ҚАЗАҚ КИНОСЫ ШЕТЕЛДIК БАЙҚАУДА БАҚ СЫНАЙДЫ
ҚАЗАҚ КИНОСЫ ШЕТЕЛДIК БАЙҚАУДА БАҚ СЫНАЙДЫ
Қазақстандық режиссер Нариман Төребаевтың «Шуақты күндер» фильмі 2012 жылдың 27 қаңтар мен 6 ақпан аралығында өтетін Гетеборгтағы (Швеция) «Бес құрлық» халықаралық кинофестивалінде бақ сынамақшы. Бұл ақпаратты «Қазақфильм» киностудиясының баспасөз қызметі таратты. Аталмыш фильм Локарно қаласында өткен Халықаралық Premio Boccalino кинофестивалінде тәуелсіз журналистер мен киносыншылардың арнайы жүлдесін иеленген болатын. Сондай-ақ осы кинокартинасы үшін Нариман Төребаев VII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінде үздік режиссура номинациясында үздік деп танылды. «Шуақты күндер» фильмінің сценарий желісіне жалғызбасты жігіттің өмірі арқау болған. Фильмдегі кейіпкерлер рөлін Ерлан Өтепбергенов, Гүлжан Қалыбаева, Дмитрий Скирта, Іңкәр Әбдіраш, Төлепберген Байсақалов, Ерболат Тоғызақов, Әсел Қалиева, Оңдасын Бесікбаев сынды актерлер сомдайды. Бұған дейін де өз шығармалары үшін халықаралық байқаулардан олжалы оралып жүрген бауырымызға бұл жарыста да қанжығасы майлы болуын тілейміз.
«Түркiстан-ақпарат»