Жаңалықтар

ҚАНДАСТАРҒА ҚҰШАҚ АШҚАН ҚАСКЕЛЕҢ...

ашық дереккөзі

ҚАНДАСТАРҒА ҚҰШАҚ АШҚАН ҚАСКЕЛЕҢ...

Бұзақы қолынан қаза тапқан қарттың құны – 500 мың теңге Өткен аптада Қаскелеңге барып қайттық. Отандық кейбiр телеарналар таратқан «Қазақстан тәуелсiздiк алғалы берi 20 жылдың iшiнде Түркиядан келген 25-ке жуық қандас қасақана өлтiрiлдi. Олардың басым бөлiгi Қаскелеңнен. Жуырда Ақтар Қарадемир атты қарияны да қалтасындағы ақша үшiн өлтiрiп кеттi» деген суыт хабары себеп болған. «Айдың, күннiң аманында Атажұртты аңсап келген қандастарымыздың бауша қырылғаны қалай?» деген дүдамал болды көңiлiмiзде. «100 МЫҢНАН АСТАМ ОРАЛМАН КЕЛДІ»

Ақпараттың ақ-қарасын анықтау мақсатында Қаскелеңге келгенде өзін Әмин Добай деп таныстырған азамат қарсы алды бізді. Қандасымыз сөзшең екен. Отбасы, туған-туыстары мен Түркиядан келген жанындағы басқа адамдар жайлы кеңінен әңгімелеп берді: «Әкем Қызылорда облысы, Қармақшы ауданындағы туыстарын табу үшін 1989 жылы Түркиядан Атажұртқа келеді. Соның арқасында қайта қауышқан туысқандарымызбен қазір жақсы араласамыз. Шаруаға пысық ол азаматтығы жоқ болғандықтан, сенімді бір кісінің атынан фирма аштырып, жер сатып алған. Түркияға келген соң басқаларға Қазақстаннан жер сатып алыңдар деп кеңес берді. Оның ақылын алғандар көп. Мысалы осындағы Қарамамадияр деген туысымыз сол жылдары-ақ Қазақстаннан жер сатып алады. Әкем 1992 жылдың 2 ақпанында Қазақстанға көшіп келгеннен кейін 2 айдан кейін көз жұмды. Бізде бір қалыптасқан әдет бар. Елге сыйлы ақсақалдар ат басын қайда бұрса, шеті сөгілген қалың ел солай қарай бағыт алады. Қазақстанға бет түзеген көш солай болған. Ең ұзын да көлікті көш 1992 жылы болыпты. Сол кезде әрқайсысына 300-ден астам адам мінген арнайы ұшақтың саны 12-ге жеткен. Олардың ұшақтармен 2-3 ай тасыған дүние-мүлкі туралы сөз қозғау артық». Көз ашқалы бері түріктер жерінде өскен Әминнің тілі қазақшаға шорқақтау. Әңгіме арасында кейбір нәрселерді дұрыс түсіну үшін түрікше сөйлесуге тура келді. Атажұртқа ат басын алғаш рет 1997 жылы бұрыпты. Ал 2008 жылы Қазақстанға отбасымен біржолата көшіп келген. Бес баласы бар. «Бұрын «Барахолкада» кілем сататын едім, қазір ол тым қымбатқа түседі» деген Әмин қазір Қаскелеңнен шаштараз ашып қойғанын айтады. Бүгінде Қаскелең қаласында Түркиядан тәуелсіздік алғаннан кейін келген 500-600-ге жуық отбасы бар. Қанар қап тігетін, пластик терезе-есік т.б. заттар шығаратын, жиһаз жасайтын шағын өндіріс орындарымен бірге бүкіл әлем бойынша логистикамен (зат тасымалдау) айналысады. Түркиядан келген қандастардың нақты саны мен олардың қаншасы кәсіпкерлікпен айналысады екен деген сауалға жауап іздеп, Қарасай ауданының әкімдігіне барғанбыз. Ішкі сясат бөлімінің бас маманы Қордай Әбілбеков ондай тізімнің жасалмайтынын айтты «Бүгінде Қарасай ауданына 1995 жылдан бері қарай сырттан, яғни Қазақстанның өзге облыстарынан, алыс-жақын шет елдерден келгендердің саны 100 мыңнан асып жығылады. Әсіресе Қарақалпақстаннан келгендердің саны басым. 90 пайызына жуығы десем, қателеспеймін. Түркия, Қытайдан келген қазақтар аз. Түркиядан келгендер негізінен шағын кәсіпкерлікпен айналысады. Аудан бойынша 7 мыңнан астам жеке кәсіпкер тіркелген. Нақты санын айта алмаймын, себебі ондай тізім жүргізілмейді. Осында тұратындардың барлығы бірдей Қазақстан азаматы болғандықтан, ешкімді бөле-жарып қарамаймыз». Оның айтуынша, бұрын Қарасай ауданында 160 мыңға жуық халық тұрған. Соңғы жылдары халық саны күрт артыпты. Егер ресми түрде тыйым салынбағанда, тұрғындарға қатысты көрсеткіш өсе беруі мүмкін екен. Алғашқыда бір үйге 90-100 адамға дейін тіркелетін болған. Қазір бір үйге 7-10 адамнан артық тіркелмейді: «Тыйым салу шарасы бүкіл Қазақстанда жүргізілді. Ішкі миграция туралы айтсақ, көбінесе Қызылорда, Өскемен жақтан келгендер көп. Алыс, жақын шет елдерден әп дегенде Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарын тұрақтағандар Қарасай ауданына қайта қоныс аударуда. Бұл еліміздегі көші-қон саясатының дұрыс жүргізілмеуінен бе, әлде басқа себептері бар ма, түсіне алмадым».

«КҮДІКТІ ҚАМАУДА ОТЫР» 

Бір жақсы жері, Түркиядан келген қандастарымыз банктерден несие алмайды екен: «Несие алу – мұсылмандар үшін харам іс. 2007 жылдары Қазақстанда жұрт жекеменшік банктерден жаппай қарыз алуға көшкенде біз «тегін» борыштың соңы жақсылыққа әкеп соқпайтынын туыстарымызға ескерттік. Осының нәтижесінде, олардың бір де біреуі қазір басқалар сияқты қиналып жүрген жоқ». Әмин 25-30 арасындағы өзін-өзі қамтамасыз етуге қабілетті және қаржылық тұрғыда дербес жастардың үкіметтік емес ұйым құрып, жағдайлары нашар отбасыларға рухани және материалдық көмек көрсетуді көздеп отырғандарын айтты. Әминнен жырақтан қоныс аударған қандастарымыз туралы мағлұмат алғаннан кейін, марқұм болған Ақтар қарттың үйіне бардық. Бізді атаның жұбайы қарсы алды. Ресми құжат бойынша 1953 жылы туылған Үмбігүлсім апаның 7 баласы бар. Қазақстанға 2008 жылы отбасымен көшіп келген: «Мұнда үкіметтің көмегімен келдік (квота арқылы – Н.Ж.). Ұшақтан түскен бетте әуежайда қайда барарымызды білмей дағдарып қалғанбыз. Қайта мына Әминдерге телефон арқылы хабарласып, Қаскелеңге дейін жетіп алдық. Берген үйі де жоқ. Түркиядағы үй-жайымызды сатып, біраз қор жинап алып едік. Қолымыздағы 40 мың долларымызды осында ұрлатып алдық». Қазір тұрып жатқан үйі тұңғышы Нәзірдікі. Түркиядан келген ауқатты туыстарының қол астында жүрген Нәзір үйді солардан қарызға сатып алып, ақшасын ай сайынғы жалақысынан қайтарып жатқан көрінеді. «Үйдің құжаты әлі реттелген жоқ. Біреуге істі сеніп тапсырған едік. Ол ақшамызды алып қашып кетті. Өз-өзімізге келгенше екі жыл уақыт өтті. Сосын қаптап көмір, ағаш сатып, күн көріп отыр едік». Апаның әңгімесі қарашаңырағының иесін жұтқан сол қайғылы күнге қарай ойыса берді. Айтуынша, таңалакеуімнен күйбең тіршілікке араласып кету 68 жастағы Ақтан атаның ескі әдеті болған: «Беймезгіл уақытта жүрме деп қанша рет айттым. Тыңдамайтын. Сол күні таңғы намазын оқып болды да, медреседе жүрген кенже ұлымызды оятуды ескертті. Өзінің тауар алуға баратынын айтты да, үйден шығып кетті. Қалтасында 500 мың теңге мен 500 доллар бар еді. Мен төсекке қайта қисайған ем, көзім ілініп кетіпті. Ұялы телефонның шырылынан оянып кеттім. Ажымның телефоны екен. Дүкенде көмектесіп жүрген көрші бала: «Апа, ағам жұмысқа кетіп пе еді? Сағат сегіз болды, дүкен әлі ашылған жоқ қой» деді. Көңілімде күдік жоқ, мен: «Тауар алам деген, қазір келетін шығар» дедім де аса мән бермедім. Сағат 9 жарымдардың кезінде «дүкеннің кілті ағамда ғой, қайда жүр?» деп тағы хабарласты. Мен не айтарымды білмедім: «Ойбай, таң атпай қайда кетеді дейсің? Дүкенге кетті ғой бағана». Сәлден кейін үлкен ұлым телефон шалды: «Үйдің жанын қараңдар, мен мына жақтан іздестіре берейін». Көшеге шыққанда ағаштардың арасында отырған Ажымды киімінен таныдым. Терекке сүйенген күйі басы төмен салбыраған күйі отыр екен. Тұра жүгірдім. «Ойбай, Ажы, не болды? Жығылып қалдың ба? Тоңып қалдың ба?»… Жеткен бойда маңдайынан, басынан ұстап көре бердім. Қимыл жоқ не үн жоқ». Көз жасына ерік берген ананың аянышты халіне қарау қиын. Әрі ауыр. Егіле жылаған қалпы сөзін жалғастыра берді: «Үлкен ұлым тағы хабарласты: «Әкем қайда?» деп. Мен: «Таптық әкеңді, кел үйге, кел» дедім. Не болғанын түсіне алмай, Ажымды айналдырып қарай бергенде қалтасына көзім түсіп кетті. Қалталары түгел сыртқа аударылып қалыпты. «Ойбуууй, ақшаң үшін өлтіріп кетті ме, Ажы-ау! Ақшаң үшін өлдің бе!» дедім. Сөйтіп жатқанда балалар таксимен тез жетіп келді. «Жедел жәрдемді» де күтпестен, ауруханаға жөнелдік. Бірақ кешігіп қалыппыз. Ажым үзіліп кеткен екен».

«АРАҚ АЛУҒА АҚША БЕРМЕДІ» 

Үмбігүлсім апаның қолындағы бойжеткен қызы Айнұр екі жасында екі қабатты үйден құлап кетіп, жүйке ауруына шалдыққан екен. «Есікті кілттеп отырмасақ басы ауған жаққа кетіп қалуы мүмкін. Кейде күбірлеп, өзінен- өзі сөйлеп жүреді» деген кейуана мүгедек қызына мемлекеттен 20 мың көлемінде жәрдемақы алатынын айтады. «Жығылғанға жұдырық», Қаскелеңдегі зауытта жұмыс істеп жүріп, оң қолының сіңіріне зақым келген ортаншы ұлының да бір қолы жұмыс істемейтін мүгедек боп қалыпты. Жәрдемақы алу үшін тиісті орындарға құжаттарын тапсырып қойған, әлі хабар жоқ. Ол ұлы қазір әкесінің дүкенінде көмір сатып жүр. 15 жастағы кенже ұлы Қаскелеңдегі медреседен бұрын қатынап дәріс алған екен. Бірақ әкесінің өлімінен кейін анасы «беймезгіл уақытта далада жүрме» деп оны медресенің жатақханасына орналастырыпты. Дүниеге жеті бала әкелген Үмбігүлсім апа «Алтын алқаға» құжаттарын өткізіп қойған екен. «Төрт ай өтсе де әлі хабар жоқ» деген ол күні мүгедек ұлына қарап қалғанын айтып қынжылады. Қарасай аудандық әкімдігіне барғанда Үмбігүлсім апаның бұл мәселесіне байланысты да сұрақ қойғанбыз. Әбілбеков Қордай «Алтын алқа» мәселесі 4 айдың ішінде шешілетінін, апаның құжаты жуық арада қолына тиетінін айтты. Есесіне, баспана проблемасы өте қиын. Жер телімін беру мен тұрғын үй – күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе. Сондықтан қапияда қара жамылып қалған Үмбігүлсім апаның жуық арада баспаналы болуы неғайбіл. Үйден қоштасып шыға бергенде Үмбігүлсім апа бізге: «Қылмыскер ұсталса да, әлі кездесе алмай отырмыз. Бізге оның қамауға алынғанын, тергеу жүргізіліп жатқанын, сотталатынын айтып еді. Әлі күнге хабар жоқ. Ажымның ақшасын да таба алмапты. Маған салса, ол қанішердің екі қолын шауып алып, өмір бақи түрмеге қамар едім. Жан адаммен шәй десіп көрмеген, біреудің бетіне келіп, қатты сөз айтпаған Ажымды өлтірді жазықсыздан жазықсыз. Не кінәміз бар еді?! Қиналған адамға қолындағы соңғы тиынына дейін беруге дайын тұратын. Маған бір хабарын беріңдерші», – деді. Мәселенің анық-қанығын білу мақсатында сол күні Қарасай аудандық Ішкі істер бөліміне екі рет барған едік. Жауап алудың сәті түспеді. Тек ертесіне ғана Қарасай аудандық Ішкі істер бөлімі Тергеу жөніндегі бөлім бастығы, полиция майоры Тимур Қалиев телефон арқылы ақпарат берді. Оның айтуынша, 2011 жылдың 24 қарашасында Қарасай аудандық орталық ауруханасына жеткізілген Ақтар Қарадемирді қастандықпен өлтірген Қаскелең қаласында тұратын 1977 жылы туған күдікті қолға түскен. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 96-бап, 2-тармағы бойынша айып тағылған. Бүгінде тергеу жұмыстары аяқталуға жақын. Сот-медициналық сараптама қорытындысы дайын болған сәтте сотқа жолданады. Полиция қызметкерлеріне берген түсініктемесінде күдікті: «Арақ сатып алу үшін ақша сұрап едім, бермеді. Сосын өлтірдім» депті. Қылмыс жасаудан бұрын да қариядан қарызға көмір алған тепсе темір үзетін жігіт 68 жастағы қарттың ту сыртынан келіпті де, желкесінен бөтелкемен ұрыпты. Ақтар ата басынан алған ауыр жарақаттан есеңгіреп жерге құлап түскенде қалтасындағы ақшасын сыпырып алып, шалажансар күйде ағаштардың арасына апарып тастаған. Күдікті қолға түскен кезде марқұмнан тартып алған ақшаның қомақты бөлігін жұмсап қойғанын жеткізген. Арақ-шарап сатып алған, ақшаның бір бөлігін құрбысына сыйлаған, қалғанын далаға тығып кеткен. Алайда полиция қызметкерлері тергеу барысында күдікті айтқан жерден ақшаның қалған бөлігін таба алмапты.

ҚЫЛМЫСТЫҢ АРТУЫНА «АЛТЫН ОРДА» КІНӘЛІ МЕ? 

Жалпы, қазір Алматы облысы бойынша Қарасай ауданы қылмыстық деңгейi ең жоғары аудан болып саналады. Мұның себебін полициядағылар айтып бере алмады. Есесіне, әкімдіктегі бас маман Қордай Орынбайұлы былайша түсіндірді: «Түркіменстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Шешенстан, Қарақалпақстаннан уақытша тіркеуден өтіп, Қарасай ауданындағы «Алтын Орда» көтерме сауда базарында жан бағып жүргендер көп. Тіпті, елдерінен мүгедектерді алып келіп, қайыр сұрау арқылы нан тауып жүргендер көп. «Алтын Ордаға» кімдер келіп, кімдер кетіп жатқанын бақылап отыру өте қиын. Осыны пайдаланатындар кейде қылмыс жасап, елдеріне қашып кетеді. Базардың іргесіндегі «Іргелі» ауылында ұрлық-қарлық, тонау, қыз зорлау сияқты түрлі қылмыстық оқиғалар жиі кездеседі. Бұрын ауыл тыныш еді, қазір жағдай қиын». Әңгіме барысында Қаскелеңдегі қандастарымыздың бірі сонда тұратын Түркиядан келген азаматтарға қысым жасалатынын айтып шағымданған. Мысалы алдыңғы жылы Қаскелеңдегі темір шығаратын зауытта істеп жүрген 19 жастағы Әли есімді жігіт түнгі ауысымға жұмысқа кетіп, содан қайтып оралмаған (Әли – Түркиядан келген қандасымыз). Ертесі күні оның өлі денесін әріптестері зауыттан тауып алыпты. Ресми құжатта жігітті «ток соққан» деп көрсетілгенмен, туыстары «қасақана өлтірілген» деген күдік айтып отырған көрінеді. Құлағымызға жеткен тағы бір жайсыз хабар, 21-22-лердегі Махмұд есімді қандасымыз (ол да Түркиядан көшіп келген) Қаскелеңдегі шайханалардың бірінде отырған кезде жергілікті тұрғынмен керісіп қалыпты. Сонда әлгі жігіт екі сөзге келместен қалтасындағы тапаншасын суырып алыпты да, Махмұдты атып жіберіпті. Тым жақыннан атылған резеңке оқ оның шекесін жанап өтіп, құлағын мылжалағанмен, жігіт аман қалған. Өкінішке қарай, «Қарабазарда» кілем сататын Махмұдпен кездесудің сәті түспеді. Осы оқиғалардың мән-жайын тәртіп сақшыларынан білгіміз келген. Бірақ полиция майоры Тимур Қалиев аталған қылмыстық істерден хабарсыз екендігін жеткізді. Соңғы бір-екі жылдың көлемінде Түркиядан қоныс аударған қандастар тарапынан «Бізге күн бермей жатыр» немесе «қысым жасауда» тақілеттес арыз-шағым да түспеген көрінеді полицияға. Бұл мәселеге қатысты нақты шындықты жазуымызды өтінген Қарасай ауданы әкімінің бірінші орынбасары Қаныбек Айтжанов та Қарасай ауданында ешкімге қысым жасалмайтынын, азаматтардың құқығы тең, сондықтан бәрі заң жүзінде бірдей қорғалатынын баса айтты.

Нәзия Жоямергенқызы, Есенгүл Кәпқызы, «Түркiстанның» арнаулы тiлшiлерi