Жаңалықтар

АҚША САЛЫМШЫНIКI, ҚЫЗЫҒЫ КIМДIКI?

ашық дереккөзі

АҚША САЛЫМШЫНIКI, ҚЫЗЫҒЫ КIМДIКI?

Президенттiң биылғы Жолдауында елдiң зейнетақы жүйесiн дамыту мәселелерi қозғалуы тегiн емес. Шындығында, он төрт жыл бұрын iске қосылған Жинақтаушы зейнетақы жүйесi туралы қоғамда қарама-қайшы пiкiр де, алып-қашпа сөз де көп. Ұзын-саны 8 миллиондай салымшы зейнетақы қорларында жинақталған қаражаттың ертеңгi күнi жағдайы қандай боларын бiле алмай пұшайман халде отыр. Соңғы төрт-бес жылда жинақтаушы зейнетақы қорларының инвестициялық табысының күрт азайып кеткенi де бұған айтарлықтай себеп.

Бүгінгі таңда 8 млн. салымшының 17 миллиард доллардан астам ақшасы 11 жинақтаушы зейнетақы қорында жатыр. Президент салымшылардың дәрменсіздігі туралы былай деді: «Бүгінде салымшылар инвестициялық қорлардың инвестициялық саясатына ешқандай ықпал ете алмайды. Сондықтан да зейнетақы төлемдеріне оброк (салық) сияқты қарайды, ал кейбір зейнетақы қорларының басшылығы бұл салымдарды жеке қаражаты сияқты қарап, акционерлердің қажетіне, олардың кейбір шығындарын төлеуге жұмсайды, ал мұның арты не болары белгісіз», – деді. Осыны айтқан Елбасы 1 шілдеге дейін Үкімет пен Ұлттық банкке зейнетақы жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар түзу жөнінде тапсырма берді.

Қазіргі зейнетақы жүйесінің авторларының бірі Григорий Марченко болғаны бегілі. Енді осы жүйені жетілдіру жұмыстары тағы да Ұлттық банк төрағасы Марченкоға тапсырылуы кездейсоқтық па?Соңғы мәліметтерге қарағанда, Үкіметте зейнетақы жүйесін жетілдіру бойынша жұмыстарды қадағалау міндеті премьер-министрдің орынбасары Қайрат Келімбетовке тапсырылған көрінеді. Осы зейнетақы реформасы басталған кезде кейбір сарапшылар бұл жүйені анық түсініп, оның жетістіктері мен кемшіліктерін сараптап айту үшін 40-45 жыл керек деген болатын. Сол уақыттан бері қазақша жыл санау есебімен бір мүшел өтіпті. Зейнетақы реформасының сыр беретін кезі келді. Бүгінгі айтылып жүрген күдік-күмән соның көрінісі сияқты.

Қоғамда зейнетақы қорларының жұмысына деген сенімсіздік сейілер емес. Бір түйткілдің ұшы осыдан бірнеше жыл бұрын тараған кейбір зейнетақы қорлары басшыларының миллиондаған айлық алатындығы туралы ақпаратқа тіреледі. Екінші жағынан, кейбір жинақтаушы зейнетақы қорлары өздерінің инвестициялық портфельдерінің құрылымы жөнінде нақты ақпаратты жарияламай отыр. Бүгінде 11 қордың төрт-бесеуінен ғана мұндай ақпаратты еш кедергісіз алуға болады. Ал салымшы ретінде кез келген азамат өзінің болашақта алатын зейнетақы салымдарының қайда, қалай жұмсалатыны және қандай табыс түскені жөнінде білуге құқылы. Азаматтардың қаржылық-инвестициялық сауаттылығының төмендігі де бұған сеп. Көптеген азаматтар жылына екі мәрте қорды ауыстыруға құқылы екенін білсе де, оның не үшін қажет екенін түсіне алмай дал. Ал зейнетақы қорларынан өз салымдарының ахуалын білу үшін арнайы хабарласып, тұрақты түрде анықтама қағаз сұрап отыруға дағдыланған саналы салымшылардың қатары тіпті сирек.

2008 жылдың 1 қыркүйегіндегі мәлімет бойынша, зейнетақы қорларында 1,3 трлн. теңге болған. Сол кездегі валюта бағамымен есептегенде 10 млрд. доллардың шамасында еді. Қазіргі таңда республика бойынша жинақталған зейнетақы қоры 17 млрд. долларға жетті. Сонда бар-жоғы 4 жылда бұл ақша 7 млрд.-қа артқан.

Қазір Ұлттық қордағы ақшаның жалпы шамасы 45 миллиард доллар. Басқаша айтқанда, жинақтаушы зейнетақы қорларында Ұлттық қордағы қаражаттың 37 пайызы жинақталған. Жыл сайын бұл ақшаның еселеніп көбейіп отырғанын ескерген абзал.

Ал жинақтаушы зейнетақы қорлары 17 миллиардтан астам доллар қаржыны қайда жұмсап, қалай табыс табудың жолын таппай, дағдарып отыр. Мұның бір себебі, көп жағдайда зейнетақы қорлары инвестиция көздерін таңдауда қолдары байлаулы. Өйткені олар шетелдік нарықтағы немесе тәуекелі басым қаржылық құрылымдарға қаржы салуға құзырлы емес. Заң аясында оларға кәсіпкерлікпен айналысуға, жылжымайтын мүлікті сату мен сатып алуға, сақтандыру бойынша қызмет көрсетсе, зейнетақы активтерін кепілге қоюға т.б. әрекеттерге тыйым салынған. Сондықтан да өткен жылдың соңында зейнетақы қорларындағы ақшаны елдің ірі өндіріс ошақтарына құю туралы ұсыныс айтылды. Бір есептен, болашақ зейнеткерлердің қаражаты отандық өндірісті дамуға себепкер болса, екінші жағынан табыс табар еді. Ал экономиканың дамуы елдегі тұрмыс деңгейінің жақсаруына ықпал етер еді.

Бірақ бұл ұсыныс әзірге тек сөз жүзінде қалып отыр.

2007 жылға дейін жинақтаушы зейнетақы қорларының табысы инфляция деңгейінен жоғары болған. Бірақ ғаламдық экономикалық дағдарыс салдарынан олардың инвестициялық табысы инфляция деңгейінен аспай отыр. Бұған елдің макроэкономикалық көрсеткіштері де себеп.Шындығында, бүгінгі таңда бірде бір зейнетақы қоры табысы жөнінен инфляцияның деңгейін басып оза алмайды. Бұл дегеніңіз, қазақстандықтардың тірнектеп жинаған ай сайынғы салымдары жылдық инфляция қарбытып «жеп» жатыр деген сөз.

Оның үстіне, елдегі құнды қағаздар нарығының дамымай жатқандығы да аяқтан шалуда. Жинақтаушы зейнетақы жүйесі іске қосылған кезде оның қор нарығын дамытуға ықпалы күшті болады деген болжам айтылғаны есімізде. Алайда енді, керісінше, жинақтаушы зейнетақы жүйесі өзін-өзі ақтау үшін отандық қор нарығын дамыту қажеттілігі туды. Көптеген сарапшылар тиімді де тартымды қаржылық құралдар іске қосылмайынша, жинақтаушы зейнетақы қорлары инфляцияға төтеп бере алмайды деп есептейді.

Зейнетақы қорлары табысының азды­ғы оларға шетелдік инвесторлар тарту тал­пы­ныс­та­рының олқы түсіп жатқанын көрсетіп отыр.

Бүгінде көптеген зейнетақы қорларының портфелінің жартысынан астамы мемлекеттік құнды қағаздардан құралған. Ал олардың табысы инфляция деңгейінен екі есе төмен.

1 қаңтардан бастап салымшылар зейнетақы қорларындағы ақшаларын қандай портфельге салуға қатысты таңдауды өздері жасайды. Оның «қалыпты» немесе «консервативті» деген түрлері бар. Әйтсе де, зейнеткерлік жасқа жақындаған егде кісілердің қаражаты консервативті портфельге автоматты түрде салынатындығын ескеру керек. Ал орта жастағы азаматтар, жастар екі портфельдің қайсысын таңдаса да ерікті. «Қалыпты» портфелінің бір ерекшелігі, ондағы табысы төмен мемлекеттік құнды қағаздардың саны аздау, ол негізінен табысы да тәуекелi көп қаржылық құнды қағаздардан құралмақ.

Президенттің тапсырмасынан соң Үкімет мүшелері зейнетақы жүйесін жетілдіруді зейнетақы жасын ұлғайтудан бастағанды жөн көрген сыңайлы. Қазір бұл мәселе Үкіметтегі кабинеттерде талқыланып жатыр.

Ал шындығында қарапайым азаматтар зейнеткерлік жасының ұлғайтылғанын емес, керісінше төмендетілгенін қолдайды. Былтыр қазан айында жарияланған әлеуметтік зерттеу­лер нәтижесіне сәйкес, қазақстандықтардың үштен екісі зейнеткерлік жасының төмен­де­тілгенін қалайды және жасынан ерте зейнетке шығуға кет әрі емес. Сауалнамаға қатысқандардың 69 пайызы зейнеткерлік жасының бұрынғы жүйедегі нормаға сәйкес болғанын қалайтынын атап көрсеткен, яғни ерлер үшін – 60, ал әйелдер үшін – 55 жас. Ал бүгінгі зейнеткерлік жүйе бойынша жас деңгейін сақтап қалуды респонденттердің 13 пайызы ғана қолдаған.

Қазіргі таңда елдегі зейнетақы жасына жақындаған тұрғындар саны 15 пайыздан сәл-ақ асса, 2020 жылы олардың саны 21 пайыздан асып, 2030 жылы 27 пайызға жетеді деген болжам бар. Ендеше, халықтың қартаюы деген құбылысты қазақ халқы да айналып өте алмайды.Десе де, ресми деректерге жүгінсек, бү­гін­де Қазақстандағы зейнеткерлер экономикада белсенді тұрғындардың он пайызын ғана құрайды.

Шындығында, Үкіметке елдегі қор нарығын дамытып, отандық өндірісті жандандырып, зейнетақы жүйесін жетілдіруден гөрі, азаматтардың зейнеткерлік жасын ұлғайту оңай сияқты.

Қазақ мұндайды «ауырдың астымен, жеңілдің үстімен» деуші еді…

16.02.2012

Гүлбиғаш Омарова