Жаңалықтар

ДИМЕКЕҢНІҢ СОҢҒЫ ӨСИЕТІ ДЕП САНАСАҚ...

ашық дереккөзі

ДИМЕКЕҢНІҢ СОҢҒЫ ӨСИЕТІ ДЕП САНАСАҚ...

Қазақ халқының шежіресі мен ғибратты тарихында уақыт өткен сайын еңсесі биіктеп, асыл бейнесі Алаштың асқарына айналатын дара тұлғалар бар. Ұшарбасы көк тіреген шыңдардың аз болатыны сияқты, олар да қадау-қадау. Сондай дүниеге бір келер жандардың бірі де, бірегейі туғанына 100 жыл толған – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев!

Қазақстан мен қазақ халқының соқтықпалы, соқпақсыз тұтас бір дәуірінің көшбасында тұрған, еліміздің дамуына, руханияты мен мәдениетіне, ғылымының жаңа белестерге самғауына орасан зор үлес қосқан ақиық азамат. Д.А.Қонаевсыз қазақ даласын көзге елестету мүмкін емес, ол азаматтың аты аталмаса – тарихымыз жартыкеш. Осы орайда жазушы Болат Бекжановтың «Асқақ Алатаудай айбарымыз еді» атты мақаласын оқырмандардың назарына ұсынған «Түркістан» газеті, (№32, 11 тамыз, 2011 жыл). Автор 1992 жылғы маусым айының мамыражай күндерінде Д.А.Қонаевпен 3 күн сапарлас болып, ол кісімен дидарласқан күндерін еске алыпты, аты аңызға айналған халқымыздың біртуар ұлының қарапайымдылығына, кішіпейілдігі мен бір көріп, бір есіткенін естен шығармайтын қасиетіне таңғала сипаттама берген екен.

Болат Бекжановтың өз сөзімен айтатын болсақ, сапар соңында Жамбыл-Ұланбел жолында қоштасар сәт келгенде, Димекең ішкі бір соңғы өсиетін айтқан сияқтанады.

«…Бiз сол жерде Димекеңмен қош айтысып едiк. Сүлiктей қара машинаның қасында сол баяғы ақшулан тартқан басы, қашан да, кiмнiң де бiрден назарын аударып, айналасындағылардан оқшау озып тұратын қалыпты көрiнiсiмен, көзiн көрген, сөзiн естiгендердiң құлағында қалған жағымды, майда әуездi үнiмен, «Р» әрiпiн айтқандағы өзiне ғана тән, өзiне ғана жарасатын мүдiрiстi мәнерiмен:– Сау-сәламат болып тұрыңыздар, тумаларым. Мен осыдан мiне, былай қарай Қаратауға барамын, одан әрi Бәйдiбек бабама барамын, ары Түркiстанға кетем, – деген едi саңқылдап тұрып. Бұл – мен естiген, менiң құлағымда қалған асыл ағаның соңғы үнi, соңғы көруiм екен.

Әттең-ай, дүние-дүрмекпен жүрiп асыл адамның арманын аңғармай қалған жоқ па екенбiз?», – деп ойлаймын. Таяуда ғана Түркiстанға барғаным, Қожа Ахмет Иассауи кесенесiн аралап келе жатып кенет, Абылайхан көктасын көрiп еркiмнен тыс тiзерлеп отыра кеткенiм, бет сипап iштей дұға еткенiм есiме оралады. Димекең неге дәл осы жерде тұрып, Бәйдiбек бабама, Түркiстанға барамын дедi екен. Әр сөзін ойланбай айтпайтын әулие адам неге дәл осылай деп жұмбақтады екен. Осыны тым терең ойлап қарасақ қайтер еді?».

Димекеңнің мәйітін орнынан қозғал­тпай-ақ, қабірінен топырақ алып келіп Түркіс­тандағы Яссауи кесенесінің іші­не құлпытас орнатса, жан-жақтан кел­ген бүкіл халық, қазақтың марқасқа пер­зентіне тізе бүгіп, мінәжат дұғасын бағыштайтынын ескергеніміз дұрыс болар еді. Сонда ғана кейінгі ұрпақтарымыз қазақ­тың маңдайалды перзенттері бол­ғанын мақтан тұтар еді. Бұл шара көп қаржы қажет етпейтіні өзінен-өзі түсінікті. Осы­лай еткен күнде ұлық адам алдындағы азаматтық борышымыз өтелген болар еді деп ойлаймын.

Түсіністікпен қарап, парасатпен ойлай білген адамға Димекеңе көр­сетілер 100 жылдағы құрметіне көрсетілген ең басты да, ең ұлы қызметі болып саналар еді.

Исламды бізден артық білмесе кем білмейтін, өзбек ағайын Ташкент қаласындағы көпшілік қабырстанға жерленген Шараф Рашидовтың мәйітін әулие бабалары жатқан Жизақ жеріне апарып қайта жерлегенін азаматына деген құрметі мен ізеті деп түсіндік. Аса мәртебелі аяулы да сүйікті ел ағасы Димекеңнің қазіргі жерленген жалпы қорым Кеңсайға бүкіл қазақ жиі бара бермейді. Ал Түркістанға бүкіл түркі дүниенің мұсылмандары күн құрғатпай ағылып келіп жатқанын күнделікті көріп жүрміз».

Олай болса жазушы Болат Бек­жановтың ұсыныс-пікіріне, жал­пы мұсылман дініндегі Қазақстан мемлекетінің тұрғындарының көбі қолдау білдірер деген үмітім бар.

19.01.2012

Айткүл КЕРIМБЕК

Оңтүстік Қазақстан облысы,

Отырар ауданы