САЙЛАУ ӨЗ ДЕҢГЕЙIНДЕ ӨТТI
САЙЛАУ ӨЗ ДЕҢГЕЙIНДЕ ӨТТI
Есенгүл КӘПҚЫЗЫ
Қаңтардың 15-iнде өткен Парламент Мәжiлiсiнiң жалпыхалықтық сайлауының алдын ала нәтижелерi 16 қаңтарда белгiлi болды. Орталық сайлау комиссиясының алдын ала жасаған мәлiмдемесi бойынша, нәтиже төмендегiдей — «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясына сайлаушылардың 80,74 %; Қазақстан патриоттары партиясына – 0,89 %; Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясына – 7,46 %; Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясына – 1,59 %; Қазақстанның коммунистiк халық партиясына – 7,2 %; Қазақстан социал-демократиялық «Ауыл» партиясына – 1,46 %; «Әдiлет» демократиялық партиясына сайлаушылардың 0,66 % дауыс берген.
БАҚЫЛАУШЫЛАРДЫҢ ПІКІРІ ЕКІГЕ ЖАРЫЛДЫ
16 қаңтарда ЕҚЫҰ (Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы) Қазақстандағы Парламент сайлауы халықаралық демократиялық стандартқа сай өткеніне аздаған күмәні бар. Дегенмен мәлімдемеде дауыс берудің аса жоғары техникалық деңгейде өткендігі аталып өткен құжатта. Алайда халықаралық бақылаушылар бірнеше бұрмалаушылықтарға назар аударған. Мәселен бірқатар саяси партиялар сайлау додасынан шеттетілді, кейбір үміткерлер сайлау өтерден бірнеше күн бұрын сайлау тізімінен алынып тасталды.
– Егер Қазақстан билігі Парламентте саяси партиялардың санын арттыруды шынымен көздеп отырған болса, олар бұл сайлауға нағыз оппозициялық партияларды көбірек тартуы керек еді, – дейді Қазақстандағы ЕҚЫҰ өкілдігінің басшысы Жоао Соарес. Шанхай Ынтымақтастығы ұйымының (ШЫҰ) бақылаушылары 16 қаңтардағы мәлімдемесінде Қазақстандағы сайлау заңды, еркін және ашық түрде, жалпы елдің ұлттық заңнамаларына сай өткізілді деген.
ШЫҰ өкілдері болған сайлау учаскелерінде саяси партия, қоғамдық бірлестіктер, коммерциялық емес ұйымдар өкілдері, сонымен бірге халықаралық ұйымдардың бақылаушылары болды:– Сайлау процесі кезінде бақылаушылар тарапынан ешқандай шағым және ескертпелер болған жоқ, – делінген мәлімдемеде.
ТМД-лық бақылаушылар да осындай пікірде. ТМД бақылаушылары миссиясының басшысы, ТМД атқарушы хатшысының І орынбасары Владимир Гаркун Қазақстандағы парламент сайлауы ашық, заң шеңберінде өткенін атап өтті.
– Дауыс беру өте тыныш, байсалды жағдайда өтті. Сайлау учаскелерінде халықаралық бақылаушылар мен саяси партиялардың сенімді өкілдері және БАҚ өкілдері еркін қатыса алды, – деді ол.Сонымен қатар, ТМД миссиясының жетекшісі Қазақстан Республикасы Президентінің төтенше жағдай енгізілген Жаңаөзен қаласында сайлау өткізу туралы шешімін өте әділ шешім деп бағалайды.– Бұл сол елді мекендегі жағдайды тұрақтандырудың бір шарасы болды, – деді ол. КОММУНИСТІК ПАРТИЯ 20 ЖЫЛДАН КЕЙІН…
Бұл сайлаудағы ең басты тосын сый – Қазақстан халықтық коммунистік партиясының үшінші орынға табан тіреп, 7 пайыздық кедергіні бағындыруы. Бұған дейінгі әлеуметтік сауалнамаларда да, түрлі саяси болжамдарда да бұл партияның рейтингісі тым төмен болатын. Керісінше әлеуметтік саяси болжамдар Парламент Мәжілісіне «Ақ жол» партиясынан кейін, ЖСДП табан тіреуі мүмкін деп бал ашқан еді. Тіпті «Әділет» пен «Патриоттардың» да әлеуметтік сауалнамада белгілі бір рейтингке ие болғаны мәлім. Жалпы, сайлау додасы басталған кезде биылғы тосын сый ретінде «Руханият» партиясы жиі ауызға алынған еді. Алайда оның бұрынғы басшысы мен бүгінгі басшысы арасындағы келіспеушіліктің соңы партияның додадан аластатылуына түрткі болды. Сөйтіп, алты ай бұрынғы «Ақ жол» партиясындағы өзгерістердің соңы Мәжілістен орын алуымен аяқталады деген болжам бүгін расталды. Ал Серікболсын Әбділдиннен бөлініп шығып, Қазақстанның халықтық коммунистік партиясын жасақтаған Владислав Косаревтің Коммунистік партиясы Мәжіліске келетін болды. Сөйтіп 20 жыл бұрын күйреуге таяған коммунистер саяси тірлікке қайта араласа бастады. ХАЛЫҚТЫҢ САЯСИ БЕЛСЕНДІЛІГІ ҚАЛАЙ?
Бұл жолы да күткендегідей саяси науқанға халықтың қатысуы жоғары деңгейде болды. Жалпы сайлаушылардың 76 пайызы дауыс берген. Әсіресе ең белсенді тұрғындар Алматы облысы мен Қызылорда облысында болса, Алматы мен Астана қаласының тұрғындарының сайлауға бару деңгейі өте төмен болған. 16 қаңтардағы Қуандық Тұрғанқұловтың ресми мәлімдемесі бойынша: «Астана қаласы бойынша сайлаушылардың 53,32 пайызы, Алматы қаласы сайлаушыларының 41,38 пайызы, Ақмола облысы сайлаушыларының 78,01 пайызы, Ақтөбе облысы сайлаушыларының 78,4 пайызы, Алматы облысы сайлаушыларының 92,6 пайызы, Атырау облысы сайлаушыларының 83,55 пайызы, Шығыс Қазақстан облысы сайлаушыларының 80,21 пайызы, Жамбыл облысы сайлаушыларының 80,83 пайызы, Батыс Қазақстан облысы сайлаушыларының 71,9 пайызы, Қарағанды облысы сайлаушыларының 75,2 пайызы дауыс берді. Сондай-ақ Қостанай облысы сайлаушыларының 84,83 пайызы, Қызылорда облысы сайлаушыларының 80,95 пайызы, Маңғыстау облысы сайлаушыларының 74,2 пайызы, Павлодар облысы сайлаушыларының 71 пайызы, Солтүстік Қазақстан облысы сайлаушыларының 80,7 пайызы, Оңтүстік Қазақстан облысы сайлаушыларының 78,76 пайызы өз таңдауларын жасады».
19.01.2012