмысшы депутаттары Кеңестерінің жергілікті мұсылман халықтарына, олардың Кеңестеріне, басқа да өкілетті ұйымдарына көзқарасын, ұстанған саясатын түсінуге, оның шын мәнін ашуға көмектеседі.
Мысалы 1917 жылдың 7 қазанында «Туркестанский курьер» газетінің 218-санындағы, өзінің демократиялық көзқарастарымен бұрыннан белгілі азамат Ю.Пославскийдің «Реальные основания государственной политики в Туркестане» деген және «Туркестанские ведомости» газетінің 11 қазандағы 157-санындағы М.Преображенскийдің «Пора понять» деген мақалаларының көп нәрсенің бетін ашуы мүмкін.
Бірішісінде, автор: «Түркістан өлкесінде жаңа өкімет кімдерге сүйенеді? – деп өзі қойған сұраққа – Сібір солдаттарының найзасына», – деп өзі жауап береді. Одан әрі: «Ал халықтың 98 пайызын құрайтын Түркістанның жергілікті халықтары өз бостандықтарын өздері қорғауға қабілетсіз деп есептелінді. Сондықтан, азғантай, өлкеде тіптен жат адамдар өз күштеріне сүйеніп, басқарудың жаңа демократиялық жүйелерін өз түсініктерінше ендіруде…
Революциялық-демократиялық кеңестермен түземдіктер көпке дейін өздерінің жарқын болашаққа деген үміттерін байланыстырып келді. Бірақ кеңестер, бұрынғы өкімет сияқты әділетсіздік пен қателіктерге жол берді, өздеріне тіптен жат, түсініксіз өмір саласына араласты, сөйтіп мұсылмандар арасында наразылық туғызып, ашу-ызаларын келтірді.
Кеңестер өз беделін тінтулермен, қарумен қорқытумен емес, өздерінің халық бұқарысына жақындағанымен көтере алады… Мұсылмандар бейбіт өмірді сақтау мақсатында кімдердің жағынан болсын, арандатушылыққа, бүліншілікке қарсы күресе алатын үкіметті қолдауға әзір», — деп айтылса, екіншісінде, «Жұмысшы және солдаттар депудаттарының Кеңесінің өлкелік бір съезінде мұсылман съезімен бірігіп отырыс өткізу туралы ұсыныс қолдау таппады. Сол съезде депудаттардың көпшілігінің Түркістанда орыстардың бетпе-бет келіп тұрған маңызды мәселесін тіптен түсінбейтіндігін көрсетті.
Біз, бұрынғы үкіметтің жіберген чиновниктерінің халық арасында алауыздық ұрығын сепкендігін, түземдіктерді езгенін және тонағанын көрдік. Біз, орыс адамдарының басым бөлігінің түземдіктерге өз қылдары ретінде қарағандығын, оны барлық реті келген жерде сөзбен де, іспен де көрсетуге тырысқандығын, талай ре орыстардың түземдіктерді аяусыз жазалағандарын көрдік. Әрине мұсылмандардың мұндай жағдайда бізді жақсы көре қоймайтындығы белгілі.
Өз кемшіліктерімізді жоюымыздың орнына, біз, қиқар балалар секілді, қателіктерімізді мойындағымыз келмейді, өмірге терең үңілгіміз келмейді…
Біз…. түземдіктердің созған қолынан, бірігіп қызмет етуге шақырған ұсынысынан бас тартудамыз… Созылған қолды қақпауымыз, керісінше, қабылдауымыз, тезірек қабылдауымыз керек.
Егер біз оны істемесек, түземдіктерді өзімізге қарата алмасақ, тарта алмасақ, онда бүгін болмаса ертең бұрқасынған мұсылман теңізі бізді жағаға лақтырып тастайды», – делінген.
Егер бір адамның айтқандарын аса субъективті пікір деп қарайтын болсақ, бір мезгілде, бір-бірінен тәуелсіз екі адамның, екі түрлі басылымда, өлкеде қалыптасқан саяси-әлеуметтік жағдай туралы ұқсас пікір айтуын, олардың ойларындағы сәйкестіктерді кездейсоқтық деу қиын. Демек, авторлардың ондай пікір айтып, қорытынды жасауларының объективті негіздері болғандығы күмәнсіз. Оның үстіне, екі автордың да сол өздері айыптап отырған ұлттардың өкілдері екендігін ескерек, онда мақалалардағы ақпараттардың шындыққа жақын екендігі анық.
Екі мақаланы тарихи дерек ретінде салыстыру мыналарды көрсетеді:
1.Түркістан өлкесінде ат төбеліндей келімсектердің патша өкіметінің тұсында да, Уақытша үкімет тұсында да қарулы күшке сүйеніп өлкеде шексіз билік жүргізгендігі;
2. Халықтың 98 пайызын құрайтын жергілікті мұсылмандардың ақпан революциясынан кейін де Өлкені басқару ісіне араласа алмауы, олардың азаматтық құқыларының шектелуі;
3. Өлкенің саяси өмірінде ықпалының күннен-күнге артып отырған солдат және жұмысшы деп депутаттары кеңестерінің жергілікті халыққа отаршылдық тұрғысынан қарауы;
4. Мұсылман халықтарының өлкеде бірлесіп демократиялық қоғам орнату жолындағы ұсыныстарын солдат және жұмысшы депутаттарының кеңестерінің қабылдамауы, олармен жақындасудан бас тартуы, оларға жоғарыдан кемсітушілікпен қарауы.
Осыған байланысты мұндай материалдардың жариялану себебі не? Авторлардың алдына қойған мақсаттары қандай? деген сұрақтар туындауы мүмкін. Бұл сұрақтарға жауапты сол мақалалардан табуға болады. Мысалы, аталған мақаласында М.Преображенский: «Жақында газеттерде Камчатка Америкаға сатылады деген сөз шықты…..
Мүмкін біз Түркістаннан, қазір армияға жылы киім, мал, мақта, жеміс т.б. жіберіп отырған Түркістаннан да айырылармыз?
Түркістан – үлкен бай өлке. Мұнда кинематографиядағыдай көз алдыңнан әсем, қол тимеген байлығы мол таулар, балығы таудай тулаған көлдер, таулы ормандар мен ну тоғайларда жүгірген аңдар, әлі игерилмеген тың жерлер өтеді. Мұндай бәрі өзін оятатын адамын күткен ұйқыдағы арудай тұнып тұрған байлық….» – деп жазды.
Иә, бұл жолдар барлық мәселе сол Түркістанның тұнып тұрған байлығында, мақсат сол байлықтан айырылып қалмау екендігін дәлелдейді. Келтірілген мысалдар келімсектердің басым көпшілігі Түркістан байлығын ескі, тұрпайы отаршылдық тәсілімен пайдалана беруді жақтаса, енді бір тобының ол тәсілдің уақыты өткендігін, егер басқарудың жаңа тәсілдеріне көшпесе, өлкеден мүлде айырылып қалулары мүмкін екендігін жақсы түсінгендігін көрсетеді.
Бұл пікірдің негізсіз емес екендігін Түркістан әскери округінің әскери комиссары Ивановтың, қазанның 25-і күнгі «Туркестанские ведомости» газетінің 169-шы санында жарияланған, солдаттарға арналған телеграммасы да дәлелдейді. Онда: «Түркістанды жоғалту – ол Россия үшін мақта, жүн, тері және басқа да көптеген елімізге қажетті заттар өндіріп отырған өлкені жоғалту. Біз Ұлы Россияның бір бөлігі Түркістанды жоғалтқымыз келмейді»,– дейді. Иә, Түркістан өлкесін билеушілердің түпкі мақсаттарын бұдан ашық айту мүмкін емес сияқты.
Саяси өкімет билігінің формасы өзгергенімен мәнінің өзгермегендігін, өлкеде отарлаушылық саясаттың қазан төңкерісінен кейін де сақталғандығын, жергілікті халықтарды кемсітушіліктің кеңес өкіметі тұсында да өз жалғасын тапқандығын Мұстафа Шоқай, большевик-чекист Петрестің «Правда Востока» газетінің 1934 жылғы 16 маусым мен 21 шілдедегі өзі куә болған, Тәжікстан ОАК-нің төрағасы Шотемор мен Тәжікстан ХКК-ң төрағасы Рахымбаевпен болған жағдайды жазған мақалалары негізінде көрсете отырып, Түркістанда Кеңес өкіметі орнағаннан кейін 18 жыл өткенде билік кімнің қолында екендігі туралы: «Сейчас …никто открыто на улице не ругает туркестанцев. Методы управления стали внешне мягче, но суть осталась та же самая. Диктатура пролетриата в смысле национальном, т. е. Как власть или как активно руководящее участие во власти национального пролнтариата в Туркестане – пустое слово. Шотеморы и Рахимбаевы тому яркое доказательство», – дейді. (Чокаев М. Туркестан под властью Советов. –Алма-Ата: 1993. 16-19 сс.).
Қасиетті Түркістан жерінде большевиктердің 70 жылдан астам қалай билік жүргізгендерінің, қалай басқарғандарының айқын көріністерінің бірі Арал тағдыры.
Түркістанның саяси тағдырында шешуші роль атқарған әлеуметтік топтардың бірі, большевиктер ықпалына түскен солдаттар мен жұмысшылар, олардың қарулы көтеріліс арқылы өкімет билігін тартып алу сияқты, авантюристік істерге бару себебі туралы да мерзімді басылым құнды мәлімет береді. Мысалы, солдаттардың төңкеріс қарсаңындағы психологиялық жағдайы, моральдық бет-бейнесі туралы өлкенің Бас комиссары Коровиченконың сөзінде, солдаттардың арасында большевиктердің үздіксіз жүргізген үгіт насихаттарының салдарынан армияның ыдырай бастағанын, «ауруға» ұшырағанын айта келе»:…солдаттар бостандықты жас баладай қабылдады. Бостандық – ол өзіне не ұнаса соны істеу, не ұнамаса соны істемеу деп түсінді… Армия емес, үйретілмеген, бірақ қаруланған, өздерінің міндетін ұмытқан..адамдар тобыры пайда болды.
Солдат өзінің тікелей айналысуға тиісті ісінен басқаның бәрімен айналысты. Солдат барлық жерде сауда жасады, алыпсатарлықпен айналысты» – дейді. (//Туркестанские ведомости. 1917. 30 октябрь.)
Генерал сөзінің өмір шындығынан алыс емес екендігіне, өлкелік солдат және жұмысшы депутаттары Кеңесінің 18 тамыздағы отырысында «Қалыптасқан жағдайда солдаттардың қазыналық киім-кешектері жеке адамдарға сатуларына қарсы күрес жүргізу мақсатында ерекше жедел қозғалатын комитеттер құру» туралы қаулы қабылдауы дәлел. //Туркестанский курьер. 1917. 23 август.)
Моральдық-психологиялық жағынан қазан төңкерісінің негізгі қозғаушы күштерінің бірі, орыс жұмысшыларының өздерінің одақтастары қарулы солдаттардан алыс кетпегендігін журналист Г.Дмитриев «Эгоистическая тактика рабочего класса» деген мақаласында көрсетіп берді. Ол: «Марксистік ілім орыс жұмысшы табын халықтың басқа бөлігімен толық айырылыстырды және оларды басқа топтарға бөтен, тіпті жау тап ретінде қарсы қойды.
Олар бостантықты тек өзіне қатысты деп түсінді және солдаттармен одақтаса отырып, халықтың басқа топтарына күш қолданудан бас тартқан жоқ: жалақыны көбейтуді үздіксіз талап ету, тартып алу, тінту, тұтқындау т.б. істермен айналысты»,-дейді. (//Туркестанский курьер. 1917. 23 август.)
Иә, мұндай психологиялық өңдеуден өткен солдаттар мен жұмысшылардың қандай істерге болса да баруға дайын екендігіне таңдануға болмайды. Оны көп ұзамай тарихтың өзі дәлелдеп берді.
Сонымен, қазан төңкерісі қарсаңындағы Түркістандағы саяси-әлеуметтік жағдайдың орыс тілді мерзімді басылымдардағы көрінісіне талдау жасау, бір жағынан, жергілікті мұсылман халықтары мен шеттен келгендердің, екінші жағынан, билік үшін таласқан солдат және жұмысшы депутаттары Кеңестері мен Уақытшы үкіметтің жергілікті ұйымдарының арасындағы қайшылықтардың шиеленіскендігін көрсетеді. Бұл қайшылықтар көп ұзамай өлкеде саяси билік үшін ашық күреске ұласты. Бірнеше ондаған жылдарға созылған Түркістан трагедиясы осылай басталды.
Қамбар АТАБАЕВ,тарих ғылымдарының
докторы, профессор