Жаңалықтар

«ӨТКIРДIҢ ЖҮЗI» ОҚЫРМАНЫНА ЖОЛ ТАРТТЫ

ашық дереккөзі

«ӨТКIРДIҢ ЖҮЗI» ОҚЫРМАНЫНА ЖОЛ ТАРТТЫ

Аманхан Әлiмұлы – белгiлi журналист, көрнектi ақын һәм журналистика саласының майталманы. Ол қоғамдағы көзге ұрып тұрған кемшiлiктер мен ащы шындықты тайсалмай жазып жүрген турашыл қаламгер.

Аманхан Әлімұлының кез келген публицистикалық мақа­лалары мен ой-толғау­ла­ры оқырман қауымды бей-жай қалдырған емес. Оның қайсыбір мақаласын оқы­саң­ыз да, ел мен жерге, тіл мен ұлтқа деген махаббаты мен сүйіспеншілігін анық аңғарасыз. Ол ең бас­ты­сы, қазақ тіліне, Қазақ мем­лекетіне қарсы шыққан кей­бір атқамінерлер мен сая­сат­танушыларға баспасөз арқылы табанды түрде тойта­рыс беріп келеді. «Жалпы, ұлттық мәселе – уақыт пен заман ағымынан түспейтін мәңгілік тарихи-табиғи категория. Оны Отаны жоқ немесе сол Отанынан, тілі мен ділінен, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрінен қол үзген космополит-нигилистер ғана сөз еткенді ұнатпайды. Өйткені оларға қай жерде жақсы да тыныш өмір сүрсе, содан соң қай ел-жерде әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы оң болып, ісі жүрсе сол жер – Отан», – дейді ол.

Белгілі қаламгердің ұзақ жылдар бойына еліміздің ақпарат құралдарында жарық көрген сыни мақалалары мен сараптамалық ой-толғаулары «Қазығұрт» баспасынан жарық көрген «Өткірдің жүзі» атты жинаққа еніп отыр. Мұнда Қазақ елінің кешегісі мен бүгінгі бет-бейнесі толық көрініс тапқан деуге болады.

«Біздің қазіргі басты қасіретіміз – ұлт болудан қалып бара жатқандығымыз. Біздің мемлекеттілігімізге, ұлт­шылдығымызға, отан­шылдығымызға, тәуел­сіз­ді­гімізге, ең арысы ұлттық бол­мысымызға кім көрінген тас атып, тіл тигізеді. Күдік, күмәнмен қарайды», – дейді тағы бірде. Иә, соңғы кезде дәл осындай пікірді ұстанатындардың қатары азай­май тұр. Ондайларға қа­лам­гердің қайтарар жауабы да дайын. Аманхан Әлімұлы өзінің «Мәселе қазақта емес, казакта…» деген мақаласында: «Қазақстанда қазақ болып туғаннан азабы жоқ. Ары тартса өгіз өледі, бері тартсаң, арба сынадының кері. Кезекте тұрып, өтініші бойынша бір қазақты алдыңнан жібере қойсаң – ұлтшылсың, қазақ пен өзге ұлт өкілі келісе алмай жатқанда әділін айтсаң ұлтшылсың, қоғамдық орында өзге ұлт жайында аузыңды ашпа, ашсаң – ұлтшылсың. Мерзімді баспасөз бетінде халықтар арасында ши жүгіртіп, іріткі салғандарды жазсаң, олар саяси қуғын көргендер болады да, сен – ұлтшылсың» деп ашынады.

Міне, от ауызды, орақ тілді қаламгер Аманхан Әлімұлының өткір де өзекті мақалаларымен «Өткірдің жүзінен» кеңірек таныса аласыз. Жинақ қалың оқырманға арналған.

Жәнiбек ӘШIМ