Жаңалықтар

БАЛАМЕН БАЛА, ДАНАМЕН ДАНА БОЛҒАН

ашық дереккөзі

БАЛАМЕН БАЛА, ДАНАМЕН ДАНА БОЛҒАН

Ұлық Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) бүкіл өмірі мен ісі бізге үлгіКІСІЛІК ПЕН КІШІЛІК  

Көркем мінезді кемеліне жеткізген жанды тілге тиек ету тиіс болса, міндетті түрде пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) тұлғасына тоқталамыз. Пайғамбардың (с.ғ.с.) бітім-болмысын пайымдаймыз. Мінсіз мінез Мұхаммедке (с.ғ.с.) тән. Шын мәнінде ол ұлы мінезге ие (қараңыз: «Қалам» сүресі, 4-аят). Оны өз өмірімен дәлелдеді. Дұшпанға да, досқа да мейірім дәнін септі. Қатайып қалған тас жүректерді жібітті. Себебі Алла оны бүкіл әлемге рақым етіп қана жіберді (қараңыз: «Әнбия» сүресі, 107-аят). Кішіпейіл һәм кешірімді кісі-тін. Бірде бір бәдәуи шапанын жұлқи тартып: «Ақымды берсеңші?!» – деп, дөрекі қылық танытқанда ол ашуға бой алдырмады. Көркем мінез көрсетті. «Сұрағанын беріңдер», – деп кісінің қатесін кешіре білді. Кісілік пен кішілікті жоғары қойып, соған сай амал етті. Қоғамда жақсылық азайған сайын жамандық атаулының көбейетіні заңды құбылыс. Сол секілді, адам жүрегінде Аллаға деген сенім мен иман азайса, ол адамнан түрлі қылық күтуге болады. «Құдайдан қорықпағаннан қорық», – деген сөз содан қалса керек. Жүректе кешірім болмаса, кесапат көбейетіні ақиқат. Қазір басшыны былай қойғанда, қарапайым адамнан ақыңды сұрап жейдесінен тартсаң, басыңнан сипай қоймас. Жоқ дегенде жекіріп тастайды. Одан арысы – жұдырық жұмсайды. Ақыңды сұрағаның үшін пұшайман жеп қаласың. Көшеде көлік жүргізушілерінің бір-біріне жол бермей, жаға жыртысып жатқанының жиі куәсі боламыз. Физика ғылымының заңдылығы бойынша түсіндірсек, ауа-райының күрт суып кетуі жылудың азайып кеткенін білдіреді. Қараңғы түнектің пайда болуы – жарықтың жоғалғаны. Осы қағидамен тұжырымдайтын болсақ, қоғамда жаға ұстатар жағдайлардың (зинақорлық, ұрлық-қарлық, нашақорлық, зорлық-зомбылық, т.б.) орын алуы – жүректе Жаратушыға деген сенімнің, қорқудың төмендеп кетуін білдіреді. Қарапайым компания әлде ұйым басшысының жейдесін жұлқу былай тұрсын, оған қарсы (ол ақиқат болса да) пікір айту қиын. Айтсаңыз, жұмыстан босадым дей беріңіз… Ал Алла елшісі (с.ғ.с.) – досты да дұшпанды да ренжітпеген дана да дара тұлға еді.

ҚАҒИДАСЫ – ҚАРАПАЙЫМДЫЛЫҚ 

Пайғамбарлардың мөрі болған Алла елшісі (с.ғ.с.) қарапайым өмір сүрді. Айша анамыз (р.а.) өнегелі отағасы бола білген оның қарапайым өмірін былай баяндайды: «Алла елшісі өз үйінде жүргенде қарапайым мінезінен аумайтын. Өз киімін өзі жуып, аяқ киімдерін жөндейтін. Үй істерінде әйелдеріне көмектесетін».

Иә, пайғамбардың бойында біз үшін алатын өнеге, үлгі бар. Бұл туралы Алла тағала «Ахзап» сүресінің 21-аятында: «Расында сендер үшін, Алланы да ақырет күнін де үміт еткендер және Алланы көп еске алған кісілер үшін Алланың Елшісінде көркем өнегелер бар», – деген. Мына бір оқиға кімді болсын ойландырмай қоймайды. Бір күні хазірет Омар (р.а.) пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үйіне келеді. Оның тым жұпыны жағдайын көріп, жылап жібереді. Екеуара әңгіме былайша өрбиді: – Пайғамбарым! Әлемнің патша­ла­ры байлыққа бөгіп, шалқып өмір сүріп жатқанда, басыңызға ши төсепсіз. Ши тәніңізге батып, жүзіңізде іздері қалып қойыпты?! – Омар, мына дүние олардың, ал ақырет біздікі болуын қаламайтын ба едің!? Қарапайымдылық адамға қажет. Қазіргі дамыған заманда шиге жатпасаңыз да, киім киюде, көлік мінуде, т.б. адамдардан ерекшеленбеуіңіздің өзі қарапайымдылыққа жатады. ҚАЙЫРЛЫ ҚАРАЖАТ 

Пайғамбар (с.ғ.с.) жайлы парасатты пайым көп. Адамзаттың асылы болған Алла елшісінің (с.ғ.с.) баламен бала болып, бүлдіршіннің көңілін қалдырмайтын әкелік мейіріміне тоқталсақ. Баланы бөле жармай, бәріне бірдей әкелік сезім танытқан пайғамбарды (с.ғ.с.) кейбірі: «Бізге әке болғанда ғой…» деп армандайтын. Оның өмірінен бір емес, бірнеше мысал келтіруге болады. Соның кейбірін әңгімемізге арқау етсек.

Кеш түсіп қалған кез. Күндізгі аптап ыстықтың лебін кешкі салқын басқандай. Қараңғы түннің құшағына енген Мәдинаның шаңды көшелерінің бірінде кішкентай қыз жылап отыр… Бойын үрей билеген, жүрегі дүрсілдеп соғып тұр. Қорғансыз қыз. Кішкентай алақандарына көз жасы тырс-тырс тамады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сол көшенің бойымен келе жатып, алдынан жылап отырған қызды жолықтырады. Баланың қайғысы оның аяныш сезімін еріксіз оятты. Бірден қыздың жанына барады. Жылы жүзді, мейірімді жан ашынған түрде сұрақ қойды. – Балақай, неге жылап отырсың? – Қожайыным маған ұн сатып әкелуім үшін екі күміс тиын берген болатын. Ал мен оларды жоғалтып алдым! Қыздың күң екенін түсінді. «Қожайыным ашуланады немесе ұрады» деген оймен үйіне баруға қорқып отыр. Сол күні пайғамбарымызда (с.ғ.с.) он күміс тиын бар еді. Оның төрт тиынына таңертең көйлек сатып алған. Үйіне жақындай бергенде бір кедейді көріп қалады. Ол пайғамбардың (с.ғ.с.) сатып алған көйлегін ұнатып қалған екен. Пайғамбардан (с.ғ.с.) көйлегін сұрайды. Кез келген жанға «жоқ» демейтін Алла елшісі (с.ғ.с.) жаңа сатып алған көйлегін кедейге сыйлайды. Сөйтіп, өзіне басқа көйлек алады. Пайғамбар (с.ғ.с) ойланып қалды. Оның қолында екі күміс тиын қалған еді. Қыздың жоғалтқаны да тура екі күміс тиын… Ол қызға: «Балақай, сен жылама!» – деді де, қыздың қолына екі күміс тиынды ұстатты. Алайда қыз тағы жылады. Үйіне барса, кешіккені үшін тағы жазаға тартылатынын ойлап, көз жасына ерік берді. Баланың ойын оқып қойған пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оның қолынан ұстап үйіне ертіп келді. Есікке жақындай бере ол үй қожайынына сәлем берді. Есікті ешкім ашпады. Ол тағы да сәлем берді, алайда есік ашылмады. Тек үшінші рет сәлем берілгенде қожайын шықты. Пайғамбарымыз одан: «Сәлемімді естімеп пе едіңіз?» – деп сұрады. Сонда ол: «Біз естідік, бірақ сіздің сәлеміңіз бен мүбәрак дауысыңызды қайта-қайта есту үшін ашпадық», – дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) баланы нұсқап, былай деді: – Бұл бала кешігіп қалғаны үшін сізден қорқып тұр. Алладан қорқыңдар, оны ұрмаңдар! – Уа, Алланың елшісі, куә бол, мен бұл қызды сені отбасымызбен көру құрметіне бөленгеніміз үшін босатамын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қуанғаны сонша, қолдарын көкке көтеріп, Аллаға шүкір етті: – Уа, Жаратқан! Сенің бүгін маған берген он күміс тиының қаншалықты берекелі еді! Сен онымен мені де, кедейді де киіндірдің және сонымен қатар күңге бостандық алуға мүмкіндік бердің… Бұл оқиғадан алар пайда көп. Бірінші пайдасы – қолындағы барымен бөлісе білу, сұрағанның мұқтажында болу. Мынадай нақыл бар: «Ағайын бар болса бере алмайды, жоқ болса көре алмайды». Өзінен бұрын өзгені ойлау – иманның жемісі. Екінші пайдасы – өзгенің баласына өз баласындай қамқорлық жасау. «Өзгенің емес, өз бала-шағамды жарылқап алайын» дейтіндер аз емес. Үшінші пайдасы – қолдағы барға қанағат етіп, шүкіршілік ету. «ӘКЕМІЗ ШЕЙІТ БОЛҒАНДА ҒОЙ…» 

Мейрам күндерінің бірі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) таңертең келе жатып, асыр салып ойнап жүрген балаларды көреді. Алайда бір бала шетте отыр екен. Басқалар секілді күлмейді де, ойнамайды. Алла елшісі (с.ғ.с.) жолдың жиегінде отырған оны бірден байқап қалды. Оның үстіндегі киімі лас әрі ескі. Бақытсыз бала болып көрінді… Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сезімтал жүрегі елжіреп кетті. Балаға жақын келіп, былай деп үн қатты:

– Балам, сен неге ойнамай отырсың? – Әкем шейіт болды! Ал анам қайтадан тұрмысқа шықты, енді өгей әкем мені өз үйімнен көргісі келмейді! Сүйікті Алла елшісі (с.ғ.с.) баланың қайғы басқан бейкүнә жүзін алақанымен ұстап: – Мен – әкең, Айша – анаң, ал Хасан мен Хусейн (пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) немерелері) сенің інілерің болғанын қалайсың ба? – деп сұрады. Басына осындай бақыт бұйырған бала оның мүбәрак мойынына асыла кетті. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оның кішкентай қолдарынан жетектеп, үйіне алып келді… Жуындырып, тамақтандырып, киіндірді. Баланың көңіл күйі көтеріліп, қуана-қуана дос­тарына қарай жүгірді. Балалар таң қалып одан сұрай бастады: – Саған не болды? Ол болған жайтты мүдірмей айтып берді. Енді оның әкесі, анасы және бауырлары бар еді! Достары оған қызғанышпен қарап, былай деп күрсінді: – Е-е-е-х, біздің әкелеріміз де соғыста шейіт болғанда ғой! Біз де пайғамбардың баласы болатын едік… АТ БОЛҒАН АТА 

Хасан мен Хусейн атасымен бірге ойнағанды жақсы көретін. Пайғамбар (с.ғ.с.) да немерелерімен ойнағанды ұнататын. Олармен сан түрлі ойын ойнайтын. Бірде немерелері атасымен «ат пен шабарман» ойынын ойнай бастады. Сол кезде Омар (р.а.) келді де, көз алдындағы көрініске таңғалып, тұрып қалды. Олармен ойнаған достың керемет екенін айтты. Сонда балаларға былай деді:

– Сіздердің көліктерің қандай керемет! Балалар үшін атасы жауап берді: – Олар да тамаша шабармандар! Кейде бала өзіне жақын адамдардың жіті назар аударғанын қалайды. Тіпті онымен балаша ойнап, балаша сөйлесуді қажет етеді. Сонда оның көңіл сарайы ашылады. Өкінішке қарай, мұсылманның кемшілігін тапса, жерден жеті қоян тапқандай жарыса жазатын батыстың бұқаралық ақпарат құралдары Исламға түрлі «изм»-дерді теліп қойды. Пайғамбарды (с.ғ.с.) көп әйел алған, Исламды қылышпен жайған тұлға ретінде танып жүрген жан бар. Әр нәрсенің байыбына бармай бағалау түсінбестікке әкеледі. Оның әділ басшы, саңлақ саясаткер, иманы кемел имам, әскери қолбасшы, данагөй дипломат, тәлімі мінсіз тәлімгер, көркем мінезді пенде, палуан пайғамбар, т.б. болғаны көп айтылмай жатыр. Мұның әрқайсысына бір мақала, тіпті бір кітап жазу аздық етеді. Алла елшісінің (с.ғ.с.) әрбір ісінде түсінген жанға даналық бар. Ол осылайша жесір әйелді жылатпаудың, жетімді жетілдірудің, қайыршыға қамқор болудың асқақ үлгісін қалдырып кетті. Асан ТIЛЕУБЕРДИЕВ, Алматы қаласы «Орбита» мешітінің бас имамы