Жаңалықтар

ЕЛИЗАВЕТА елiне неге сыйлы?

ашық дереккөзі

ЕЛИЗАВЕТА елiне неге сыйлы?

Алпыс жыл бойы тақта отырып, ел басқарған 85 жастағы ағылшын Королевасы Екiншi Елизавета биылғы мерейтойын кең ауқымда тойлаудан бас тартты. Кәрi құрлықты жағадан алған дағдарысқа байланысты. Оның яхтасын ағылшын үкiметi жөндеуден өткiзбек болғанда Парламент тым көп шығын кетедi деп тыйым салған. Монархияның басшысы оған да ренжiген жоқ. Өзiне қолдау бiлдiрген халқынан қуанышына сыйлық ретiнде Ұлыбритания аумағында 6 млн. түп ағаш отырғызуды өтiндi. Тектi атаның қызынан халықтың қаражатын оңды-солды шашатын кейбiр ысырапшыл қазақ шенеунiктерi де үлгi алса деп армандайсың ерiксiз…

Өзі таққа отырған 6 ақпанды ағылшын Королевасы жек көреді. Өйткені сол күні қатерлі ісіктің салдарынан ұзақ уақыт бойы төсек тартып жатқан 56 жастағы әкесі VI Георг қайтыс болған. Күйеуі Филипп ханзадамен бірге Кенияға қысқа мерзімге ресми сапарға кеткен оны Черчилль ұшақтан күтіп алған. Әкесінің келмес сапарға аттанғаны туралы қайғылы хабарды да бірден естіртуге батпаған туғандары. Содан бері 60 жыл өтті. Бар-жоғы елеусіз көрінгенмен, ағылшын үкіметіне ықпалы күшті Королева 60 жыл бойы елді абыроймен басқарып келеді. Король тағына 25 жасында отырған Елизавета жеке өмірінде, отбасында бірнеше қиын кезеңді бастан өткерді.

Елизавета ханшайымды әкесі бала күнінен-ақ ел басқару ісіне араластырған. Король отбасының тарихшысы әрі биограф Сара Брэдфордтың айтуынша, ханшайым әкесінің көзі тірісінде мемлекет басшыларымен бейресми кездесулерді көп өткізген, мемлекеттік құжаттармен таныс болған. 1951 жылдың 7 шілдесінде британдық монархтың туған күніне орай ұйымдастырылған салтаттылар шеруін салтанатты түрде қабылдау мәртебесі VI Георг ауырып жатқандықтан, Елизавета ханшайымға тапсырылады.

Король жан тапсырған күні қайғыдан қара жамылған британдық газеттер де жиегін қараға бояпты. Қаза туралы баспасөзге берілетін ақпараттар сүзгіден өткізілген. Монархтың демі үзілген сәтте жететін хабар да астыртын болған: «Hyde Park Corner». Сол себепті, ханшайымның әкесі төсек тартып жатқан Сандрингхэмдегі жеке хатшы Букингем сарайына хабарласып, азаны жеткізген кезде бірауыз сөзбен шектелген: «Hyde Park Corner» («Хайд Паак Коонэ»). Көпке сыйлы болғанмен, тақ басына еш дайындықсыз келген, ел басқару ісіне араласа сала соғысқа қойып кеткен, кейінірек денсаулығы сыр берген VI Георгтің кезінде наразы топтар көп болған. Жастығы мен тәжірибесіздігінен таяқ жеген британдық монархтың жас ханшайымға болашақ монарх ретінде қарап, оған ел басқаруды үйретуге тырысуы содан болса керек.

1952 жылдың 8 ақпанында Елизавета ІІ Сент-Джеймстегі сарайында өзін ресми түрде Британдық Қауымдастық пен сенім қорғаушысы саналатын Королева деп жариялайды. Салтанатты шараға Кеңестің 150 лорды, Достастыққа мүше елдердің өкілдері, лондондық Сити өкілдері, басқа да жоғары шенді тұлғалар қатысады. Ал қоштасу рәсімінде 3 мыңнан астам адам Монарх табытының маңынан табылған. Ол кезде ағылшындар үшін теледидар көру әдетке айналмаған екен. Бірақ VI Георгпен қоштасу рәсімі теледидардан көрсетілгеннен кейін британдықтар жаппай теледидар сатып алуға көшкен. Осының нәтижесінде 1953 жылдың 2 маусымындағы Королеваны ұлықтау рәсімін миллиондаған адам тамашалапты. Арада алпыс жыл өткенде мерейтойлық салтанат тағы қайталанбақ. Бірақ кең ауқымда емес. Кәрі құрлықты қыспаққа алған дағдарыс кезінде көрпесіне қарай көсілуді ұйғарған Екінші Елизавета осылай деп шешіпті. Бұл ақшаны желге шашуға құмар кейбір ысырапшыл қазақ шенеуніктеріне де үлгі болса игі. Королеваға тиесілі яхтаны ағылшын үкіметі күрделі жөндеуден өткізгісі келгенде Парламент мемлекеттік бюджет үшін тым қымбатқа түседі деп қарсы болған. Елизавета ІІ оған да ренжімепті. Биылғы туған күнінде ол Вестминистрлік аббаттықта мұқтаж жандарға садақа таратты. Алпыс жылдан астам уақыт бойы өзіне қолдау көрсеткен ұлыбританиялықтардан 6 млн. түп ағаш отырғызуды өтінді. Монархиядағы ең ұзақ жасаған Королева өте белсенді. 85 жасқа келсе де, халықпен жиі кездескенді, Жер шарын шарлап саяхаттауды, ел мен жер көргенді жаны сүйетін Королеваның қарапайым халықпен тіл табыса білуі осының арқасы шығар. Ол туралы Королеваның қызы Анна ханшайым: «Тіл табысу – оның қанында бар қасиет. Ол үшін қол астыңдағы адамдарды күйменің терезесінен ғана көрмеу керек. Халық арадағы байланыстың үзілмегенін сезінуі тиіс» десе, немересі Уильям ханзада: «Өзін-өзі ұстай білуде өте шебер, кіммен сөйлесуді және санаулы секундта бейтаныс адаммен қалай шүйіркелесе кетуді жақсы біледі», – дейді. Екінші Елизавета 25 жасында таққа отырғанда 3 жаста болған Чарльз ханзада биыл 62-де. Рекордтық көрсеткіштерді бағындыруда ол анасынан қалыспайды. Өйткені ол әлемге мұрагерлік тақты ең ұзақ күткен ханзада ретінде де танымал.

Ұлыбритания королевасы үкімет шешім қабылдар кезде араласуға құқығы жоқ. Бірақ ағылшындардың барлық премьер-министрі Королевамен кездесіп, елдің саяси және экономикалық маңызды мәселелері туралы ой бөлісуді дәстүрге айналдырған. Ел басқару кезеңінде оның алдынан 11 премьер өтті. Қазіргі премьер Дэвид Кэмерон – он екіншісі. Мерейтой қарсаңында Королеваны құттықтаған Кэмерон Екінші Елизаветаны ақыл мен сабырдың қайнар көзіне теңеді: «Өмірлік тәжірибесімен, адамгершілігімен және өте үлкен беделімен ол 60 жыл бойы бізге жол көрсетті, халқымыз бен Британдық қауымдастықты бір тудың астына біріктірді»

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ