Жаңалықтар

«ЖАНЫ ЖАРЫҚ ДИМЕКЕҢ»

ашық дереккөзі

«ЖАНЫ ЖАРЫҚ ДИМЕКЕҢ»

Дінмұхамед Қонаевтың 100 жыл­дығына орай, тарту ретін­де ұсынылып отыр­ған «Жаны жарық Димекең» атты эссе кітаптың авторы – Ерғали Сағат. Аталмыш жинақта автор аты аңызға айналған тұлғаның қайраткерлік, ада­ми-кісілік қасиет­теріне үңіліп, терең толғам жасайды.

Шуақты жанның халқына жасаған жақ­сылығын, еліне жасаған мейірімін көрсетуге тырысқан екен бұл жинағында Ерғали Сағат мырза. Д.Қонаев туралы жазылған шығармалардың қай-қайсысын алсаңыз да, оның өз заманында білікті де, бірегей басшы болғанын жасырмайды. Әртүрлі баспасөз беттерінде жарияланған түрлі мақалалардан да Қонаевтың көрегендігін, алысты болжағыштығын, тазалығын, жан-дүниесінің кеңдігі туралы жазылған дүниелерді көптеп кездестіресіз.

Кітап үш бағыт бойынша өрбіген екен: Біріншісі, «Сөз басы немесе «Қара бауыр қасқалдақ» деп аталады. Мұнда көрнекті ақын Есенғали Раушановтың әйгілі «Қара бауыр қасқалдақ» әніне байланысты сөз қозғайды.

«Қара бауыр қасқалдақ

Қайда ұштың пыр-пырлап?

Сазың қалды сәбидің

Еңбегіндей былқылдап» деп келетін өлең жолдарына белгілі сазгер Лесбек Аманов ән жазған екен. Содан бері бұл ән Желтоқсан оқиғасының қарсаңында жиі айтылып келеді. Бұл әнді естігенде Дінмұхамед Қонаевтың өзі көзіне жас алып тұрып: «Қазақтың қай қиырына барсам да мені «Қара бауыр қасқалдақ» әнімен қарсы алып жүр» деп, сазгерге өз ризашылығын білдіргенін де айтады.

Ал, екінші бағыт «Бірінші тағылым немесе Ар алдындағы Өмір» деп аталса, одан кейінгі бағытты «Екінші тағылым немесе Жұртым деп төккен жылуын» деп атаған екен. Екі тараудан оқырман Д.Қонаевтың өзгеше болмысын, рухы бөлек қасиетін, айрықша тұлғасын аңғара алады.

Автор: «Біздіңше, Қонаев әлемі туралы, жалпы қазақ елін басқаруда айрықша із қалдырып өткен басқа да көрнекті тұлғалар туралы бүгінгі саясаттану ғалымдары басқару академияларында, басқа да қажетті деген жоғары оқу орындарында арнайы курстар ашып, тәлім берулері қажет» деген пікірін білдіреді.

Автордың ойы орнықты. Келешек ұрпақ өз қайраткерлерін, көрнекті тұлғаларын біліп, оқып өсуі қажет. Көрнекті тұлғалардың артына қалдырған ізі, еліне жасаған жақсылығы, қайырымы туралы біліп өскен ұрпақ соған қарап еліктейді, соған қарап бой түзейтін болады.

Едiге БЕКТАС