Жаңалықтар

ЖАҢА ДЕНЕШЫНЫҚТЫРУ КЕШЕНІ АШЫЛДЫ

ашық дереккөзі

ЖАҢА ДЕНЕШЫНЫҚТЫРУ КЕШЕНІ АШЫЛДЫ

Атам қазақ: «Денсаулық – зор байлық» деген. Қазір Республика халқының денсаулығын жақсартуда қаншама игі істер атқарылып жатыр. Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы Миялы ауылында денешынықтыру-сауықтыру кешені салтанатты түрде ашылды. Бұл «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамының ауыл тұрғындарына Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай тамаша тартуы болды. Олар Атырау өңірінде осыған дейін осындай сәнді төрт кешеннің құры­лысына қаражат аударып, халыққа дер кезінде пайдалануға берген еді. Міне, Миялы кешені бесінші болып ел игілігіне айналғалы отыр.

Осынау салтанатты шараға Атырау облысы әкімінің орынбасары Асқар Әбдіров қатысып, аудан жұртшылығын жаңа ғимараттың ашылу салтанатымен құттықтады. Ол жиналған қауым алдында облыс пен «ҚазМұнайГаз» Барлау-Өндіру» акционерлік қоғамының арасында бірлескен бағдарлама жұ­мыстарына кеңінен тоқтала отырып алда атқарылатын шаруаларды да тілге тиек ете кетті.

Соңғы жылдары «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы құрылғаннан бастап, мұнайлы өлкенің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытумен айналысуда. Олар Атырау облысы әкімдігімен өзара түсіністік және ынтымақтастық жөніндегі бірлескен Меморандумға қол қойғаннан бастап, аймақты қаржыландыруды бұрынғыдан да арттырды. Содан бері де қаншама игі істер жүзеге асырылды десеңізші. Жергілікті атқарушы орган мен отандық мұнай компаниясы арасындағы Әлеуметтік серіктестік туралы құжаттың мақсаты мұнайшыларға аса қажетті әлеуметтік нысандардың құрылысын салу, ескілерін қайта күрделі жөндеуден өткізіп, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы жергілікті халықтың өмір сүру жағдайын жақсарту болып табылады. Осы мақсатта Ұлттық компания республика бойынша 11 әлеуметтік жобаға демеушілік көрсетті. Оған 2011 жылы жалпы көлемі 6,5 млрд. теңгеден астам қаражат бөлген. Өткен жылы күзде Атырау облысының Мақат ауданындағы Доссор кен орнының ашылуына 100 жыл толуына байланысты торқалы той өтті. Компания бұл той­ға аудан орталығынан 180 млн. теңгеге 80 орындық «Ботақан» балалар бақшасын пайдалануға берді. Балалар бақшасы бүгінгі заман талабына сай жабдықталған.

Доссор кентіндегі «Мұнайшы» мәде­ниет сарайы да күрделі жөндеуден өт­кізіліп, қосымша бөлмелер салынды. Сарай көркі бұрынғысынан әлдеқайда көз тартып, мұнайшыларды қуанышқа бөледі.

Аудан орталығындағы Денешы­нық­тыру-сауықтыру кешені көп жылдардан бері күрделі жөндеу көрмегендіктен, қазіргі заман талабына сай емес еді. Былтыр компания осы спорт кешеніне қомақты қаржы аударып, күрделі жөндеуден өткізді. Қазір онда аудан көлемінде спорт түрлерінен неше алуан жарыстар өтуде. Ғимарат сыртындағы футбол алаңы да бүгінгі талапқа сай жасалынған.

Атырау облысының Миялы ауылын­дағы Денешынықтыру-сауықтыру кешенін де «ҚазМұнайГаз» Барлау-Өндіру» акционерлік қоғамы салдырған. 2011 жылдың сәуір айында құрылысы басталған спорт кешенінің құрылысы 2012 жылы қаңтар айында аяқталып, пайдалануға берілді. Спорт кешені үлкен мини-футбол, волейбол, баскетбол залынан бөлек бірнеше кең бөлмелерден тұрады. Оларда күрес, бокс, теннис, зілтемір спорт түрлеріне қажетті жабдықтар және жаттығу құралдары бар. Енді аудан көлеміндегі барлық мекемелер мен ұйымдардың ұжымдары алдын-ала әкімшілік бекіткен кесте бойынша спорт түрлерінен өзара жарыстар өткізіп тұрады.

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы тек осы істерімен ғана шектеліп қалайын деп отырған жоқ. Облыс әкімшілігімен бірлескен әлеуметтік серіктестік бағдарламасына орай алдағы жылдары Индер ауданының Есбол селосында, Махамбет ауданының Алмалы селосында, Жылыой ауданының Жаңақорған селосында, сондай-ақ Ақсай және Атырау ауылдық округтерінде заман талабына сай спорт кешендерін салып, оларды спорт түрлерінің барлық қажетті жабдықтарымен қамтамасыз етіп, халыққа мерзімінде пайдалануға беруді басты мақсат тұтып отыр.

К.СҮЛГЕТАЕВ