Жаңалықтар

БІРЕУГЕ КӨМІР, БІРЕУГЕ – ӨМІР...

ашық дереккөзі

БІРЕУГЕ КӨМІР, БІРЕУГЕ – ӨМІР...

«Түркiстанның» жаңа жылдың алдындағы сандарында Қырғызстанға Қазақстаннан радиациялы көмiр әкелiнiп, оны пайдалануға тыйым салынғанын жазған едiк. Улы көмiр Бiшкектегi электр және жылулық орталығында арнайы жабдықталған орында сақталып, бұл бойынша қылмыстық iс қозғады, көмiрдi кейiн қайтару мәселесi қаралып жатыр. Ақпанның басында орталық қамбадағыдан тыс, басқа да уланған көмiрдiң Бiшкектiң төңiрегiндегi Шу облысының мектептерiнде, қарттар үйiнде жағылып жатқаны, бiрнеше адамның ауырып дәрiгерге қаралғаны белгiлi болды.

Бұл оқиға елді екінші рет дүрліктірді. Президент Алмазбек Атамбаев асығыс жиын өткiзiп, төтенше жағдайлар министрі Қуатбек Борановқа улы көмірді мектептерден тез арада алып кетуге тапсырма берген.

9 ақпанда жағылып кеткен 180 тоннадан қалған көмір арнайы дайындалған қауіпсіз жерге толық жеткізілді. Сөйтсе, Қазақстанның «Құлан ТБ» жауапкершілігі шектеулi серіктестігінен көмір алу бойынша тендерге негізгі тапсырыс беруші Қырғызстанды электр энергиясымен және жылулықпен қамтамасыз етуші «Электр станциялары» ашық акционерлік қоғамымен қатар Білім беру министрлігі және Шу облысының жергілікті әкімшіліктері де қатысыпты. Олар өздеріне тиесілі көмірді пайдалана бастаған.

Улы көмір мәселесі саяси шатаққа да айналып, қазір ол сабасына түсті. Бұл көмірдің әкелінуіне Қырғызстанның Жоғарғы Кеңешінің жаңа жыл алдында отставкаға кеткен төрағасы Ақматбек Келдібековтiң де қатысы бар деген сөз шығып, басылған еді. Сосын Жоғарғы Кеңештің депутаты, оппозицияшыл «Атажұрт» партиясының лидері Қамшыбек Ташиев премьер-министр Өмірбек Бабановты күмәнді көмірді республикаға алып келуге рұқсат берді және оның радиациялы екені анықталған заматта мектептерден және әлеуметтік мекемелерден тез арада шығарылуына бақылау жасамады деп кінәлап, үкімет басшыға «отставкаға кет» деп айбат көрсетті. Үкімет басшысы дереу жа­уап қайтарып, улы көмірдің әкелуіне қатысым болса, мен жұмысымнан кетейін, Ташиев сөзін дәлелдей алмаса, ол депутаттық мандатын тапсырсын деп мәлімдеме жасады. «Мен 2011 жылдың 24 қазанында салааралық комиссия құрғызғанмын. 27 қазанда комиссия шешімін шығармай жатып-ақ энергетика министрлігіне және Бішкек жылулық орталығына бұйрық бергенмін. Бұйрықта көмірді кейін қайтару тапсырылған», – деп жауап берді Ө. Бабанов.Енді өлкедегі барлық мәселелерге төрелік айтып келе жатқан Жоғарғы Кеңеш оқиғаның анық-қанығын тексеру үшін депутаттық комиссия құрып, он күннің ішінде оны аяғына жеткізбекші. Бірақ 10 ақпанда Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы елшілігінің бұқаралық ақпарат құралдарына хабарлама таратып, көзқарасын білдіргені біраз нәрсенің басын ашқандай болды.

Елшілік бұл келеңсіз оқиға «Құлан ТБ» ЖШС-і (Қазақстан) мен «Электр станциялары» ААҚ-ы (Қырғызстан) шаруа нысандарының арасындағы алақол жұмыстың нәтижесінде пайда болды деп есептейді. Елшіліктің өтініміне орай Құлан көмір кені орналасқан Жамбыл облысының прокуроры Б.Таимбетов факт бойынша мұқият тексеру жүргізілгенін хабарлаған. Қазір «Құлан ТБ» ЖШС-нің жұмысы тоқтатылып, компанияның же­тек­­шілеріне және Қазақстанның кеден мекемесінің тиісті лауазымды адамдарына қылмыстық іс қозғалған. Тергеу барысын Қазақстанның бас прокуроры өз бақылауына алған. Сондай-ақ бас прокуратура Қазақстанның индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне кен орнының үстіңгі қабатында жоғары радиоактивтік қыртыстың бар болғандығынан «Құлан ТБ» ЖШС-імен бұл кен орны бойынша келісімді жоюға ұсыныс жіберген.«Құлан көмірінің төңірегіндегі шатақ аталған шаруа нысандарының ғана емес, экологиялық қауіпсіздікті және адам­дар­дың денсаулығын қамтамасыз ететін және бақылайтын екі өлкенің мемлекеттік жауапты қызметкерлерінің бірқатар тәртіп бұзушылыққа жол бергендігін көрсетті», – деп тұжырымдаған елшілік.

8 ақпанда Қарағандының «Құлан-Көмір» ашық акционерлік қоғамы Қырғыз­стан­ның ғаламторлық ақпарат құралдарында радиациялы көмірге өздерінің ешқандай қатысы жоқ екендігін жариялаған еді. Соған дейін қырғызстандықтар Қазақстанда екі Құлан көмір кенінің бар екенін білмей келген.Қырғызстанның Жоғарғы сотының бас­па­сөз хатшысы Бақтыбек Рысәлиев бізге Бішкек қаласының Свердлов ау­дан­дық соты радиоактифті көмір бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу амал­да­рын жүргізіп жатқанын хабарлады. Қырғызстанның Қылмыс-жаза кодексінің «Қызмет жағдайын асыра пайдалану» және «Салақтық» баптарымен төрт адамға айып тағылған. Сонымен бірге сотта 9 куәгер, бір жәбірленуші түсініктеме беруде.

Радиоактифті көмірді «Құлан ТБ» ЖШС-і кері алып кетуді өз мойнына алды. Сонымен өткен жылдың 15-ші және 25 қыркүйегі аралығында Қырғызстанға әкелінген 8 мың тоннадан астам улы көмір вагондарға тиеліп темір жол арқылы кері қайтарылуда.

16.02.2012

Назарбек БАЙЖIГIТОВ,

«Түркiстанның» Қырғызстандағы тiлшiсi