ЛАТЫШТАР БІЗ ЕМЕС ҚОЙ...

ЛАТЫШТАР БІЗ ЕМЕС ҚОЙ...

ЛАТЫШТАР БІЗ ЕМЕС ҚОЙ...
ашық дереккөзі

Латвияда кейбіреулердің орыс тіліне екінші мемлекеттік тіл мәртебесін беруге байланысты үгіт-насихат жұмысын жанталаса жүргізіп жатқанын естідік. Ресми тілді төрге оздыру үшін қол жинаған «За родной язык» қоғамының бас­тамасын жергілікті орыс ұл­тының өкілдері бірауыздан қол­паштайтын көрінеді.

Орыс тілінің шашбауын көтеріп, оған мемлекеттік тіл мәртебесін беруге жандәрмен кіріскен топ 154 мың қолды жинасақ, ойдағымыз орындалады деген болатын жыл соңында. Бір қызығы, олар межеден асып түсіп, 180 мың дауысқа иелік еткен. Яғни әуелгіде тұрғындардың 10 пайызының даусы жеткілікті делінсе, белсенді топ 12 пайыз дауыс жинап үлгерген. Бұл көрсеткіш Конституцияға өзгерістер енгізіп, Латвияның парламентіне заң жобасын ұсынуға әкелетін алғашқы баспалдақ еді. Парламенттің заң жобасын қабылдауға да, кері қайтаруға да мүмкіндігі бар. Бірақ та соңғы нәтижелер бойынша, заңнамалық құжаттарға сәйкес, бұл мәселе референдумға қалдырылды. Сонымен жергілікті орыс­тілділердің арманына айналған бұл референдум ақпанның 18-інде өтетін көрінеді. Орталық сайлау комиссиясының бастығы Арнис Цимдарстың айтуынша, бұл референдумды өткізу үшін Латвия шамамен 3,4 миллион доллар жұмсауы тиіс. Соған қарамастан Латвияда көпшілік жұрт орыс тіліне екінші мемлекеттік тіл мәртебесін беруден бас тартыпты. Бұған әуелі Латвия президенті Андрис Берзиньштің өзі алғаш боп үлгі көрсеткен. Ол тіпті, орыс тілі екінші ресми тіл дәрежесіне ие болса, отставкаға кететіндігін айтып, уәде беріпті. «Мен орыс тіліне мәртебе беруге байланысты референдум өткізуге қарсымын. Латвияда бір ғана мемлекеттік тіл бар, ол – латыш тілі!» деп кесіп айтты президент. Ал Еуропарламент депутаты Кришьянис Кариньш: «Латвияда орыстілділермен күресуді доғару қажет. Керісінше олардың қауіпсіздікті сезінуіне қол жеткізіп, Латвиядағы орыстарды біртіндеп ассимиляцияға ұшырату керек» депті бір сұхбатында. Ол сон­дай-ақ, «Өзім Латвиядағы орыстілділермен көп әңгімелесіп тұрам. Бір қызығы, олардың Отаны – Ресейге асығатын түрі жоқ. Бәлкім, бізде өмір сүру әлдеқайда жақсы шығар. Бірақ та біз оларға қолдау көрсетіп тұруымыз керек. Олар – мәскеулік орыстар емес, біздің орыстар», – депті ойын әріге сілтеп. Бір жағынан Кришьянис Кариньш мырзаның сөзінің жаны бар. Бағзыдан тұрақтанып қалған орыс­тар Латвиядан кетіп қалады деуге сену қиын. Саясаткер айтпақшы, бәрін де үндемей жүріп бітіру керек сияқты. Тағы да Кришьянис Кариньштың пікірінен бір мысал. «Егер мен француз немесе неміс болғым келсе де, бола алмаймын. Ал егер сол мемлекеттің біреуінде тұрсам, балаларым сол жақта өсіп, тәрбиеленсе, олар міндетті түрде ассимиляцияға ұшырайтын еді. Бізге осы жерде туған, болашақта латыш болып өсетін орыстар керек. Кез келген адам интеграцияның ассимилияцияға әкелетінін түсінуі қажет. Сондықтан да біздің мақсатымыз – олардың баласын ассимилияциялау» депті мәселенің басын ашып. Бар шындық осы. Латвияда таяу жылдары бәрі де латышқа айналатынына еш күмән жоқ. Өйткені латыштар біздер сияқты жалтақ, табансыз емес қой. Ал орыс тіліне – екінші мемлекеттік тіл мәртебесін беруге білек сыбана кіріскен Владимир Линдерман сияқты саясаттанушылардың әрекеті езуге күлкі үйіреді. Дәл осы саясаттанушының образындағы жандайшаптарды өз елімізден де кездестіріп жүрміз күн сайын. Былтыр іштен шыққан жау­лар «ҚР-ның кейбiр заңнамалық актiлерiне мемлекеттiк тiл саясаты мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Заң жобасындағы қазақ тілінің қадірін арттыратын кейбір талаптарға қарсы шығып, өре түрегелді. Ал Мұхтар Шаханов бастаған тіл, ұлт жанашырлары Конституциядағы «Орыс тілінің мемлекеттік тілмен қатар қолданылады» деген 7-баптың екінші тармағы алынып тасталуы керек» деп мәлімдеме жасап, Президентке жолдаған-ды (Бұл БАҚ-та 138-дің хатымен таралып кетті). Алайда қанша жерден шырылдасақ та, бұдан нәтиже шыға қоймады. Көпшіліктің пікірі – «Мем­лекеттік тіл туралы» Заңның қабылдануы керек дегенге саяды. Сонда ғана мемлекеттік тіл – қазақ тілі өзінің заңды мәртебесіне ие болатыны сөзсіз. Мұны кейбіреулер «бұл – орыс тіліне қарсы тұру» деп түсінеді. Бұл мүлдем қате пікір. Керісінше бұл қазақ тілінің заңды тұғырына қонуына жасалатын құқықтық қадам. Бұл күнге қазақ елі қашан жететінін кім білсін?! Бір белгілісі, мемлекеттік тілдің тасын өрге домалататын істерді Еуропарламент депутаты Кришьянис Кариньш айтқандай, айқаймен емес, іспен атқару керек сияқты.
19.01.2012
Жәнiбек ӘШIМ