Жаңалықтар

БІРЛІГІМІЗДІҢ ТІРЕГІ – ТІЛ

ашық дереккөзі

БІРЛІГІМІЗДІҢ ТІРЕГІ – ТІЛ

Ұлтты бiрлiк сақтайды. Елдi ер ұйытады. Қоғамдағы тұрақтылық мен татулық ұрандары базбiреулерге жауыр тақырып болып көрiнетiнi рас, алайда бүгiнгi әлемде болып жатқан оқиғаларға қарасаңыз, бейбiт тiрлiктiң бағасы өлшеусiз екенi түсiнiктi болмақ.

Осы жылдары мемлекет қоғамда татулық пен тұрақтылықты сақтау үшiн бар күшiн салып келедi. Қоғамды алға сүйрейтiн үшiншi күштер – үкiметтiк емес ұйымдар желiсi дамыды, түрлi ұлттардың бiрлiгiн күшейту үшiн этномәдени орталықтар ашылды, жер-жиһаннан хабар алатын ұлттық ақпарат құралдары жұмыс iстеп жатыр.

Ұлттың бірлігі ұшқары мәселе емес. Шындығында, жиырма жыл ұлттың мәңгі ұйысуы үшін жеткіліксіз уақыт болуы да мүмкін. Сондықтан да бұл саладағы ауқымды жұмыс әлі де жалғаса түсуі тиіс.

Мемлекеттік тіл саласында өгіз аяңмен жүріп келе жатқандай көрінуіміз де ғажап емес. Түрлі этностардың басын қосқан қоғамда бұл мәселеде айрықша сабыр керек екенін түйсінетін кез жетті. Өгіз аяң болса да, өзгеріс бар. Мысықтабандап болса да, мемлекеттік тіл өз мәртебесін мойындатып келеді.

Мемлекеттік тіл Қазақстанды мекендеген барша тұрғындарды біріктіретін, ұлтты ұйыстыратын факторға айналу үстінде. Бүгінгі таңдағы мемлекеттік саясаттың көздегені – осы. Бұл саладағы игі жаңалықтарды көрмеу – көпе-көрнеу бұра тартумен тең.

Біріншіден, мемлекет 2011-2020 жылдарға арналған Тілдерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын қабылдады.

Осы бағдарлама аясында 2020 жылға қарай елдегі мемлекеттік тілді меңгерген азаматтар саны 95 пайыздан асса, орыс тілін білетіндер саны 90 пайызға жетіп, ағылшын тілін меңгергендер қатары 20 пайызды құрауы тиіс.

Екіншіден, соңғы жылдары қазақша тәлім-тәрбие беретін балабақшалар саны елде күрт өсті. Қазір олардың ұзын ырғасы 1178. Оның үстіне, орта білім беру мектептерінің жартысынан көбі мемлекеттік тілде оқытады.

Әрине, мемлекеттік тілді дамыту басқа этностар тілін шеттету деген сөз емес. Республикада қазір 190 жексенбілік мектепте отыздан астам этностың тілі оқытылады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ­стандықтардың бәсекеге қабілетті болуы үш тіл білуінде – қазақ, орыс және ағылшын тілін меңгеруінде деп санайды.

Мемлекеттік органдарда, елдің қоғамдық өмірінде мемлекеттік тілді қолдану аясын күшейту заң талабы аясында, әлеуметтік-демографиялық құбылыстарға сай жүзеге асуда.

Бұл үшін оқу орындарында қазақ тілін оқыту сапасын арттыра түсу керек. Мемлекет азаматтардың балабақшадан университетке дейінгі аралықта мемлекеттік тілді үйрету бағдарламасын жасап, оны қолданысқа енгізбек.

Мемлекет елдегі әлеуметік-экономикалық саланы дамытып, рухани-мәдени құнды­лықтарды кең таратуға күш салуда. Қоғамдағы ғылым-білім, шығармашылық пен өнер адамдарына деген құрмет артып келеді. Оларға берілетін мемлекеттік қолдаудың салмағы арта түсуде.

Мемлекеттің басты байлығы – адам. Оның білімі, таланты, денсаулығы, бақуаттылығы мемлекеттік өсіп-өркендеуінің кепілі болмақ. Сондықтан да мемлекет өз азаматтарының дені сау болып, жайлы тұрмыс кешуіне, сапалы білім алып, пайдалы кәсіп игеріп, ел игілігі үшін қызмет етуіне жағдай жасайды.

Ұлттың адам капиталын дамытуға ден қойған мемлекеттердің бәрі бүгінде дамыған, алдыңғы елдер қатарында.

Мұндай елдер ең әуелі білім беру саласын дамытуға ден қойған. Қазақстан да егемендік алған уақыттан бері ұлттың интеллектуалды қабілетін арттыруды қолға алды. Тоқсаныншы жылдардың әлеуметтік-экономикалық қиындықтарына қарамастан, президенттік «Болашақ» бағдарламасы ашылды. Осы он жеті жыл ішінде бұл бағдарлама бойынша 3,5 мыңдай талантты жас шет елдердегі маңдайалды жоғарғы оқу орындарында білім алып, Отанына оралды.

Бүгінгі таңдағы Индустриалды бағдар­ламаның бастамашысы болған осы «бола­шақтың» жастары. Әзірге көзге ілін­бей жатқан қаншама қажырлы еңбек бар де­сеңізші! Шындығында, бұл мемлекеттік бағдарламаның шын жемісі ендігі он-жиырма жылда ғана айқын болмақ. Өйткені мамандардың айтуынша, адам капиталына салынған ұзақ мерзімді стратегиялық жобалардың қайтарым мерзімі жиырма-отыз жыл деп есептелінсе керек. Сол кезде «Осы президенттік стипендияның не керегі бар?» деген күйкі әңгімені қоздырушылардың аузына құм құйылары сөзсіз.

Қазақстан адам капиталы сапасына аса назар аударып отыр. Білімді де білекті ұлттың экономикасы түзеліп, әлеуметтік ахуалы жақсарады, онда рухани сала да жаңарады. Басқаша айтқанда, мемлекет адам капиталын дамыту арқылы әрбір қазақстандықтың өмір сүру деңгейін арттыруды көздейді.

Оның үстіне, мемлекет жастарды шетелдерге білім алу үшін жіберумен қатар елдегі білім беру саласын әлемдік деңгейге сай дамытуды шындап қолға алды. Бұл саладағы реформа жоғары білім беруді ғана емес, бала-бақшадан университеттерге дейінгі барлық сатыны қамтиды.

Мемлекет әрбір қазақстандықтың сапалы білім алуын, білім берудің барлық сатысында әлемдік стандарттарға сай алдыңғы қатарлы бағдарламалардың жүзеге асуын қамтамасыз етеді.

Бұл сөздердің дәлелі ретінде былтыр республикада 343 мектеп ашылып, 49 техникалық және кәсіби мамандық беретін оқу ордасы салынғанын, ал денсаулық сақтау саласында 145 нысаны іске қосылғанын айтсақ жеткілікті болар. Ресми деректерге жүгінсек, мектепке дейінгі мекемелер саны бір жылда 4000-ға артты.

Қазақстандағы білім беру саласы жылдан жылға халықаралық стандарттарға сай даму үстінде. Әлемдік деңгейдегі «Назарбаев университеті» мен зияткерлік мектептер, 5 ұлттық ғылыми лаборатория мен жоғарғы оқу орындары жанындағы инженерлік саладағы 15 лаборатория жұмыс істейді.

Қазір елдегі өмір сүру ұзақтығы екі жылға артты. Мамандардың айтуынша, ана өлімі алпыс пайызға, бала өлімі жиырма алты пайызға азайған.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі түрлі форумдар мен жиналыстарда айтқан сөзінде қазақстандықтарға жалпы сипаттама беріп жүр. Осындай бір жиында Елбасы қазақстандықтардың жас буыны туралы «қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгерген, әлеуметтік жағынан белсенді, мобильді, өзгерістерден қорықпайтын ұрпақ» деген еді. Бұл сипаттаманы қазірдің өзінде көптеген жастарға телуге болатын сияқты.

Жалпы алғанда, Қазақстан деген мем­лекеттің тұрғындары жоғары білімді, ден­саулығы мықты, жауапкершілігі жоғары, рухани кемел, тұрмысы жақсы әрі өмірде жетістікке жеткен азаматтар болуға әбден лайықты. Жас мемлекеттің ендігі даму жолы да осындай ізгі мақсаттарға сай.

Темiрбек АСАН