«ҚАЗАҚТЫҢ ХАНЫ АБЫЛАЙ»

«ҚАЗАҚТЫҢ ХАНЫ АБЫЛАЙ»

«ҚАЗАҚТЫҢ ХАНЫ АБЫЛАЙ»
ашық дереккөзі

Жуырда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетi тарих факультетiнiң ғылыми кiтапханасында «Мәдени мұра» мемлекеттiк бағдарламасы аясында шыққан «Қазақтың ханы – Абылай» атты қостомдықтың тұсауы кесiлдi. Қазақтың ханы туралы шығарылған кiтаптың авторы – М.Қ.Қозыбаев атындағы Солтүстiк Қазақстан мемлекеттiк университетiнiң профессоры Зарқын Тайшыбай.

Аталмыш еңбекте Қазақ хандығының тарихы, Абылай ханның өмірі мен қызметі туралы деректер келтірілген. Кітап авторының айтуынша, бұл жинаққа 500-ден аса тарихи құжат пен материалдар жинақталып енгізілген. Сонымен бірге, еш жерде жарияланбаған 250 құжат қазақ тіліне аударылып, тұңғыш рет кітапқа еніп отыр. Бұл деректердің көбі Қытай, Ресей мұрағаттарынан алыныпты. Белгілі тарихшы, профессор Талас Омарбеков: «Бұл жинаққа енген материалдар Абылай туралы, қазақ хандары туралы осы уақытқа дейінгі тарихи мәліметтерді байыта түседі. Абылай ханның тарихы бұрын-соңды мұндай деңгейде зерттелген емес», – дейді. Екі томдық жинақтан 4 мыңнан аса есімдер, 2 мыңнан аса жер-су аттарын кездестіруге болады. Жинақта қазақтың батырлары Қабанбай, Бөгенбай, Өтеген, Райымбек пен қаз дауысты Қазыбек би сияқты көптеген тарихи тұлғалардың өмірбаяны да кеңінен қамтылған. Қостомдық 2000 данамен басылып, республика кітапханаларына таратылды. Тұсаукесер рәсіміне белгілі ғалымдар Та­лас Омарбеков, Жамбыл Артықбаев, Қал­қаман Жұмағұлов, Қамбар Атабаев, Б.Кәрібаев, «Ел-шежіре» баспасының директоры Дидахмет Әшімханұлы және жур­налистика факультетінің деканы Е.Алауханов қатысып, аталмыш еңбек туралы да өз ойларын ортаға салды.
Едiге БЕКТАС