ҚЫРҒЫЗСТАН КҮРЕС АШТЫ
ҚЫРҒЫЗСТАН КҮРЕС АШТЫ
«Түркiстан» газетiнiң екi апта бұрын шыққан санында Бiшкек қаласының орталық түрмесiнде шыққан бүлiк жөнiнде хабарлаған болатынбыз. Бүлiк он күнге созылып, ол наразылық танытушылардың жеңiлiсiмен аяқталды. Осы оқиғаны қырғыздың құқық қорғау органдарының қылмыскерлер дүниесiне қарсы ашқан күресiнiң басталуы деп айтсақ болады.
Бір жарым жыл Қырғызстан президентінің міндетін уақытша атқарған Роза Отынбаева сыбайлас жемқорлық пен қылмыстық топтарға қарсы күресудің мезгілі жеткендігін әлденеше рет айтқан. Жаңа сайланған президент Алмазбек Атамбаев премьер Өмірбек Бабанов та қызметтеріне кірісе сала, дертпен аяусыз күресетіндіктерін мәлімдеген.
Түрмедегілердің бүлігі 16 желтоқсанда Бішкек қаласындағы № 1 тергеу изоляторының басшылығы ұйымдастырған кезектегі рейдіне қарсылық ретінде басталып, кейін Қырғызстанның барлық абақтыларын тұтас қамтыды. Қырғызстандағы жазасын өтеу мекемелеріндегі 7 мың 589 адамның 6 мың 682-сі аштық жариялап, олардың 1 мың 197-сі ауыздарын сыммен (!) тігіп тастаған көрінеді. Олар «Жазаларды өтету мемлекеттік қызметіндегілердің (ЖӨМҚ) «шектен шыққан» әрекеттеріне жауап ретінде осындай қадамға бардық» деп түсініктеме беріпті.
Әлбетте, бұл – мемлекет пен қылмыстық әлем арасындағы күрес. №1 тергеу изоляторындағы рейд кезінде жүздеген ұялы телефондардың тәркіленуі, бостандығынан айырылғандар мен тергеуде отырғандардың сыртқы әлеммен кедергісіз байланыста болғанын айғақтайды. Түрмеге түсіп қалған қылмыстық топтың басшылары камераларда «хандарша» сән-салтанатпен өмір сүрген. Олардың бөлмелерінде плазмалық телевизор, жуынатын кабиналар, ас әзірлейтін жабдықтар, ыдыс-аяқтар болған. Камералардың есіктері ашық қалдырылып, өздерінің басқару, алым-салық жинау жүйесі болған. Әрине, мұның бәрі түрме басшылығының қолдауымен жүзеге асырылғаны анық. Жаңа жылдың басында Қырғыз Үкіметіне қарасты ЖӨМҚ-ның төрағалығына Шейшенбек Байзақов тағайындалғаннан бастап, бұл келеңсіз жағдайлар біртіндеп жойылып, түрмелердегі сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар басшылар қызметтен шеттетіле бастады. Бүлікшілердің «Шейшенбек Байзақов қызметінен кетсін» деген талап қоюының астарында осы бар.
Мәселеге республиканың Жоғарғы Кенеши де араласып, депутаттардың кейбірі «бүлік басылғанша Шейшенбек Байзақов уақытша қызметінен кетсін» деді. Үкімет өз ұстамынан айнымады. Қандай болған күнде де, Шейшенбек Байзақовты қызметінен тіпті уақытша шеттету биліктің қылмыс әлемінің алдында тізе бүгумен тең болатынын Президент те, Премьер-министр де дұрыс бағамдаған сияқты.Қырғызстанды Құрманбек Бакиев басқарған заманда билік қылмысты топтармен ешқашан келісімге келіп көрмеген. 2006 жылы әйгілі қылмыскер Рысбек Ақматбаев сотталғандардың қолынан қаза тапқан ағасы Тынышбек Ақматбаевтың кегін қайтармақ ниетпен Үкімет үйінің алдына жеті жүз адамымен келіп, сол уақыттағы премьер-министр Феликс Құловты «жекпе-жекке» шақырған болатын. Құлов сөйлесуден бас тартқан соң Бакиев «бетпе бет» жүздесуге өзі шыққан. Кейбіреулер «президент ер» деп мақтаса да, шындығында оның қылмыс әлемі өкілімен кездесуі биліктің масқара жеңілісіне тең еді.
Шейшенбек Байзақовты Қырғызстанның құқық қорғау органдарының запастағы генералдары қолдап отыр. 2005 жылы Асқар Ақаевты биліктен кетірген төңкерісте әскерінің бір бөлігі Үкімет үйін күзетіп тұрған Ұлттық гвардияға қолбасшы болған, әскерлеріне елге қарсы оқ атқызбай, ол жерден шығарып кеткен, бірақ өзі көтерілісшілерден қатты таяқ жеп, әупірімдеп аман қалған, Үкімет үйін көтерілісшілерге бейбіт жолмен алдырып қойғаны дұрыс па, бұрыс па? Белгісіз.
Генерал Абдығұл Шотбаев бүгін билік Шейшенбек Байзақовты жұмысынан алып тастаса, келесі президенттік сайлауда қылмыскерлердің көсемі президент болса, оған таңданбайтынын білдірді. Оның ойынша, мемлекет бүгін қылмыскер топтармен аяусыз күреспесе, «әй дер ажа, қой дер қожа жоқ» олар ертең ойларына келгенін істеуі әбден мүмкін.
Өткен аптаның аяғында премьер-министр Өмірбек Бабановтың бұйрықтарымен Жазаларды өтету мемлекеттік қызметінің екі орынбасары қызметтен босатылды. Олар жұмыстан бүлікшілердің қысымымен емес, істеріндегі кемшіліктері үшін алынғаны анық.
30 қаңтарда болған Қырғыз Республикасының Қорғау (Қауіпсіздік) кеңесінің отырысы, негізінен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің маңызды мәселелерін талқылады. Президент, Қорғау кеңесінің төрағасы Алмазбек Атамбаев қазіргі кезде Қырғызстанда коррупцияның шарықтау шегіне жеткенін ашына айтты. «Өмір бойы мемлекеттік қызметте істеген саясатшылар мен жетекшілер қалай миллионер атанды? Олардың бұл миллиондары қайдан келген? Мен барлық мемлекеттік қызметкерлерге ескертіп қояйын, ұрылардың орны – түрмеде. Жұрттың ашуын келтіріп, зығырданын қайнатқан – бұл соттардың қылығы. Елді дүрліктірген қылмыс ісі сотта «сытылып» кетсе, онда коррупцияны қалай жеңуге болады?! Сондай соттардың бәріне ескертемін, барлығына жауап беруге тура келеді! Құранда көрсетілгендей, Құдайдың ғана алдында емес, бұл дүниеде де. Шешімдеріңнің бәрі бақылауда болады, мерзімі өтіп кетті дегендік болмайды», – деді Алмазбек Атамбаев.Жабық есік жағдайында өткен Қорғау кеңесі Қырғыз Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының мемлекеттік стратегиясын қабылдады.
02.02.2012 Назарбек БАЙЖIГIТОВ,«Түркiстанның» Қырғызстандағы тiлшiсi