ӘРІПТЕСТІК НЫҒАЯ ТҮСЕДІ
ӘРІПТЕСТІК НЫҒАЯ ТҮСЕДІ
Оңтүстiк Корея – Қазақстанның стратегиялық әрiптесi. Бүгiнде елiмiзде кореялықтардың қатысуымен 300-ден астам компания жұмыс iстейдi екен. Соған байланысты Алматыда қазақ және корей елдерiнiң стратегиялық ынтымақтастығы жөнiндегi iскер кеңес өтiп, алдағы әрiптестiктi дамытудың жолдары пысықталды.
«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры ұйымдастырған басқосуға Оңтүстік Кореяның 50-ден астам кәсіпкерлері қатысты. Кореялық инвесторлармен бірігіп қолға алған жобаның бірі – Қарағанды облысындағы «Балқаш» жылу электр стансасы мен Атырау өңіріндегі газ-химиялық кешенінің құрылысы. Екі мемлекет арасындағы тауар айналымы өткен жылы 1 млрд. долларға жеткен. Сондай-ақ, соңғы 20 жылда Оңтүстік Кореядан елімізге тартылған инвестиция көлемі шамамен 4 млрд. долларды құрады. Бұдан былай да екі ел арасындағы әріптестік өндіріс, транспорт, энергетика, құрылыс, медицина саласында дамыту жолға қойылды. Тек соңғы 3 жыл ішінде екі елдің басшылары 5 мәрте өзара кездесу өткізіпті. Ал наурыз айында Елбасының Сеул қаласына кезекті сапары жоспарлануда. Онда ядролық қауіпсіздік жөніндегі Саммит пен екі ел іскерлік кеңесінің отырысы өтпекші. Бұл іссапар кезінде де ірі инвестициялық жобалардың болашағы талқыланады деп күтілуде.
16.02.2012 Жәнiбек ӘШIМ