МЕНIҢ ҚҰРДАСТАРЫМ
МЕНIҢ ҚҰРДАСТАРЫМ
АМАНХАН
Екеумiз түйдей құрдаспыз. Туған жылымыз да, туған күнiмiз де бiр. Әй, бiздей қалжыңдасып, әзiлдесетiн жан жоқ шығар, сiрә да?! Ал жастық шағымызда бастан нелер өтiп, нелер кетпедi дейсiз.
Аманхан әскери борышын өтеп келген соң университетке құжаттарын тапсырған. Сынақтан сүрiнiп кетiп, Алматы үй құрылысы комбинатына жұмысшы болып орналасты. Бойында қан ойнаған, жiгiттiк шақ. Несiн жасырайық, жастар ретi келгенде «iшкiлiктен» де бас тартып көрген емес. Сол кезде Кеңес өкiметiнiң ең өтiмдi тауары алкогольдi iшiмдiктер едi. Кейде жұмыс кезiнде де сол ащы судан тартып жiберетiн кездер болатын. Бiр жолы түскi үзiлiсте бригада мүшелерi Васяның туған күнiн атап өтiп жатқан. Әуелi сыра, соңы ашы суға ұласты. Жiгiттер қызып алған. Жағдай «Ты меня уважаешь или не уважаешқа?» барып қалған. Қызып алған Вася:
Аманхан, сен егер мына кранға шығып, анау ұзын оқтау тұмсығын бойлап, ұшындағы салбыраған тросымен төмен түссең, мен саған бiр жәшiк сыра қоямын, – деп шарт қойды. Мұндайда қорқып, бұғып қалатын Аманхан ба. Тоғыз қабат үй тұрғызып жатқан кранға шалқая бiр қарағанда, басындағы телпегi жерге түсiп кеттi.
– Вася, сөзiңде тұрасың ба? – дедi шырт түкiрiп.
– Тұрамын.
– Әкел қолыңды, – Екеуiнiң алақандары бiр-бiрiне шарт еттi. Аманхан: – Ал мен кеттiм.
Ол кран сатысымен жоғары өрмелей жөнелдi. Кабинасына жетiп, бiр дем алды да ұзын оқтау тұмсығымен басына қарай жылжи бердi. Оны сол кезде ғана бригадир көрiп қалды:
– Аманхан, қайда барасың?.. Кейiн қайт! – Жан дауысы шықты. Ол қолын бiр-ақ сiлтедi. Жоғары белдеу темiрден ұстап, жылжи бердi. Бригадир қалтасындағы байланыс құралы арқылы комбинаттың бас инженерiмен хабарласып, орын алған жайды баяндады. Әне-мiне дегенше қара «Волга» келiп тоқтай қалды. Iшiнен түскен инженер:
– Әлiмов, мен бас инженермiн. Құлап өлмей тұрғаныңда тез керi қайт! – дедi дауыс күшейткiшпен. Аманхан тыңдаған жоқ. Ұзын тұмсықтың бел ортасынан асып, жылжып барады. – Әлiмов, сен бiздi соттатасың. Бауырым, керi қайтып, ақырындап түсе қойшы, – дедi жалынышты үнмен. Аманхан алға жылжи бердi. Тәртiп бойынша, бас инженердiң комбинат директорына баяндаудан басқа амалы қалмады. Көздi ашып-жұмғанша ақ «Волга» келiп жеттi. Кабинадан комбинат директоры түстi. Аманхан бұл кезде кран тұмсығының ұшар басына жетiп қалған.
Әлiмов, мен комбинат директорымын. Керi қайт!.. Бұйрықты орында!.. – дедi қатқыл үнмен шалқая қарап. Аманхан тростан ұстап, салбыраған жағын екi аяғының арасына қысып, төмендей бердi. Содан iлгiшке жетiп, бiр-ақ тоқтады. Директор жанындағы бас инженерге: «Краншы тез жоғары көтерiлiп, iлгiштi төмен түсiрсiн»,– деп бұйырды. Бас инженер бригадирдi жұмсады. Краншы сатымен жоғары өрмелеп, кабинаға жеткен. Биiктен екi қолын айқастырып, белгi бердi.
Бас инженер:
– Қап әттеген-ай ендi қайттық?.. Қырсыққанда тоқтың болмай қалғанын қарашы,– деп шарасыздық танытты. Директор:
– Тез астыңғы жағынан плащ-палатканы керiп ұстаңдар, – деп бұйырды. Қоймадан плащ-палатканы әкелгенше бiршама уақыт та өттi. Бригада жiгiттерi оны шаршылап керiп тұрды. Директор жоғарыға шалқая қарап:
– Әлiмов, секiр! – дедi. Аманхан құлдырап келiп, керiлген плащ-палатканың ортасына түстi. Дiн аман. Бас инженер «уһ!..» деп демiн бiр-ақ алып, маңдайына шып-шып шыққан терiн жеңiмен сүрттi. Директор: «Сен құрылыста емес, циркте жұмыс iстеуiң керек едi», – деп бас инженерге басын бұрып, салқын үнмен. «Жаза қолданыңыз»,– деп жүре бердi. Бас инженер оған қатаң сөгiс жариялады.
– Аманхан қабырғалық плиталар арасындағы Васяға барды. Қорылдап ұйықтап жатыр. Жұлқылап оятты.
– Вася, уәдеңдi орында,– дедi. Ол ештеңе түсiнбей:
– Сен, не айтып тұрсың? – дедi бетiн тыржитып.
Аманхан есiне салды.
– Мен кранға шығып түскенiңдi көргенiм жоқ. Давай қайтадан шық,– дедi өзеуреп.
– Өй, өзiң ит екенсiң ғой, – деп ол отыра кеттi.
Содан берi қаншама жылдар өттi. Аманхан қазiр елге белгiлi ақын. Жуырда Жазушылар одағында шығармашылық кешiн өткiздi. Жыр құмар қауымға өлеңнен шашу шашты. Қала бердi ұлт мүддесi үшiн, кертартпалармен күресiп-ақ келедi.
БЕКЕН
ҚазМУ-дың үшiншi курсында оқимыз. Сабағымыз түсте басталады. Бiр жолы кешкiсiн соңғы пардан соң жатақханаға қайтуға жиналып жатыр едiк, кураторымыз Зейнолла Тұрарбеков ақсақал аудиторияға кiрiп келдi. Қолына көзiлдiрiгiн ұстаған қолын бiзге қарай ербең еткiзiп:
– Әй балалар, отырыңдар,– деп мiнберге қарай беттедi. Бiз қайта жайғастық. Ол көзiлдiрiгiн тақты. – Мен сендерге деканның бұйрығын оқимын, – деп пәпкiсiн ашты. Деканның бұйрығы деген соң елең етiп, iш тарта қалдық. Аудитория жым-жырт. Куратор бұйрықты оқыды.
– «Байғұлов өз мiндетiне немқұрайлы қарауына байланысты старосталықтан босатылсын. Декан Қожакеев. 23 қараша, 1978 жыл».
Дүкенбайдың дауысы естiлдi: «Президент орнынан түстi! Оның екi жылдық жаманды-жақсылы қызметi үшiн қошемет көрсетейiк»,– деп қол шапалақтады. Бәрiмiз оны қоштадық. Куратор қолын көтердi. Бiз сап тиылдық. Ол:
– Ендi екiншi бұйрықты тыңдаңдар, – деп пәпкiсiнен тағы бiр парақ қағаз шығарды.– «Оқу үлгерiмi жақсы, үлгiлi тәртiбiмен көзге түскен, Бекен Қадықов үшiншi курстың «А» тобына староста болып тағайындалсын. Декан Қожакеев. 23 қараша 1978 жыл».
Бұл жолы Садаш дауыстады: «Қане, жаңа президентке қошамет көрсетейiк!»,– дедi. Залды ду
қол шапалағы кернеп кеттi.Куратор аудиториядан шыққан бойда бiз Бекендi ортаға алдық. «Сен бiзге президент болып тағайындалдың. Мұндай бақыт кез келгеннiң басына қона бермейдi. Жуу керек, Бекен»,– деп тұс-тұстан қолқалап есiн шығардық. Қошемет кiмнiң көңiлiн аспандатпасын. Жымың-жымың етiп, екi езуi екi құлағына жетiп, қолымен батыс жақты меңзеп: «Шахтаға!», – дедi. Студенттер Киров көшесiнiң бойынан орын тепкен «Есiк» қонақ үйiнiң астыңғы қабатындағы асхананы солай атайтын едi. Онда лағман, мәнтiден басқа сыра да, шарап та сатылады. Бекен тап сол күнгiдей мырза болған емес. Мақтау сөзге масаттанып, қалтасынан барын шығарып, бiздi тамаққа да, сыра мен шарапқа да тойдырды. Қас қарая бәрiмiз теңселе басып, студенттер қалашығындағы №5 жатақханамызға жеттiк. Есiктiң алдында Қожакеевтiң көкқасқа «Волгасы» көлденең тұр екен. Айылымызды жия қойдық. Бiр-бiрiмiзге бөлмелерiмiзге кiрiп, iшiнен құлыптап, тым-тырыс жата қалайық деп ескертiп жатырмыз. Тек қошеметтен көңiлi тасыған Бекен құлақ аспады. Ол: «Төртiншi қабаттағы қарындасты бiр көрiп, қуанышымды жеткiзiп қайтайын»,– деп баспалдақпен көтерiле бердi. Үшiншi қабатқа жеткенде Қожакеев қарсы ұшырасқан. «Ау, Қадықов мырза, қайдан келе жатырсың? Өзiң тым көңiлдiсiң ғой. Көзiңнiң қарасы да айналып кетiптi. Менi танып тұрсың ба, әйтеуiр?», – дейдi зiлдi үнмен. Ол ыржың етiп: «Ағай, жiгiттер қолқалаған соң аздап… татып…»,– деп кiбiртiктей бергенде Қожакеев киiп кетiп: – Әй Қадықов, таңертең кеңсеге кел. Екеумiз оңаша сөйлесейiк. Аздап татқаныңды сонда айтарсың»,– дейдi.
Бiз ертеңiне түсте әдеттегiдей сабаққа бардық. Бекен көңiлсiз. Ұнжырғасы түсiп, артқы жақтағы орындыққа жайғасқан. Бiр жайсыздықтың болғанын сездiк. Кешке сабақ бiтiп, аудиториядан ендi шыққалы жатқанымызда Зейнолла ақсақал тағы келдi. Қолын көтерiп, отырыңдар деген ишарат жасады. Бәрiмiз орындарымызға қайта жайғастық. Ол мiнберге шығып деканның екi бұйрығын оқитынын ескерттi де көзiлдiрiгiн киiп, пәпкiсiн ашты.
– «Қадықов студентке жат қылығы үшiн староста мiндетiнен босатылсын. Декан Қожакеев. 24 қараша, 1978 жыл». – Дүкенбай орнынан тұрып: «Президент бiр түннен соң орнынан түстi. Дегенмен Бекеннiң кешегi мырзалығына қошемет көрсетейiк», – дедi дауыстап. Бiз ду қол шапалақтадық. Куратор қолын көтердi. Бiз сап тиылдық.
– Ендi екiншi бұйрықты тыңдаңдар.
«Жақсы тәртiбiмен басқаларға үлгi көрсетiп жүрген Марат Жүрсiнбаевты үшiншi курстың «А» тобына староста етiп тағайындалсын. Декан Қожакеев. 24 қараша, 1978 жыл». Садаш: «Қане, жаңа тағайындалған президентке қошемет көрсетейiк!», – дедi. Бәрiмiз құшырлана қол соқтық. Куратор есiктен шығып кетiсiмен оны ортаға алып, ал кеп құттықтайық бiр. Небiр көтерме сөздер айтылып жатты. Оны да мақтау, марапат желiктiрiп, желпiндiрiп жiбердi. Алайда ол кешегi жағдайдан сабақ алып қалса керек: «Жiгiттер, сендер жатақханаға тарта берiңдер. Дүкенбай екеумiз бәрiн де арттарыңнан алып барамыз», – дедi. Сол күнi түннiң бiр уағына дейiн жаңа президенттi жудық.
Университеттi бiтiрген соң Бекен Жамбыл облысының Мойынқұм аудандық газетiне жолдама алды. Оның жазғыш талантына ешкiмнiң күмәнi жоқ едi. Санаулы жылдардан кейiн-ақ қызметте сатылап өсiп, газеттiң дүрдей редакторына дейiн көтерiлдi. Бертiнде Алматы облысының Қаскелең аудандық газетiне ауысып, редактордың орынбасары қызметiн атқаруда.