Дүйсенбі, 6 Ақпан, 2023

УКРАИНАҒА ГАЗ, АЛ РЕСЕЙГЕ КЕДЕНДІК ОДАҚ КЕРЕК

Ресей мен Украина арасында газ дауы көптен бері күн тәртібінде. Тіпті Украинаның бұрынғы премьер-министрі Юлия Тимошенко да газға қатысты келісім-шарттардың салдарынан істі болды. Соған қарамастан, Украина Ресей қойған талаптарды орындауға мәжбүр. Онсыз газды төмен бағамен сатып алу украиндерге аса қиындық туғызатыны белгілі.

Жақында екі елдің басшылары кездесіп, тағы да газ мәселесін қаузағанмен, қандай да бір мәмілеге келе алмады. Яғни нақты келісім-шарт түзілген жоқ. Бұл жөнінде Украина президенті Янукович: «Меніңше, газ – екі ел арасындағы нәзік мәселе. Бұл мәңгілік мәселе. Сондықтан да Ресеймен арадағы көзқарастарымыз бен қарым-қатынасымызды жақсы арнаға бұрғымыз келетінін білдіргім келеді», – деді.

Бір қызығы, екі жақты кездесуде Янукович өз мүддесін көздесе, Путин мырза Кедендік одақтың пайдасы жөнінде әңгіме өрбіткен. «Көршің соқыр болса, көзіңді қысып жүр» демекші, Янукович Путиннің саясатын әу бастан біледі. Ол мұны: «Бізде газды төмен бағамен алуға деген үміт болды. Бірақ та Ресей тарапы Кедендік одаққа кіру керектігін алға тартумен болды» – деп айтады.

Шеруге шыққан зейнеткерлер

Соңғы жылдары Грекияның басынан қара бұлт кетпей қойды. Елдегі экономикалық, әлеуметтік жағдайдың төмендеуі де түрлі ереуілдердің де өршуіне әкеп соқты. Бұған дейін елде зейнетақыға байланысты мәселе туындап, мемлекеттік бюджет шығындарын қысқарту жоспары қарастырылған болатын. Алайда наразылық шараларынан кейін зейнетақыны қысқартуға жол берілген жоқ.

Соған қарамастан Грекия ЕуроОдақтан, Халықаралық валюта қорынан Еуропа орталық банкінен қарыз алып келеді. Алайда ЕуроОдақ лидерлері Грекияны еуроаймақтан шығармайтындығын айтқан болатын. Бірақ, мұның орнына ресми Афина бюджет шығындарын қысқарту жөніндегі талаптарды орындауы тиіс. Осындай бір басқосуда Германия канцлері Ангела Меркель «Еуропалық Одаққа мүше елдердің мемлекеттік қарыздарын қысқарту үшін бюджет шығындарын азайту керек» десе, Франция президенті Франсуа Олланд экономиканы сауықтыру үшін еурооблигация­ларды шығаруды ұсынған болатын.

Бұдан бұрын Грекияда мемлекеттiк шығынды қысқартуға бағытталған үкiмет бағдарламасына қарсы наразылық шеру ұйымдастырылған еді. Халықтың наразылығын тудырған мәселе – мемлекеттiң жалақыны төмендетiп, салық мөлшерiн көбейтуi және азаматтардың зейнетке шығу жасын ұзарту сияқты реформалары. Ал бұл кезде Қазақстан Премьер министрi К.Мәсiмов мырза: «Бiз дағдарысты еңсердiк. Ендi кiрiс қанша болса, шығыс та сондай болуы тиiс. Бюджеттiк жоспарлау кезiнде басы артық шығындарға бұдан былай жол жоқ», – деп ел қазынасының жұмсалуы қатаң қадағаланатынын баса айтқан. Осы тұста Премьер-министр Грекияны мысалға алып: «Грекияда не болып жатқанын көрiп отырмыз. Ол – еуропалық одаққа мүше мемлекет. Валютасы да – еуро. Бiрақ, олар бюджеттiң тұрақты болуына назар аудармады. Салдарынан осындай проблемаға тап болды», – дедi.

Сонымен, Грекияда тағы ереуіл. Бұл жолы зейнеткерлер денсаулық сақтау жүйесіндегі өзгерістерге қарсы шеруге шықты. Бұл акция Ұлттық қор қаржыландыратын дәрігерлер мен дәрі сатушылардың мәлімдемесінен кейін басталған. Олар зейнеткерлерге дәрігерлік қызмет пен дәрілер бұрынғыдай тегін емес, ақылы болатынын ескерткен. Өйткені Үкімет соңғы айларда денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржыны қысқартып, аталған қор да қиындыққа тап болды. Бұл мемлекетте осы аптада зейнетақы тағы да қысқаратын түрі бар. Грекияға қарыз беріп отырған Еуро Одақ пен Халықаралық Валюта қорының және Еуропа Орталық банкінің Афиныға қойып отырған негізгі талаптарының бірі – осы.

Оқиғалардың барысы мұнан кейін қалай өрбуі мүмкін? Бұған қазір ешкім айқын жауап бере алмайды. Бәлкім, бұл елде халықты қажытқан жағдай­лардан үлкен көтеріліс басталып, ол бүкіл Еуропаны шарпыр. Бәлкім, бас­қаша да жағдай қалыптасар. Қалай алып қарағанда да, оқиғаның жақ­сылықпен тынбайтыны анық. Сон­дықтан еуропалық мемлекеттер, соның ішінде осы топтың көшбасшысы болып отырған Германия мен Франция Грекияға көмектесуге, осы арқылы өңірді болуы мүмкін болжаусыз қатер­лерден сақтап қалуға барынша мүдделі екендігін танытуда.

Дайындаған Динара ДҮРМӘН

Байқау айқын
Байқау айқын

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button