Жаңалықтар

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ: ҰЛТТЫ СҮЙЕТІН ҮЛКЕН ЖҮРЕК КЕРЕК

ашық дереккөзі

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ: ҰЛТТЫ СҮЙЕТІН ҮЛКЕН ЖҮРЕК КЕРЕК

Жарасбай Сүлейменов – төртiншi шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты болды. Белгiлi журналист Парламент мiнберiнде жүргенiнде халықтың үнi мен көзiне, құлағына айнала бiлдi. Ұлттың мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. Билiк пен халықтың арасына дәнекер бола бiлген жанды бесiншi шақырылымнан көре алмадық. Халық қалаулысы қайда жүр? Бiз бұл сауалды Жарасбай Сүлейменовтiң өзiне тастадық.

– Жарасбай аға, қазір қайда жүрсіз? Жаңа Парламенттің құрамынан кездестірмеген соң, оқырманыңыз сізге алаңдап жатыр.

– Қазір сайлау дүрмегі басылып, жұрттың бәрінің де көңілі орнына түскен сәт қой. Жаңадан сайланған депутаттар қызметтеріне кірісіп те кетті, тілеулес жұрт үмітін үкілеп отыр. Мәжілістің өткен құрамында болған депутаттардың алды жұмысқа орналаса бастады, қостанайлық Азамат Тұрсынов бір ауданға әкім болып кетті. Сансызбай Есілов Астана қалалық мәслихатының хатшысы болып сайланды… Өзім болсам, отбасы жағдайыма байланысты Астанада қалып қойдым, әзірше үйдемін. Әзірше деймін-ау, жұмыстан қол үзгелі үш айдан асып барады екен. Бұрын-соңды мұндай жайды бастан кешпеппін. Өмір бойы еңбектен қол үзбеген адамға селеңдеп бос жүру қиын екен, үйге сыймайтын болдық, бейсауат көшеге де шыға бермейсің. Әйтеуір, дел-сал күй кешіп жатқан жайымыз бар.

– «Депутат болмасам, шығармашылықпен айналысамын» деген едіңіз. Жазу жазамын деп, саяси аренадан тыс қалып қоймайсыз ба?

– Шығармашылықпен айналысамын дегенім, үйде отырып жазу жазамын дегенді білдірмейді. Денсаулық болса, өзім әу баста таңдаған мамандығыма, бұрқ-сарқ қайнаған журналистік ортаға оралып қызмет істегім келеді. Жазатын дүниелер баршылық. Бірақ менің ежелден қалыптасқан әдетім – үйдегі жазу столыма жұмыстан кейін ғана отырамын. Қазірде елегізіп, әр нәрсенің басын бір шалғаным болмаса, тындырғаным шамалы. Мен журналистпін, ал журналист саясаттан тысқары бола алмайды.

– Халыққа депутат Жарасбай Сүлейменовтiң дауысы аса қажет еді, енді журналист Жарасбай Сүлейменов жұртты қандай тың дүниелерімен тәнті етпекші?

– Бүгінгі таңда біздің елімізде депутатқа да, журналистке де көтеретін мәселелер аз емес. Тек соны тыңдар құлақ болсын деңіз. Рас, біз 20 жылда қыруар істер тындырдық. Енді соны баянды ету үшін, тәуелсіздігімізді бекемдей түсу үшін қол жеткенді тілге тиек ете отырып, осал тұстарымызды да орап өтпеуіміз керек. Кемшіліктерді ұмытпайық дегім келіп отыр. Біз болсақ, үлкеніміз де, кішіміз де, кеуде қағуға құмар болып барамыз. Бәрін қатырып жатырмыз, бұл дүниеде бізге тең келер ешкім жоқ. Осылай көбік сөзді сапыра беруге болады. Бірақ одан не пайда?! Меніңше, бәсекеге қабілетті болу үшін, жақсы өмір сүру үшін не нәрсеге болсын, сын көзбен қарауымыз керек.

– Сізді билік қызметке шақырған жоқ па? Сіздің өзгеге ұқсамайтын көзқарасыңыз, халық өмірін жақсы білетініңіз билік сатыларына да көмектесер еді ғой. Қалай ойлайсыз?

– Осыдан екі айдай бұрын «Нұр Отаннан» хабарласып, қай салада қызмет істегіңіз келеді, билікке болмаса бизнес құрылымға барасыз ба деп сұраған. Мен бұқаралық ақпарат құралдарына барғым келетінін айтқан едім. Бүкіл өмірім осы салада өтті ғой. Азды-көпті жинаған тәжірибем бар деген сияқты. Бұл арада мәселе тек маған ғана тіреліп тұрған жоқ. Мәжілістің құрамында болған кез келген азамат назардан тыс қалмауға тиіс. Олардың өмірлік бай тәжірибесі, білімі мен білігі елге, халыққа керек деп ойлаймын.

– Туған өлкеңіз Солтүстік Қазақстан облысы Елордадан алыс жатқан өлке. Бұл өлкеде қоғамдық сананың, ұлттық сананың биіктеуіне жағдай тудыра аламыз ба?

– Солтүстік Қазақстан облысы Астанадан онша қашық та емес. Дегенмен айырмашылық бар. Соңғы жылдары Астана кәдімгідей қазақыланып қалды. Осындай оң өзгерістер әр өңірге тән болса, қазақтың ұпайы түгел болар еді. Қызылжарда да елін сүйетін, ұлтын сүйетін жастар өсіп келеді. Соларға дұрыс бағыт-бағдар берсек, ұлттық рухта тәрбиелей алсақ, бәрі орнына келеді.

– «Мағжан» журналын шығарсам деген едіңіз. Бұл ойыңызды жүзеге асыра алдыңыз ба?

– «Мағжан» журналын шығаруды біз 2007 жылы қолға алған болатынбыз. Екі-үш жылда бірнеше нөмірі жарық көріп, оқырмандар тарапынан жақсы бағасын алды. Жұрт іздейтін болды, жазыла бастады. Өкінішке қарай, нақ осы кезде қаржы мәселесін шеше алмай жұмысымыз тоқтап қалды. Содан бері біраз есікті қақтық, біраз табалдырықтан аттадық. Әзірше нәтиже болмай тұр.

– Ұлтқа қызмет ету дегенді қалай түсінесіз? Жалпы, қайраткер дегеніміз кім?

– Өмірге адам болып келгеннен кейін, әркім ең алдымен өз ұлтына қызмет етуі керек, ұлтының болашағын ойлауы керек. Не істесең де, осыдан қазаққа қандай пайда деген сауал көкейде жүрсе, нәтиже болады. Өз ұлтын жарылқай алмаған басқаға да жақсылық жасап жарытпайды.

Қазақ – ұлы халық. Ұзақ жылдар бойы бодандықта болды. Еңсесін енді-енді тіктеп келеді. Қазір біздің алдымыздан кең көкжиектер ашылып отыр. Осы мүмкіндікті қапысыз пайдалану үшін қайрат та керек, ең бастысы ұлтты сүйетін үлкен жүрек керек.

Қайраткер – кең ауқымды, салмағы зіл батпан ұғым. Меніңше, ол қызметпен де айқындалмайды. Осыған біз жеңіл қарайтын сияқтымыз. Қазір бәрі қайраткер. Түсінікті болу үшін айтайын, мен үшін Өзбекәлі Жәнібеков, Ілияс Омаров, Сағат Әшімбаев, айта берсек көп қой, нағыз қайраткерлер. Олар ұлтына шын жаны ашып, сол орайда айтарлықтай іс тындырған азаматтар. Менің ұғымымда қайраткердің шынайы қасиетін ұлтына деген сүйіспеншілігі ашады.

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА