ЖАҺАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ
ЖАҺАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ
СТУДЕНТТІҢ ЖАҢАША ЖҮРІП-ТҰРУ ЕРЕЖЕСІ
Өзбекстанның Бiлiм министрлiгi студенттер үшiн жаңа ереже бекiттi. Жүрiп-тұрудың ережесiнде: интернетке ненi жазу керек, амандасқанда профессордың қолын қалай қысу керек деген сияқты қарапайым жайттарды да тiзiптi. Бiлiм министрi елдегi барлық университет пен профессорлардың «Жоғарғы оқу орындарына арналған этикалық ережесiне» қол қоюы тиiс дегендi жеткiздi.
Құжатта «Бұл ережелер ЖОО-ның барлық мүшелерінің этикалық тұтастығын қалыпқа келтіріп ұстап тұру үшін және оны қорғау үшін таныстырылып жатыр» деп жазылған. Мәтінге сәйкес, бұл құжат студенттерді есірткілік заттар мен алькогольдік ішімдікке құмар болып азғындаудан, сонымен қатар қоғамдық мәдениет пен діни экстремизмнің қауіп-қатерінен сақтайды деп отыр. Ереженің 3.8-бабы бойынша: «ЖОО мүшелері жүрген кезде оң жақпен жүруі тиіс. Олар келесі тәртіппен сәлемдессін: ерлер әйелдермен бірінші болып сәлемдеседі; жасы кіші студент жасы үлкен студентке сәлем беруі керек. Сондай-ақ ереже бойынша «ЖОО-ның ішкі проблемаларына қатысы жоқ немесе ұлттық құндылықтарға үйлеспейтін материалдарды интернетте жариялауға тыйым салынған.
4 МИЛЛИОНҒА ЖУЫҚ АДАМ СУСЫЗ ҚАЛДЫ
Қытайдың оңтүстiк-батысындағы Лунцзян өзенiнде улы металл кадмий анықталғаннан кейiн, бiрнеше елдi мекендi сумен қамтамасыз ету жүйесiне қатер төндi. Соның салдарынан Қытайдың оңтүстiгiнде 4 миллионға жуық адам ауыз сусыз қалды.
Қазіргі кезде мұндағы кадмий деңгейі рұқсат етілгеннен 9 есе асты. Мамандар суға арнайы реагенттерді қосып, кадмийдің мөлшерін азайтуға тырысып жүр. Алайда алдағы бірнеше күнде жағдай асқынуы мүмкін, себебі өзеннің ең уланған суы әлі су қоймасына жеткен жоқ. Егер кадмий мөлшерін қауіпсіз деңгейге дейін азайту қолдан келмесе, үкімет сумен қамтамасыз ету үшін өзге қорларды пайдалануды көздеп отыр. Суға кадмийдің түсуіне өзен ағысы бойынша орналасқан бір кәсіпорын себепші болған. Қазіргі кезде оның жұмысы тоқтатылды. Бүгінде халық дүкендерге ағылып, тіршіліктің нәрін шөлмектеп сатып алып жатыр. Ел арасында осындай байбалам басталған шақта, су сататын кәсіпорындардың қалтасы қалыңдай түскендей. Аймақта бұл тауар мүлде жоқ деуге келмейді. Алайда, осыдан екі апта бұрын өзенге кадмий төгілгелі, оны ішкен адам тіпті онкологиялық ауруға шалдығады деген қауіп бар. Сондықтан үкімет экологиялық апатпен күреске армия жауынгерлерін де жұмылдырып отыр. Ал өзенді улаған химиялық зауыттың 7 менеджері тұтқынға алынған.
ПУТИН ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТӘЖІРИБЕСІНЕ БАҒА БЕРДІ
Ресей Премьер-министрi және елдiң Президентi тағына үмiткер Владимир Путин елдегi бизнестi дамыту үшiн қолайлы жағдай жасау бойынша Қазақстанның тәжiрибесiне үлгi аларлықтай деген баға бердi. Бұл туралы ол «Ведомости» газетiнде жарық көрген жаңа мақаласында атап өттi.
«1 қаңтардан бастап бірыңғай экономикалық кеңістіктегі көрші Қазақстанның мысалы үлгі аларлықтай. Қазір бұл мемлекет жалпы алғанда, Дүниежүзілік банктің бағалауына сәйкес, бизнеске жағдай жасау бойынша 47-ші орында, ал Ресей болса – 120-ші орында. Сондықтан бірнеше жылдың ішінде бизнес жүргізу тиімділігін айқындайтын барлық көрсеткіштері бойынша бізге сәйкес келетін елдердің үздік көрсеткіштеріне жақындау міндетін алға қоюды ұсынамын», – деп жазады Путин.
ИСПАНИЯ ЭКОНОМИКАСЫ ҚҰЛДЫРАУ ҮСТІНДЕ
Испания экономикасы өткен жылдың төртінші тоқсанында 0,3 пайызға құлдырап, елді рецессияға тағы бір табан жақындатты. Бұны жергілікті статистикалық институт мамандары мәлімдеп отыр.Испания экономикасы өткен жылдың төртінші тоқсанында 0,3 пайызға құлдырап, елді рецессияға тағы бір табан жақындатты. Бұны жергілікті статистикалық институт мамандары мәлімдеп отыр. Олардың есебіне қарағанда, тоқырау осылай жалғаса берсе, алдағы наурызда Испания соңғы үш жылдағы екінші рецессияға ұшырайды. Бұл мемлекетте еңбек нарығы да тұрақты емес. Жақында жұмыссыздар саны 5 миллионға жетіп, әлеуметтік жағдайды тіпті қиындатып жіберді. Сонымен қатар дағдарыс еңсермесе, Мадрид, Грекия, Ирландия, Португалия тәрізді шетелден миллиардтаған евро несие сұрауы да ғажап емес.
ЕУРООДАҚҚА МҮШЕ ЕЛДЕР ФИСКАЛДЫҚ ПАКТ ҚАБЫЛДАЙДЫ
Брюссельде өткен Еуроодақ саммитында Ұлыбритания мен Чехиядан басқа Одаққа мүше елдердің барлығы фискалдық пакт қабылдауға келісті. Бұл шарт Еуроодақта қарыз дағдарысын қайта болдырмауға бағытталған.
Одаққа мүше елдердің басшылары бюджет дефицитының деңгейін елдің жалпы ішкі өнімінің жарты пайызынан асырмауға міндеттеме алды. Осы ережені бұзған елдерге қарсы санкциялар қабылдау қарастырылған. Сонымен қатар, Еуроодаққа мүше елдер конституцияларына бюджеттік тәртіп ережесін енгізуді қарастырған. Бұл құжатты қабылдауды Германия ұсынған болатын. Алайда Ангела Меркельдің Грекияға қатысты ерекше бюджет саясатын енгізу ұсынысы қолдауға ие болған жоқ. Германия канцлері Грекия бюджетін бақылайтын Еуроодақтың арнайы өкілін тағайындауды ұсынған болатын. Алайда Еуроодақ қарыз дағдарысынан көп қиналған Грекия мәселесінің шешімін әлі де табуы тиіс. Грекия үкіметінің жеке меншік инвесторлармен қарызын азайту туралы келіссөздері әлі нәтиже берген жоқ. Алайда ақпан айының ортасында Грекияның қарыздарын өтеуге ақшасы таусылып, дефолт жариялауы мүмкін.
02.02.2012 ДайындағанДинара ДҮРМӘН