ҚАЗАҚ РУХАНИЯТЫ ЖАҢА КІТАПТАРМЕН ТОЛЫҚТЫ
ҚАЗАҚ РУХАНИЯТЫ ЖАҢА КІТАПТАРМЕН ТОЛЫҚТЫ
Құлтөлеу Мұқаш – «Боз жауын», Серік Сағынтай — «Қарға», Танакөз Толқынқызы – «Айтқым келеді», Ерлан Жүніс – «Киелі түндердің дұғасы», Асылзат Арыстанбек – «Бесінші маусым», Мирас Асан – «Соңғы раушан». Қазақ руханияты, өткен жұмада, яғни 3 ақпан күні осындай кітаптармен толықты. «Алтын қыран» халықаралық қайырымдылық қорының демеушілігімен жарық көрген бұл прозалық және поэзиялық жинақтардың тұсаукесері Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада өтті.
Алдымен баспасөз мәслихаты ұйымдастырылып, оған Фариза Оңғарсынова, Әкім Тарази, Кеңес Юсупов, Несіпбек Айтұлы, Тыныштықбек Әбдікәкімов сияқты ақын-жазушыларымыз қатысты. Олар авторлардың еңбектеріне тоқталып, әңгіме-өлеңдері жайлы жылы пікірлерін білдірді. Әсіресе, Мырзатай Жолдасбеков Ерлан Жүністі ХХІ ғасырдың Мұқағалиына теңеді. Кітаптардың шығуына мұрындық болған ақын, аудармашы Дәурен Берікқажыұлы қордың жұмысы туралы мәлімет берді. Оның сөзінен «Алтын қыран» тек қана әдебиетті емес, жалпы мәдениетті, спортты қолдаушы қор екенін білдік.
Туындыгерлердың оқырмандармен кездесуін кітапхана жанындағы «Жансусар» жас ақындар клубы ұйымдастырды. Ол клуб аталмыш кітапхана директорының орынбасары, заңғар жазушы Оралхан Бөкейдің қарындасы Ғалия Бөкейқызының бастамасымен ашылған. Ақын Қалқаман Сарин жүргізген кездесу барысында авторлар жиналғандардың сұрақтарына жауап беріп, өлеңдерін оқыды. Кездесу әнмен де көмкерілді. Алматыдан атарытып жеткен әнші Ерлан Төлеутай Балуан Шолақтың «Сентябрь», қарағандылық әнші, серігі – гитараны қолынан тастамайтын Сейіл Аяғанов Шәмшінің «Сен сұлу» әндерін шырқады.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ