Жаңалықтар

БIРЕУДIКI БIРЕУГЕ ОЛЖА БОЛМАС

ашық дереккөзі

БIРЕУДIКI БIРЕУГЕ ОЛЖА БОЛМАС

Өмірдің қиындап бара жатқандығы ма, яки жоқшылықтың ызасы өткендігі ме, я болмаса тағдырдың тәлкегі кейбіреулерді соған душар етті ме, әйтеуір жер-жерде бөтеннің затын жымқырушылар, өзгенің мүлкіне қол сұғушылар, жалпақ тілмен айтқанда ұрылар, кісі тонаушылар азаймай тұр. Бұл жайт қарапайым халықтың алаңдаушылығын тудыруда. «Бір анадан ала да, құла да туады» деген сөз бекер айтылмаған. Адамның түріне, бет-жүзіне, кескін-келбетіне қарап ешкімді ұры демессің. Сөйте тұра бейқам жанды мұзға отырғызып, зар қақсатып кететіндер де жоқ емес. Осындай жандарды бұндай әрекетке баруға не итермеледі екен деп те қамығасың.

Расында, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп оңай олжаға бата салғысы келетіндер неге көп? Біреуді ботадай боздатып, оның маңдай терімен тапқан-таянғанын бір-ақ сәтте, үптеп кету деген сұмдық, әрине. Біреудің несібесіне қол салудың өзі күнә. Өзгені еңіретіп алған бөтеннің нәпақасы, біреудің игілігіне жарарлықтай олжа болар ма екен сонда… Басқаға тиесілі нәрсе, екінші біреуді жарылқамайтынын ұқпайтыны ма? «Ұрлық түбі – қорлық» деп текке айтылмаған болар қазақта. Құран-Кәрімде «Ер және әйел ұрының қылмыстарына жаза, әрі Алладан бір өнеге түрінде қолдарын кесіңдер. Алла Тағала аса үстем, хикмет иесі. Ал кім зұлымдықтан кейін тәубе қылса, түзелсе, сонда шәксіз Алла оның тәубесін қабыл етеді. Алла аса жарылқаушы, ерекше мейірімді» деп жазылған екен. (5-Мәида сүресі). Ерте заманда бабаларымыз ұрлыққа қатал қараған, қатаң жаза қолданған. Ұрылар осындай әрекеттері үшін қолдарынан, саусақтарынан айрылған. Ал қазір жағдай мүлдем бөлек. Заң жұмсақ, ал оларды қатаң қадағалап отырған тәртіп сақшылары да бейқам. Алматы – миллиондаған адамның басын бір қазанға сыйдырып отырған үлкен қала. Осынау үлкен қалаға сырттан келушілер де көп. Үлкен шаһарда бас түйістіріп, бір қалаға жиналған жұрттың қайсыбіріне сенеріңді білмейсің. Бірде бір бойжеткен автобуста ұялы телефонын ұрлатып алғанына куә болдым. Бүгінгі таңда қалтамыздан бір елі тастамайтын, қажетті құралымызға айналған ұялы телефонсыз өмірді елестету қиын десек те болады. Ұрылардың қармағына түскен жас қыз жан-жағына жалтақтап, айналасындағыларға жар салып, телефонын іздеп шырыл қаққанымен еш нәтиже шықпады. Телефонын таппай дегбірі қашқан қыз кімді кінәларын, кімге айып тағарын білмей ботадай боздады. Тағы бірде қара базарда отыздың үстіндегі әйел әмиянын жоғалтып зар еңіреді. 60 мың теңгедей ақшасын ұрлатып алғанын айтып, өзін қоярға жер таппай, қамығып тұр. Сырт қаладан келген әйел сауда-саттықпен айналысатын көрінеді. Жанындағы құрбысынан өзге қорғанышы да жоқ. Бөтен қалада кімнен көмек сұрарын, кімге иек артарын, кімге шағым айтарын білмей есі шығып шырылдаған. Бұндай оқыс жағдайға талай кезігіп, еті үйренген қалың жұрт ішінен шырылдаған әйелге басу айтар ешкім табылмады. Қайта оның бетіне шүйіле, қабақ түйе қарағаны болмаса, ешбірі қол ұшын созбады. Кейде тіпті өрімдей жас қыздарымыздың да ұрлықты кәсіп көріп жүргендері ызаңды қайнатады, алайда бармағыңды тістеуден басқа амал жоқ. Адам бір-бірінен қорықпаса да, Құдайдан қорықса дейсің. Біз көрмегенмен Алла Тағала көріп тұр. Бәріміздің де жасаған жақсылығымызға, артық кеткен ағаттығымызға ол бір дәлел. Арам пиғылмен жасалған іс ешқашан оңымен, жақсылықпен оралмайды. Адамдар арам жолдан аулақ болса игі. Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТОВА