АЙТАМАН

Мен Қошанды, яғни Қойшығұл Мұстафаұлын сонау студенттік бұла шақтан білемін. Білуіме басты себеп болған жағдай мынау еді: Бірде курстастардың көзінше куратор маған кезекті руханият сағатын өткізуді тапсырды. Мен «Терме туралы өткіземін» деп уәде бердім де бір аптаның ішінде терме туралы лекция-концерт дайындадым. Консерваториядан атағы жаңа дүркіреп келе жатқан композитор Бейбіт Дәлденбаевты, «Қазақстан» телеарнасынан «Терме» көрсетілімінің айташысы Жаулыбай Иманалиевті, Эстрада және цирк өнері студиясынан Ғарифолла Құрманғалиев ағамыздың келісімімен екі шәкіртін, Ауыл шаруашылығы институтының жанынан құрылған «Терме» ансамблінің жетекшісі, ғалым әрі жыршылық-термешілік өнердің жанашыры Қалыбек Қонысбаевты өз шәкірттерімен шақырдым.

Дәріс сәтті өтті ғой деймін, әйтеуір студенттер де, декан Темірбек ағай бастаған ұстаздар да мақтап жатты. Көп ұзамай Қалыбек ағамыз мені өзінің ансамбліне шақырды. Мен кезекті концерт сценарийін түзіп, айташылар айтатын сөзді өлеңмен де, қарасөзбен де жазып бердім.

Концертті «Қазақстан» телеарнасы түсіреді. Түсіргенін бүкіл республикаға көрсетеді. Бізде тыным жоқ. Күнде дайындық. Термешілердің концертінде өнер көрсететіннің бәрі студент. Солардың арасынан екі адам менің есімде ерекше сақталып қалды. Біреуі –аузын ашса, көмейі көрінетін ақжүрек Нұрақын Орманбеков деген әнші-термеші. Біреуі – осы Қошан. Атжақты, бүркіт қабақты, батыр тұлғалы жігіт. Тұрпаты өзгелерден ерекше. Жауырыны қақпақтай, екі иығына екі кісі мінгендей, шымыр да мығым денелі.Тік қарап, тура сөйлейді. Сөзі ауылшаруашылығы мамандығын оқып жүргендердің кәсіби тілінен бөлек. Мақалдап, мәтелдеп, мысалдап, астарлап, сипаттап, әр ойын әдемі сөзбен әдіптеп, әшиесін мәнерлеп айтады. Үні майдақоңыр, құлаққа жағымды, жұмсақ. Көмейінде дауыс балқытпасы бар шешендей қатаң, ащы дыбыстарды жұмсартып шығарады. Лебінен қоңыр самал есіп тұрғандай жанға жайлы. Оған қызығатындардың басым көбі үлкендер мен қыздар да, қаймығатындардың бәрі ұлдар. Қаймығатын жөні бар еді. Бүркіт қабақ, қыран көзбен жалт етіп бір қарағанда қарашығынан атылған ұшқын өңменіңнен өтіп кетердей қадала қалады. Сол сәтте қарсысындағы менмін деген адамның өзі тура қарап тұра алмай жанарын еріксіз тайдырып әкетеді. Қайсар, ожданды, отты, сұсты, сесті. Бірақ асқан ызғарлы, тым қаһарлы да емес. Сәл шыдасаңыз жаңағы жарқ етіп жасқап өткен отты жанардың ар жағынан жүрек жылуы нұр шаша бастайды. Адамға мейіріммен қарайды. Ортада қарапайым, момақан болуға тырысады. Бірақ «басынан дұшпан сөзін асырмайды». Әлдекімдер секілді атағына қарай ағаламайды, қызметіне қарап бас ұрмайды. Жасы кіші демейді, ақылы асса аға тұтады. Әділетсіз болса, ханға да сәлем бермейді. Адалдықты, адамгершілікті бағалайды. Сондықтан да болар, палуан иық, батыр білек, құрыш қол, болат саусақты Қошан-дүрді көрген телі мен тентектің, атағы дардай ағасымақтың, бағалымын дейтін байсымақтың талайы жағасы қисайып, жүні жығылып сала бергенін көзіміз көрген. Ал енді үкілі қоңыр домбырасын көтере алшаң басып, сахнаға шыға келгенде айналасына алапат қуат тарататын. Алқа топты көргенде арқаланып, ажарланып, айбарланып кетеді, аузынан аспантаудан құлап аққан өзеннің арқыраған зор үні ақтарылғанда, естіген жан елең етіп бір қарап, сол қалпы біразға дейін сүйсіне құлақ түріп тұрып қалады. Мен танысқан және достасқан студент Қошан осындай болатын. Оқуды бітірдік. Ол Кеңес үкіметінің жас мамандарды жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша тиісті аймаққа кете барды. Мен Алматыда қалдым. Біз ұшыраспағалы талай жылдың жүзі болды.

1988 жыл. Желтоқсан. Кеген. Мәдениет үйі. Көркемөнерпаздардың халықтық шығармашылығының ІІІ Бүкілодақтық фестивалі аясында өтетін жырау, жыршы, термешілердің Алматы облыстық байқауы. Облыс аумағындағы барлық ауданнан жиналған кілең саңлақтар. Сахнаға жайтаңдап сол жылдары республикаға аты мен атағы дүрілдеп тұрған қарасаздық жырау Хасен Саматыров шығады да алқа топқа сезімнен шашу шашады, ойдан өрнек тоқиды. Енді бірде Іленің аққу-аруы Базаркүл Нұрғалиева сүйкімді үн, сиқырлы сөзбен ой толғайды. Тағы бірде мамандығы тракторист Болат жыршы «Алпамыс» жырын айтып отырады әлқиссалап. Сәдіқожаның «Сары бидайын» сан сахнада сайратқан Тоқтасын Әбілезов Естайдың «Жайқоңырын» айтқанда үнімен жібек созып, жүздеген жүректен іздеген қылын тауып, үздіге шертіп, көмейін бүлкілдетіп тұрып алады. Келесіде Тілектес Намазбаев ақсақал көтеріледі алқа топтың алдына. «Менің атым – Шалтабай, асылдан соққан балтадай, Шалтабайдай жалғызды кім іздеп арттан қайтады-ай»-лап бұрын-соңды не сахнада, не радиода естілмеген соны жырдың сарынын сайратады. Өз кезегі келгенде Сыр өңірінің құйқылжыған құдіретті сазын көмейіне салып ап мың құбылтқан Балтабай Ыбыраев шалқып-шалқып барып өзін-өзі әрең тоқтатады. Залға сыймай лықсыған халық жыр сарынымен ырғалады, ән әуезімен тербеледі, толғау сазымен толқиды, терме мақамымен теңселеді. Талай жыл таба алмай келгенін осы қазір ғана тапқандай қуана қол соғады, қолпаштайды, «уай, шіркін!» деп тамсанады, «уа, пәлі!» деп таңданады, «жарайсың, қазақ!» деп мақтанады. Дәл осы күнді жылдар бойы сағына, сарыла күткендей, айлар бойы аңқасы кеуіп шөлдеп жеткендей ентелейді, емінеді, егіледі, ләззаттанады, рахаттанады. Иә, шындығында дәл солай болуға себеп те бар еді: Осыдан екі-ақ жыл бұрын тура осы уақытта Алматыдан жер жаһанды жаңғыртқан Желтоқсан ызғары қырдағы қазаққа алау боп жеткен, әр жүректі жалын боп шарпыған. Қалғып бара жатқан қазақы мінезді серпілткен, ұйықтап бара жатқан ұлттық рухты оятқан. Селт етпеген сезім, оянбаған намыс жоқ. Зал мен сахна арасындағы рухани тұтастық шаңырақты көтере кернеп, кеулеп барады…

Қазылар алқасының нақ ортасында төраға – әйгілі Жәнібек Карменов. Оның екі жағында сыншы Әлия Бөпежанова, жазушы Қуаныш Жиенбаев, талғампаз тарихшы, халық мұрасының білгірі әрі қамқоры Амангелді Бұқабаев отырады өнерпаздардың өресін оймен таразылап. Мен де солардың қатарындамын. Концерт айташысы:

– Ақан сері. «Торыны таң асырып мінген қандай». Орындайтын Қошан Мұстафаұлы, – деп хабарлады. Бұған дейін хабарланған өнерпаздардың бәрінің фамилиясы «ов» немесе «ова», болмаса «ев» я «ева» еді. «Ұлы» деген анықтауышымен сахнадан алғаш естілген фамилия «Мұстафа Шоқай» я болмаса «Бауыржан Момышұлы» дегенмен бірдей естілгендей болды залға. Бір кезде сахнада басындағы кәмшат бөркінің үкісін желкілдетіп, оюлы қонышы тізесіне жеткен саптама етігімен еденді езе басып, өңірінде өрнегі бар сарала шапанының етегін желпілдетіп, алшаң-алшаң адымдап, палуан денесімен паңдана бұрылып, бүркіт қабақ, қыран көзімен алқа топтың мысын баса жанарымен бір жайқап өтіп, сарғыш реңді жүзінен шуақ шаша, кешегі Ақан мен Біржан немесе Дәурен сал мен Сауытбек, болмаса Сәдіқожа мен Қапездің бүгінгі жалғасындай болып көрінген жампоз жігіт «а-а-а-а-а!» деп алғашқы дыбысты арқырата аспандатып әкеткенде-ақ мен оның баяғы Қошан дос екенін бір-ақ білдім. Бұған дейін бірде шаттанып, бірде шабыттанып, енді бірде сабырлы көңілмен жайбарақат жайғасқан Жәнібек Кәрменов еңсесін көтеріп, ерекше назармен, айрықша ықыласпен құлақ түріп, тапжылмай отырды да қалды. Демін ішіне алған күйі қимылсыз. Кенет «уәй шіркін! – деді. Осы сәтте манадан тілін жұтып қойғандай я құлаққа ұрған танадай үнсіз отырған залдағылар демін сыртқа бір шығарғандай болды. Сахна қазақтың сахарасына айналып кеткен. Көз алдыңа кешегі Ақанның заманы елестейді. Сырлы, сұлу сөзбен суреттелген жан тербетер сәттер бірінен соң бірі тізбектеліп, еріксіз еліктіріп әкетіп барады. Ұрын барған ауылдағы арудың ажары мен қылығы, лебі мен лебізі сенің де көңіліңді қытықтап, жүрегіңді оятады. Әппақ білегі сенің де мойныңа асылып, қара шашы ақ тәніңнің үстінен аунап түскендей тұла бойың шымырлап сала береді. Сахнадағы Қошан – Ақан одан әрі әуелетіп әкетеді:

…Ақырын таң алдында үйден шығып, манағы сайдағы атты тапқан қандай?

Шылбырын сал торының қызға беріп, шақшаны ерге қағып атқан қандай?

Насыбай өз әлінше ол да тәтті, алдыңда қарап тұрса ақша маңдай…

Өзің де сері Ақанға айналып, көңілің қоштанып, түннен алған тоятқа настанып, шақшаңды ердің қасына бір ұрып алып, иегіңді аспанға көтере көзіңді тарс жұмып, насыбайды бірге атқандай боласың. Сен де сүйгеніңмен амалсыз қоштасып, түнді қимай, аппақ таңмен табысып, алабұла сезіммен жалпақ әлемнің белінен басып кетіп бара жатасың. Сен де енді ләззатты сәттің өткеніне өкінбей, көрер күнге үміт артып, көппен бірге еңсеңді көтересің. Содан соң тыңдаушының бәрін сүттей ұйытып, қорғасындай балқытып, үнімен үйіріп әкеткен Қошанға құшырлана қол соғасың елге қосыла…

Қазылар Қошанға келгенде абдырды. Жәкең оған «бас бәйге берелік» дейді. Біреу «берсек берелік» дейді. Келесі адам «әлі де ойланайық» дейді. Мен қарсы болдым. Қарсы екенімді былай дәлелдедім:

– Біз әншілерге, өлеңшілерге баға беру үшін келген жоқпыз. Жыраулардың, жыршылардың, термешілердің өнеріне қазылық жасау үшін келгенбіз.. Қошанның айтқаны бұның үшеуіне де келмейді. Жырау өз жанынан шығарып замана болмысын толғайды, бүгінгіні бағалайды, ертеңді болжайды. Қошан өйткен жоқ. Жыршы болса, өзіне дейінгі немесе өз заманындағы біреудің я болмаса өзінің эпостық жырын жатқа айтады. Қошан олай еткен жоқ. Ал термеші ақыл, нақыл, өсиет, өнеге таратады. Терменің ұстанымы – дидактикалық тағылым, тәрбие. Қошан Мұстафаұлының айтқаны дидактика емес, лирика.

– Жұрттың бәрі сіз секілді терме-жырды зерттеп жүрген жоқ қой. Оның аражігін ажыратып та жатпайды. Қазылар қалай деп шешсе, солай болады. Берсек, берелік, – деген сөз шықты. – Онда ана жыр айтқан, толғау толғап, терме тарқатқандардың ең үздіктерін қайтеміз? Халық – сыншы, бізден де әділ төреші. Ойланайық , – деді біреу.

– Мына Қошан Мұстафаұлы деген жігіт ойдың тереңіне бойлап, сөздің нәрін, дыбыстың сөлін талғап айтады екен. Мұнда асқақ үн де, кең тыныс та бар, мұнда жүрек бар, мұнда ұлттық өнерге деген үлкен сүйіспеншілік бар. Бұл «жеңімпаз болсам» деп шыққан жоқ сахнаға, Ақанның өнерін қайтсем дұрыс жеткізем, қалай тірілтем деп шықты. Сері Ақанның образына кіріп, кешегі ғасырдың болмысын, ақын сипаттаған суретті сәтті жан дүниесімен сезініп айтты. Мұндағы талапшылдық пен талғампаздық ана дипломды әншілеріңнен үнемі табыла бермейді. Бұл жаңағы дидактиктеріңнен еш кем емес. Термешілір санаға салмақ салуға тырысты, Мұстафаұлы жүрекке бойлады. Мұны қалай елемейміз, неге ескермейміз? – деді Жәкең тебіреніп. Қазылар үнсіз қалды. Аздан соң ұйымдастыру алқасының төрайымы Мәриям Жүйріктаеваға бұрылып:

– Мәриям Беспайқызы, егер біз тағы бір номинация қоссақ, сіздер қарсы болмайсыздар ма? – деді жұмсақ, биязы үнмен жымиып.

– Жоқ, Жәке, қарсы болмаймыз. Бәйге бәріне жетеді, – деді төрайым.

– Онда, қадірлі қазылар, Қошан секілді бір қолына күрегін алып жер қопарып, егін егіп, бір қолымен қара домбырасын көтеріп, айналасын ән-жырға бөлеп жүрген таланттарды, дарындыларды, қабілеттілерді қолдайық, қорғайық, көмектесейік, қолдан келгенше аялайық, ардақтайық, мәртебесін көтерейік. Еліне екі майданда да еселі еңбек етіп жүрген олардың қадірі мен қасиетінің қаншалықты бағалы екенін халық та білсін. Мен «әнші-өлеңшілер номинациясын» енгізуді ұсынам және бұл номинация бо­йынша үш адамға бәйге беру жөн деп санаймын. Олар – Еңбекшіқазақ ауданынан келген Қошан Мұстафаұлы, Шелек ауданынан келген Хасен Тәпиев, Кеген ауданынан келген Тоқтарбай Бірімжанов, – деп Жәкең Қошанның да, басқа талантты әнші-өлеңшілердің де тағдырын шешіп берді. Жыраулар да, жыршылар да, термешілер де тиісті бәйгесін иеленді. Соларға қосыла бәйгеге шапқан Қошан секілді ерекше дарынды әнші-өлеңшілер де жүлдеден өз үлесін алды. Арада тағы да жылдар өтті.

Қошанның сол жылдан кейін қазақ радиосына келгенге дейінгі аралықта атқарған шаруасы да қыруар. Мен оның 1989 жылы ақпанда Алматы қаласындағы «Қазақконцертте» қазақ халыққорының (фольклорының) қара нары Рахманқұл Бердібаев төрағалық еткен Жырау, жыршы, термеші, әнші, күйшілердің Бірінші Республикалық конкурсында Кененнің «Бозторғай» әнін әуелетіп, жеңімпаз атанғанын асқақтата айтар ем; Ақыр айтқан соң сонау 1985 жылы оның КСРО Композиторлар одағы Басқармасының бірінші хатшысы Тихон Хренниковтың қолынан халық әндерін насихаттаудағы белсенділігі үшін арнаулы диплом алғандығын да мақтана баяндаудан бастар ем; Оның бұл өнердегі жемісті де жеңісті табыстарға жетуіне ең әуелі рухани ұстазы Қайрат Байбосыновтың тәрбие-тәлімінің ықпалы орасан. 1996-1999 жылдар ҚР Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық академиясында бөлім бастығы болғандығын, 1999-2001 жылдар аралығында Қазақтелефильмнің «Жаңа ғасыр» студиясында продюссер болып қызмет еткенін; сонда жүріп режиссер Қаныбек Қасымбековтің «Жамбылдың жастық шағы» фильмінде Сарбас ақынның, режиссер Тұрар Дүйсебаевтың «Ақиқат пен аңыз» фильмінде батыр Бауыржанның әкесі Момыштың, режиссер Кенжебай Дүйсенбаевтың «Күлпаш» фильмінде Сы­байластың, режиссер Рүстембек Ибра­гимбековтың «Көшпенділер» фильмінде Қалдан Сереннің кеңесшісі ролдерін сомдағанын тәптіштеп жеке-жеке баяндар едім де; «Екі Кенен тумайды», «Әке даңқын әуелеткен әулеттер», «Байзақ датқа» деректі фильмдерінің режиссері әрі авторы болғанын да тарата айтар едім; оның әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетінде оқығанын, 2001-2009 жылдары факультет деканының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары болғанын, бүкіл қалашықта қалай тәртіп орнатқанын да әдемілеп әңгімелейтін едім; Бірақ менің басты мақсатым ол емес. Менің мақсатым – Қошанның қазақ радиосына келгеннен кейінгі шығармашылық ізденісі туралы айту еді. Сол мақсатты орындау алдында бүгінде апта сайын қазақ радиосының әуе толқынынан «Қошан Мұстафаұлы» деген есіммен әйгіленіп жатқан айтаманның қазақ радиосына аспаннан түсе салмағандығын, яғни оның шығармашылық тұғыры, өнерпаздық талғамы, кәсіби ізденімпаздығы, азаматтық болмысы бұған дейін қалыптасып қойғандығын айту үшін де Қошанның бұрынғы жүріп өткен жолына шегініс жасауыма тура келді. Ендігі сөз Қошанның Қазақ радиосындағы айтамандық шеберлігі туралы. Әуелі «айтаман» дегеніміз кім, соны айқындап алалық. «Айтаман» сөзі тілімізде бұрыннан бар («Хан айтайын дегенін айтаманына айтқызды»,). «Айтаман» сөзі соңғы үш төрт жылдың көлемінде әр түрлі ақпарат құралдарында анда — санда қолданылып жүрген кәсіби атау. Бұл сөз арасында пайдаланылғанымен, ресми түрде жаппай қолданысқа әлі енген жоқ. Тегінде ресми түрде бекіп, ғылыми айналымға да, кәсіби қолданысқа да кіргені қажет-ақ. Тележурналистикада «айташы» деген кәсіби аталым пайда болды. Бұл сонау Бұқар жырау заманынан бар сөз еді. Кешегі кеңестік орыстандыру ғасырында архаизм ретінде тілдік қолданыстан ысырылған ғой. Тәуелсіздік алғалы осы секілді сөздер қайтадан тілімізге оралып, уақыт талғамы мен талабына қарай қызмет ете бастады. Бүгінде «айташы» деп тележурналистер студияда отырған айтармандар мен сырттағы көрермендердің ортасын байланыстырушы кәсіби тұлғаны атайды. Ал айтаман – радиожурналистикадағы дәл сондай тұлға. Ол айтылымды алдын ала даярлаушы, ұйымдастырушы, студиядағы айтарман мен тыңдарманның арасын байланыстырушы кәсіби маман. Ол біреудің жазып бергенін оқымайды, өзі айтады. Микрофон алдында жанды даусымен өз пікірін ортаға салады. Сыртқы және ішкі мүмкіндіктің бәрін эфирдегі уақытқа бағындырады, айтылар ойға жұмылдырады, тақырыпқа ортақтастырады, айтылымның түпкі мақсатына яғни негізгі идеясына жетелейді. Айтаман – танымы терең, талғамы жоғары, кез-келген адаммен байланыс орнатуға құмбыл, эфирден көптің көкейіндегі мәселені дөп басып айтуға шебер кәсіби маман. Ол – радиоэфир мүмкіндігі мен ерекшелігін әбден біліп алған, айтылымға қатысушы адамның психологиясын дер кезінде дәл танып, ойын дөп басып үйренген, айтымы, яғни сөйлеу мәнері – дауыс ырғағы, үн бояуы, тыныстау, дыбыстау әдеті мен ойын тиянақты жеткізу, сөздерді өз орнымен дұрыс қолдану машығы әбден орныққан тұлға. Ол айтылымның басталуы мен аяқталуы және эфирге шығуына дейінгі жұмыстың бәрін өзі атқарады. Оған жүктелер жауапкершілік үлкен. Тақырып таңдайтын да, тақырыпты алып шығуға керекті амал-тәсілдерді табатын да, соны іске қосатын да, ең бастысы микрофонда сөйлейтін де өзі, тақырыпты ашуға қатыстырған адамын сөйлететін де өзі. Сөйлеу, сөйлету деген жәй нәрсе, Қойшығұл айтады әрі айтқызады. Айту мен сөйлеу екі бөлек нәрсе. Сөйлеудің мазмұнында жалпыға мәлім, екінің бірі білетін жағдайлар болады. Ал айтуда ешкімнің санасы тұрмақ, таназарында болмаған озық ойдың көркем кестесі немесе екінің бірі айта алмайтын ақиқаттың айқындамасы жатады. Айтаман озық ой, астарлы ақиқат айтса, пікір қозғаса, қалың тыңдарманның көкейіндегісін дөп басып, көңілін тербетіп, санасына қозғау салса ғана өзін осы атқа лайықпын дей алады. Айтаманның қабілет қарымында кездесе қалған жағдайға қатысты ұшқыр ойды ұтымды тілмен сол сәтте-ақ айта салатын айтқыштық та, әдемі ойды табан астында-ақ әсерлі де көркем тілмен көмкере айтуға шебер айтымпаздық та болады. Бұл екеуі ұзақ жылғы ізденістер мен машықтанулар нәтижесінде кәсіби шеберлікке ұласады. Кәсіби шеберлік айтаманды айтушы деңгейіне көтереді. Айтушы қарабастың қамын қозғамайды, көптің мүддесін айтады. (Ахмет Байтұрсынов). Бұқараға айту арқылы жөн сілтеп, санасына қозғау салуды өмірлік мұрат еткен және сол мұратына жету жолында басын бәйгеге тіккен адам ғана айтушы тұғырына көтеріледі. Қошан Мұстафаұлы сол атқа лайық жолдың үстінде келеді. Ол ұйымдастырған және айтаман болған айтылымның бәрін саралау мақаланың емес, монографияның жүгі.

Қошан айтаманның басты ерекшелігі – еңбекқорлығында. Ойға алған ісін аяғына жеткізіп, нәтижесін көрмейінше тыным таппайтындығында. Оның еңбекқорлығы ізденімпаздығымен айқындала түседі. Айтылымға қажетті дерек, мәлімет, айғақтарды іздеп кітапханаға барады, мұражайға бас сұғады, мұрағаттың есігін қағады, болмай бара жатса, тірі куәларды іздеп ел кезіп кетеді. Республиканың төсінде ол бармаған ауыл қалмайды. Іздегенін таппай тынбайды, тапқанын алтынмен аптап, күміспен күптеп эфирге ұсынады. Шығыс Қазақстаннан Дүйсенғазы Нұғыметжанов, Амангелді Жікенов, Мұратхан Домбаев; Батыс Қазақстаннан Жеткізген Сейітов, Жақсылық Елеусінов, Хатимолла Бердіғалиев; Қарақалпақстаннан Базарбай Сабыров, Өсербай Сәрсенов; Оңтүстік Қазақстаннан Оразқожа Бекахметов, Жақып Сыпатаев, Қасымхан Алдабергенов; Орталық Қазақстаннан Жақсыкелді Камалов, Ержан Базарбеков, Ғалым Мұхамедин; Сыр бойынан Науат Ойнарова, Күнсұлу Түркпенова; Жетісудан Ерболат Шалдыбеков, Ләззат Жанаманова, Ақан Әбдуалиев сынды жыраулық-жыршылық өнерді кешегіден бүгінге, бүгіннен ертеңге ұластыру мақсатында жүрген, есімін ел біле бермейтін, жұрттың көз алдына көп шықпайтын жүйріктерді радиоэфир арқылы алты Алашқа табыстырғанын тыңдарман жақсы біледі. Ондай радиоберілімнің әр қайсысына тоқтап жатпай-ақ, Сыр өңірі сүлейлерінің бүгінгі жалғасы, әйгілі жыршы-термеші Алмас Алматовты қатыстыра отырып, эфирге даярлаған «Інжу-маржан» бағдарламасының алты бөлімнен тұратын «Тұғыры биік сұңқар» берілімін айтсақ та аз емес. Арнайы ат арытып Алматқа барып алты сағаттық «Шыңғыснамасын» жазып келуі және оны ел қажетіне ұсынуы қаншалықты бағалы іс екенін айтып жатудың өзі артық.

Қошан кез-келген айтылымда айтар ойын нақты дерек, жанды мысалмен көмкеріп отырады. Жалаң, жадағай сөйлемейді. Ғылыми дәлелдерді ортаға сала иландырып, еріксіз мойындатып отырады. Тыңдаңыз: «Түркі ескерткіштерінде Могилан, Күлтегін, Тоныкөк, Оғыз эпосындағы Қазан-Солор, Бәмсі-Байрақ, Мұңлық-Зарлық, Шан­шар хан образдарын жасау жыршы-жырау­ларымыздың ерен еңбектерінің жемісі. Ескі түркі жазбаларының бүкіл Орта Азия, Алтай және Қазақ тайпаларына ортақтығын айта отырып, біз оны Шығыс мәдениетінің алғашқы көрінісі болғанын да баса көрсетуіміз шарт», – деп жазды өз еңбектерінде Әуелбек Қоңыратбаев. Бұл жерде айтаманның адалдығын айтпасқа әддіміз жоқ. Болмаса, жоғарыдағы ғылыми тұжырымдардың төлиесін жасырып, өз атынан-ақ айта берсе, кім оны тексеріп жатыр? Естіген тыңдаушы «е, мынау біледі екен» дейді де қояды. Ал қайдан, кімнен алғанын айтқан айтаманның жанының адалдығы мен арының тазалығын білген, түсінген тыңдаушы оны одан сайын асқақтатып көкке көтерері сөзсіз. Қошан қарабайыр сөйлемейді. Ана тілінің уызына тояттап өскен тұлпарша көркем тілмен көсіле еркін сөйлейді. Құлақ түріңіз, 1-мысал: Қошанның дауысы: «Қадірлі тыңдаушы! Сыр елінің су жорғасы … жырау Алмас Алматовпен бірге сұлу сөздің шырайын кіргізе, күміспен күптелген толғақты торсықтың тығынын ашып, тобылғы шүмегінен зерделі ойды зерендеп ағызамыз…» 2-мысал: «Құрметті тыңдарман! Жыршы Сәбит Оразбай ағамыздың орындауындағы күрмеуі қиын көне күндердің белгісіндей ел жадынан кетпейтін эпикалық «Айман-Шолпан» жырын, ақ жал толқыны жарға соққан Жайықтың сабасына түскен жайдарман күйіндей еркін жырлаған сұлу сазын назарларыңызға ұсынамыз» болмаса: «Сәбит аға, қолтығыңыздан демейін, күлте жал, күміс жон, жыр пырағыңызға мініңіз. Ніл дарияның көбесіндей сөгіліп, тарыдай шашылған қазақтың тағдыры жайлы жан жүрегіңізді тебіренткен толғауыңыздың астына білте шамын қояйық. (ҚР Халық әртісі Сәбит Оразбай туралы «Сыр сандық екен кеудесі» атты айтылымынан.) 3-мысал: «…Белгісіз зымыраған уақыттың талай құпиясын қолтығына бүгіп, шөккен нардай бүк түскен қарт Шыңғыстаудың алтын бесігі кімдерді тербетпеді… «Арқаның қысы алты ай, Құнанбаймен жеті ай» деп айтылатын сөз де аңызға айналып бара жатыр. Басын мұнар шалған айбарлы Шыңғыс Шоқанды да Жетісуға шығарып сап үнсіз қоштасқан. Сырласпақшы боп жанына келген хакім Абайға да тырс етіп, тіс жармай, өр Алтайдан соққан самалға кеудесін тосып, қараңғы түнде түнеріп, қалғып-мүлгіп тұра берген. Қасиетті топырақ Шыңғыстың алқабы, Қарауылы, Барлыбайы, Қасқабұлағы небір жайсаңды өмірге әкеліп, мәпеледі, бәйгеге де қосты…»; болмаса «…Осылай, қарт Шыңғыстауда түлеген ақтұйғын, еңселі Алатаудың асқар шыңына қонақтайды. Елебековтің елегінен өтіп, шың-балғаға түскен шалғыдай шыңдалып…» (әнші Жәнібек Кәрменовке арналған «Шыңғыстауда түлеген Ақтұйғын құс» атты айтылымнан.) 4-мысал: «… Әншіге таңбыз. Құлпыртып домбыра тартып, құбылтып әнге салғанда кеудесі жауар күндей күркіреп, балғын үн, кесек жүрек тебіреніске түскенде көк түндігін көтеріп, әуе кеңістігіне өз өрнегін сала кеңінен жайылады. Домбыраның екі ішегінен шыққан өрт Сарыарқаның сары желіндей талайды шарпып, биіктен саңқылдаған дауыс өнерге ғашық небір жастың жүрегіне дерт кіргізді…» (Әнші Қайрат Байбосынов туралы «Дәстүрлі ән өнерінің дарабозы» атты айтылымнан.) Міне, осылайша аста-төк ақтарылған «айналасы теп-тегіс жұмыр келіп, жүрекке жылы тиген» ажарлы да айшықты айтымдар Қошанның қоңыр үнімен үйлесе әуе толқыны арқылы тыңдағанның таназарына ұялап, естігеннің есінде қалып жатты. Қошан Мұстафаұлы қазақ радиоэфирінде көрікті ойды көркем тілмен көмкере сөйлеу машығын қалыптастыра бастады. Оның жанында Бақыт Жағыпарұлы, Жарқын Сәленұлы, Айжан… Еділ .. секілді жас таланттар үйірілді. Демек оның шеберлігі өрісін кеңейтеді әлі.

Қазақ радиосының айтаманы – қоңыр үнді Қошан Мұстафаұлы осылайша өзіндік өрнегімен замансөз өрісіне із тастап барады.

16.02.2012

Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ,

Әл-Фараби атындағы

Қазақ ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button