САЙЛАУШЫЛАРДЫҢ БЕЛСЕНДIЛIГI ЖОҒАРЫ БОЛАДЫ

САЙЛАУШЫЛАРДЫҢ БЕЛСЕНДIЛIГI ЖОҒАРЫ БОЛАДЫ

САЙЛАУШЫЛАРДЫҢ БЕЛСЕНДIЛIГI ЖОҒАРЫ БОЛАДЫ
ашық дереккөзі

4-6-сы аралығында отандық үкіметтік емес ұйымдардың бірі – «Демократия институты» қауымдастығы еліміздің барлық өңірінде сауалнама жүргізіп, оның нәтижесін жариялады. Сауалнамаға барлығы 1500 адам қатысқан. Олардың 69,3 пайызы «сайлауға барып, дауыс береміз» деп жауап берген. 10 пайызы «сайлауға бармақ ойымыз бар» деген. Бұған дейінгі сауалнамалармен салыстырғанда халықтың саяси белсенділігі 8,6 пайызға артқан.

Сұралғандардың 97 пайызы Қазақстанның қазіргі даму жолы дұрыс деген пікірде.

Сауалнама қорытындысы:78,3% – сайлауға барамын

69,3 % – сайлауға нақ барамын

10 % – баратын шығармын

Халықтың белсенділігі – 8,6 % пайызға артты

Партиялардың пайыздық үлесі:

«НұрОтан» ХДП – 80,1%

«Ақжол» ХДП – 7,3 %

Қазақстан коммунистер халық партиясы – 7,1%

Жалпы ұлттық социал-демократиялық партиясы – 1,9 %

«Әділет» демократиялық партиясы – 1,3 %

Қазақстан патриоттар партиясы – 0,8 %

«Ауыл» СДП – 0,5 %

САЯСИ ПАРТИЯЛАР ПIКIРIСАЙЫСҚА ДАЙЫН

Орталық сайлау комиссиясы қаңтардың 12-сінде саяси партиялардың пікірсайысын өткізу туралы қаулыны қабылдады және оның регламентін бекітті. Онда пікірсайысты өткізу барысында саяси партияның, оның мүшелерінің намысына, абыройы мен іскерлік беделіне нұқсан келтіретін сөз айтылмауы керектігі баса айтылған.

– Теледидарлық саяси пікірсайысты өткізудің тәртібін орталық сайлау комиссиясы айқындап, регламентін түзуді ұсынып отыр. Партиялық тізімін ұсынған партиялардың сайлау алдындағы бағдарламалары мәселелері жөніндегі пікірсайыс олардың келісімімен өткізілетін болады. Сөз сөйлеу реті орталық сайлау комиссиясындағы партиялардың тізім кезектілігіне сәйкес болады. Пікірсайысты орталық сайлау комиссиясының тапсырысымен қазақ және орыс тілдерінде «Хабар» арнасы түсіреді және сайлаушылардың назарына ұсынады, – дейді Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен.

«НҰР ОТАН» ЖАҢАӨЗЕНДI ЖАНДАНДЫРМАҚШЫ

«Нұр Отан» партиясы төрағасының І орынбасары Нұрлан Нығматуллин бастаған топ Жаңаөзен қаласында болып, қайта қалпына келтіріліп жатқан нысандарды аралады. Ал бұған дейін үгіт-насихат жүргізу тобының мүшелері Ақтау қаласын аралады. Сондай-ақ, партия белсенділері «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясы мұнайшыларымен және халықаралық теңіз сауда порты жұмысшыларымен кездесті. Партияның сайлауалды тұғырнамасын талқыға салды. «Нұротандықтар» кездесуде әлеуметтік саладағы жоспарларымен де бөлісті. Атап айтқанда, олар алдағы 5 жылда білім мен ғылымды дамытып, денсаулық сақтау саласын жандандырмақшы. Сондай-ақ, экономиканың орташа жылдық өсу қарқынын 6-8%-ке жеткізуді мақсат етеді. Партия белсенділері еліміздің әуе қатынастарын әлі де 2 есе ұлғайту қажет деп отыр. «Ал темір жол саласының әлеуетін 400 шақырымға арттыру абзал», – дейді.

«НҰР ОТАН» ЖАҢАӨЗЕНДI ЖАНДАНДЫРМАҚШЫ

Жалпыұлттық социал демократиялық партия өздерін елдегі бірден-бір оппозициялық күш ретінде бағамдайды. Жаңа жылдың алғашқы аптасында осы партияның біраз мүшелері партиядан шығатындықтарын мәлімдеп, «Ақ жол» партиясына өтуге өтініш білдірген. Олар Алматы облыстық, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстық партия филиалдарының өкілдері. Өскеменде партия құрамын 30 адам тастап шыққан. Қостанайдағы партияның облыстық филиалының бұрынғы төрағасы Геннадий Власов осы тұрғыдан прокуратураға шағым түсіріп, партияны сайлау додасынан шеттетуді сұрап отыр.

– «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының» ұйымдастыру жұмыстарында өрескел қателіктерге жол берілді. Мысалы құжат жүзінде «Жалпыұлттық социал-демократиялық» партиясының төрағасы болып жүрген азамат, көпшілік алдында «Азат» социал-демократиялық партиясының тең төрағасы ретінде мәлімдеме жасайды. Сондай-ақ, ол депутаттыққа ұсынылған кандидаттар тізіміне де «Жалпыұлттық социал-демократиялық» партиясының төрағасы ретінде қол қояды. «Ендеше оның ел алдында өзге саяси ұйымның көсемі болып көсілуіне жол болсын». Яғни жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы мен «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы екеуі екі бөлек дүние. Мұның соңғысы Әділет министрлігінде арнайы тіркеуден де өтпеген. Облыстық филиалдың экс-төрағасы «сондықтан бұл саяси ұйымның сайлау додасына түсуі заңсыз», – деп есептейді.

КОММУНИСТЕР РЕТРО КОНЦЕРТ ӨТКIЗДI

Коммунистер Астанадағы сайлаушыларына ретро концерт сыйлады. Олар «Өткенімізді мақтан тұтамыз! Болашаққа сенеміз!» деген ұранды ту етіп көтерді. Қазақстан, Польша мен Ресейдің еңбегі сіңген әртістерінің өнерін кез келген тұрғынның тегін тамашалауына мүмкіндігі болды. Өнерпаздар құлақтың құрышын қандыратын ретро әндерді орындап, жиналғандардың көңілін көтерді. Осындай шараларды өткізу арқылы біз қарапайым халықпен қарым-қатынасымызды күшейтеміз дейді коммунистік партия өкілдері.

«АУЫЛ» АУЫЛДА ЖҮР

Қазақстан социал-демократиялық «Ауыл» партиясының Ақмола облысындағы белсенділері Зеренді ауданына қарасты Шағалалы ауылының жұртшылығымен жүздесті. – Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге төмен әрі ұзақ мерзімдік несие беру керек. Осы саланы дамыту үшін заманға сай технологияларды да енгізу қажет. Сонда елімізге қажетті азық-түліктің басым бөлігі өзімізде өндіріледі, – деді кездесуде «ауылдықтар». Жас мамандарды ауыл шаруашылығына тарту, олардың әлеуметтік жағдайларын тиімді шешу үшін де «ауылдықтар» белсене ат салыспақ. Жиында сайлаушыларға партияның тұғырнамасы мен кандидаттардың сайлауалды бағдарламалары таныстырылды.

«ӘДIЛЕТ» ҚОСТАНАЙҒА КЕЛДI

«Әділет» демократиялық партиясының үгіт насихат тобы Қостанайға келді. Сайлаушылармен кездескен олар жұртты сайлауалды тұғырнамасымен таныстырды. – Елімізде адам құқықтары мен бостандықтарын шектеуді азайту үшін Ата заңымызға өзгерістер енгізіп, кейбір заңнамаларды жетілдіру қажет. Сонымен қатар, әлеуметтік аз қамтылған топтарға қамқорлықты күшейту, зейнетақы мөлшерін көбейту де назардан тыс қалмайды. Білім беру саласын өркендетуге, бұқараға қызмет көрсететін сала мамандарын қолдауға да күш саламыз, – дейді әділеттіктер.

«АҚ ЖОЛ» ЖАҢАӨЗЕНДЕГI ҮКIМЕТТIК КОМИССИЯНЫҢ ҚҰРАМЫНА ЕНСЕК ДЕЙДI

Азат Перуашев Жаңаөзендегі оқиғаларды тексеру жөніндегі Үкіметтік Комиссияның құрамына тәуелсіз сарапшы ретінде “Ақ жол” партиясының өкілдерін қосуды ұсынды.

Осыған орай 4 қаңтарда комиссия төрағасы Өмірзақ Шөкеевтің атына арнайы хат жолданған.

Комиссия құрылған кезде Елбасының “…ақпараттың мейлінше ашықтығын қамтамасыз етіп, нәтижесі туралы халыққа жариялап, қажет болған жағдайда тәуелсіз сарапшыларды тарту керек. Партия осы оқиғаға орай атқарушы органдардың іс-әрекетіне баға беруді қоса алғанда, оған тиісті дәрежеде құқықтық және саяси баға бере отырып, әділ әрі жан-жақты тексеру жүргізуін талап етеді” деп көрсетілген хатта.

«ПАТРИОТТАР» СЕМЕЙГЕ ОБЛЫС МӘРТЕБЕСIН ҚАЙТАРЫП БЕРМЕКШI

Семейге ат басын бұрған патриоттар сайлаушылармен кездеспес бұрын, партия белсенділері Түйемойнақ аралындағы полигон құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, ядролық жарылыстардан көз жұмған қандастарымызға тағзым етті. Пат­риоттар саяси додада оза шауып, Парламентке өтсе, осы полигон зардабын әлі күнге тартып отырған Семей жұртшылығының әлеуметтік жағдайын көтеруді көздеп отыр. «Ол үшін бірінші кезекте Семейге жеке облыс мәртебесін қайтарып, өңірдің экологиялық түйткілдерін шешу керек», – дейді.

Дайындаған Е.ҚҰМАР