ТЕЛЕТIЛ ТҰТАС ҰРПАҚТЫ ТӘРБИЕЛЕЙДI

ТЕЛЕТIЛ ТҰТАС ҰРПАҚТЫ ТӘРБИЕЛЕЙДI

ТЕЛЕТIЛ ТҰТАС ҰРПАҚТЫ ТӘРБИЕЛЕЙДI
ашық дереккөзі

Қоғамымызда аса күрделi, шешiмiн таппай тұрған мәселелердiң бiрi – тiл мәселесi. Тәуелсiздiкке қол жеткiзген күннен бастап, зиялы қауым шырылдап келе жатқан, бiрақ әлi де асқынған жараның аузы жазылып бiтпеген, ащы да болса шынайы шындыққа айналған даулы мәселе, ол – тiл мәселесi болып отыр. Атам заманнан берi келе жатқан ана тiлiмiздiң болашағына қазақ деген халық тұрғанда балта шабылмасы белгiлi. Дегенмен қазақ тiлiнiң маңыздылығын және қолданыс аясын кеңейту жайы сонау Алаш зиялыларынан бастап бiр ғасырдан берi айтылып та, жазылып та келедi. Әсiресе, жалпы қоғамдық мәселелерге келгенде, тiлiмiздiң ақсаңдап қалатыны көңiлге қаяу түсiредi-ақ. Оны рет-ретiмен кез келген қазақтiлдi басылымдар да сандаған жылдар бойы жазып та, айтып та жүр.

Ұлттық болмыс, ұлттық салт-дәстүр, тәлiм-тәрбие, ұлттық мәдениет пен әдебиетi барда қазақ халқының тiлi де ұзақ ғұмыр кешпек. Ол – заңдылық, мына тiршiлiктiң бұлжымас заңы, қағидасы. Ал сол қазақ жерiнде тұрып, оның құнарлы да нәрлi топырағынан нәр алып, тiршiлiк етiп жатқан басқа ұлт өкiлдерiнiң қазақ тiлiне құрметi, бейбiт өмiр сүруге мүмкiндiк жасаған қазақ халқының кеңдiгiн, мейiрiмдiлiгiн, сабырлылығын олар қалай пайдаланып жүр деген сұрақ маңайында әңгiме көп. Шын мәнiнде, жаһандануды желеу етiп, үштiлдiлiктi сылтау етiп мемлекеттiк тiлге деген салдыр-салақтау көзқарас әлi де өз күшiнде тәрiздi.

Жалпы, тiлдiк ортаны қалыптастырудың негiзгi тетiгi, өзегi болып саналатын саланың бiрi – бiлiм беру жүйесi. Тек бiзде ғана емес, бүкiл әлемде тiлдiк жоспарлау кезiнде бұл салаға ерекше мән берiледi, салмақ түседi. Сондықтан да Елбасының Жарлығымен бекiтiлген тiлдердi дамыту мен қолданудың мемлекеттiк бағдарламасында мектепке ерекше мән берiп, 2020 жылы мектеп түлектерiнiң 100 пайызы мемлекеттiк тiлдi меңгерудi көзделген. Шет тiлдерi олардың бiлiм көкжиегiн кеңейтетiнi, ақпарат алу мүмкiндiгiн арттыратыны, әлемдiк ғылым мен мәдениеттiң жетiстiктерiн игеруге қажеттi құрал екенiн жеткiзе отырып, әйткенмен қазақ балаларын жаппай қазақша оқытуға мiндеттiмiз дегендi ескертедi. «Он бес жылда аюға да тiл үйретуге» болатынын қынжыла айтқан Елбасы саясатының түп-төркiнiн көп ретте кейбiр қандастарымыздың ұғына алмай жатқаны жан ауыртады. Әйтпесе қолдарында күректей дипломдары бар қазақтың «сен тұр мен атайын» кейбiр азаматтарының өзi әлi күнге тiл үйренудiң бастауыш тобына барып жүргенi не масқаралық?! Осындай орта, жоғары бiлiмi бар ересек қандастарымыздың тiл үйренуiнiң өзiне қаншама мемлекет қаржысы жұмсалатынын ойлаудың өзi ыңғайсыз. Ағылшын тiлiн жұрт өз қалтасынан қаражат шығындап оқитыны белгiлi, сол сияқты мемлекеттiк тiлге де сондай қажеттiлiк қалыптасса, мәселе басқаша шешiм табар ма едi?! Осындай қажеттiлiк барша қазақстандықтардың алдын орағанда ғана ол тiлге деген көзқарас түбегейлi өзгеретiнi айдан анық. Және бұл бүкiл қазақстандықтардың басын бiрiктiретiн факторға айналары хақ. Кез келген адам бiз Англия, Ресей немесе басқа мемлекет үшiн емес, болашақ мамандарды өз туған елiмiз үшiн дайындап жатқанымызды терең сезiнсе дұрыс болар едi.

Дегенмен тiлге қажеттiлiктiң өзi қазiргiдей кезеңде үлкен дау тудыруы әбден мүмкiн. Мәселен 1997 жылы қабылданған «Тiлдер заңына» сәйкес мемлекеттiк тiлдi бiлуi мiндеттi түрде талап етiлетiн қызметкерлер тiзбесiн бекiту жұмысы 2002 жылға дейiн өз шешiмiн табуға тиiс болатын. Оныншы жылға аяқ басса да осы бiр мiндет әлi шикi күйiнде келедi. Осы ретте қарапайым ғана бiр мысалды алға тартқанды жөн санадық. Көптеген мекемелерде, әсiресе мемлекеттiк мекемелерде кез келген шенеунiктiң есiгiнде iлулi тұратын сiлтемелер әлi күнге дейiн екi тiлде, яғни қазақша-орысша iлулi тұр. Мемлекеттiк мекемелер түгiлi көптеген қоғамдық орындардың өзiнде қазақша-орысша жазылған жазулардан көз сүрiнедi. Мәселен медицина саласында дәрiгерлердiң аты-жөндерiн неге бiр тiлде – қазақша ғана жазбасқа?! Бұл ретте сол адамдардың аты-жөндерiн оқып шығу ешкiмге де еш қиындық тудырмасы белгiлi. Тiптi «дүкен» сөзiнiң қасында «магазин», не болмаса нанға «хлеб» сөзi тiркелмесе де жұрттың көбi екiншi жанама тiлсiз-ақ мұны түсiнуге қабiлеттi. Күнделiктi тiрлiгiмiзде елдi дабыра етпей-ақ, жалпы халықтық талқылауға түсiрмей-ақ тындыра беретiн шаруаларды жоғары жақтың бұйрығынсыз-ақ жасай беруге болмас па?!

Журналистiк зерттеу жүргiзгенде мәдени және қаржы орталығы болып қалыптасқан Алматы қаласының әкiмшiлiк мекемелерiнiң өзiнде осы бiр қарапайым мәселенiң өз шешiмiн табуы қиын екенiн байқадық.

– Елбасымыздың өзi бұл мәселеде аса байыпты болғанымызды, бiртiлдiлiкке бiртiндеп қол жеткiзу керектiгiн үнемi есiмiзге салып отырады,– дедi Алматы қаласы Тiлдердi дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастығы Мамай Ахет мырза. – Мемлекеттiк сананы ояту үшiн мемлекеттiк тiлдi бiлу маңызды екенiн, дегенмен мұндай қоғамдық шараларды бiртiндеп жүзеге асыруға болатынын үнемi жеткiзiп отырады. Өз қазанымызда өзiмiз қайнай бермеу керектiгiн, көп ретте таза қазақша жағдайда керi әсерлердiң де кездесiп қалатынын қадағалау қажеттiгiн үнемi еске ұстап отыру бiрiншiден, елiмiз, мемлекетiмiз үшiн де аса маңызды екенi әрбiр жылдардағы Елбасы Жолдауынан түскен емес. Ал үштiлдiлiкке байланысты кейбiр елдi мекендердiң атаулары, көше атаулары бiрiздiлiкке салынып келедi. Қаламыздағы қазақы аудан, қазақтар көп мекендеген қазақи ауыл Алатау ауданынан мемлекеттiк iс-қағаздарымен қоса осындай мемлекеттiк тұрғыдағы мәселелердiң шешiмi басталды. Не нәрсеге болса да сабырлылықпен қараған жөн болар,– дейдi бiздiң пiкiрiмiзбен келiскен басқарма бастығы.

Мүмкiн, бұл пiкiрдiң де жаны бар шығар. Дей тұрғанмен, көршiлес Қырғызстанда 100 мың қазақ бола тұра бүгiнге дейiн бiрде-бiр қазақ мектебi жоқ екенiн, ал алып ел Ресейдiң өзiнде бiр ғана қазақ мектебiнiң барлығын ойласақ, бiздiкi жалпақшешейлiк емес пе екен деген ой қылаң берерi сөзсiз. Кешегi күнi дүркiреп өткен Тәуелсiздiктiң 20 жылдығын сараласақ, елiмiзде iлгерiлеушiлiктер болғаны, оның iшiнде тiл төңiрегiнде айтарлықтай жетiстiктердiң де барлығы кейбiреулердi тоқмейiлсуге жетелеген сияқты. Жүздеген қазақ балабақшалары мен таза қазақтiлдi мектептердiң ашылуы да көңiлге демеу. Дегенмен қарым-қатынас мәдениетi дегендi де ұмытпағанымыз дұрыс шығар.

Ең алдымен, сөйлеу мәдениетiн, қазақ тiлiне, мемлекеттiк тiлге көзқарасты қалып­тас­тыратын бiз, журналистер қауымы дейтiн болсақ, бұл ретте де көңiлге қаяу түсiретiн жәйттар аз емес. Өткен жылы тiл төңiрегiндегi хабарларды саралай келгенде, әсiресе тележурналистерiмiздiң көптеген құлаққа түрпiдей тиер сөйлемдерi жадымызда қалып қойды. Мүмкiн эфирде бiр сәтте айтылып кеткен ондай сөйлем олқылықтарын көпшiлiк байқамай қалуы да мүмкiн. Ал көкiрегi ояу, көзi қарақты тiл жанашырлары күйiнiп-ақ айтып отырғанын талай құлағымыз шалған. «Күдiктiнiң бағы бар екен, әйтпесе жәбiрленушiнiң ата-анасына бiрiншi кездес­кен­де өлтiрiп тастауы мүмкiн» деген сөйлем, егер басылым бетiнде жарық көрсе, бағы деген сөз тырнақшаға алынып жазылса, қазақ тiлiнiң жазылу граматикасына сай келер ме едi?! Ал ауызекi тiлде айтылғанда құлаққа түрпiдей тиетiнiн аңғару қиын емес. Сол сияқты «… жетiге жетпей желкесi қиылды…» деген тiркестi қаламыздағы бiр балалар мекемесiнде қаза болған бүлдiршiнге қатысты хабардан құлағымыз шалып қалды. Бұл не көргенсiздiк?! Не болмаса жер бетiнде болып жатқан түрлi табиғат апаттарына байланысты хабарларда үнемi «небәрi үш немесе он адам қаза болыпты» дегендi де ой таразысына салып көрiңiзшi. Сонда одан да көп адам қаза табуы керек пе едi?! Осындай жанды сыздатар сөз тiркестерi телехабарларда жиi орын алады.

«Балық басынан шiридi» дегендi ескере отырып, ең алдымен халық сөзiн сөйлейтiн бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi қазақ тiлiнiң қолданылуына ерекше жауапкершiлiкпен қарауы керек. Қазақтың шұрайлы тiлiнiң шұбарланбауы, келешекке таза саф күйiнде жетуi, ол – тiл жанашырларының, тiл мамандарының, әсiресе, бүгiнгi тiлшi қауымның парасатты парызы екенiн ескеруге тиiспiз. Әсiресе радио-тележурналистердiң халық алдындағы жауапкершiлiгiне сақ болғанын қалар едiк. Айтылды-бiттi демей, әрбiр сөйлемнiң құлаққа жағымдылығына назар аудара отырып, жағымсыз хабарлардың өзiн жылы жеткiзуге ұмтылулары керек-ау.

Телетiл, бұқаралық ақпарат құралдарының тiлi арқылы тұтастай жаңа ұрпақтың тәрбиеленiп келе жатқанын ескергенiмiз абзал.

Таңсұлу Алдабергенқызы