Жаңалықтар

МӘҢГІЛІК ТОЛҚЫНДАР

ашық дереккөзі

МӘҢГІЛІК ТОЛҚЫНДАР

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Дауылды күні асау теңіздің сұр жартас­ты, сұрқай тастақ жағалауын аласұрып, ғаламат зор қуатпен өші кеткендей тынымсыз соққылаған дүлей толқындарын әрі еріксіз таңдана, әрі сыры беймәлім әлдеқандай ішкі бір үреймен көз алмас­тан тамашалаған мезетте; белгісіз бір қиырдан алай-түлей тентек жел соғып, зәулім ағаштардың жүрек-жапырақтарын жұлып әкетердей ұйытқығанда, аяусыз өшпенділікпен жұлып алған мәурітте, сосын түпсіз көк зеңгірде баяу жүзген жеп-жеңіл күміс бұлттарды топалаң тигендей бағыт-бағдары жоқ жаққа дедек қақтырып қуған кезде; күні кеше алдыңда асқар таудай боп айбарымен тентек пен теліні тезге салып, кемел ақылымен барша қауым-қоғамды ұйытқан, әділ сөзімен адасқанды жөнге салған абадан ағаны тойымсыз қара жердің қойнына беріп, сүйегіне бір уыс топырақ салып, ауыр азадан қалың қауым сең соққандай теңселген қаралы сәтте ұлы Абайдың әйгілі «Отыз жетінші» сөзіндегі:

«Дүние – үлкен көл, заман соққан – жел, алдыңғы толқын – ағалар, кейінгі толқын – інілер, кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінер» – деген ғұлама сөздері еріксіз ойға оралады жүректі жазылмас мұң, зілмауыр қайғымен езіп.

Өмір – өзен, толқын – адам, мәңгі кезектесіп алмасқан сансыз ұрпақ. Өзен мәңгілік ағысын тоқтатпайды, ұлт ұрпағымен жалғасады, жағалауды тынбай соққылаған толқындардай мәңгілік қозғалыс, үздіксіз ізденіс қана тобырды ұлт етеді. Япыр-ау, адамның мәңгілік мекені Аидке қап-қара қорқынышты өзен – Стикстің суымен ғана жүзіп баруға болады дейтін ежелгі гректердің сәби наным-сенімі де бекер емес екен ғой.

Шетсіз-шексіз шалқардың соншалық төзімді, шыдамы берік жағалауын күндіз-түні тынбай соққылаған сол асау, ақжал толқындарда титтей мін бар ма өзі?! Мінін қалай, қандай шарттар бойынша тап басып анықтауға болады?

Турасын айту керек, тумысынан тоңмойын, өресі таяз, тым жадағай пенде шіркін жаратылысынан өте міншіл-ақ. «Тура биде туған жоқ» дейтін, қара қылды қақ жаратын әділетті сыншылдық емес, өзгенің көз-кірпігіндегі қылтанақты сөз ететін езбе міншілдік өмір салтына айналып барады қазір, өкінішке қарай. Өзгенің елеусіз кем-кетігін, шалыстау қадамы мен іс-әрекетін қазбалап, тырнақ астынан кір іздейтін қазымырлыққа ұрынғанымызды аңдамай да қалғандаймыз. Сосын… «Жыртық тесікке күліптінің» кері баяғы. Жалғыз Жаратқан ғана мінсіз екенін біле тұра өзгенің титімдей мінін (өлгеннің де, тірінің де) термелеу кейбір пендеге тұтас дүниетаным, мызғымайтын ұстаным, қасаң қағида болып қалыптасып үлгерді. Санада ежелден мызғымастай қалыптасқан асқақ идеялар ешкімге қажетсіз атрибутикаға айналғанда, қоғам әділетке сенуден қалғанда қауым тура жолдан адасатыны ежелден дәлелденген.

Бұл осы күндері тек Қазақстанда ғана қалыптасқан сүреңсіз жағдай емес, барша посткеңестік елдерде орын алған өкінішті шындық. Адамгершілік, адал ниет, кең пейіл туралы түсініктер қазір анахронизмге айналып барады. Жақсылыққа сенуден қалғандаймыз. Ал жақсылыққа, ізгілікке сенім жоғалған қоғамда жамандықтың, зұлым күштердің мерейі үстем болатыны заңдылық. Содан да болар, посткеңестік елдердің кісілері, біздің қазақстандықтар көңіл көтеруге қыдырып барған жерлерде жамандықтың, түрлі апаттардың бұрынғыдан жиі естілетіні. Бәлкім, шұқшиып зерттелмеген, картаға ыждағаттап түсірілмеген бір сүйем жер табылмайтын Италияның жағалауларында сандаған жылдардан бері еш пәлеге ұрынбастан жүзіп жүрген «Коста Конкордия» лайнерінің таяуда ойда жоқта апатқа ұшырауы да кеме бортына қазақстандықтар мінгендіктен шығар?!. Өткен ғасырларда діндар теңізшілер төмен етектінің кемеге мінгенін жамандыққа жоритын еді, әйел мінсе апатқа ұшыраймыз деп үрейленетін, енді…қазақстандық туристер «Коста Конкордия» кемесінің қожайындарынан моральдық шығынды өтеуді талап етпекші. Бірақ біздің байшікештердің сол кемедегі круиздің әр күніне 1200 доллар төлегенін еске түсірсек, еріксізден ауыр ойлар меңдейді. Бүкіл әлемдегі сияқты біздің елімізде де кедейлер мен байлардың арасындағы алшақтық геометриялық прогрессиямен ұлғайып барады. Бұл күндері жаһанда миллиардтан астам адам күніне 1 доллардан аз ғана қаржыға күн кешуде, планетада тұтас елдер мен өңірлер аштық қатерінде қалып отыр. Жыл сайын 10 миллионнан астам бала бес жасқа жетпестен, оның үстіне емдеуге болатын аурулардан шетінеп жатады. Бір сөзбен айтсақ, жаһанды күңгірт мұнар басқандай көрінеді. Осындайда жақсы кітап, шебер қаламгердің жүрек тербеткен шыншыл шығармасы ғана бұл тұйықтан шығар жолды сілтейтін секілді.

Қоғам және мемлекет қайраткері, белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбековтің «Аманат» журналының кітапханасы» сериясымен өткен жылы жарық көрген «Асылдарым» кітабына қазақ халқының тарихында өшпес із қалдырған шоқтықты тұлғалардың тағдыры, тарихы, сан қиырға жетелейтін қабырғалы ізденістері туралы ешкімге ұқсамайтын, өзгені қайталамайтын терең ой-пайымы мен қоғамға айтары бар дуалы ауыз ақсақалдық тебіреністері топтастырылған көрінеді. «Асылдарым» – ізгілік жинағы. Шуақты сезімдер мен жақсылықтың топтамасы. Аталмыш кітапқа алғысөз жазған Иманғали Тасмағамбетовтің бұл кітапты «Ұлы сағыныш кітабы» деп атауы бекер емес. «Атадан мұраға қалатын жазиралы жер, бірлігі мен тірлігі жарасқан ел, көзі ашық, көкірегі ояу зиялы ер. Міне, қауымды халық, халықты ұлы ететін үш тұғыр. Қазақты ғасырлар бойы сыртқы жауы мен дауынан, алапат апат пен зілзала-зұлматтан аман алып келе жатқан да осы киелі күш», – дейді ол. Сөз жоқ, «Асылдарым» кітабы оқыр­ман­ның жүрегіндегі жақсылыққа сенімді, биік сезімдерді оятуымен, жасампаздық рухын асқақтатуымен, халқымыздың терең де тағылымды тарихында өшпес із қалдырған қайталанбас тұлғалардың тұтас бір галереясын айшықтап сомдауымен қымбат.

Жалпы адамзаттың жеңіл, мәнсіз ойын-сауықты, жаппай тұтынушылықты бас­ты мақсатқа, өмірінің негізгі мәніне айналдырғаны, материалдық игілікке ғана бас иетіндігі, мейірім, ізгілік, жанашырлықтан өз еркімен бас тартқан қарау жүрек тобырға айналып бара жатқанын әлемнің әр тұсынан дабыл қаға жазып, ашына айтып жүргендер де жоқ емес. Адамзат рухани, моральдық, адамгершілік дағдарысқа ұрынудың табалдырығында тұр. Сондықтан да бәлкім бір уақыт тоқтап, біз осы қайда барамыз, бізді болашақта не күтіп тұр деп ойланатын уақыт жеткен шығар?!

«Біз кімбіз?» Шолақ қамшының ойда жоқта шарт еткеніндей осынау келте сауалға бір ғана сөзбен толымды жауап беру қиынның қиыны. Бірақ ертелі-кеш бұл сұраққа бәріміз де жауап іздеуге тиіспіз.Нақты жауап табуға міндеттіміз. Мырзатай Жолдасбеков те: «Даламызды да, өзімізді де көрмеген батыстың ғалымдары қазақты жер бетіндегі жабайы халықтың қатарына қосты. Олар өркениеттің Шығыста басталғандығын, Еуропа қалың ұйқыда жатқанда бұл өңірде салтанатты тіршілік болғандығын, керек болса, ер қанаты жылқыны да қолға үйретіп, ертоқым салып, жүгендеп, өмір сүрудің құралына айналдырғандығын біле тұра, мойындағылары келмеді. Өркениеттің тұтас бір дәуірін жасаған ата-тегіміз – ғұндарды да, оның көсемі Еділ (Атилла) патшаны да, көк тәңірі мен қара жердің ортасындағы бүкіл адам баласын билеген, дүниенің төрт бұрышын аузына қаратқан, сөйтіп азды–көп, кедейді–бай қылған, тату елге жақсылық қылған, асыл мұралар қалдырған Қағанат қаһармандарын да жабайыға сана­ды», – деп қынжылады және: «Ойыңа түссе зығырданыңды қайнататын, пұшайман қылып сергелдеге салатын, досың түгіл жауыңа тілемейтін осындай қорлықты, сұмдықты басымыздан кешкен, тарихқа есесі кеткен елміз», – деп күйзеледі. Адамзат ықылым заманаларда жер бетін мекен етіп, кең байтақ жазираларды ен жайлағалы бергі ұзақ тарихта талай әділетсіздіктің орын алғаны өтірік емес. Шетсіз-шексіз кеңістіктегі көгілдір нүкте – Жер шарындағы шым-шытырық, қым-қиғаш, астасқан айқыш-ұйқыш алуан заманның адамзат басынан өткені де, сансыз өркениет пен алып державалардың салтанатты өмір сүргені де рас. Мәңгілік мызғымастай көрінген небір құдіретті мемлекеттердің көбесі сөгіліп, іргетасы күйреп, шаңырағы ортасына түскені, кейінгі ұрпақ тілге тиянақ етер бір шөкім күлі де қалмағанына көнекөз тарих куә. Ал біз ше?!

«Дәуір алмасып жатқанда өмір сүрме» – дейді екен қытайлар. Бүгінгі ұрпақтың өмірі дәуір мен дәуір, ғасыр мен ғасыр алмасып, заман өзгеріп жатқан тұсқа тура келді. Біз осы күнге дейін арып-ашып, жадап-жүдеп, шаршап-шалдығып, талықсып, сеңдей соғылысып, тентек қойдай теңселіп, ақылымыздан, жадымыздан, санамыздан айрыла жаздап жеттік», – дейді білікті ғалым. Ащы шындық бұл. Бәрі де күні кешегідей есте. Нәзік жүректегі қансоқта жарадай жазыла қойған жоқ әлі. Тәуелсіздіктің жолы ешқашан жеңіл болған емес. Бүкіл әлемде бұғаудан босаған ешбір ел күрделі қиындықтарсыз, тар жол, тайғақ кешусіз дамудың даңғыл жолына түспеген. Ондай мысалдар жалпы тарихтың жылнамасында тіркелмеген. Бостандық алған тәуелсіз мемлекеттердің тобығынан шалар кедергі көп, адымын аштырмайтын мың сан қиындық бар. Олардың баршасын санамалап тауысу мүмкін емес. Ең басты тұсау – санадағы құлдық. Азаттық – ең әуелі адамның ішкі жан дүниесінде, жүрегінде жарқын сәуле шашатын құдірет, сипаттауға сөз жетпейтін ерекше құбылыс. Ал қоғамдағы тұтас қауымдар, кертартпа топтар тәуменділіктен арыла алмағанда шынайы бостандық туралы сөз етудің өзі артық. Дей тұрғанмен, кез келген мемлекеттің қайталанбас тарихы жеке тұлғалар мен қаһармандардың ешкімге ұқсамайтын, өзгені қайталамайтын, ел өмірінде өшпес із қалдыратын ерекше қадамы, іс-әрекеттерімен сабақтасып жататыны тарихта дәлелденген. Ақын бейнелеп жазғандай, тарихы ұшан-теңіз, ал тарих оқулығы пышақтың қырындай ғана қазақ жұртының жуық арада шұғыл жауап табуға тиіс сұрақтары азаяр емес. Жеке тұлғаның қоғам алдындағы міндеті, ешкімге ешқандай жағдайда да жүктеуге болмайтын тарихи миссиясы қандай? Сол тарихи міндетін қандай жол, амал-тәсілмен жүзеге асырғанда парызын, қоғам алдындағы борышын толық атқара алмақшы. Өкінішке қарай, дәлме-дәл сызылып, канон ретінде жазылып қойылған да үлгі жоқ. Ең бас­тысы, тарихи нұсқалар, өткеннің барлық үлгісі қоғам алдындағы өз жауапкершілігін анық сезінетін кемел тұлға үшін ешқашан бағдаршам бола алмайды. Ол тыңға түрен салады, ешкімге ұқсамайтын жеке жолын, өзіндік соқпағын іздейді. Ең ауыр жолды, қайталанбас тағдырды таңдайды… «Сын сағатында, алмағайып заманда екі өмір, екі дүние, екі дәуір арпалысқа түскен шақта Назарбаев осындай қадамға барды.Керек десеңіз, бәйгеге басын да тікті. Ештеңеден, ешкімнен қаймыққан жоқ. Қалай барды? Неге сенді? Кімге сенді? Бұл арасы ол кезде тек оның өзіне ғана мәлім еді. Ес жиып, етек жапқан кезде ол туралы Н.Назарбаевтың: «…Мен өз халқымның жолында басымды бәйгеге тіккен адаммын. Маған ары үшін жанын садаға ететін осындай текті халыққа, арғы-бергідегі қазақ баласының бірде-бірінің пешенесіне бұйырмаған бақытты – толыққанды, тәуелсіз мемлекет құрудың басында болу бақытын бұйыртқан халыққа қызмет етуден артық ештеңенің керегі жоқ, осы жолда мен бойымдағы бар қайрат-қабілетімді, білім-білігімді аямай жұмсаймын, қандай да тәуекелге барамын» деп ағынан жарылғаны да жадымызда», – деп тереңнен тебіренеді автор «Көреген» атты мақаласында. Қазақстан тәуелсіздікке алғаш қол жеткізген ауыр жылдарда ел Президентімен тізе қосып бес жылдай қатар жүрген, небір ауыртпашылықтарды бірге бастан кешкен қоғам қайраткерінің сөзінде терең астар бар. Өйткені өткен дәуірлерде ауыр бұғаудан арылып, бостандыққа қол жеткізген базбір халықтарға бүгінгіден анағұрлым жеңіл, айтарлықтай оңай болғанына еш күмән жоқ. Есесіне әлемдік саяси ахуал мүлдем шиеленісіп, шым-шытырық ширыққан күйге түскен қазіргі уақытта шынайы тәуелсіздікке қол жеткізу, баянды бостандыққа ие болу қиынның қиыны. «Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледі» деген кемеңгер қазақ халқының тұжырымы күн санап өзінің өміршеңдігін дәлелдей түсуде. Осыдан бірер ғасыр бұрын әлемде алып елдер, алпауыт державалар саусақпен санарлық болса, қазір бейнелеп айтсақ, «атан түйелер» көш-керуендей тізіліп тұр. Әрбірінің саяси, әскери, экономикалық мақсат-мүдделері әралуан, ұлттық, мемлекеттік қажеттіліктері әрқилы. Сол мақсаттарын қапысыз жүзеге асыруға, көзге көрінген майлы жіліктен өзгеден гөрі молырақ қарпып қалуға әрқайсысы тас-түйін даяр. «Қазақстанның жер үсті, жер асты байлығы мол» деп мақтанамыз, ал әлемдегі алып елдердің әрбірі осынау мол байлықтан неғұрлым көбірек қарпып қалуға, қомақты үлес-сыбаға алуға дайын екенін көбіне қаперге ала бермейміз. Сол сыбаға үшін олар қолдан келген барша әрекетті – саяси бопсалау, экономикалық қысым, әскери қоқан-лоққы жасаудан еш тайынбайтынын соңғы жылдардағы халықаралық жағдай мейлінше айқындап отыр. Мұны өзгемізден гөрі жақсы білетін автор: «Жер шетінен сығалап отырғандар онсыз да жетеді. Қызмет берсе мақтағаннан, қызметтен алса даттағаннан сақтаналық. Ошақтың бұты үшеу болғанымен, ұлт біреу. Өкпешілдік өрге бастырмайды. Күні кеше Есімханға өкпелеп Жиембет жыраудың ат құйрығын кесісіп Арқаға көшкенінен қазақ пайда тапқан жоқ. Азаматтар бірін-бірі аяқтан шалып, етектен, жағадан алып, жатқа таба болмай, кеңірдекке қол салмай, бір-бірімізге құшағымызды ашайық», – деп өкпеге қиғанмен, өлімге қимайтын барша қазақты, еліміздің барша адамдарын татулыққа, бірлікке шақырады.

Иә, халқымыздың ғасырлар қойнауынан сыр тартатын ғажайып тарихында ұлттық этникалық біртұтастықтың, мемлекеттілік сананың әбден орныққандығының, шынайы патриотизмінің ерен айғағын барша дәуірден көптеп табуға болатыны ақиқат. Соның бір айғағын Мырзатай Жолдасбеков ағамыз «Есімі ұрпағына ұран болған» атты мақаласында кең ашып көрсетеді. Әрбір тарихи деректің нақтылығын мейлінше таразылап жазатын сөз зергері Ақтөбе өңірінің қаһарман перзенті, ел басына күн туған шақта Сайрам-Түркістан аймақтарын жау­дан құтқаруға 17 мың қолды бастап барып, ұлы Жолдаяқпен бірге шейіт болған шекті Тілеу батыр Айтұлының, ел мен жерін шексіз сүйген баһадүрдің асқақ бейнесін айшықты тілмен сомдайды. Батыр бабамыз 1630 жылы Ақтөбе өңірінде дүниеге келіп, 1684 жылы Сайрам соғысында қаза тапқаны аян. «Бүгінгідей көршісінің үйі өртеніп жатса әрең көмек беретін заманмен салыстырғанда сонау ит арқасы қияндағы Ақтөбеден Сайрамға келіп, жаумен жағаласып, жан тапсыруы, сөз жоқ, бабалардың елін, жерін, отанын шексіз сүйгендігінің дәлелі. Тегінде, ешқашан еншісі бөлінбеген қазаққа жау да ортақ, дау да ортақ, жеңіс те ортақ болған», – деп ой түйеді белгілі ғалым. Өйткені қазақты сырттан келіп ешкім жарылқамайды. Қазақты жарылқаса тек қана қазақ жарылқайды. «Ей, түрктің бектері, халқы! Сендер алауызсыңдар, таққа кіріптарсыңдар. Ағалы-інілінің дауласқандығынан, бекті-халқының жауласқандығынан, дұшпаныңның сөзіне алданғандығыңнан, қағандығыңнан, елдігіңнен, төріңнен, билігіңнен айырылдың. Жер-жерге босып сандалдың. Біресе ілгері шаптың, біресе кері шаптың, барған жерде не пайда таптың? Бек ұлдарың құл болды, пәк қыздарың күң болды. Түрк халқы, өкін!».

Оқыған жанның сай-сүйегін сыр­қы­ра­та­тын осынау сөздер Күлтегін ескерткішіне мәңгілікке шекіліп жазылса, мұңлы Абай өмір сүрген кезеңде шырғалаңға түскен, шырмауда қалған көшпенділер елінің мәдениеті де, санасы да күйреуде еді. Ұлы дала мешеулік, кертартпалық, алауыздық табанының астында жаншылып талып жатты, даламен бірге қазақтың рухы, поэзиясы, асқақ арманы өлді, ұлттық намысы тапталды. Абай соның бәрімен жалғыз алысты, жалғыз арпалысты, осыншама сұмдықты өз жүрегінен өткізді, туған халқын оянуға, жан тірлігіне, қалғымайтын намысқа, ардың күресіне шақырғанын көзі ашық, көкірегі ояу әрбір адам бүгінде жақсы білетіні сөзсіз. Ұлы Абайдың: «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік, алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық – әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік, қажыдық, жалықтық, қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал, енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз. Соны таба алмай өзім де қайранмын», – деп дал болуы өзінен сандаған ғасырлар бұрын өткен көк түрік бабаларымыздың кейінгіге өсиет етіп көк тасқа қашап жазған жанайқайымен үндесіп, қайталап жатқан жоқ па? Сонда ғасырлар бойы туған халқымыз осынау тұйықтан шығар жол таппай, шеңбер бойымен айнала берген болғаны ма? Ұлы даланы еркін мекендеген, алаңсыз, бейқам өмір кешкен қазақ халқының тағдыры туралы Абайдай аяусыз, жанға батырып айтқан жан болмағанын, Абайдың максимализмі туған халқының мешеу мінезін ғайбаттау емес, керісінше елін талмайтын зерделілікке, ойлылыққа шақыру екені автордың «Абайша сүйіп, Абайша күйіп жүрміз бе?» деген толғау тебіренісінде терең парасат-пайыммен ашылған. Қазақ үшін дертті болған, сол дертінен айыға алмай кеткен, жан жарасы жазылмай кеткен, кеудесі қайғы мен қасіретке толы қазақ тарихындағы ең ірі трагедиялық тұлғамен, өз ұлтын өркендеген өнегелі елдердің қатарында көруді көксеген ұлы ойшылмен автордың іштей тіл қатысуы, бүкпесіз сырласуы бұл.

Мырзатай Жолдасбеков: «Қазақ қоғамы, оның болмысы, келешегі туралы соншама толғанған; ұлтының табиғатын, жаратылысын дәл таныған; елі үшін күйіп-піскен, азапқа түсіп, қасірет шеккен, қазақтың кемшілігін жанға батырып бүкпесіз ашық айтқан Абайдан асқан кісі болған жоқ. «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман»,— дегенді Абай жасы жетіп қартайғандығынан айтқан жоқ, Абайды жасына жетпей қартайтқан – қазақ, оның қылығы. Заман өзгерер, қоғам өзгерер, адам өзгерер, бәрібір қазақ түбінде Абайға жүгінеді, оның өсиетіне, аталы сөзіне тоқтайды», – дейді.Абай – расында, халқымыздың рухани көсемі. Абай қашанда қазақ халқының ұлы көшінің басында. Кітап авторы айтпақшы, «Кемелге келмей, ақыл тоқтатпай Абайды ұғыну мүмкін емес». Көзі ашық, көкірегі ояу, парасат-пайымы терең әрбір қазақтың жалыққанда, жабыққанда, қамыққанда жүгінер кемеңгері – өз Абайы болуға тиіс. Хакім Абай:

Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын,

Түбін ойлап, уәйім жеп айтқанмын.

Ақылдылар арланып ұялған соң,

Ойланып, түзеле ме деп айтқанмын.

Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын,

Бірінің бірі шапшаң ұқпас сырын.

Көздің жасы, жүректің қаныменен

Ерітуге болмайды ішкі мұзын, – деп қамығып, іштей торықса, қазақ намыстан, ар-ұяттан, береке-бірліктен айрылды деп күңіренсе, Мырзатай Жолдасбеков қазақтың бүгінгісіне де жанашырлықпен ойлы көз тас­­тайды. Уайымдайды, көзге ұрып тұрған, тіпті күн асқан сайын асқынып бара жатқан дертімізге дауа іздеуге ұмтылады. «Бүгінде халық қамын ойлайтындардан қарын қамын ойлайтындар көбейді», – деп қамығады. Ол рас, қарынның қамын ойлайтындар қарақұрым түменге айналды, бейғам ел-жұрттың келешегі қалың тұманға айналды. Бұл ащы шындықты амалсыз мойындауымызға тура келеді. Абай қазақтан қанша түңілсе де, жаман істерін жек көре тұрса да, момын жұртын мейлінше сүйді. Жанындай жақсы көретін, жамандыққа қимайтын жұртының озық ойлы елдердің қатарына қосылатынына, өркениет көшіне ілесетініне еш күмәнсіз сенді. Туған елі де хакім Абайын, жаралы жолбарыстай жаны ауырған, ызалы Абайын жанындай жақсы көрді. Соған жүгінді, алыс келешекте де жүгінетініне, тірлігіне тиянақ ететініне еш күмән жоқ. Абай рухымен терең сырласқан ойшыл Міржақып Дулатовтың: «Зәредей шүбә етпейміз, Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз. Үнемі бұл күйде тұрмас, халық ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен күнге артар. Бірінші ақынымыз деп қабірін халқы жиі-жиі зиярат етер, халықпенен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар», – деп тебіренуінен талай сырды аңғаруға болады. Иә, баршамыз үшін, сырт қарағанда, Абай – құдірет, Абай – рухани құтқарушымыз. Сөйте тұра, әлі күнге Абайды толық тани алмай жүрміз. Толықтай тануға шындап талпынамыз, дегенмен Абай әлемі шексіз метагалактика сияқты тұңғиық сырын, терең құпиясын толық аштырар емес. Мұны өңгемізден гөрі жақсы білетін, анық көзі жеткен Мырзатай Жолдасбеков: «Иә, Абайды білетін сияқтымыз. Ал шынына келсек, Абайды білдік, таныдық, тереңіне бойладық деп айта алмаймыз. Біз Абайды терең танып-білуге талпынбадық демейміз. Талпындық, талаптандық. Өкініші, бойымызға сіңіріп, зердемізге қондыра алмай келеміз. Абайдың мұңы, Абайдың зары – халықтың, ұлттың зар-мұңы. Ел болудың, ұлт болудың қағидасы, қам-қарекеті екенін терең ұғына алмай келеміз… Абайды құрметтеу – өзіңді құрметтеу, Абайды қастерлеу – ұлтыңды қастерлеу деген сөз», – деп кеңінен толғап, тебіренеді. Білікті ғалымның бұлай деуіне, осылай ой түюіне негіз де жоқ емес. Мәселен біз Абай, Махамбет, Жамбыл секілді, тағы басқа Алаштың туын ұстаған асылдарымызды бүкіл ұлттың қазынасы, абыройы деп ұғына алмай жүргеніміз рас. Осындай асылдарымыздың мерейтойын өткізгенде бар салмақ сол ұлылардың туған облысына түседі. Бөлу, бөліну деген осыдан басталатынына көзіміз жетіп жүр. Бұл өкінішті жағдай ел ағасы Мырзекеңнің де назарынан тыс қалмаған екен. Алауыздық, пасықтық, көре алмаушылық, топшылдық, қиянатшылдық, дүниеқорлық, жайдақтық, жалтақтық, билікке құмарлық, мансапқұмарлық, ұлтымыздың әлі күнге айықпайтын дертіне айналғандай. Ең өкініштісі, ұлы ақынның ұлағатты сөздерін бойға, санаға толық сіңіре алмай жүрміз, бай мұрасынан ғибрат алу ойда жоқ. Соның бір сорақы көрінісіне, саналы адамды ашуға булықтыратын көрінісіне білікті ағамыздың өзі де еріксіз куә болса керек. «Қалың қазақтың Өзбекәлісі» мақаласында: «Мың тоғыз жүз тоқсан сегіздің басында мен емханаға түстім. Өзекең осында жатыр екен, тездеп палатасына кіріп, көңілін сұрадым, әрең демалып жатыр екен, жүрегім зу ете қалды.

Бір аптадай ағамыздың жанында болдым. Тұла бойында өлім мен өмір арпалысып жатқан ағаның мынадай халін көру ауыр еді. Теледидардағы, «Қазақфильмдегі» жігіттерге «Өзекеңді түсіріп ала беріңдер» деп сұрадым, өкінішке орай, ешқайсысы қозғала қойған жоқ. Тақта отырғанның табанын жалар еді, өлейін деп жатқан Өзбекәлінің оларға керегі болмағанына көзім жетті», – деп көкірек жара күрсініпті. Жылдар асқан сайын Алатаудың шыңдарындай биікке, әрбір қазақтың қимас жақынына, тазалықтың, имандылықтың символына, қазақ халқының ұзақ тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі және бірегейіне айналған Өзбекәлі Жәнібеков ағамызды қадірлей, шын құрметтей білмегендерге ендігі айтар сөз де таусылған сияқты. Қарапайым адамға жан-жаққа қарап, құр қамығудан басқа жол түгесілгендей. Бұл рухани тұңғиық дағдарыс, ой-сана тығырығынан құтылар жол табылмайтын іспетті. Бірақ тығырықтағы елінің мерейін өсіретін ерлер қазақ халқының тарихында талай рет табылған. «Ұзақ тарихымыздың қай белесінде де халқымыздың абыройын өсіріп, ұлттың мақтанышына айналған даналар да аз болмаған. Ел шетіне жау тиіп, сүттей ұйып отырған бейбіт қауымның басына қатер төнгенде халық ұранын байрағындай желбіретіп, елім деп еңіреген түкті жүрек, мықты білек ұлдардың да, елдің, жердің амандығын, бауырдың бүтіндігін көксеген басалқалы билердің де, жалын атқан жырымен, жүрекжарды сырымен алыс-жақынды бірдей баураған от ауызды, орақ тілді абыз ақындардың да талайының атын атай аламыз. Ұлттың рухани асқақтатып, мерейін өсірген, келер ұрпақты күнес биік, мұзарт шыңдарға шақырып тұратын халықтың жақсысы мен жайсаңын біз қашанда мақтаныш тұтамыз», – деп шын жүректен тебіренеді Мырзатай Жолдасбеков «Бауыржан» толғауында. Ол – рас, Бауыржан Момышұлы арғы-бергіде талай мерейленген халқымыздың биік мерейі, нұрлы шырағы болғаны ақиқат. Оны Ерлік ғұрпынан айнымай өмір сүре білуімен, қайсар өмір сүре білуімен дәлелдеген батыр атамыз.

«Асылдарым» – асқақ намыстың кітабы. Бұл кітап – елдіктің, ұлттық бірліктің баяны. Ел ағасы жасқа жеткен автор тебіреніп жазғандай: «Өзімді керуені қара үзіп, елі көшкен жұртта қалғандай сезінемін. Базбірде жан әлемімді айтып болмас мұң кеулейді. Ойласам-ақ, ішін өрт шалған ормандай боламын. Ағыл-тегіл сағыныш сазынан сарғаямын, жүрегім талады. «Қайдасыңдар, асыл ағаларым!» деп шарқ ұрып іздеу салғым келеді».

Зерделі оқырман «Асылдарым» кіта­бы­нан артында қалған әрбір сөздері алтынға бергісіз Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы мен Қазыбек бек Тауасарұлы, қазақтың мәңгілік мызғымас бірлігінің сан ғасырлық айғағы, Шалқарда туып, Сайрамда шаһид болған шекті Тілеу батыр, ұлы ақынымыз – Абай Құнанбайұлы, жүз жыл жырлаған жыр жампозы – Жамбыл, Алаштың ардақты көсемінің бірі – Мұстафа Шоқай, ақиық ақын – Мұқағали Мақатаев, Шоқандай жарқ етіп өмірден жұлдыздай ағып өткен – Сағат Әшімбаев т.б. жайында жазылған Мырзатай Жолдасбековтің көлеңкесіз көңілі, ақжарма сырлары, асқақ сағынышын тебіреніспен оқып, кеңінен танысары кәміл. Ойымызды Иманғали Тасмағамбетовті ң: «Кейіпкер – тұтас дәуір. Автордың өз көзімен көріп, қос қолымен ұстаған қазақтың алтын дәуірі. Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Бейсембай Кенжебаев, Әбділда Тәжібаев, Есмағамбет Ысмайылов, Мұхаметжан Қаратаев, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Қалтай Мұхамеджанов, Шахмет Құсайынов, Зейін Шашкин, Зейнолла Қабдолов, Өмірбек Жолдасбеков… Бәрі де Мырзатай ағаның асылдарым, ұстаздарым деп ағынан жарылған халықтың таутұлғалары», – деген сөзімен түйіндеуді жөн көрдік. Шын асылдарын, таутұлғаларын таныған, бірегей ұлтымыздың сан ғасырлық тарихында іргемізді бекітіп, туымызды желбіреткен жақсысы мен жайсаңын ұлықтай білген халықтың ғана болашағы кемел, бостандығы баянды болатыны сөзсіз.

Жағалауды алма-кезек соққан мәңгілік толқындардай – ұлтымыздың асқақ ойлы, арлы адамдарына арналған «Асылдарым» кітабы әрбір саналы оқырманның жүрегінде өшпес із қалдыратынына күмән жоқ.

02.02.2012