ЕЛЕУСIН БҰЙРИН –

ЕЛЕУСIН БҰЙРИН –

ЕЛЕУСIН БҰЙРИН –
ашық дереккөзі

Баспасөз тарихында тұңғыш рет «Қазақ­стан» атауымен газет ұйымдастырып, алғаш­қы санын жариялаған Елеусін Бұйрин есімі – бүгінгі күнге дейін ұрпағына кең таныла алмай отырған тұлғалардың бірі.

Елеусін Бұйрин Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы Нарын құмында 1874 жылы дүниеге келеді. Әкесінен жастай айырылып тағдыр тауқыметін ерте тартса да, ауқатты байлардың малын бағып жүріп, ауыл молдаларынан арабша тіл үйренеді. Мұнымен тынбай оқуды ниет еткен Елеусін мал айдаған татарлармен бірге Қазан қаласына келіп орыс-татар байларына жалданып, тіршілік азабын көп көреді. Дегенмен тумысынан зерек бала орыс тілін тез меңгеріп, Қазан мұғалімдер семинариясына оқуға қабылданады. Оқуды жақсы аяқтағаннан соң Астрахань қаласындағы мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. ХХ ғасырдың басында қазақ қоғамының әлеуметтік – экономикалық және саяси мәселелерді шешуде мерзімді баспасөздің атқарар қызметінің маңыздылығын Ш.Бөкеев, Ғ.Қараш, Б.Қаратаев, С. Меңдешев, М.Шо­мбалов сынды Бөкейлік қазақ зиялылары жақсы түсінді. Сондықтан да олар шын мәніндегі жалпы ұлттық газет шығару ісіне көп күш жұмсап, газет редакторлығы қызметіне Астраханьда мұғалімдік қызметте жүрген Е.Бұйринді шақырады. Міне, 1911 жылдың 16 наурызынан 1913 жылдың шілдесі аралығында барлығы 18 саны жарияланған «Қазақстан» газетінің тұңғыш шығарушысы Елеусін Бұйринның баспагерлік өмірі осылайша басталған еді. «Қазақстан» газетін ұлтты оятудың құралы деп санаған Е.Бұйрин басылымның алғашқы санында: «Бізді бір ниет, бір тілекке жиятұғын зат – газет! Сол себепті газет біздің басшымыз! Дұшпандарға қарсы құралымыз! Газет біздің білмегенімізді көрсететін – ұстазымыз! Газет біздің қараңғыда жарық беріп, тура жолға салатын шам-шырағымыз!», — деп баспасөздің ағартушылық және ұлттық сананы қалыптастырудағы маңызын айқындап береді. Сондай-ақ ол қазақ халқының жаңа заман талабына бейімделу қажеттілігі турасында: «Замана өзгереді, заман шаруаны, адамды өзгертеді. Өзгермесе, жаңаға ыңғайланбаса, ол кейін қалады. Заманымыз өзгеріп отыр, біз де өзгерейік», – деп бүгінгі күн үшін де өзінің құндылығын жоғалтпаған ұлағатты тұжырым жасайды. Тоталитарлық үстемдік жағдайында «Қазақстан» газетінің шығу тарихы, идеялық саяси бағыты, оның сол кездегі дәуір үніне қосқан үлесі, тіпті басылымның орыс және қазақ тілінде шығуына еңбек сіңірген ұлт қайраткерлері Е. Бұйрин мен Ғ. Қараштың өмірі, қоғамдық-саяси қызметі ұзақ уақыт бойы арнайы ғылыми-зерттеу объектісі бола алмады. Сонымен бірге газет бетінде жарияланған мақалаларды жариялауға да тиым салынды. Дегенмен 1962 жылы зерттеуші ғалым М.Ысмағұлов аталмыш газет туралы деректер негізінде: «Қазақстан» газетінің шығу тарихы және оның идеялық мазмұны» атты көлемді мақаласын жариялайды. «Қазақстан» газетінің көкейкесті арманы оның атынан да көрініп тұрғандай. Бұл туралы қазақ баспасөз тарихын зерттеуші Қ.Бекхожин: «Газеттің «Қазақстан» деп аталуында мән бар. Бұл қазақ жерлерін біріктіріп, демократиялы республика орнату идеясын аңғартады», – деген түйінді пікір айтады. Енді «Қазақстан» газетінің шығу тарихы туралы сөз етсек, мұрағат деректеріне қарағанда 1910 жылы қыркүйек айында ішкі ордалық халық мұғалімі Елеусін Бұйринның газет шығаруға сұраған өтініші бойынша Астрахань губернаторы Соколовский жандарм басқармасына өтініш иесінің бұрын-соңды істі болған-болмағанын, саяси шүбәсіздігін анықтауды тапсырады. Жандармдардың ұзақ тексерісінен кейін Е. Бұйрин 1911 жылдың қаңтарында орыс тіліндегі қосымшасымен, жетісіне бір қазақ­ша «Қазақстан» газет шығаруға рұқсат етіл­ген № 618-ші куәлікке ие болады. Газеттің негізгі редакциясы Ордада болған. Орыс және қазақ тілінде әзірленген материалдарды Е.Бұйрин мен Ғ.Қараш поезбен Астраханьға жеткізіп отырған. Ал кейбір деректердегі «Қазақстан» газетінің бірінші және екінші саны Ордада (Орда қаласы деп те жазылып жүр – Б.Б.) шығарылғандығы туралы бірыңғай пікірлердің қалыптасуына зерттеуші М.Ысмағұловтың: «Орыс қаріптері Орда қаласындағы Щелкова баспаханасынан, араб қаріптері сол жылдардағы Мұхаммедғали Мусин дейтін саудагер татардан сатып алынған. Осы құрал-жабдықтардың көмегімен «Қазақстан» газетінің алғашқы саны 1911 жылғы 16 наурызда Ордада басылған деген тұжырымы негіз болуы мүмкін. Алғашқы санынан кейін «Қазақстан» газеті қаржы тапшылығынан кешігіп шығады. Өйткені газеттің бұл жолғы санына керекті қаржыны, әзербайжан мұнай кәсіпкері Зейнел-Ғабиден Тағиевтен сұрау үшін газет редакторы Елеусін Бұйрин мен Ғұмар Қараш Бакуге аттанады. Кейін Ғұмар Қараштың «Баку» деп аталатын мақаласында: «Ақ ниетіміз кұрметіне Алла тілегімізді оңғарып, барған хатымызды хош алды, «Қазақстанға» мың сом жәрдем берді, аталық сифатынан ағып шыққан сөздерін айтты. Амандасып айырылысар жерде «Қазақ баласына менен сәлем – дәулет менікі емес миләттікі» деген сөзін айтып көзіне жас алды… Хұдай тағала ғұмырларын ұзақ етіп, осындай адамдарымызды көбейтсін», – деп жазды. Сөйтіп, «Қазақстан» газетінің тұңғыш редакторы Е.Бұйрин мен Алаш қайраткері Ғ.Қараштың жанқиярлық еңбегінің арқасында 1911 жылдың 27 мамыр күні «Қазақстан» газетінің екінші саны жарыққа шығады. Сонымен екі саны шығарылғаннан кейін «Қазақстан» газетінің Астрахань, Орда кезеңі аяқталып, енді алты айдан соң 1911 жылдың қараша айынан бастап газеттің кейінгі 16 саны Орал қаласындағы Самар және Сақмар көшелерінің қиылысындағы (қазіргі Чапаев көшесі, 39-үй) татар қайраткерлерінің газет, журнал шығарып тұрған баспаханасынан басылып шыға бастайды. Бұл жөнінде «Теке хабарлары» (1911. №1, 15 қараша) атты мақалада газет редакциясының Теке (Орал) қаласына көшкендігін арнайы хабарлаған. Орал қаласында «Қазақстан» газетін шығаруды жалғастыруды мақсат еткен Е.Бұйрин 1912 жылдың сәуір айында қазақтың бір топ зиялыларын жинап, астыртын мәжіліс өткізеді. Газетке қаржы табу мәселесін талқылаған топ мүшелері әрқайсысы 20 сом көлемінде жарна жинап, ай сайын 175 сом жинауға келіседі. Осы жиылыстан кейін қаржы табу үшін Барлыбек Сыртановпен байланысып Ғ.Мұсағалиев Жетісу өңіріне жіберіледі. Е. Бұйрин редакторлығымен шығып отырған «Қазақстан» газетінің бетінде жа­рия­ланған мақалалардың мазмұнына көз жіберсек қазақ елінің хал-ахуалын, тіршілігін, сол кездегі шаруашылық жәйін ұғынуға және бейқам отырған елді өнер білімге, мәдениетке, өзге елдердің озық тіршілігіне қарап үлгі алуды үндеген прогрессшіл – демократиялық ізгі ниетті анық аңғаруға болады. Мәселен «Қайсысы пайдалы?» (1912. №6, 7 февраль.) деген мақалада автор отырықшы елдердің тұрмыс тіршілігінен мысалдар келтіре отырып, отырықшылықтың артықшылығын айтып, көшпелі өмірдің зиянын көрсеткен. Ал «Балаларды қай оқытумен оқыту керек?» (1912. №7, 21 февраль) атты мақала мазмұнында оқу-ағарту мәселесі сөз етіліп, әр қаладағы оқу орындарының мекен жәйі туралы мәліметтер берілген. Сондай-ақ орыс ақыны А.В. Кольцовтың «Ұйықтап жатамысың қара шекпен?» («Что ты спишь мужичок?» 1911. №1, 16 март) атты өлеңін: ( Өлең мазмұны қысқартылып берілді – Б.Б.) «Ұйықтап жатамысың қара шекпен. Жарық жаз қайта келді былтыр өткен… Білмеймін не ойлап жүрсің сенің өзің. Тап-тақыр шарбағың тұр босқа жайнап Кеткендей шоланың тұр шайтан жайлап. Сандығың мынау жатқан төңкеріліп, Үйің тұр қарт кемпірше белі бүгіліп, Жарқыным болар енді, ұйқыңды аш», — деп аударып қазақ жұртын жалқаулықтан арылып, еңбек етуге шақырады. Сонымен бірге «Қазақстан» газетінің әлем елдерінде болып жатқан саяси оқиғалар туралы «Стамбулдан оқиға шыққан», «Соғыс», «Лена оқиғасы» т.б. хабарлар арқылы халықтың саяси санасын оятуға деген ұмтылысы байқалады. Газеттің әр санының басында мақсатымыз: «кәсіп ету, ғылым үйрену» деп көрсете отырып, басылым бетіне мәдени жаңалықтар, ғылым жетістіктері, жаңа шыққан кітап, газет, журналдар туралы хабарларды жиі беріп отырған. Жаңа кітап демекші «Жаңа шыққан кітап» ( 1913. №2, 16 февраль ) делінген хабарда «Ызың» атты кітаптың басылып шыққандығын хабарлайды. Ал бұл еңбектің авторы: «Әу, қазақ! Мінеки 20 ғасыр болды. Сен қашан қатарға кеп ел боласың. Әлі күн көрінбейді нәрсең оңды. Сен болдың ар-намысты қолдан берген. Құр қалып қарап тұрып бар өнерден Сен қашан қатарға кеп ел боласың Былайғы кеме айдайды қара жерден Сен дейін лайқатпа данышпанға Осынша күлкі болу дос-дұшпанға», – деп қалың ұйқыдағы халықтың мазасын алып, оятуға асыққан Елеусін Бұйринның өзі еді. Міне, осылайша ұлт жанашыры бола білген редактор Елеусін Бұйрин бастаған өлкедегі Алаш қайраткерлерінің жан қиярлық еңбегі арқасында шығып тұрған басылым ақыры қаржы тапшылығынан 1913 жылы 18 санынан кейін жабылып тынады. Аз уақыт шықса да өңірдегі ұлт тіліндегі баспасөздің көш бастаушысы ретінде танылған бұл «Қазақстан» газеті болашақтағы шынайы басылымдардың шығар күнін жақындата түскені анық. Қазақ халқының жарқын болашағын ойлаған Е.Бұйринның Кеңес өкіметі тұсын­дағы қайраткерлігі де анық көрінеді. Мә­селен Батыс Қазақстан облыстық мұрағат қорында сақталған 1920 жылы 15-26 мамыр аралығында өткен ІҮ Бөкей губерниялық сиезінің 277 парақтан тұратын құжатында С.Меңдешев, Ғ.Қараш, А.Оразбаева сынды қайраткерлермен бірге сиез делегаты Е.Бұйринның да мына мазмұндағы сауалнама жауабы сақталған: «Бюрин Илеусин. 44 лет. Мандат. От К-Самарской части. № 1512 Должность следователь. До Октябрьской революций скотовод» Міне, кеңестік билік кезеңінде Е.Бұйрин құқ қорғаушы адвокат, Қазақ ССР Халық ағарту комиссариаты қызметкері, кейін Алматыдағы Орталық музейдің ғылыми қызметкері қызметтерін атқарады. Кейін Е. Бұйрин сол тұстағы зобалаңнан қауіптеніп, 1932 жылы күзде 10 жасар қызы Софьяны ертіп Сталинабадқа кетуге мәжбүр болады. Алайда ұлт қайраткерінің Тәжік КСР Атқару комитетіне жазған мына соңғы өтініш хаты оның жат жерде небәрі жеті – сегіз ай өмір сүріп, аштықтың құрбаны болғандығын аңғартады. 1933 жылғы маусым айында жазылған хат мазмұны төмендегідей: «Я с осени прошлого года состоял инспектором Центрального архивного управления при ЦИК Тадж. ССР. А так как пошатнулось у меня здоровье, от 16 апреля с этого года уволился от должности. Дочь моя Гайша перешла на 4 курс медицинского факультета в Москве. Сын мой Анвар (Әнуар – Б.Б.) перешел на 2 курс института цветного металла в Москве. С тех пор как я уволился голодаю. Дочь София уже слегла от голода. Словом грозит голодная смерть. Я сам еле хожу». Е.Бұйриннің өзін қолға түсіре алмаған НКВД 1933 жылы Бұйриннің 18 жасар ұлы Әнуарды Мәскеуде тұтқындап, оқудан шығарып, анасымен және алты жасар қарындасы Хадишаны бірге Тагилден 40 шақырым жерде ормандағы «ІІІ интернационал» кенішіне қара жұмысқа жөнелтеді. Ал 21 жасар қызы Ғайшаны да институттан аластатып, Свердловскге жер аударды. Қиындық пен қорлық көрген отбасы 1937 жылы ғана лагерьден босанып, Алматыға келеді. Осылайша шын мәніндегі қазақтың тұңғыш ұлттық мерзімді басылым редакторының өзі ғана емес ұрпағы да тағдыр тәлкегіне түсті. Дегенмен қазір Алматы қаласында тұратын Е.Бұйриннің ұрпақтары мамандығы геолог барлаушы немересі Валерий Әнуарұлы мен кенже қызы биология ғылымдарының докторы Хадиша Егізбаевадан өрбіген жиендері ата­ларының есімін мақтан тұтады. Қорыта айтқанда, «Қазақстан» газеті қазақ халқын оқу-білімге шақырған, отырықшылық өмірге, мәдениетке үндеген, халықтың саяси ой-санасын өсіруде елеулі рөл атқарған прогресшіл бағыттағы маңызды басылым болды. Міне, осындай басылымның тұңғыш редакторы болған Елеусін Бұйринды бүгінгі тәуелсіз қазақ елінің жас ұрпағы ХХ ғасыр басындағы қазақ халқының қоғамдық-саяси ұлттық мүддесін қорғауда баспасөз басылымын құрал еткен ірі тұлға деп танып, құрметтеуі тиіс.
02.02.2012
Б.С. БОРАНБАЕВА, Батыс Қазақстан инженерлiк-гуманитарлық университетiнiңдоцентi