ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ОЙЫН АЛАҢЫНА АЙНАЛДЫ
ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ОЙЫН АЛАҢЫНА АЙНАЛДЫ
Еуразияның кiндiгiнде орналасқан Қазақстан және Орталық Азиядағы бес мемлекет – Қазақстан, Тәжiкстан, Түркiменстан, Өзбекстан және Қырғызстан геосаяси тұрғыдан аса маңызды аймақ. Бұл мемлекеттерге ықпал етудi және өзiне одақтас жасауды әлемнiң үш бiрдей алып империясы көздеп отыр. Олар – Америка, Ресей және Қытай.
Қытай мен Ресейдiң геосаяси тұрғыдан осы аймақта орналасуы өз мүдделерiн өзгелерден бұрын жүзеге асыруға мүмкiндiк тудыруда. Оның үстiне 70 жыл бойғы ортақ менталитет, аймақтағы экономикалық және әлеуметтiк мәселелерге ықпал ете бiлуi – Ресейдiң асығын алшысынан түсiруде. 1991 жыл КСРО құлағанда нүкте қойылды деген «қырғиқабақ соғысы» қайта жандануы ықтимал. Ал бұл күндерi өрши бастаған ақпараттық соғыстың форматы өзгеше.
НАТО-ҒА БӘСЕКЕЛЕС БОЛА АЛА МА?
Биыл Ұжымдық қауіпсіздік келісім ұйымының құрылғанына 20 жыл. Осы 20 жыл ішінде ұйымға мүше мемлекеттердің өзара ауыз бірлігі және бірлесе іс-қимыл танытуы байқалған жоқ. Осыны ескерген аталған ұйымға мүше мемлекеттер былтыр жыл соңында бас қосып, ұйым ісін жандандыру мәселелерін күн тәртібіне қойды. Ұйымға мүше елдер басшыларының басты мақсаттары – оны әскери-саяси блокқа айналдыру. Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына – РФ, Армения, Белоруссия, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан мемлекеттері мүше. Әрине, негізгі тізгін – Ресейдің қолында. Ресей бұл ұйымды посткеңестік мемлекеттерге ықпал ету тетігі ретінде қолданады. Оған мүше мемлекеттердің бұл ұйымнан алар көмегі – Ресейдің қару-жарағына тегін қол жеткізу. Былтыр жыл соңында Мәскеуде өткен саммитте Ұжымдық қауіпсіздік елдерінің басты басымдығы ретінде Ауғанстанды атап өтті: «Қазіргі сәтте Ауғанстан – Ұжымдық қауіпсіздік шарты елдеріне мүше мемлекеттер үшін ең басты қатер. Дәл сол жақтан жеткен қылмыстық топтар терроризмді, экстремизм мен ұйымдасқан қылмысты, наркотрафиктің өсуіне түрткі болып отыр», – деді Ресей басылымдарына сұхбат берген РФ-нің Ұжымдық қауіпсіздік ұйымындағы өкілі Игорь Лякин-Фролов.
Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының екінші мақсаты – Батыстың ТМД аумағына ықпалын шектеу. Бұл мақсаттары ашық түрде жария етілмесе де, өзара келісілген келіссөздердің көбі – осы қатермен күрес болып табылады. Оның ең бастысы 2011 жылдың соңғы саммитінде ұжымға мүше мемлекеттер өз мемлекеттерінде шетелдік әскери базаларды енгізетін болса, бұл блок рұқсатынсыз жүзеге аспайды. Демек, аталған 7 мемлекеттің бірі осы аумаққа американдық әскери базаны енгізуге рұқсат етпесе, оны территориясына енгізуге мүдделі мемлекет оны өз бетінше жүзеге асыра алмайды. Екіншіден кез-келген әскери-саяси іс-әрекетті олар бірлесе жасауды мақсат етеді. Егер Солтүстік альянсқа мүше елдер мен Еуроодақ елдері кез келген елді бомбалауда бірлесе шешім қабылдаса, бұдан былай Ұжымдық қауіпсіздік шартына мүше елдер де бұндай шешімдерді бірігіп қабылдайтын болады. Сарапшылар бұл шешімнің Ресейдің Америкаға қысым жасауда таптырмас құрал болғандығын айтуда.
– Бұндай жағдайда Мәскеуде АҚШ-қа қысым көрсетудің тетігі пайда болды. Екіншіден, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше елдердің әскери-саяси шешім қабылдауда маңызы артады, ұйымға мүше мемлекеттердің бір-бірімен қарым-қатынасы нығая түседі, — дейді РФ Әскери саясаттанушылары қауымдастығының мүшесі Александр Перенджиев Ресей ақпарат құралдарының біріне берген сұхбатында.
Дегенмен сарапшылар Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының күні бүгінге дейін нақты іс-шараларды бірлесе жүзеге асырмағанын айтады. Мәселен 2010 жылы Қырғызстанда этникалық өзбектер мен қырғыздар арасындағы қақтығыста ешқандай халықаралық ұйым тарапынан бұл елге әскери көмек көрсетілмеді. Ұжымдық қауіпсіздік ұйымының әскерилері бұл мемлекеттегі ұлтараздығын реттеуде әлсіздік танытты. Ал ұйымға мүше мемлекеттің бірі Өзбекстан бұл мәселеге әскери одақтың араласуын жақтамасы айқын. Ұйымға мүше 7 мемлекеттің басшылары кез-келген тосын жағдайда бірлесе қимылдауға келісімін берсе де, Өзбекстан бұл мәселеде өз пікірінде қалуды жөн көріп отыр. Ол кез-келген мәселеде өз бетінше шешім қабылдауды жөн көреді.
АҚШ-ТЫҢ ЖАҢА ҚАДАМДАРЫ
Америка өткен күзден бері Орталық Азиядағы саясатын күшейте түсті. 22 қыркүйекте АҚШ Конгресі Өзбекстанға 2004 жылдан бері көрсетіп келе жатқан әскери көмегін тоқтатты. Қазан айында Американың Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон Пәкістан, Ауғанстан, Тәжікстан және Өзбекстанға сапар шегіп, маңызды мәселелер жөнінде келіссөз жүргізді. Оның біріншісі – Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру жөніндегі өзара іс-қимылдарды күшейту, екінші – НАТО әскерлерін 2014 жылы Ауғанстан аумағынан шығарып әкеткеннен кейінгі аймақтағы жағдайдың дамуы. Осы жолда Өзбекстан президенті Ислам Каримовпен кездесуде Хиллари Клинтон Шанхай Ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) ықпал етуге мүдделі екендігін танытқан. ШЫҰ-ның ауқымын кеңейту жайындағы әңгімелерді Америка сарапшылары жаздың өзінде-ақ сарапқа сала бастаған еді. Күзде Барак Обама әкімшілігі ШЫҰ-мен ынтымақтастық форматын анықтау жөнінде келіссөз жүргізуді көздейтіні жайында ақпарат тарады. Америка ШЫҰ-мен ынтымақтастықтың екі нұсқасын ұсынып отыр: біріншісі – Вашингтон ШЫҰ-ын бақылаушы дәрежесіне ие болуды; екіншісі – ШЫҰ-мен қарым-қатынаста әріптес дәрежесіне қол жеткізуді көздейді. Ақ үй ШЫҰ-ға әріптес болуды 2002 жылдан бері көздеп келеді. Ол кезде Өзбекстан Американы қолдағанымен, Қытай қарсылық танытты, Ресей мен Қазақстан қалыс қалды. Бірақ Өзбекстандағы Андижан оқиғасының салдары Буш әкімшілігінің ШЫҰ-ға әріптес болуына жол бермеді. Барак Обама бұл жолы мәселені түбегейлі шешуді жоспарлап отыр. Дегенмен мұнда басым дауысқа ие – Қытай мен Ресей Американың шеңгелінен қорқады. Сол себепті де мәселенің аңысын аңдумен шектелуде.
АУҒАНСТАН – БАСТЫ СЫЛТАУ
Әзірге Америка Орталық Азияға ықпалын Ауғанстан арқылы жүргізіп келеді. Қырғызстандағы Манас әуежайы жабылса да, онда қазірге дейін Американың әскери базасы жұмыс істейді. Былтырдан бастап Ақтау арқылы америкалық жүктер Ауғанстанға тасымалдана бастады. Өткен жылдың соңында АҚШ Сенатының халықаралық істер жөніндегі комитеті Орталық Азия елдерімен өзара қарым-қатынас және Ауғанстандағы соғыс жөнінде баяндама дайындады. Онда: «2009 жылдан Құрама Штаттар Солтүстік жүйе бойынша жүк тасымалының көлемін ұлғайтумен келеді. Бұл жүйе – Ауғанстандағы НАТО және Америка әскерилерінің операциясына арналған коммерциялық әуе және жер қатынасы бойынша жүк тасымалдайтын маңызды көлік дәлізі. Бұл дәліз арқылы барлық жер қатынасы арқылы тасымалданатын жүктердің 75 пайызы тасымалдануда. Солтүстік тасымал жүйесі 3 маңызды жер қатынасынан тұрады. Олар: Қаратеңіз порты Поти арқылы Әзірбайжанға, Каспий арқылы Орталық Азияға; екіншісі – Латвия порты Рига арқылы Ресей, Қазақстан және Өзбекстан аумағы арқылы, соңғы бағыт Латвиядан бастау алып, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан аумағымен Тәжікстан арқылы Ауғанстанға жеткізіледі. Қолдағы бар мәлімет бойынша, Өзбекстанның Хайратон пункті арқылы Солтүстік тасымал жүйесінің 70 пайызы тасымалданады» делінген. Бірақ соған қарамастан АҚШ үшін бүгінде Өзбекстаннан гөрі Қазақстан маңызды рөл атқарады. Өзбекстан территориясымен Ауғанстанға жеткізілер жүктің бәрі тасымалданғанымен, ол ең әуелі Қазақ территориясы арқылы өткізіледі. Өзбекстан АҚШ-тың кейбір сыни пікірлеріне құлақ асқысы келмейді және егер АҚШ Өзбекстанды қалай басқару қажеттігін жиі үйрете беретін болса, осы тасымал жүйесін жауып тастағысы келетіндігін айтып, қоқан-лоққы танытып қояды. Ал Қазақстан тарапы АҚШ-тың Ауғанстанда бейбітшілік орнату ісіне біршама үлес қосып отырғанын Ақ үйдің тым елей қоймайтындығын айтып, наз білдірумен шектелуде.
Есенгүл Кәпқызы