АЙТЫСҚА АРҚАУ БОЛҒАН НҰРЕКЕ
АЙТЫСҚА АРҚАУ БОЛҒАН НҰРЕКЕ
Ел әңгiмелерiмен айтыстарда ХIХ ғасырда есiмi аталып жүрген Нұреке есiмi қызығушылық тудыра бастады. Сонымен Нұреке Жарасұлы жайлы iздестiре жүрдiк. Өзiмнiң тәжiрибемде кездесiп жүргендей ақын-жыраулардың өлеңдерiнде есiмi аталған азаматтардың Ресейге қараған кезеңдегi құжаттарда кездесетiнi олардың жұртшылық алдындағы беделiн көрсетсе керек. Сондай тұлғалардың бiрi болған Нұреке Жарасұлы (Жарасов) жайлы, Кеншiмбай мен Ақсұлу ақынның арасында 1890 жыл шамасында Жағалбайлы елiнде өткен үлкен айтыстан Нұрекенiң жақсы, жаман жақтарынан хабардар боламыз.
Кеншімбай ақын: …
«Нұреке, Жүсіпбегім жүйрік заңға,
Бұл күнде жол бермейді жүрген жанға», – десе,
Ақсұлу ақын:
«… Мақтады мына жаппас Нұрекесін,
Әкім қып Нұрекені жүр екенсің.
Қай күні Нұреке әкім болғаннан-ақ
Еліңнің алмады ма берекесін», – деп сынға алады.
Осы екі ақынның екі рулы елдің атынан сөз сайысынан-ақ Нұрекенің тұлғасы ашыла түседі. Кейбір көнекөз қариялардың әңгімелерінде Нұрекенің дөңдеу кісі болғаны аңғарылады. Қарсы жақтың адамы болғандықтан да Ақсұлу жеңу мақсатында ел әңгімелерінен естігенін қосыңқырап жіберуі де мүмкін. Тіпті ақын Кеншімбай (1865-1925) Қабанұлы Нұрекемен рулас бола тұра, тура айтып туғанына жақпаса керек.
Нұреке Жарасұлымен замандас, жас қатары шамалас Жақыпбек Аязұлы «Айнакөл» болысының биі бола жүріп, кей тұста болыс Нұреке сөзінің ағат тұстарының тігісін жатқызып, үнемі байсалдылыққа шақырады екен. Бірі қатты, бірі тәтті сөздерімен Айнакөл халқын басқарыпты.
Енді жазба деректерге қарасақ, жоғарыда айтқанымыздай ақын-жыраулар жырына енген Нұрекенің шын есімі Перовскі уездік құжаттың бірінде, 1891-1892 жылдардағы жазбаларда Нұрмұхамед Жарасов болып жазылған. Әкесінің азан шақырып қойған есімі Нұрмұхамед болса да келе-келе жұрт аузында Нұреке аталынған. Қазақ жұртшылығында мұндай қысқарған есімдер Ибрагим – Абай, Мұхамед-Қанапия – Шоқан, Мырқыайдар – Мырқы болып аталып кеткен.
Нұрмұхамед Жарасовтың (Жарасұлы) есімі Перовскі уездік басқарма құжатында (1892 жылдың 5 сәуіріндегі) Перовскі уезіне қарайтын Айнакөл болысын басқарушы екенін және осы жылғы Айнакөл мен Қараөзек болысы арасындағы жер дауы мәселесі бойынша бірнеше адамдар мен бірге мәселені дұрыс шешуге ықпал жасағаны айтылған. Ол сонымен қатар болыстағы бірнеше азаматтарға банкіден қарыз ақша алуына кепілдік жасап, мөрін де басыпты. Сондай-ақ Нұреке Жарасұлы 1907 жылы Қостанайдағы орыс-қазақ әйелдер гимназиясына қамқоршылардың бірі болып, гимназияға 30 сом ақша аударған. Бұл турасына «Тургайская газетаның» 1907 жылы №46 санында хабарлама басылған.
Нұреке Жарасұлы (Жарасов) 1905-1907 жылдарда қайтадан Айнакөл болысын басқарса, кейіннен би болған. Ал кеңестік кезеңнің алғашқы жылдарында Сыр халқын қыра келген Гержод (ел ішінде «Кәріжұт») құрығына алғашқы түскендердің бірі Н. Жарасов болған. Бұл турасында 1918 жылдың 27 наурызындағы №11 іс-қағазында аса бай есебінде «Кеңтүп» болысының №8 ауыл қазағы Н.Жарасовтың барлық мал-мүлкін есептеп, оған 3500 сом салық төлеуді тапсырған. Сөйтіп, 1918-1919 жылдарда қуғын көрген Н.Жарасұлы, 1928-1929 жылдардағы тәркілеуге жалғасып, туған жерден бой тасалап, Ресей өңіріне қашқан. Бүгіндері ұрпақтарының Магнитогорскі, Челябі өңірлерінде тұрақтап қалған. Заманында бір әулеттің ғана емес, бүкіл рулы елге басшылық еткен Нұреке Жарасұлы Қостанай мен Челябы облысы жерінде 1932-33 жылдары өмірден өтсе керек.
Ата-тек шежірені тарқатып қарасақ, Нұрекенің шыққан тегі қазақ жұртшылығына белгілі Достияр Жаппастан бастау алады. Осындағы айтулы билердің бірі Көбек бидің ұрпағы Алтынбайдан тараған. Алтынбайдан – Құдабай.
1844 жылдың күзінде Кенесары ханның жасақтары Құдабай Алтынбаевтың 30 жылқысы мен 750 қойын айдап алып кеткен. Құдабай 1874 жылы Сырдария облысы әскери-губернаторының бұйрығымен «Кеңтүп» болысының биі болып тағайындалған. Осы Құдабай биден Жарас, одан біз әңгіме етіп отырған Нұреке Жарасұлы туады.
Бүгінде сыртта өссе де, Нұреке бидің ұрпақтары елмен байланысын үзбепті. Атасы, бабасы жайлы білмек болған ұрпақтардың аманатын жерге тастамай Нұреке Жарасұлы жайлы аз-кем сөз сабақтадым. Халықаралық «Түркістан» газетінен арғы бабалары Алтыбай, Басықара билердің есімдерін оқып, сонау Челябы облысы, Агапов ауданындағы «Буранный» ауылында тұратын Қара баласы Төлебай мен Рауза телефон шалып, бабалары туралы іздестіру жұмысын жүргізуді өтінген-ді.
Қараұлы Төлебай Нұрекенов өздерінің бұл жерге аталарының қалай қоныстанғанын, осы ауылдың іргесін қалағандарын қызулана айтады. «…Атамыз Нұреке биді көзіміз көрген жоқ, ол кісі 1932-33 жылдарда Кіндіксай мен Шұбаркөл маңында қайтыс болған. Өзімен бірге орыс жеріне ауып келген туыстары мен ағайындарына басшылық жасап қона қоймай, өзіндегі Алтын белбеудегі алтынды кертіп, кесіп алып, астыққа, бидайға, жалпы күн-көріс үшін жұмсағанын әкем айтып отыратын», – деп әңгімесін жалғай берді. Қорытындысында Челябы облысының Қостанайға жақын орналасқан жердегі «Боранный» ауылының іргетасын қалаған ағайынды еңбек адамдары Қара (Жұманазар), Қабдеш болған. Сөйтіп еңбек пен тер төгудің нәтижесінде олардың есімдері бүгінде «Борандықтар» арасында құрметпен аталады. Аталары қоныстанғандағы шағын ауыл бүгінде үлкен ауылға айналған. Ал Қара атаның кенжесі Жұмағали екінші дүниежүзілік соғысына қатысқан офицер екен. Оның хабарсыз кеткені жайлы хабар да келіпті.
Кезінде Сыр елінде Бәлдік бай атанған кісінің немересі Бибіғашқа үйленген Қара ара-тұра туған жерден хабар алып тұрса керек. Бірақ кеңестік кезеңнің әр жылдардағы солақай саясатынан туған жердегі ағайын-туыстарымен байланысы үзілген-ді. Міне, араға 90 жылдай уақытты араға салып Нұреке Жарасұлы ұрпақтары бір-бірін сағына іздестіруде. Алыстағы ағайынға демеу болсын деген ниетпен осы зерттеулерді жаздым.
Тынышбек ДАЙРАБАЙ, зерттеушi