Жаңалықтар

ҚЫРҒЫЗДАР ШЕНЕУНIКТЕРДI ҚЫСҚАРТУДА

ашық дереккөзі

ҚЫРҒЫЗДАР ШЕНЕУНIКТЕРДI ҚЫСҚАРТУДА

Қырғызстандықтар үшiн жаңа жыл жайбарақат басталды. Биыл мемлекеттiк мекемелерде жұмыс iстегендер 31 желтоқсаннан бастап қатарынан тоғыз күн дем алып, 9 қаңтарда қызметке шықты. Бiрнеше жыл бұрын 7 қаңтар ресми мейрам болып белгiленгеннен бастап, Ресейден үлгi алған Қырғыз Үкiметi арнайы қаулымен жыл басында онкүндiк демалыс жариялауды әдетке айналдырған.

Тек қана Жоғарғы Кеңештің депутаттары жайбарақаттанып, тоғыз күн жантайып жатқанға дәті шыдамады ма, әлде істері көп пе, олар 3 қаңтарда жұмысқа кірісіп кетті. Әлбетте, Қырғызстанның заң шығарушы органының мүшелері өздері бекіткен заңнамаларға бағынбай «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» дегендері қарапайым жұртқа түсініксіз-ақ. Жоғарғы Кеңештің жұмыс істегені «Сезім» дағдарыс орталығына оң болған сияқты. Осы мекеменің қызметкерлері және жетекшілері бастаған бір топ адам 6 қаңтар күні Жоғарғы Кеңештің алдына келіп, Жаңа жылдың алғашқы ереуілін өткізді. Олар республикада құмарханалардың жабылуын талап етті.

Жоғарғы Кеңеш былтыр 2012 жылдың бірінші қаңтарынан бастап құмар ойындарын тоқтату үшін казиноларды жабу жөнінде заң қабылдаған еді және ол Президенттің жарлығымен мақұлданған. Бірақ Жаңа жылдың алғашқы күндерінде адамдарды азғырушы ойын-сауық отаулары жабыла қалған жоқ. Осыған байланыс­ты бір топ ата-аналар «Сезім» дағдарыс орталығынан жәрдем сұраса керек.Қырғыз Республикасының Үкіметіне қарасты қаржы рыногын реттеу және бақылау мемлекеттік қызметі 1 қаңтардан бастап республикадағы 25 казиноның және 35 ойын залының лицензиясын қайтарып алып, жоққа шығарды. Дегенмен амалын тауып, жарғыларын басқаша жазып, жаңадан тіркелген казинолар ісін тоқтатар емес.

Тоғыз күн бойы Үкімет үйінің есігі тарс жабық болғанымен әкімшілік ведомстволарын реформалау бойынша комиссияға жетекшілік еткен Экономика және бәсекелестікке қарсы саясат министрлігі қарап жатпапты. Комиссия барлық мемлекеттік органның өлкені басқарудағы рөлін, орнын және міндетін егжей-тегжейлі анықтап, Премьер-министр Өмірбек Бабановқа есеп берген.9 қаңтарда өткен Үкіметтің биылғы алғашқы мәжілісі Үкіметке қарасты әкімшілік ведомстволардың жұмысын ыңғайластыруға, таратып айтқанда, штаттарды қысқартуға арналды. Жаңа жыл алдында, жаңа Үкімет жасақталған кезде, төрт мемлекеттік орган қысқарған болатын. Енді сол үрдіс одан әрі жалғасты. Міндеттері сәйкестеу келген 9 инспекция ірілендіріліп, Экологиялық және техникалық инспекциясы, тағы да 4 инспекция біріктіріліп, Тамақ-ас, ветеринария және фитосанитария инспекциясы болып құрылатын болды. Ірілендірудің нәтижесінде бірінші инс­пекцияда бұрынғы 700 кісінің орнына 400, екіншісінде 580-дің орнына 300 маман жұмыс істейтін болады.

Үкімет, әсіресе, барлық мекемелерге «қырғидай» тиіп келген қаржы полициясына қырғидай тиді. Үкімет өткен жылы экономикалық қылмыстарды анықтау үшін тек қана Қаржы полициясы мемлекеттік қызметіне айрықша құқық беріп, сонымен бірге, оның штатын 30 пайызға қысқартқан. Мәжілісте сөз сөйлеген үкімет басшысы бұл қызметті қайта құру өткен жылы аяқтала қоймағанын айтып енді штаттың 50 пайыздан жоғары қысқаратынын мәлімдеді. Демек 418 қызметкерден 200-і қалады. Және бұл екіжүзділіктің сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батпаған «екіжүзді емес екен­дігі» арнайы детекторлық полиграф машина­сы арқылы тексерілмекші.

Қысқартудан Үкіметтің өз аппараты да шет қалған жоқ. Бұрын мұнда 20 бөлім болса, енді ол 14 бөлімге дейін азайтылады.

Қысқарту науқаны 1 ақпанға дейін аяқталуға тиіс. Осылайша, министрліктер мен ведомстволардағы 3200 қызметкерді қысқарту арқылы Үкімет ағымдағы жылы мемлекеттік бюджеттен 1 миллиард сомнан астам қаржыны үнемдемек. Бұлардан тыс, босаған ғимараттардың және кеңселердің әр түрлі коммуналдық ақыларын мемлекеттің есебінен қаржыландыру тоқтатылады. Науқанның барысында 3 мыңға жақын қызметтік көліктер 40 пайызға дейін азайтылып, яғни олардың 1 мың 200-і қалмақшы. Қазірдің өзінде 700 автокөлік қысқартылып, бұлар арқылы 100 миллион сом үнемделіп отыр.

«Манастан Шуақ (Манастың қырық жігітінің бірі) кем бе екен?» дегендей, Үкіметпен қатар Жоғарғы Кеңеш те өз аппаратын қысқартатынын мәлімдеді. Бұл туралы оның төрағасы Асылбек Жээнбеков айтты. Парламенттің аппаратын және Іс басқармасының қызметкерлерін азайту арқылы биыл 130-140 млн. сом үнемделмекші. Сонымен бірге төрағаның өзі оқ өтпейтін қызмет көлігінен, екі кеңесшісінен және жеке дәрігерінен бас тартты. Сауытты көлікке былтыр 1 млн. 998 мың 504 сом жұмсалыпты.Өткен жылы күзде құмарханаларды жабу жөніндегі заң Жаңа жылдан бастап күшіне кіретіні мәлім болғанда, әлгіндей құмарханаларда істеген қызметкерлер казинолардың қожайындары тарапынан ұйымдастырылған жаппай қарсылыққа белсене атсалысса, шенеуніктерді қысқарту науқаны шетке қағылып жатқандардың дүрлігуін тудырып жатқан жоқ. Өйткені әбден тісқаққан, күрделі тұрмыстың қыр-сырын жақсы меңгерген, әккі шенеуніктер мүлдем жұмыссыз қала қоймайтынына шәк келтірмейді.

19.01.2012

Назарбек БАЙЖIГIТОВ,

«Түркiстанның» Қырғызстандағы меншiктi тiлшiсi