КЕУДЕЛЕРДЕ ЖЕЛТОҚСАН ЖАҢҒЫРАДЫ...
КЕУДЕЛЕРДЕ ЖЕЛТОҚСАН ЖАҢҒЫРАДЫ...
Бiзге Тәуелсiздiк оңай келген жоқ. Бiз оған ызғарлы Желтоқсанда бодандыққа қарсы бұлқынған намысшыл жастардың арқасында қол жеткiздiк. Олардың қайсар ерлiгi бүгiнгi ұрпаққа өнеге-үлгi. Жақында Ерменсай ауылында Желтоқсан қаһармандарын еске алу кешi болып өттi. Бұл шара Қазақ елiн Тәуелсiздiкке алып келген Желтоқсан көтерiлiсiне 25 жыл толу қарсаңында ұйымдастырылды.
Иә, сол кезде 1 курс студенті едім. Желтоқсан көтерілісіне тікелей қатыспасам да, сол кездегі қасірет пен орны толмас өкініштің, жаппай қудалаудың куәсі болдым. Сол қиын күндерді өз көзімен көргендер – мектебіміздің директоры Раушан Ерғалиева мен химия пәнінің мұғалімі Гүлнәр Даркенбаева Желтоқсандағы жазықсыз ұл-қыздардың батырлығын айтып, еріксіз егіледі.
Жыл сайын Тәуелсіздік мерекесінде мектебімізде желтоқсаншылар құрметіне көптеген игі шаралар өткізіледі. Желтоқсан батырларын еске алу – әрбір Қазақстан азаматының парызы. Арнау өлеңдер оқып, жастардың ерліктерін дәріптеп, ұрпақтарға үлгі етеміз. Бір уақыт үнсіздікпен еске аламыз. Белсенді оқушылар мен сынып жетекшілерінің күшімен арнайы қабырға газеттері жарық көреді.
Желтоқсан көтерілісіне қатысқаны үшін үш жыл тар қапаста қамалып келген Ерменсай ауылының тұрғыны Қаншайым Мақаттегі апаймен кездесу өткізу үрдіске айналды. Әрине өткенді еске алу Қаншайым апайға ауыр соқса да кейінгі ұрпақтың өжет, батыр болып өсуі үшін түрлі тәрбиелік мәні бар әңгімелерді ортаға салып, оқушылармен пікір алысады. Ол өзінің ішіндегі бұлқыныс сезімін Желтоқсан көтерілісіне қатысушы Нұртай Сабильяновтың мына өлеңі арылы жеткізеді.
Көкке шапшып көңілдің арғымағы,
Көкжал толқын көпіршіп жарға ұрады.
Көк ала мұз алаңды көрген сайын
Көз алдымда желтоқсан жаңғырады…
«Тәуелсіздік Желтоқсаннан басталған! Тарихқа шолу» атты әдеби-музыкалық кеште 6 «а» сынып оқушылары бар өнерін ортаға салды. Мадина Дәріжан мен Ерсұлтан Төлен шебер жүргізушілігімен қатар, түрлі көріністі шынайы сомдай білді. Ал Аманжол Дінмұхамед, Орынбай Аян, Ақтай Дәуренбеков, Диляра Әбен, Нұрлан Бердімбетов және өнерлі қыздар Назерке мен Гауһарлар арнау өлеңдер оқып, ән мен жырдан шашу шашты.
Тарихым жатыр тасымда,
Тіл қатып келер ғасырға.
Азаттық дейтін ұғымның,
Желтоқсан тұрар басында, – деп аяқталған әсерлі кеш әрбірімізге ой салғандай.
Рахима ТЕМIРӘЛIҚЫЗЫ,Ерменсай орта мектебiнiң мұғалiмi