ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫС ҚЫСҚАРТЫЛМАЙДЫ

ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫС ҚЫСҚАРТЫЛМАЙДЫ

ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫС ҚЫСҚАРТЫЛМАЙДЫ
ашық дереккөзі

Елiмiздiң солтүстiк және шығыс өңiрлерiнде болған аяздың салдарынан мектептер мен мектепге дейiнгi мекемелерде оқу процесi уақытша тоқтатылған болатын. Жылдағы жағдай осы. Бiлiм және ғылым министрлiгi осыдан кейiн бе, әлде басқа елдiң тәжiрибесiне сүйендi ме, тағы бiр жаңа реформаның басын қылтитқан едi.

Өткен аптада Білім және ғылым министрлігі мектеп оқушыларының жаздағы үш айлық демалысын қысқарту мәселесін қозғады. Министр баспасөзге берген сұхбатында: «Күн тәртібінде мұндай мәселе бар. Жалпы, көптеген елдерде оқушылардың жазғы демалысы бір-ақ ай, ал бізде үш ай. Қазір біз шетелдің осы тәжірибесін енгізуге бола ма, жоқ па деген мәселені зерттеп жатырмыз», – депті. Министрдің пікірінше, «жазда оқу жылын бір айға немесе 20 күнге ұзартсақ балалардың сенбі күні демалып, шығармашылықпен айналысуларына мүмкіндік туады. Мұның пайдасы да зор болар еді».

Дегенмен, министрдің бұл пікірін жақтамайтындар да табылды. Мәселен Мәжіліс депутаты Камал Бұрханов басылымға берген сұхбатында «күн суықта адамның оқуға деген ынтасы да жоғары болатынын айтыпты. «Мысалы мен жазғы демалысымды кітапханада отырып кітап жазуға арнап көрдім. Шынын айту керек, мұнымнан онша ештеңе өнген жоқ. Сондықтан балаларды жазғы мерекесінен айырмайық», – деді депутат. Дәл осы пікірді Білім және ғылым вице-министрі Махметқали Сарыбеков те қолдайды. «Ата-аналар тарапынан ресми ұсыныс түскен жоқ. Меніңше әзірше оның қажеті жоқ. Өйткені бұл жазғы демалыс пен сауықтыру шараларының кестесін өзгертіп, жұртты шатастырады», – дейді ол. Ал алдыңғы күні министр Жұмағұлов «елімізде оқушылардың демалыс мерзімін өзгертудің қажеті жоқ» деп қайта мәлімдеме жасады. «Министр ретіндегі жеке көзқарасым бойынша, Қазақстанда қалыптасқан дәстүр жаман емес. Егер де жыл бойы ауа-райы жылы болатын басқа елді алатын болсақ, ол жерде балаға қашан және қай уақытта демалысқа шығуы маңызды емес. Дегенмен шұғыл континенталды климаты бар Қазақстанда қысқы демалысты ұзарту меніңше өзін-өзі ақтамайды», – деген министр биыл оқушылардың демалыс мерзімдері өзгеріссіз қалатындығын баса айтты.

Динара ДҮРМӘН