ҚАРА ӨЛЕҢ МЕНIҢ ҮЙIМДЕЙ

ҚАРА ӨЛЕҢ МЕНIҢ ҮЙIМДЕЙ

ҚАРА ӨЛЕҢ МЕНIҢ ҮЙIМДЕЙ
ашық дереккөзі

Мағиза Алтайдың арғы бетiнде – Қытай елiнде туып-өскен. Сол елде медициналық жоғары бiлiм алған. Атажұртқа оралғанына он бес жылдан асқан қыздың өлең жырлары бұрын «Талбесiк», «Ақ толқын» атты ұжымдық жинақтардан орын алса, биылғы жылы «Қазақпарат» баспасынан «Қызыл шолпы» деген жеке жыр жинағы жарық көрмек.

ЕКI ЖЕРДЕ
Екi жерде бiздер өмiр сүрiппiз, Екi жерде екi тiлдi бiлiппiз. Қызыл сызық бөлгенiмен араны, Бiр ауамен тыныс алып жүрiппiз. Аласатып Қара Ертiске жол алған, Тас тұмадан iшiп өстiм – жоқ арман. Ақ шабақтар саған кеткен екен ғой, Су бетiне шоршып қайта жоғалған. Орман ба деп ит тұмсығы өтпейтiн, Шегараға бала қиял жетпейтiн. Менен гөрi батыл екен жылқылар, Осқырынып солай қарай беттейтiн. Өтпесе де бергi бетке кемемiз, Атажұртты аңсап талып келемiз. Болсақ тағы бiр мекеннiң перзентi, Кездескенде тосырқаймыз неге бiз?! Алтайға ұқсап тым биiктен қарайсыз, Елге аға болуға да жарайсыз. Аққабаның суын iшiп, бас жағын Аман ба деп сұрамайсыз қалай сiз?! Табиғатқа сәлем беру салтыңды, Ұмытпағын сылтау айтып әр түрлi. Аяғында жүзiп жүрiп Ертiстiң, Сұрамайсыз басы неге тартылды?! Ары-берi көшiп қонған ауылдар, Қақ бөлiндi соққан кезде дауылдар… Екi жер деп жүргенiмiз бiр ақ жер, Арғы бетте қалып қойған қауым бар!.. Аспаннан ағытылды қара шөлмек, Ақ қар жiпсiп жатқандай дала терлеп. Жасыл шырша ақ сырға таққан кеше, Бiртiндеп ғайып болды тамаша өрнек. Қатал қыстың байқалды келтелiгi, Қалайша сезбегенбiз ерте мұны. Қысынан жазы басым болған соң ба, Алматының бiтпейдi еркелiгi. Кiм бар дейсiң жазмышты бұзып көрген, Сүйек қақсап қарт тұрар сызып төрден. Қар патшасы аулама көшiп алды, Шыршалардың мойнынан су аққызып, Аспан ғой тамашалап қызық көрген. Күн кербез шықты ендi қасын керiп, Шөлмегiңдi аспан қыз жасыр берiк. Алатаудың басында асыл бөрiк, Ала алмайды ешкiм де бәсiн берiп! ҚАРА ӨЛЕҢ МЕНIҢ ҮЙIМДЕЙ Ыстық, суықта пана болатын, Қара өлең менiң үйiмдей. Үйiмнiң сиқын кетiрсе бiреу, Тұра алам қалай күйiнбей?! Хан сарайына бергiсiз сол үй, Тағаны берiк қалаулы. Қайталанбайтын өрнектер салған, Шеберлер онда санаулы. Тыңдасаң – әуен,шөлдесең – бұлақ, Өртенiп жүрсең – тiптi от. Кереге айтады бұл шаңырақтан, Талай қырандар ұшты деп. Өз шамасына сене алмағандар, Бастайды екен қырқыстар. Босаға жақта үюлi жатыр, Әлем де жәлем жыртыстар… Даңғаза үннен шаршаған кезде, Осы үйге кiрсең жетедi. Тазарып жүрек, жып-жылы самал, Жаныңды желпiп өтедi. Айланып жиi соға беретiн, Қара өлең менiң үйiмдей. Елiммен үндес жанымды ұғады ол, Астары асыл киiмдей!v
ТАУСЫЗ ЖЕРДЕ ТҰРА АЛМАН
Сыйсам таудың құшағына сиярмын Жүйрiктiгiн қарасаңшы қиялдың. Тез жетем деп отырғанмен ұшаққа, Тау үстiнен өткен кезде ұялдым. Барлығына төтеп берiп мұз-қардың, Селт етпеген өткенiне ызғардың. Жабыла кеп үймелеген басына, Ақша бұлттан тауларымды қызғандым. Сәлемдесем ояна кеп ақ таңда, Қуанышты, мұңға толы шақтарда. Сәлемдесем елге келсем алдымен, Қоштасамын кетiп бара жатқанда. Ақбас шыңы түнде бiрдей шырақпен, Жете алмассың бiр күн жортып құр атпен. Тауға менiң бар-жоқтығым белгiсiз, Таусыз жерде тұра алмаймын бiрақ мен. Тым биiкке қол созғаным не теңiм?! Таудан кетсем беймаза күй кешемiн. Бара жатып зымыраған көлiкпен, Терезеден бiр үңiлiп өтемiн. Арқасымен желдi қалай тосқанын, Қарағайдың басын қалай қосқанын, Көрер едiм. Досым менен зерiксең, Еш ойланбай тауға апарып тастағын!..
МЕН СЕНI АРТЫҚ КӨРЕМ ҚАРАШЫҚТАН АСТАНАМ
Тыңдағың келсе егер аспан әнiн, Келбетiн бiр көрiп қайт Астананың. Сыйлаған тәуелсiздiк ғажап қалам, Жадырар сен дегенде қас-қабағым. Еркiндiк ауасымен тыныстаған, Төсiнде сарбаздардың ту ұстаған. Төрiңде үш би отыр малдас құрып, Дәстүрiн бабалардың ұлықтаған. Сарыарқам арқасына ап әлдилеген, Тербелген төңiрегiң ән-күйменен. Ғасырлар тарихыңа куә болған, Алаңсыз бақтарыңда қалғиды емен. Қып-қызыл шабыт шоғын үрлегем бе? Шеткерi тұрып алып бiр көшеңде. Бұл менiң Астанам деп мақтанамын, Сарайға көк тiреген кiрмесем де. Есiлге ақ жүзiмдi жуып едiм, Толқынға бала жастан жуық едiм. Аяздың махаббаты деп түсiндiм, Бетiмнен сүйген кезде суық ерiн. Бiле алмай жүзерiмдi, ұшарымды, Бiле алмай құшқызарым, құшарымды. Алтайдан Атырауға, Астанаға, Елжiреп жая келдiм құшағымды! Жатқанда моншақ тағы дала шықтан, Күнiң де күле қарар жаңа шыққан. Басқалар жүрегiне сақтай берсiн, Мен сенi артық көрем қарашықтан!! Тыңдағың келсе егер аспан әнiн, Келбетiн бiр көрiп қайт Астананың. Сыйлаған тәуелсiздiк ғажап қалам, Жадырар сен дегенде қас-қабағым!