Жаңалықтар

ҮШ МЫСАЛ, БІР ТҮЙІН

ашық дереккөзі

ҮШ МЫСАЛ, БІР ТҮЙІН

МЕМЛЕКЕТ және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың 100 жылдық мерейтойы жыл басынан басталып, бұл күндері республика көлемінде игі шаралармен жалғасу үстінде. Жуырда мемлекетаралық «Мир» телекомпаниясы журналист Ұлбосын Айтөленнің «Халық перзенті – Дінмұхамед Қонаев» атты телехабарын көрермендер назарына ұсынды. Көгілдір экранға әуелі Қонаевтың қарындасы Сара Қонаева шығып: «Дінмұхамед халыққа өте жақын болды. Оларды үлкен-кіші деп бөлмеді. Қазақ деген халықты бар жан-тәнімен сүйіп, соларға адал қызмет етуге бүкіл өмірін арнаған жан»,– деп сөз бастап, өмір жолы мен тағдырынан біраз мәліметтер берді. Ол еңбек жолын 1936 жылы Мәскеудің Түсті металдар және алтын өндіру институтын бітіргеннен кейін Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат руднигінде кен инженері қызметінен бастап, директорына дейін көтерілді. Оның Екінші дүниежүзілік соғыс алдында өндірісі тұралап қалған Риддерді қайта көтеруі де өз алдына бір бөлек әңгіме. Ең бастысы өндірістің тиімді көздерін тауып, өнімділікті барынша арттыруда, жер асты қыртыстарында жарылғыштарды дәл есеппен пайдалануда өзіне мол тәжірибе жинай білді. Кейін осы тәжірибесін ара-тұра Медеу шатқалында болып тұратын жойқын су тасқынын тоқтату үшін ұтымды қолданып, үлкен тосқауыл бөгет салдырғанын Ұ.Айтөлен телехабарында көз көріп, куә болғандар арқылы көрермендерге жеткізген.

Қонаев 1942 жылдан Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Халық комиссарлар Кеңесі төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды. Бұл екінші дүниежүзілік соғыстың күйіп тұрған, ел басына ауыр күн туған кез еді. Елді Жеңіс үшін майдан мен еңбекке жұмылдыруда, соғыстан кейін 1952 жылға дейін осы қызметте халық шаруашылығын әсіресе, өндіріс саласын көтерудегі жанкешті еңбегі, 1952-1955 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті бола жүріп, қуғын-сүргінге ұшыраған ғалымдар мен жазушыларды аман алып қалудағы жанашырлық істері, 1955-1962 жылдарда Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметіне сайланып, ел экономикасын жылдан-жылға арттыруда ұйымдастыру қабілетімен таныла білді. Ал Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы қызметіне сайланған кезде Кеңестер Одағының басшысы Никита Хрушевпен түсінісіп жұмыс істеу оған өте қиынға соқты. Оның арманы республикалар арасындағы шекараларды жою еді. Соны Қазақстаннан бастағысы келгені де рас. Ол әуелі өлкелік партия комитеттерін құрып, олардың бірінші басшыларын тікелей Мәскеуге есеп беретін етті. Солтүстіктегі тың облыстарды Ресейге, Маңғыстауды Түркменияға қоспақшы болған әрекетін Қонаев жүзеге асырмай тастады. Өз дегенін ғана жөн санаған Хрушевтің елді шаш-етектен шығынға батырған халық шаруашылығын қайта құру жөніндегі реформаларымен келісе бермеген соң, Қонаев қызметінен алынып, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағалығына қайта сайланған. Тек 1964 жылы Хрушев орнынан босаған соң ғана Мәскеудегі одақтық басшылар оның ел басқарудағы қасиет-қабілетін жоғары бағалап, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне бірінші хатшы етіп қайта сайлады. Содан 1986 жылға дейінгі еңбек жолы телехабарда жинақы көрсетілген. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиев: «Соңғы жиырма жылда қазақ халқы өзінің мемлекеттілігін құрды. Осы мемлекеттікті құруда үлкен жетістіктерге жеттік десек, осы жетістіктің артында, осы жетістіктің негізінде Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев басқарған Қазақстанның өмірі жатыр. Ол өзінің «Өтті дәурен осылай» кітабында былай деп жазған. «Мен Қазақстанға басшы болып сайланғанда, жергілікті ұлт саны үш миллионға жетер-жетпес еді. Ал мен биліктен кеткенімде қазақ халқының саны жеті миллионға жетті. …Мен ел басқарған кезде елдің экономикасы жеті-сегіз есе өсті»,– дейді. Осы атқарылған ерен жұмыстар әрине, Қонаевтың басшылығымен болғаны ешкімнің де таласын туғызбас. Қазақ тарихында мұндай тұлғалар бұл Қасым хан, «Қасымханның қасқа жолы», Есім хан «Есім ханның ескі жолы», Жәңгір хан, содан соң Тәуке хан заманы. Тәуке ханның дәуірінде қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған заман болды. Мен Қонаев басқарған ширек ғасырды сол Тәуке ханның заманымен салыстырған болар едім. Ұлбосын Айтөлен: «Мен аяулы Дінмұхамед Қонаевты адами қария кезінде көрдім. Халқына қалтқысыз қызмет еткен осынау дара тұлға жайында қаншама естеліктер айтылып, жазылып жатыр. Оның бүкіл ғұмыры халқының көз алдында өткендіктен ол туралы айтудың өзі бір ғанибет». –Дінмұхамед Қонаевтың халықтың шынайы ықыласына бөленуінің сыры неде? – Жан дүниесінің тазалығында! Сара Қонаева: «Есіме бір жазушының естелігі түсіп отыр. Біз Бақанасқа барғанымызда көше бойында тұрған қазақ әйелі қолын көтерді. Үстіндегі киімі жұпыны екен. Жүргізуші жанынан тоқтамай өте бергенде Қонаев: «Машинаны тоқтат» деп өзі кабинадан түсіп, әйелмен жылы жүзбен амандасты. Әйел: «Сіз келе жатыр деген соң, күтіп тұр едім. Біздің үйге кіріп, дәм татыңыз»,– дейді. Қонаев әйелді жанына отырғызып, үйіне барады. Үй тым ескі екен. Төрде аппақ матамен тысталған жеті жастық жатыр. Шайдан соң әйел Қонаевқа: «Жеті балам бар. Үйден шығарда осы жеті жастықты сипап кетіңіз. Балаларыма да бақ қонар ма екен?» – дейді. Сонда Қонаев: «Балаларыңыз бақытты болсын!», – деп жастықтың біріне бетін тигізген. Аудан орталығында жиналған халықпен кездесіп, пікір алысады да кетер кезде басшыларына әлгі әйелге үй салып беруді тапсырады. Бір жылдан кейін әйел жаңа үйге қоныстаныпты»,– деді. Ал қазіргі әкімдер ше? Көшеде тоқтамақ түгілі, есігінен кіргізер ме екен? Телеарналардан әкімшілік үйінің алдында мұқтаждықтарын айтуға жиналған жұртты көріп, көңілің құлазиды. Телехабарда тарихшылар Бәйдібек Төлепбаев, Мәлік Асылбеков, қоғам қайраткері Ізбасар Балтағұлов, ғалым Роза Қонаева, қызметтес болған Анатолий Горянов, әнші Шәміл Әбілтаев өз пікірлерін ортаға салды. Ұлбосын Айтөленованың бұл телехабары сөз жоқ Қонаевты тағы бір қырынан танытары анық. *** 

ФИЛОЛОГИЯ ғылымдарының докторы, профессор Гүлзия Пірәлиеваның «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеттануы» кітабын оқып шықтым. Кітап 1920-дан 2005 жылға дейінгі әдебиеттің даму тарихын қамтыған. Бес тараудан тұрады. Әр тарауда көтерген мәселесін көпшілік біле бермейтін деректерді мысалға ала отырып, ғылыми талдау жасағаны көрініп тұр. Және онысы көкейге қонымды да. Әсіресе бізге әлі де беймәлім 1920-30 жылдардағы әдебиеттегі пікірталастар оқырмандарды ерекше қызықтырары қақ. Ғылыми еңбектің «Әдеби сын және эстетикалық көзқарастар» деп аталған бөлімі сол жылдардың көркем сөз тартыстарын көз алдыңа әкеледі. Баспасөз беттерінде «Сынға сын», «Қазақ әдебиетіндегі орынды һәм орынсыз сындар туралы», «Қисық сынға әділ төре», «Өзің адассаң да өзгені адастырма», Сынау һәм сынауды сынау», «Қисынсыз жала» т.б. да ащы сындар жариялана бастады. Кітаптан өзің күтпеген жайларды кездестіресің.

Ахмет Байтұрсынов 1922 жылы 8 шілдеде «Еңбекші қазақ» газетінде «Қазақ қайраткерлерінің жайынан» атты мақала жариялайды. Онда ақын-жазушыларға өнегелі сөз айтқан. «…Жалғыз қалам қайраткерлері емес, қазаққа жаны ашитын басқа азаматтар да қазақтың басқалардан көрген кемшілігін айтпай тұра алмайды. Қазақтың сөзін қаймықпай сөйлеу керек. Бауырмал десін, қазақшыл десін, ұлтшыл десін, оған құлақ асып, көңілге ауыр алмау керек. Қазақ қасындағы жұрттардың қатарына жетіп, теңелуіне керекті ісімізді қолға алайық… Басқалармен мәдениеті теңеліп, жарыса-жармаса күн етуге қазақ жеткен күні қазақты қасындағылар қаңсылатуды қояды… Қазақ жем болудан түбінде «декрет қуатымен құтылмайды, мәдениет қуатымен құтылады…». Бүгінде Мағжан Жұмабаевты қазақ әдебиетінің поэзиясына тың серпін әкелген орны бөлек ақын ретінде айтып жүрміз. Ал сол кезде оның өлеңдеріне көзқарас қандай еді? Г.Пірәлиева тарихи құжаттардан 1924 жылы 24 қарашадағы Шығыс еңбекшілерінің коммунистік университетінде Нәзір Төреқұлов жасаған баяндаманы мысалға алған. Автор баяндама бастан-аяқ тұрпайы социологияға бой алдырғанын Н.Төреқұловтың мына сөздері дәлелдейді дей келіп, сөйлеген сөзінен үзінді береді. «…Осы уақыттағы Мағжан өлеңдерін алсақ, қазақ әдебиетінен бөлек кеткен. Мағжан «дала ақынымын» дейді. Бірақ далаға ұқсаған жері жоқ. Барлық жазатыны өзінің ұшы-қиыры жоқ қиялы… Біз айтамыз, Мағжан Кеңес топырағына отыратын адам емес… Мағжанның өлеңінде қазақтың шаруашылығына, әдебиетіне, саясатына үлкен қарсылығы бар. Сондықтан ішін ашып тексермей, мынау әдебиет деп қабыл ала берсек, барлық идея – кәмунес жолымыздан айырылып қаламыз. …Мағжан ақын, бірақ қазақ ақыны емес, қазақтың тұрмысынан айырылған ақын». Ақынның өлеңдерін жоққа шығарып, жанын жаралаған ауыр сөз, ауыр сын. Автор 1925 жылы қыркүйек айында Голощекин Қазақстан Өлкелік партия комитетіне бірінші хатшы болып келісімен-ақ Кіші Октябрь төңкерісін жасағанын, әдебиетшілердің ішінен жау іздей бастағанын айта келіп, 1932 жылғы 14 қаңтарда өткен Өлкелік партия комитетінің ІІІ пленумында: «…Қазақ әдебиеті байтұрсыновшылдықпен, аймауытовшылдықпен, тағы басқа, осы сияқты төңкеріске қарсы ағымшылдықпен көбірек былғанған деп ойлаймын» деген сөзін келтіреді. Оның бұл сөзі ұшқары сынға жол ашып, отқа май құйды. 1923 жылы Орынборда Ахмет Байтұрсыновтың 50 жылдығына арналған салтанатты кеш болды. Сол кеште Смағұл Сәдуақасов «Ақаңның алдында» атты баяндама жасап, қазақтың үлгі тұтар бес азаматы Кенесарыны, Шоқанды, Ыбырайды, Абайды, Байтұрсыновты атап көрсеткен. Өзінің аты аталмай қалған қызғаныштан ба екен кім білсін, баяндама Сәбит Мұқановқа ұнамаса керек. Оның 1 наурызда «Еңбекші қазақ» газетіне «Қара тақтаға жазылып жүрмеңдер, шешендер!» деген мақаласы жарық көреді. Сол мақаласында ол Ыбырай туралы «…Сондықтан еңбекшіл таптың адамдары Алтынсариндей не қазақ болмай, не орыс болмай, не дінші, не саясатшыл болмай өлгендерді ауызға алуға арланады», десе Абай туралы «…жеті атасы би, тобықтыны бір шыбықпен айдаған тұқым. Қай күнде де ақсүйекте ұлтшылдық та, ақжүректік те азғантай болатын еді! Арғын-найман жиылса, таңырқаған сөзіме, қайран сөзім қор болды, тобықтының өзіне!.. деген өлеңі өзінің кім екенін сездіреді. Бұл сөзінен: бір кезде арғын-найманды билейтін Абай қазір қолынан сыйы кетіп, ақыр аяғы өзінің тобықтысына да қадірсіз болғандығын, оған Абайдың назаланатынын көрсетеді»,– деп жазған. Мақалада Кенесары, Шоқан, Байтұрсынов жайында да қиғаш пікірлер айтқан. «…Ахаңды алсақ, ол жалпы қазақтың Ахаңы емес, қазақтың ақ жағалыларының, байларының, болмаса, көзсіз көбелектерінің Ахаңы… Қысқасын айтқанда, ақ жаға мырзалар Ахаңды Ахаң демей, Құдай деп шоқынып отырса да еркі. Бірақ қазақтың еңбекшілері Ахаңның ұранына қосылмайды. Дүние жүзінің кедейлерінің бірлік ұранына қосылады. …Сондықтан шешендер тілмарсып Ахаңды еңбекшілерге майлап өткіземін деуді қоюы жөн. Еңбекшіл қазақтың арасынан Ахаңа орын жоқ. Ахмет – байдың Ахаңы, күле кіріп, күңірене шығып жүрген арамзалардың, болмаса ақ жағалылардың әкесі. Еңбекшілердің Ахаңы да емес, әкесі де емес, досы да емес. Еңбекшіл қазақтың әкесі – өзінің қолын теңдікке жеткізген өктәбр төңкерісі. Енді шешендерге айтарым: қисынсыз сайраймын деп еңбекшілердің қара тақтайына жазылып қалып жүрмеңдер». Түбі ұлтсыздандыруға алып баратын коммунистік идеология қаншама жанды түзу жолдан тайдырды. Енді тасқа басылған Сәбеңнің осы сөздерін өшіріп көріңіз. Кейін ол осы үшін өкінді ме, өкінбеді ме кім білсін. Алайда баспасөздерде сондай өкінішін жазған мақаласы жоқ. Ал халыққа шындық, ақиқат қымбат. Соны Гүлзия Пірәлиева жазушылардың бірін-бірі жазғырған осындай солақай сындарын осы кітабы арқылы ғылыми айналымға түсіріп отыр. Иә, бұл кейінгілерге сабақ болуы үшін. «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос». Кемеңгер Абай қалай дәл айтқан десеңізші. *** 

ҚЫС қатал сыншы. Кейде тосын мінез танытып, жұртты әбігерге салып қояды. Әсіресе қоян жылының қыстары қай кезде де шаруаға жайсыз болып келеді. Биыл да солай болып тұр. Анау Атырау мен Ақтау облыстарындағы боран қаншама жолаушыларды жолынан қалдырды десеңізші. Әйтеуір адам шығыны жоқ болғанына тәуба дерсің.

Биыл Сырдың суы тағы ма таси ма деген қауіп бар. Сыр бойындағы елді мекендер алдын ала тосқауыл қоюға әрекет жасауда. Күн күрт жылынып кетсе, қалың қар еріп, жағдайдың қиынға айналары сөзсіз. Алайда табиғаттың осындай долы мінезін көріп жүріп, бейқам отырғандарға не дерсің. Оңтүстік Қазақстан облысындағы Бөген ауданының бүгінгі жағдайы соның айғағы. Аудан орталығы Темірлан елді мекені тұрғындарының айтуларына қарағанда дәл осындай тасқын ауылды айналып өтетін арық тазаланбауы салдарынан осыдан бес жыл бұрын да болған екен. Сонда қаншама тұрғын үйлер жарамсыз болып қалды? Сол жылы көктемде арықты тазалауға аудан бюджетінен қаражат бөлінген. «Тасқын өтті-кетті ғой» деп аудан әкімшілігі оны шала-шарпы тазалата салғанына қарағанда, бөлінген қаражаттың біразы әлдекімдердің қалтасында кетті ме деген күдік көңілге ұялайды. Енді міне, биылғы тасқын елді мекеннің көшелерін аралап, тұрғын үйлердің тұғырлық тасынан көтеріліп, қора-қопсысын құлатып, адамдар ардабын көруде. Әкімшілік жүзге жуық үйдің тұрғындарын қауіпсіз аймаққа көшіріп әлек. Осыдан бір апта бұрын сол облыстың Бәйдібек ауданындағы ағайынға телефон шалып, қал-жағдайын білдім. Олар: «Баяғы 69-шы жылдың қысы қайталанып тұр. Бірнеше күн бойына тұрған боран үйлерді, қора-қопсыны суырынды қарға көміп тастады. Мал шығыны да бар»,– деген еді. Бұл ауданда қыс кейбір жылдары болмай да қалатын. Былтыр да аса мінез көрсете қоймаған. Жұрт арқаны кеңге салып, қысқа бейғам келіп еді, биыл кәрі құдаң шаруаны шайқап жібергені мынау. Қысқа дайындығың болмаса кімге кінә артасың? «Алтынның қолда барда қадірі болмайды». Қолдан шығып кеткен соң ғана, өкінетініміз бар. Жарықтық, Қонаев та ел үшін аянбай еңбек еткен жан екенін жыл өткен сайын халық тереңнен сезініп келеді. Халыққа шындық қымбат. Ал шындықтың жолы шырғалаң. Бірден айтыла салмайды. Көп жылдарды, көп ізденуді талап етеді. Ғалым Гүлзия Пірәлиева да бұрын ел құлағында жүрген шындықты мұрағаттардағы нақты дәлелдермен айғақтап, ғылыми айналымға түсіріп отыр. Еңбегі сонысымен де қымбат. Шаруа баққан жандар қыс қамын жаз ойлайды. Көреген әкім басқалардың жіберген қателіктерінен сабақ алады.

Көлбай Адырбекұлы