Жаңалықтар

ЖЕР АУДАРЫЛУШЫНЫҢ ЖАЗБАЛАРЫ

ашық дереккөзі

ЖЕР АУДАРЫЛУШЫНЫҢ ЖАЗБАЛАРЫ

АНАМА ХАТ «ОМБЫ. 1846 ЖЫЛДЫҢ 8 МАМЫРЫ. 

«Біз енді бірнеше минуттан кейін жол үстінде боламыз. Нөкер, жүк аттары, казактардан құралған жасауыл – бәрі де сақадай сай. Тек сапарлас серігімнің әйелі, балалары мен қызметкерлерінің жылап-сықтаушыларымен өзінің де көз жасын құрғата алмай тұрғаны ғана бізді Омбыда сәл кідірте түсуде.

Жанұялы адамның өз отбасынан ұзап шығардағы осынау қоштасу сәтінде, мен де, қымбатты анашым, саған аманшылық тілеген сәтімді тағы да жолдай отырып, өзіңнің ақ тілеулі батаңның шапағатында болатынымызды айтқым келеді. Мені алда қиындығы мен қолайсыйздығы мол ұзақ сапар күтіп тұр. Мүмкін, оның қауіпті болуы да ықтимал. Бұл менің бұдан бірнеше жыл бұрын өркениетті Европаны аралаған саяхатыма мүлде ұқсамайды. Мен енді, тіпті, белгісіз ел – қазақ даласын бойлай сапар шегемін.Қолыма қару алып, асау атпен өзендерді кешіп, бұған дейін ешбір поляктың аяғы тимеген тау шыңына шығамын. Көшпелі халық ортасында болуға бел байладым. Сөйтсе де, бұл сапар мені ешбір үрейлендірмейді. Алдағы сапарымды бір тәңірге сиына отырып қабыл алдым. Демек бұл менің осы жолдағы әр қадамымды ақ тілеулі анамның дұғасы да қорғар деп сенемін. Сен менің арғымақ пен қайғым бол. Сен маған жол көрсетер жұлдызым бол! (Байрон «Абидосс қалыңдығы») Тағы да қайталап айтамын, хош сау тұрыңыз, сүйікті анашым! Баршаңызбен қоштасамын, аман болыңыздар»! Міне, алғашқы жолдары дәл осындай хатпен басталатын кітаптың алғаш рет басылып шыққанына артық кемі жоқ 150 жыл болып отыр. Бақсақ, 19 ғасырдың ортасында қазақ халқының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, ауыз әдебиетін зиялы Европа жұртшылығына тиянақты таныстыруда Сібір мен Қазақстанға айдалып келген поляктың ұлт-азаттық қозғалысының өкілдері атқарып кеткен еңбектері ерекше. Жіктеп айтсақ, өз дәуірінің арқалы ақыны Густав Зелинский (1809-1881) халқымыздың сол кезеңдегі өмірінен «Қазақ», «Дала» атты екі романтикалық поэма жазса, кезінде Семей қаласында айдау мерзімінің жылдарын өткізген, құқық ғылымдарының кандидаты, ұлы ақын Абайдың рухани серіктерінің бірі болған Северин Гросс (1852-1899) «Қазақтардың ежелгі әдет-ғұрыптары» деген еңбегін бастырып шығарды (Петербург,1886). Ал поляктың белгілі суретшісі Бронислав Залесский (1820-1880) Қазақстанның батысында тоғыз жыл айдауда болған кезінің баянды белгісі ретінде «Қазақ даласының өмірі» атты суретті альбом жасауға мүмкіндік тапты (Париж, 1865). Бұлардың ішіндегі бірегейі Адольф Янушкевич (1803-1857). А.Янушкевич өз заманына сай білімді де мәдениетті азамат болған. Польшадағы Вилен университетін ойдағыдай бітіріп, еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған ол, өзі тұрған Подолия қаласындағы Сеймге депутат та болып сайланған. Өз Отанын жанындай сүйген Янушкевич патшалық Ресейдің отаршыл саясатына қарсы азаттық істермен де ашық айналысады. 1830 жылы А.Янушкевич Польшадағы патшалық тәртіпке қарсы бағытталған қарулы көтерілістің бел ортасында жүріп, қатты есінен танып, жаралы күйінде тұтқынға түседі. 1834 жылы Янушкевич дворян атағынан сот үкімі бойынша айрылып, өлім жазасына кесіледі. Алайда соңынан бұл үкім сәл жеңілденіп, ол оралу мерзімі мүлде көрсетілмеген Сібірге жер аударылды. Янушкевич айдалудың алғашқы 12 жылын Сібірде, қалған мерзімін Есілде, Омбыда өткізеді. 1841 жылы ол Омбыдағы шекаралық басқарманың қазақ бөліміне ауысуға рұқсат алады. Ол осы қызметте жүріп, 1843 жылдан бастап қазақ даласына дүрсін-дүрсін сапарға шығатын орыс экспедицияларының құрамында қатардағы іс жүргізуші болуға мүмкіндік табады. Сөйтіп Янушкевич 1846 жылы осындай экспедициямен жолға шығып, Орта және Ұлы жүз қазақтарымен кездеседі. Осы сапарларынан көргендері мен білгендерін өзінің осынау алыста қалған Польшадағы туыстарына хат арқылы баяндап отырса енді біразын сол қалпында күнделігіне түсіруді әдетіне айналдырады. Әсіресе оны қазақ елінің меймандостығы, табиғаты ерекше қызықтырады. 1856 жылы І-Николай өліп, оның орнына болған жаңа патша бұрынғы поляк тұтқындарына кешірім жасайды. Бұл кезде Янушкевичтің айдауда жүргеніне 24 жыл болған еді. Денсаулығынан біржола айрылған ол босанғанына бір жыл да толмай туған жерінде қайтыс болды. Янушкевич бұл дүниеден үйленбей өткен адам. Есіл бойында Янушкевичпен айдауда бірге болған революционер, поляк ақыны Г.Зелинский Парижге барған бір сапарында сонда қоныс аударған оның туыстарына Адольфтың қазақ даласындағы сапарында жазған барлық хаттары мен күнделіктерін табыс етеді. Ал туыстары өз кезегінде Янушкевич есімін есте қалдыру үшін сол сапарда жазғандарының бәрін жинап, өз қаражаттарымен кітап етуге бел байлайды. Янушкевич кітабы тұңғыш рет 1846 жылы аз таралыммен Париж қаласында поляк тілінде жарық көрді. Екі бөлімнен тұратын бұл кітаптың алғашқы бөлімінде Янушкевич өмірі жан-жақты баяндалса, ең соңғы екінші бөлім түгелімен оның қазақ даласындағы сапардың хаттары мен күнделіктерінен тұрады. Жұртшылықтың бұл кітапқа деген талабы мен ынтасын ескерген туыстары Янушкевич кітабын екінші рет 1875 жылы Берлин қаласында да қайтадан басып шығартты. Бұл жерде мына бір жайды айта кету жөні өзі сұранып тұрғандай. Шетелде тұрып жатқан орыстың белгілі жазушысы И.С.Тургенев 1863 жылы Баден – Баденнен Ресейде өзіне таныс әдебиет сыншысы П.А.Анненковке: «Дегеніңіз болсын (бұл өте маңызды) Адольф Янушкевичтің «Қырғыз даласынан жазғандары» орыс тіліне аударылып, журналдардың біріне басылған ба, біліңізші», –деп жазбаша сұрау жолдаған. Алайда патшалық Ресейдің отары болған Польшада да оны басып шығаруға рұқсат берілмейді. Сөйтіп жыл өткен сайын кітап та, оның авторы да ұмытылып қала берген. Жалпы бұл кітап бұрын да, тіпті, бүгінгі Польшада да әлі басылым көрген жоқ. Тек 1963 жыл Қазақ мемлекеттік университетінің оқытушысы, доцент Ф.И.Стеклова 19 ғасырдағы поляк-қазақ әдеби байланыстарын беріле зерттеу барысында кездейсоқ Янушкевичтің қазақ елі туралы танымдық мәнге толы көлемді бір кітап жазғанын біледі. Ғалым оны тауып алу мақсатымен поляк әріптестеріне хат жазады. Амал не, бүгінгі Польшада жоғарыдағы екі басылымның бір ғана данасы сақталып қалғандығы және оны ел шетінен шығарудың еш мүмкіндігі жоққа тән екендігі туралы жауап алады. Ақырында көп ізденістің нәтижесінде Ленинградтағы М.Е.Салтыков–Шедрин атындағы кітапханадан Янушкевичтің 1875 жылы Берлин қаласында басылған кітабы табылады. Міне, осы нұсқа бойынша Ф.М.Стеклова 1966 жылы «Қазақстан» баспасы арқылы Янушкевич кітабын поляк тілінен орысшаға аударып, бастырып шығарды. Бұдан кейін, арада 13 жыл өткенде 1979 жылы бұл туынды Мұқаш Сәрсекеев аудармасымен төл тілімізде жарық көрді. Янушкевичтің бұл кітабы әділін айтсақ, халқымыздың 19 ғасырдың ортасындағы әлеуметтік тұрмысынан үлкен де мәнді дерек беретін, танымы мол тарихи туынды. Кітап негізінен Янушкевичтің туыстары мен достарына жазған хаттарынан, әр күнгі сапардың жай-жапсарын баяндайтын күнделіктерімен араласып, алма-кезектесіп табиғи тығыз байланыста құрылған. Әр хат, күнделіктің әр беті өзі көріп, пайымдаған ой елегінен туындайды. Әрине Янушкевич арнайы саяхаттың адамы емес. Себепкерге дәнекер дегендей, Омбыдағы шекара бастығы генерал В.Вишневский (бұл да поляк) басқарған Орта жүзді аралау экспедициясына барынша сауаттылығы мен жинақтылығы арқасында ілігуі Янушкевичті әжептәуір сергітіп тастаған. 1846 жылдың 8 мамырынан 10 қазанға дейінгі аралықта Омбы-Семей-Аягөз-Лепсі-Шыңғыстау-Қарқаралы-Баянауыл-Омбы бағытындағы алты ай бойғы ат арқасы, арба үсті, дамылсыз жүріс, шырғалаң-шатақ, билік пен бітім, жан санағы мен мал санағы, тағы басқа істерге Янушкевич жанды куәгер болады. Бұл орайда Янушкевич бір ғана бейжай іс жүргізуші ғана емес, қайта қазақ даласында болып жатқан құбылыстарға өзінің көзқарасын, пікірін білдіруші – ағартушы – демократ. Ол күнделігінде патша әкімдерінің, қазақтың ақсүйек байларының тартымсыз, нанымсыз қылықтарын әжуалайды, келеке етеді, қарапайым халыққа жаны ашиды, іш тартады. Янушкевич кітабының ең басты құнды­лы­ғы ондағы баяндалатын жайлардың нақ­тылығы мен дәлдігінде, оқиғаны қаз-қалпында суреттеуінде. Қазақтың сол кездегі толағай тұлғалары – Мәуке би, аға сұлтан Құнанбай, батыр Барақ, күйші Тәттімбет, ақындар Түбек, Жанақ, Орынбай, Сырым батыр мен Кенесары жөнінде пікірлерін кең жазып қалдырған. Ал Янушкевич кітабының жазылу мерзімі мұнан да құнды. Бұлай дейтініміз, оның осы бір сапары орыстың атақты жиһангезі Н.М.Пржевальскийдің 1885 жылғы Тибет пен Қазақстан жерлерін қамтыған саяхатынан, сондай-ақ, дәл осы жылы Сібір мен қазақ даласын аралаған сапарларынан 39 жыл бұрын болды. Тіпті олар қазақ жерін аралау­дан ширек ғасыр бұрын-ақ, Янушкевичтің басылып шыққан осы бір кітабы арқылы Европа жұртшылығы қазақ тұрмысы мен оның жері, әдет-ғұрыптары туралы жан-жақты деректерді, түсініктерді оқып үлгерді. Немесе кешегі жатжұрттық ғалымдар: Радлов, Левшин, Алекторов, Затаевичтер қалдырып кеткен еңбектер қазақ халқының бітім-болмысын, зер-зеиінін тек өздеріне тән мамандықтары тұрғысынан әңгімелесе (бірі ауыз әдебиетін, екіншісі этнографиясын, үшіншісі ән-күйін, т.б.), ал Янушкевич кітабында қазақ деген халықтың табиғаты байсалды баяндалады. Бұл кітаптан жас та, кәрі де оқи алатын, көңілдері толатын дәйекті деректерді көңілдеріне тиянақты ұялата алады. Демек Янушкевич кітабының танымдық бағасы осында деп айтуға толық құқымыз бар. Янушкевич қазақ халқының салт-санасын қаз-қалпында қағаз бетіне қиналмай-ақ түсіре білген. Ендеше автордың өзі баяндап берсін. «Дастархан мән-мәзірі дұғамен басталып, дұғамен аяқталады. Бәрі тап-тамаша өтті. Жандарал жиналғандармен қоштасып, нөкерлерімен бірге киіз үйден кете берген кезде қалған жұрттың шырқы бұзылды. Өздеріне тартылған жылқы еті жұмырларына жұғын болмаған жалқы-жақыбайлар ақсүйектерден қалған сарқытқа таласамыз деп, молдалар отырған үйдің шаңырағын ортасына түсіріп кетті. Көпшіліктің бағына қарай бұл қорқынышты жағдай болған кезде ешкімнің өміріне қауіп-қатер төнбегені былай тұрсын, отырғандардың бірде-бірінің маңдайына сызат түскен жоқ. Бәрекелді, қазақтар жасай беріңдер!» Ия, Янушкевич өзімен айдауда болған, еліне одан ертерек оралған революционер, ақын серігі Густав Зелинскийге жазған хатының (1846 жылы 12 маусымда Аягөзден жолданған) қазақ халқына деген қаншама ыстық ықыласы жатыр десеңізші. «Бұдан бірнеше күн бұрын мен өзара дүрдараз екі ру өкілдері қақтығысуларының куәсі болып, ешқашанда Демосфен мен Цицеронды естіп және білмеген шешендердің сөздеріне қол соғуыма тура келді. Ал менің алдымда бүгін тіпті оқи да, жаза да алмайтын ақындар өлең айтып отыр. Олар өздерінің таң қаларлықтай таланттарымен менің жүрегім мен жаныма көп нәрсені ұялатты. Ал бұлар жабайылар, тағы ма? Бұл халық ғұмыр бойы мал бағып, болашақтан мақұрым қалмақ па? Жоқ, олай емес! Бұл имандай шындығым. Мұндай талант иелері өркениеттен әсте тысқары қалмақ емес. Оның рухы күндердің күнінде қазақ даласына жетіп, жарық отын үрлей түсер. Бүгінде жүдеген, қажыған көшпелілердің қазірде оған шекесінен қарап отырған елдер қатарына қосылар күндері де туар». Адольф өзі көрген, жүрген жерлерінің әсем табиғатын суреттеуге де шебер-ақ. Інісіне жазған хатының бірінде ол қазақ таулары жөнінде төмендегідей сыр төгеді. «Алатау, Тарбағатай және Шыңғыстау европалық Альпінің, Апенниннің және Карпаттың азиялық інілеріндей болып, маған солардың оңтүстіктен солтүстікке қарай аласара созылып жатқан мүсін сілемдеріндей көрініс береді. Алатауға қарағанда Тарбағатай жатаған іспеттес. Тарбағатай мен Алатауды өзара салыстырғанда, түйе мен қойды қатар жатқызғандай екен. Тарбағатай өзінің ұлылығымен және жомарт табиғатының әртүрлі байлығымен қызықтырса, Алатау жолаушысын бұрын соңды көрмеген ғажайып әдемілігімен елітеді. Ал Шыңғыстаудың тәкаппар кербездегі мен үшін, тіпті, алабөтен». Ал Лепсі өңірінен шешесіне жазған хатында Янушкевич: «Бұл жердің сұлулығын, тамылжыған табиғатын Сізге елестету үшін сонау Омбыдан осында жаяу келсем, төгілген терім еш болды демес едім. Дүниеде ешбір король мұндай жерде тұрып көрмеген. Жер үстінің жұмағындай. Әттең, суреттеуге бұдан әрі, тіпті тілім жетпейді», – деп ағынан жарылады. Янушкевич кітабында ұлы Абайдың әкесі аға сұлтан Құнанбайды кескіндеуі тіпті керемет. «Бұл да дала өңіріне аты кең жайылған адам. Қарапайым қазақтың баласы. Табиғат оған кесек ақыл, ғажайып ес және жүйрік тіл берген. Іскер, өз аталарының игілігі туралы қам жейді. Дала заңдары мен Құран қағидаларының жетік білгірі. Қазақтарға қатысты ресейлік жарғыларды бес саусағындай біледі. Қара қылды қақ жарған би және өнегелі мұсылман. Қарапайым Құнанбай әулиенің даңқына бөленген. Одан ақыл сұрауға жас та, кәрі де, кедей де, бай да шалғай ауылдардан келіп жатады. Бір топ сұлтан мен бес мырза біздің үйде болып шай ішті. Басқаларға ықпал ететін осы рулық топ жөнінде: «Сарай Пацқа, Пац сарайға татиды» деген біздің поляк мақалын айтса болар еді. Барактың қасында ақсүйектер (сұлтандар) ақсүйек емес, сұр болып көрінеді. Ал барлық байлар Құнанбайдың кебесін кигізуге жарамайды». Қазақ халқының шын досы, Польшаның парасатты перзенті А.Янушкевичтің артына қалдырып кеткен бұл мұрасы бүгінгі ұрпаққа баға жетпес барынша құнды кітап. Сөйтсе де қазірде екінің бірі Янушкевичтің кім екенін, оның кітабының мән-жайын жете біле бермейді. Өйткені ол туралы кезінде жазылған Ф.И.Стеклова мақалаларынан басқа танымдық деректер жоққа тән. Бұдан 45 және 32 жылдай бұрын орыс және қазақ тілдерінде бір реттен шыққан Янушкевич шығармасымен бүгінгі оқырман жыласып көрісердей халде. Себебі ол кітаптар тез таралып, кезінде көп оқылып, тозып біткендіктен, барынша сирек шығармаға айналып кетті. Баршаға мәлім, қандай бір сәтті аударма болсын, мейлі ол он рет қайта аударылсын, оның асыл түпнұсқаға теңесуі әсте мүмкін емес. Айталық, кейінгі бір ғасыр ішінде А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» поэмасы неміс тіліне 6 рет, Л.Н.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» эпопеясы жапон тіліне 14 рет қайта аударылса да немістер мен жапондықтар өз аудармаларына жоғары баға беруден әлі де аулақ. Мұндай деректі қазақ топырағынан да оңай табуға болады. А.С.Пушкиннің басқа шығармаларының қазақ тіліне аударылу жайларын сөз етпегеннің өзінде, оның «Капитан қызы» повесі бүгінге дейін төл тілімізге үш рет аударылды. Немесе ұлы жазушымыз М.Әуезовтің ұлы шығармасы «Абай жолы» эпопеясы елу жылдан кейін тағы да орыс тіліне қайта тәржімалануы да аударма табиғатына тән құбылыс болса керек. Аударма дегеннен шығады. Бұдан қырық жылдай бұрын осы мақала иесі Янушкевич кітабының орысша нұсқасымен танысқан алғашқы сәтте-ақ шіркін, бұл туындыны қалың қазақ өз тілінде оқыса деген ойға жиі шомушы еді. Осындай ойдан, алшақтай алмаған ол ертелі-кеш қолы бос уақыттарда өз бетінше Янушкевич кітабын төл тілімізге аудара жүрген еді. Ал 1976 жылы республикамызда «Жалын» баспасы шаңырақ көтергенде осы жолдардың иесі өзі аударған Янушкевич кітабының қазақ тіліндегі нұсқасын сонда тұңғыш рет тапсырған еді. Ұзын-ырғасы түгел аударма болса да, баспадағылар оны орыс тіліндегі нұсқаға сәйкес келіңкіремейді деп кері қайтарған. Көп ұзамай, бұл баспа Янушкевич кітабының қазақ тіліндегі нұсқасын басып шығарды. Әрине бұл Мұқаш Сәрсекеев аудармасы еді. Сәрсекеев аудармасын сол кезеңнің сәтті аудармасы деп тұрсақ та, ондағы кейбір сөздердің қазақша баламасы қасаңдау, олардың ішінде жаңсақ аударылғандары да баршылық. Қазақ тілінде байыпты баламалары бар сөздер болса да, олар сол орыс немесе шет тілдеріндегідей аударылмай кете барған. Жер-су, тіпті байырғы кейбір ру және адам аттарының өзі де (мүмкін поляк тіліндегі нұсқадан Стеклова да ауытқи алмаған болар) жартылай бұрмалана басылған. Әрине оны түзетіп жіберсе, түпнұсқаға пәлендей зиян келмесі айтпаса да түсінікті. Тіпті кейбір тараулар басындағы эпиграфтар да қазақшаланбай қалған. Мұның бәрі шындап ескерсе, түзетілер шаруалар. Міне, осындай Янушкевич кітабын аудару айналасындағы белең алған осындай олқылықтарды болашақ жылдарда аз да болса болдырмау мақсатымен ол бұдан он шақты жыл бұрын қайта тәржімалауға кірісті. Бұл істе, әрине оның алдындағы алғашқы Сәрсекеев аудармасымен өз аудармасын салыс­тырып, осы екеуінен орысша нұсқаға барынша жақын аударма шығару шаруасы тұрды. Солай болып шықты да. Астана қаласында аударма шығару шаруасымен айналысатын «Аударма» баспасы 2002 жылы Зұлхаров аудармасын Сәрсекеев аудармасымен салыстырып саралап екшегенде оның үштен біріне өзгеріс енгізгенін, сөйтіп соңғы аударманы да өз алдына дербес аударма деп бағалауға негіз барлығын айғақтады. Сол кездегі Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігіне қарасты Баспа және полиграфия жөніндегі департаменті де бұл аудармаға оң баға беріп, оны Янушкевичтің туғанына 200 жыл толатын 2003 жылы басып шығаруға шешім шығарды. Сондай-ақ, бұл аударма Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Санаткерлік меншік құқығы жөніндегі комитетте де талқыланып, аудармашыға авторлық құқық беру жайы тиянақталды. Сөйтіп ақырында, Янушкевичтің кітабы Ғ.Зұлхаров аударған нұсқада 2003 жылы «Аударма» баспасынан «Қазақ даласына сапар туралы жазбалар» деген атпен 2000 дана таралыммен басылып шықты. Орайы келген соң айта кеткен жөн. 2003 жылы Янушкевичтің туғанына 200 жыл толуына орай Зұлхаровтың тікелей ұсыныстары бойынша Астана, Семей және Аягөз қалаларындағы бір-бір көшеге Янушкевич есімі берілді. «Казпочта» акционерлік қоғамы да Зұлхаровтың тілегі бойынша Янушкевич суреті салынған ашық почта карточкасын 1000 дана таралыммен шығарды. Басылымы соңғы жылдары толық аяқталған жаңа көптомдық Қазақстан Ұлттық Энциклопедиясынан да Янушкевич туралы Ғ.Зұлхаровтың танымдық анықтамалық мақаласына орын берілді. (2008, 10 том, 317 бет). Янушкевич айналасындағы түсінігімізді одан әрі тереңдете баяндасақ, оның кітабын алдағы жылдары әлемнің негізгі тілдеріне аудартып, мемлекеттік тапсырыспен шығарса ешбір сөкеттігі жоқ. Сондай-ақ Янушкевич кітабы негізінде бірнеше сериялы кинофильм түсіруде өзі сұранып тұрған шаруаның бірі. Өйткені Янушкевич жазбаларының әр жолы селкеуі жоқ дайын сценарий десек, қазақ елін насихаттаудың бұл да бір өнегелі жолы. Айтпақшы, Янушкевичке арнап бүгінгі қазақ елінің Астанасында еңселі ескерткіш орнатса да ешбір артықшылық жоқ. Себебі ол бұдан 150 жыл бұрын «Ақмола – мәселен, бүкіл даланың болашақ астанасы», – деп айшықтап жазып кеткен. Бұл көлемді мақаланың жазылу себебі осындай орнықты ойлардан туындады. Ғабит ЗҰЛХАРОВ Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз қаласы