Жаңалықтар

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАУҚАРСЫЗ ИНТЕЛЛИГЕНЦИЯСЫ

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАУҚАРСЫЗ ИНТЕЛЛИГЕНЦИЯСЫ

Қазақ интеллигенциясының ішкі кем-кетігіне көз жеткізу үшін екі нәрсені білу керек. Біріншісі, зиялылар-интеллигенция дегеніміз кім? Екіншісі, кеудесін соққан қазақ зиялы-интеллигенциясының қоғамдағы бет-бейнесі.

Бірінші сауалға келетін болсақ, интел­лигенцияның мәнін кіргізген интеллект – ол ең алдымен Құдайдың адамға берген сыйы. Малдан айырмашылығымыз да сонда – жақсы-жаманды айыра білуімізде. Ал нағыз зиялылық – озық оқу-тоқумен, жақсы тәрбиемен келетіні анық.

Интеллигенцияны жеке оқыған топ ретінде, яғни тап ретінде бөліп қарау маркстік-лениндік тәсіл. Содан бері олар қоғамның алдыңғы қатарындағы зиялы, оқымысты топ ретінде айқындалып келеді. Олардың артықшылығы да, кемшілігі де осы топ болып айқындалып, бөлектенуінде. Екінші сауалымыздың да түйіні осы жерден көрінеді. Олар бірауызды, тастүйін топ ретінде қоғамдағы келеңсіздіктерге қарсы тұра білсе, кімді болса да өзімен санастыратын, қоғамды жетілдіретін көшбасшылар болмақ, ал қоғам кемшіліктеріне көз жұма қараса – халықты адастыратын күш.

Енді осы оқыған-тоқыған білімді қазақ зиялылары–интеллигенциясының қалың тобы Азаматтық пікірін айтып, Адамдық ойын білдіріп, мемлекеттік, ұлттық, саяси, басқа да қоғамдағы тұрмыстық, тәрбиелік келеңсіздіктерге топ болып араласып жүр ме? Қарапайым адамның өзін толғандыратын, ойландыратын істерге топ болып кіріспек түгіл жеке бастары бей-жай қараса, оның себебі неде? Олай болса, олардың жақсы-жаманды айыратын тәрбиелілігі мен оқығандығы қайда? Бұл – саясатшылар мен қарапайым қалың қазақты да толғандырып жүрген сауалдар.

Кезіндегі Абайдың жалпы қазақты аулақ болуға шақырған, яғни қазақтың бойында бар кемшіліктер: “Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ” дегені бүгінгі қазақ интеллигенциясының бойында молынан ұшырасады. Оған қоса интеллигенция бойында жүре келе пайда болған кемшіліктер жетерлік.

Оның алғашқысы – өзімшілдік. Оның екі жағы: жақсы, жаман жағы бар. Өзімшіл­дік қазақтың табиғи қасиеті десе де болады. Себебі қазақ шығармашыл халық. Технократтық салқындыққа кеш ұрынған, таза табиғаттан кеше ғана ажыраған ха­лық шығармашылыққа өте жақын. Ал шығармашылдық қасиет халықты өзім­шіл, өршіл қылады. Бұл – жақсы жағы. Жаман жағы, қазақ құлдық дәуірді (пат­шалық Ресей, кеңестік Ресей) басынан өткізген кезеңде құлдық сырын жасыру үшін өр өзімшілдікті ешнәрсені түсінуге қабілетсіз дүлей өзімшілдікке айырбастап алған. Ол келе-келе бүгінгі күні өзінен басқаны мойындауға қабілетсіз тоңмойын өзімшілдікке айналды. Ол бүгін біздің ақсақалдарымыз бен қара сақалдарымыздың, тіпті қырма сақалдарымыздың бойында тоң болып сіресіп тұр. Кезінде Ресей патшасы қазақтың осы өзімшілдігін (жақсы да, жаманын да) пайдаланып, қазақтың дәстүрлі билік заңдылықтарын бұза отырып, жаңа жүйе қалыптастырды.

Осыдан қазақ оқығандарының, ин­тел­лиген­циясының билікқұмарлық, шен­құмарлық қасиеті келіп шықты. Бұндай келеңсіздіктерге кезінде саналы түрде қарсы шыққан Алаш данышпандарын большевиктер түгелдей көзін жойды. Содан кейін кеңес заманында кім көбірек өз ұлтына, мәдениетіне, діліне, дініне қарсы шықса, соны бастық қылды. Бүгінгі күнгі бастық тағайындау әлі сол дәстүр бойынша жалғасып келе жатқанын өз көзімізбен көріп отырмыз. Шенеуніктерді былай қойғанда, еркін ойлайды деген ақын-жазушыларымыздың өздері кеңес дәуірінде газет, журналдың, баспаның редакторы болып, есебі түгел деп санайтын. Олардың біразы балаларының бойына осы қасиеттерді сіңірді. “Балам, орысша оқы, адам боласың” деп саналы түрде тілін, ділін орысшыл билікке айырбастады. Балаларын Мәскеуде, Ленинградта, т.б. қалаларда оқытты, орысшыл білім әперді. Кейбірінің балалары отбасында алған тәрбиелері бо­йынша қайткенде бастық болу, әкесінің ісін жалғастыру немесе бастық болуды армандаған әкесінің “өзім жетпегенге балам жетсін” деген ұстанымын бойларына сіңіріп өсті. Жиырма жылдық тәуелсіздіктің кезінде басым көпшілік болып солар билікке келді. Қазір ел билеп отырған солардың ұрпақтары. Бірақ олардың ойында ел, жер қамы емес, билік құру ғана бар сияқты.

Зиялылар (ақын-жазушылар, биліктегі зиялылар, техникалық зиялылар) халықтың алдында “халқым, елім, жолыңа құрбан болайын, бойымдағы барымды сен үшін беріп жатырмын” десе, үйінде биліктегі баласына немесе билікке дайындалып жүрген көзінің ағы менен қарасына: “Халықты қайтейін деп ең, бас­тысы қызметіңнен айрылып қалма” деп жиі қайталап отыратын күйге түсті. Бұдан қазақ зиялысымын деген кейбіреулердің халық алдындағы екіжүзділігі келіп шығады. Тіпті бір отырыстың басында Мәке, Сәке деп отыратын екі оқығанның немесе бәсекелес жазушының былай шыға бере бірін-бірі “енеңді ұрайын…” деп сыпыртып жатуы қазір қалыпты жағдай сияқты. Көзіне мақтап, сыртынан домалақ арыз жазатын әдеттері өткен дәуірден бүгінгі дәуірге ауысып, асқынып кеткен. Мектеп зиялыларының (мұғалімдері) көбі де өз пікірінен айрылып, басшыларының, биліктің сойыл соғарларына айналған. Олар да мектеп табалдырығынан бастап балаларды екіжүзділікке үйретедіСөйтіп, қазақ интеллигенциясының екіжүзділігі бара-бара беті бүлк етпейтін, дос түгіл түгелдей ұлтты сататын сатқындыққа айналды десе болады.

Большевиктік аумалы-төкпелі қырғын заман кезінде аман қалу үшін досын сатуды әдетке айналдырған базбір қазақ интеллигенциясының өкілдері мен оның ұрпақтары қылмыстарын жасыру үшін биліктің алдында жағымпазға да айналды. Жағымпаздық та бүгін өзінің “әдемі жалғастығын” тапқан. Бұл әдет бүгінгі күні тіпті, кәсіпқойлық дәрежеге жетті. Бастық болу үшін әуелі жағымпаздықтың қыр-сырын білу керек. Білмесең үйрену керек. Соңғы жылдар ішінде жағымпаздық тіпті, іргесі берік жаңа ғылымға айналды. Оның психологиясы, тілі, ділі, этикалық-эстетикалық, ар-ождандық кеңістігі танылып, анықталды. Жоғарыда айтылғандай басшылыққа, билікке түрлі жолдармен келген, іргетасы осал жас зиялылардың, жалпы қазақ интеллигенциясы қырықтан асқан өкілдерінің көпшілігінің жаңа заманға икемсіздігі де анық байқалды. Олар бұрынғы “әзір асқа, тік қасық”, коммунистік партияның бәрін дайындап беруіне әбден үйренгендер еді. Енді олар өздерінің өрелері төмен екендігін білгендіктен Ресейге қайтадан жалтақтауды бастады. Бұл жаңа өмірге өзінің барар жолы жоқ қазақтық басшылық пен оның қосшылығында жүрген қазақ интеллигенциясының шарасыздығынан пайда болған жол. Олар бәрін біреу жасап бергенге үйренген. Әйтпесе өз экономикасының бәсекелестігін қамтамасыз етпей тұрып, тәуелсіздік рухының мызғымастығын орнықтырмай тұрып, аюдың аузына түсуге жанталаса ұмтылуды қалай түсінуге болады. (Еуроодақ бұл мәселеде жиырма жылдан артық ақылдасты.)

“Өзің білме, білгеннің тілін алма” де­ген қазақ халқының тұжырымы бар. Бүгінгі қазақ интеллигенциясы-зиялыларына дәл айтылған. Олардың жаңа заманға икемі келіп, адал жолмен іс баста­ғандарды, ел жақтаған азаматтарды көре алмаушылығы бүгінгі күні нағыз кертартпа қасиеттерінің бірі. Басқаны қойғанда, қазақ зиялылығының рәмізіне айналған қазақ ақын-жазушылары бір-бірінің жеке басын, бір-бірінің шығар­машылығын көре де, бағалай да білмейді. Ең ақыры, қазақ тілінің жайын айтып, қамын жеуге бас­тары бірікпейді. Тірі жүрген екі мыңдай ақын-жазушы Ақорданың алдына тобымен барып, қазақ тілінің мүшкіл қалін оңдауды талап етсе, тіл баяғыда-ақ басқа деңгейде болар еді.

Сондай-ақ жоғарыда санамалаған кемші­ліктерін жасыру үшін қазақтың әкімшілік, шығармашылық, мәдени, оқу салаларындағы зиялылары бөспеге айналған. Жоқты бар қылып, шамалы жетістікті көрсетуге келгенде су төгілмес жорғадай. Қазақ мектептері салынып жатыр, тіл мәселесі жуық арада шешіледі дейді. Ал жаңа мектептерді бітіріп жатқан оқушылардың түгелге жуығы “Абай жолы” романының бір сөйлемін оқып түсінбейтіні, басым көпшілігінің не қазақ, не орыс емес болып шығып жатқандары оларды толғандырмайды да. Айналып келгенде әлі де кеңес заманындағыдай жалған ақпарат, көпірме сөз.

Ел мен жердің жайына оқымаған қарапайым қазақтың өзі алаңдап жүргенде, қазақ интеллигенциясының қалың елдің артында бұғып жату себебінің осылайша сегіз қырын анықтаған да сияқтымыз. Қорыта келгенде, қазақ интеллигенциясының үнсіз жатуының негізгі сыры – Азаматтық пікірі мен Адамдық бет бейнесінің жоқтығынан. Ол болу үшін: тоңмойын өзімшілдік, билікқұмарлық, жағымпаздық, екіжүзділік, сатқындық, икемсіздік, көреалмаушылық, бөспеліктен арылу керек.

19.01.2012

Болат ТӨЛЕПБЕРГЕНОВ