«АНА КАПИТАЛЫ» БIЗГЕ ДЕ КЕРЕК
«АНА КАПИТАЛЫ» БIЗГЕ ДЕ КЕРЕК
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ
Парламент сенаты «Аналарды қорғау» туралы халықаралық конвенцияны ратификациялады. Қателеспесек, сонау 1952 жылғы қабылданған конвенцияны 2000 жылы да бiр сүзгiден өткiзген едiк. Ендi мiне, бұл мәселеге қайта айналып соғу қажеттiлiгi туындауда. Себебi ананы қорғау, әйелдердiң репродуктивтiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету көңiлдегiдей болмай отыр.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықованың айтуынша, конвенцияда әйелдердің жүктілігі мен босануы, бала күтімі бойынша демалыс беру, әлеуметтік сақтандыру қорынан жәрдемақы төлеу, босануға дейін, босану кезінде және босанғаннан кейінгі тиісті медициналық көмек көрсету шаралары қамтылған. Тіпті, мұнда жұмыс берушілердің жұмыстан босатуына заң жүзінде тыйым салу, баланы тамақтандыру үшін үзіліс беру ережелері де қарастырылыпты. Бір қызығы, құжатқа Қазақстан заңнамасында бүгінге дейін көрініс таппаған мәселелер де еніп кеткен. Мәселен конвенцияға сәйкес, босанған анаға оның өзі мен баласын лайықты санитарлық-гигиеналық жағдайда күте алатындай әрі лайықты өмір салтын қалыптастыратындай мөлшерде жәрдемақы берілу керек екен. Алайда бізде берілетін жәрдемақы босанған анаға лайықты санитарлық-гигиеналық деңгейдегі көмекті бере ала ма? Әрине, бұл әзірге арманға айналып отыр. Ол ол ма, қазіргі кезде бір жасқа дейінгі бала тәрбиесі үшін берілетін жәрдемақының өзі төмен.
Тағы бір айта кетерлік жайт, қазір бала күтімі үшін берілетін жәрдемақыны «жұмыс істейтін» және «жұмыс істемейтін» деп екіге бөлудің өзі дұрыс емес. Бұл жұмыс істемейтін аналар қолын қусырып отыр дегенді білдірмесе керек. Біз газетіміздің өткен санында («Қақаған қыс. Қамыққан жас ана», «Түркістан», №3, 19 қаңтар) өмірге үшем әкелген Алмагүл атты батыр ананың әлеуметтік жағдайы туралы сыр шерткенбіз. Құдай берген тоғыз құрсаққа жарық дүние сыйлаған ана сол балаларына берілетін әлеуметтік жәрдемақының өзіне қол жеткізе алмай отыр. Барлық мәселе – тіркеуде. Айсұлу, Күнсұлу, Жансұлуын жалдап отырған екі бөлмелі суық лашығына апарғысы да келмейді оның. Бірақ амал қанша? Балалардың несібесіне қарай, бір жақсылықтың болатынына үміт артқаннан басқа істейтін шарасы жоқ. Ал демографияда серпіліс жасау үшін мемлекет тап қазір Алмагүл сияқты аналарға барлық көмекті үйіп-төгу керек. Бір өкініштісі, қазір еліміздегі халық санының, оның ішінде қазақтың көбеюіне қуанудың орнына, кейінге тартыншақтайтындардың қарасы көп. Әйтпесе, тоғыз баланы бағып-қағып отырған батыр анаға қандай көмек жасасақ та, жараспайтын ба еді?!
Демек, бала күтіміне берілетін жәрдемақы мөлшері мен оның мерзімін де жоғарылату қажет. Осы ретте демография мәселесіне ынты-шынтысымен кірісіп кеткен Ресейден үлгі алатын кез жеткен сияқты. Еліміз «Ана капиталын» енгізсе, Алмагүл сынды көпбалалы анаға айтарлықтай көмек болар еді. Әйтпесе, бүгінде көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға бала 18 жасқа толғанға дейінгі берілетін жәрдемақының көлемі бар-жоғы бір айлық есептік көрсеткішке тең. Бұл – күлкілі көрсеткіш. Ана мен бала мәселесіне мемлекет тарапынан қолдаудың қажеттігін айтқан сенатор Ғани Қасымов: «Бала туғандағы бірреттік жәрдемақы мөлшерін 1,5-2 млн. теңгеге көтеру керек. Бұған біздің шамамыз да, әлеуетіміз де жетеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі осы ұсынысты іліп әкетсе, біз «бәрекелді» дер едік», – десе, сенат депутаты Қуаныш Айтаханов: «Біздің жеріміз кең-байтақ. Бірақ халқымыздың саны аз. Ал ел Тәуелсіздігіндегі әсерлі басты мәселе – халық санын көбейту. Халық саны ана мен балаға жағдай жасауға тікелей байланысты», – деп әріптесінің пікірін қуаттай кетті. Ол сондай-ақ 1 жасқа дейінгі бала күтіміне ең төменгі жалақы мөлшерінде жәрдемақы тағайындау қажеттігін ұсынып, әкімдердің рейтингі жоспарды орындаумен емес, ана қамқорлығы мен бала туудың табиғи өсімі бойынша есептелуі керектігін айтты.
Әлбетте, сенат депутаты Ғани Қасымовтың бірреттік жәрдемақы мөлшерін 1,5-2 млн. теңгеге көтеру керек деген ұсынысына кейбіреулер күле қараған да шығар. Депутат бұл мәселені көтерген екен, бәлкім, ол ақылға сыйымды жәрдемақы мөлшерін айту керек пе еді деген ой да қылтияды. Біздікі баяғы айтылған жерде қалып қоятын ұсыныс болмаса екен деген ой ғой…
Алайда мұндай әңгімелерге салқынқандылық танытқан Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова еліміздегі бала туу саны онсыз да өсіп жатыр дегенді тілге тиек ете келе, біз ананы қолдау жөнінде аса маңызды шараларды қажет етпейміз дегенді жеткізді. Министр ханымға сенатор Қасымовтың ұсынысы күлкілі көрінді ме, әйтеуір «Қазақстанды Ресеймен салыстыру орынсыз. Ресейде өсімнен гөрі өлім көрсеткіші басым. Ал бізде соңғы он жылда 200 мыңдай бала дүниеге келсе, туу көрсеткіші өлім көрсеткішінен 2 есеге көбейді» деп көрсеткішті алға тартумен болды. Бірақ бұл көрсеткіш біздің демографиямызды қанағаттандырып отыр ма, мәселе сонда.
РЕСЕЙДЕН ҮЛГІ АЛУДАН НЕГЕ ҚАШАМЫЗ?
Сонымен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көрші Ресейдің тәжірибесін алудың ешқандай қажеттігі жоқ деген байламға келуде. Бірақ «Көп қорқытады, терең батырады» деген бар емес пе? Дәл қазір Ресейде министр айтқандай, өлім көрсеткіші басым болса да, олар бұл мәселенің алдын-алуға кірісіп кеткен. Ақпарат көздері Ресейдегі кейбір тұрғындардың ажалы спирттік ішімдіктен келіп жатқандығын айтады. Соны дер кезінде ескерген ресейлік билік спирттік ішімдіктерді бейсауат сатуға, жарнамалауға тыйым салуды да қолға алған.
Ресей мұнымен қоса «Ана капиталын» да жылдан-жылға өсіріп келеді. Мәселен 2007 жылы – 250000 рубль, 2008 жылы – 276250 рубль, 2009 жылы – 312162 рубль, 2010 жылы – 343378 рубль, 2011 жылы – 365698 рубль болса, биылғы ана капиталы шамамен 387 мың рубльді құрайды. Ал 2013 жылы бұл көрсеткіш 430 мың рубльге артады деп жоспарлануда. Бұл қаржылай көмекке 2007 жылдың қаңтарынан екінші, үшінші, т.б. баласын өмірге әкелген ана ие бола алады. Тіпті отбасы осы ақшаның көмегімен жергілікті жерден баспана алып, тұрмыстық жағдайын жақсартуына мүмкіндігі мол.
Ресей Премьер-министрі В.Путин: «Біз демографиялық бағдарламаларды жүзеге асыруды тоқтатпаймыз. Ана капиталын да жылдан-жылға өсіреміз. Осы мақсатта ана капиталына алдағы үш жылға бюджеттен қосымша 70 миллиард рубль қаржы бөлу туралы шешім қабылдадық. Сондай-ақ бала туу кезінде берілетін жәрдемақы 12 мың 400 рубльге дейін көбейеді» деп өз халқын бір серпілтіп тастады.
Ал біз болсақ, бір мезетте өмірге үшем әкеліп, тоғыз баланың анасы атанған отбасыға көмек беруге келгенде бір-бірімізге қол сілтейміз. Шендісі бар, шекпендісі бар әлеуметтік жағдайы төмен отбасыны көтеріп әкетудің орнына, бар мәселені «тіркеуге» итере салады. Мәселе тіркеуде емес, ниетте. Көпбалалы отбасы қуанышы үшін ниетіміз тарылмаса екен…
02.02.2012