РЕСЕЙЛІК МҰСЫЛМАНДАР КРИШНАИТТЕРГЕ ҚАРСЫ. АЛ БІЗДЕ?

Ресейлік мұсылмандар кришнаиттер іріткісіне жол бергісі келмейді. Жалпыресейлік мүфтияты атқарушы комитетінің бастығы Мұхаммедғали Хузин ресейлік билікке мәлімдеме жасап, онда кришнаиттік ұйымдардың қызметіне бірауыздан тыйым салу керектігіне шақырған.

Бұдан бұрын Томск аудандық соты «Бхагавад-гита как она есть» деп аталатын кітапты экстремистік бағытта деуден қашыпты. Ал бұл кітап шын мәнінде, кришнаиттердің діни уағызын насихаттайтын бірден-бір құрал екен. Мұның алдын алуға тырысқан Мүфтият басшылары ресейлік биліктің бұл мәселеде өте қатаң болуын және ешқандай арандатушылыққа жол бермей, аталмыш кітаптың таралуына тыйым салу керектігін баса ескертеді. Тіпті 2004 жылы кришнаит өкілдері Солтүстік Кавказ бен Абхазия республикаларында дінаралық қақтығысты қоздыру әрекетіне барып, Ресейдің дәстүрлі дініне қол сұққаны үшін ұсталған көрінеді. Бірақ та қанша мәрте ескерту жасалса да, олар арандатушылық істерін доғармаған.

Ал Томск прокуратурасы «Бхагавад-гита как она есть» кітабын экстремистік бағыттағы кітап екенін дәлелдету үшін сотқа жүгінген. Әрі бұл кітап ресейлік жоғары оқу орындарындағы философия факультетінің әдебиеттер тізіміне кіреді екен. Арнайы бақылау мекемесінің мәліметінше, бұл кітаптың мазмұнында дінаралық алауыздықты қоздыру және адамның ар-ожданын оның жыныстық белгілеріне, ұлтына, тіліне, түп-тамырына, дінге деген қарым-қатынасына қарай төмендету белгілері байқалған. Десе де, Томск соты түптің-түбінде бұл істі қайтарып беруге мәжбүр болыпты. Бұл жағымды жаңалықты Үндістандағы саясаттанушылар мен қоғам қайраткерлері ести сала: «Сот шешімі өте дұрыс. Себебі «Бхагавад-гита» («Құдай әні») ежелден сақталып келген діни-философиялық трактат» деген қуанышын жасырып қалмапты.

Дәл осы «Кришна санасы» қоғамының өкілдері бір жылдары Қарасай ауданындағы 47 гектар жерге қожалық етіп, ақыр соңында сот арқылы жерді қайтарып алу туралы шешім шыққаны есте. Тіпті сот шешімі оларға басқа жерден жер телімін беру жағын да қамтамасыз еткен болатын. Соған қарамастан «Кришна санасы» 47 гектар аумақты босатуға асықпағаны нағыз астамшылық емес пе? Ол аздай, былтыр Алматының «Көк базар» маңайында кришнаиттер керуені қаланы басына көшіре даңғырлатып, әндерін салғанда да «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» табылмады. Әншейінде қоғамдық орындардағы өрескел әрекеттерге қашан да сақ жүретін полицейлер де ләм-мим демеген. Есесіне, әнін әндетіп, аяғын алшаңдай басқан кришнаиттер өз ағымын уағыздап жүр.

Ал ресейлік мұсылмандар кришнаиттерді тайраңдатпақ тұрмақ, «Бхагавад-гита как она есть» кітабына тыйым салу мәселесіне қозғау салуда. Біз болсақ, оларға уағызын қамнен-қаперсіз жүргізіп, қазақ жастарының санасын улауына ерікті түрде жол беріп отырмыз. Осындайда Ресей Қазақстан секілді зайырлы мұсылман мемлекеті болса, кришнаиттердің алшаңдап басып, ойындағысын істеуіне жол бермес пе еді деген ой қылаң береді.

19.01.2012

Динара ДҮРМӘН

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button