МҰХИТ АСҚАН ҚАЗАҚ ГАЗЕТТЕРІ
МҰХИТ АСҚАН ҚАЗАҚ ГАЗЕТТЕРІ
ОРДАБАСЫ ОСАКА
Жапонияның Батыс өлкесi Кансай аймағындағы Осака префектурасы – ертеде Нинтоку император iргетасын қалаған, Шйотоку Тайши тұңғыш ғибадатхана тұрғызған, ел тарихындағы алғашқы император сарайы салынған тарихи жер. Күншығыстағы көптеген ұлыстардың басын бiрiктiрiп, ел қылған Ода Нобунага «Осака Жапон мемлекетiнiң бас қаласы болады» деп, ордасын тiккен мекен осы жер. Тарихи көне жазбаларда Осака аймағы Одзака деген атаумен де берiлген. Аймақ атауы ұлы төбе, жуан төбе деген мағынаны таңбалайды. Мемлекет iргетасын қалаған Ода Нобунагадай ерен тұлғалардың iсiн Тойотоми Хидэйошидей қырандар жалғады. 1500 жылдық тарихы хатқа түскен ордабасы Осака осындай ұлы тұлғалардың тер төгуiмен тұрғызылған шаһар.
АСПАН АСТЫ АСХАНАСЫ
Ежелгi Эдо дәуiрiнде гүлденген қала «Тэнканодайдокоро» (Аспан асты асханасы) болып, экономикалық жағынан қарыштап дамыды. Жапонияның экономикалық астанасы болған Осака саудагерлер кентi ретiнде кеңiнен өрiстедi. Әлемдегi iскерлiк байланыстың iс-қағаз жүзiнде бекiген алғашқы қаласы да осы Осака. Сэтонайкай (Iшкi Жапон теңiзi) аймағы Осаканың сауда-саттық орталығы болуына басты негiз болды. Сексен сегiз көпiрiмен белгiлi шаһарды жапондар «су астанасы» деп те атайды. Осаканың «Аспан асты асханасы» деп аталу себебi, көптеген ұлттық тағамдардың тарихы осы қаладан басталады. «Дәмдi астың орталығы — Осака» деген түсiнiк ерте кезден белгiлi. Жапониядағы ең iрi сауда-саттық ауданы да о баста Осакада ашылған. Осака «Аспан асты асханасы» болумен бiрге жер асты қалашығымен де тарихта қалатын қала. Умэда (алхоры даласы) деп аталатын жер астынан салынған үш қабатты сауда кентi шаһардың солтүстiгiнде. Бұнда күнiне 600 000 адам ұлттық ас мәзiрiнен дәм татып, керек дүниесiн 200-ден астам дүкеннен табатын көрiнедi.
ТОЙОТОМИ ХИДЭЙОШИДIҢ САРАЙЫ
О баста ел ордасы ретiнде белгілі Осакаға Тойтоми Хидэйоши бекiнiс салған кезеңнен қаланың жаңа дәуiрi басталады. Осаканың орталығынан Шығысқа қарай жүргенде биiк төбе тұр. Осы жерге Рэннйо әулие Осака Хонганджи ғибадатханасын салады. Бiр ғасырдан кейiн елге көсем болған Тойтоми Хидэйоши ғибадатхана орнына зәулiм сарай салдырады. Бiрнеше мәрте отқа оранып, орасан оқиғалардың куәсi болған Осака сарайы 1931 жылы елдiң тiлегiмен мұражай ретiнде Үкiметтiң қамқорлығына алынады. Екiншi дүниежүзiлiк соғыста бүкiл дүниесiнен айырыла жаздап, қайта бой түзеген ғимараттың айналасындағы 106,7 гектарлық атырап мемлекеттiк бақ ретiнде қоршалады. Бұл Тойотоми Хидэйоши билiк құрған кезеңнiң куәсi деуге негiз бар. Осака экономикалық орталық болғандықтан, Iшкi Жапон теңiзi арқылы келген кемелер Кинки аймағының Нара, Киото сияқты басқа қалаларына тауар жеткiзiп отырған. Осака қаласы Нанива деп аталған заманнан берi осы төбеде төбе билер билiк айтқан. Орасан тарихты қамтитын Осака сарайына Тойотоми Хидэйоши, Мацудайра Тадаакидей ұлы қолбасшылар иелiк етiп, соғыстан соң қалпына келтiрiп отырған. Осака қаласы ел астанасы болған кезеңнен берi бұл сарай шаһар символы болған. Тойотоми Хидэйошидiң әмiрiмен сарай бекiнiсiне әр аймақтың атақты байлары мен батырларының атынан алып тастар арнайы жеткiзiлген. Бекiнiстiң бүйiрiндегi жалпақ тастарға оны қалауға қатысқан рулардың таңбалары бедерленген. Ғаламат бекiнiс үш жылда салынып бiткен. Ал оның үстiндегi сегiз қабатты сарай төбесi алтындалған шатырмен жабылған. Сарайдағы бiрталай жәдiгер II дүниежүзiлiк соғыста жойылса, шатыр үстiндегi қос алтын дельфин шячи сау қалыпты. Сегiз қабат сарайдың сәнiн келтiрiп, жарқырап тұр.
Қазыналы ғимараттың әр қабатына қатысты әңгiме өрбiтсек, бiрiншi қабат Тойотоми Хидэйоши сарайы туралы аңызға бойлатып, құпиясына сүңгiтетiн ақпараттармен айшықталған. Алтын дельфин мен алтын жолбарыс қойылған екiншi қабаттан өнер бөлмесiн тамашалап, бекiнiстiң Мэйдзи кезеңiнiң соңына дейiнгi тарихымен танысасыз. Шинда Коумураның көзiндей болған бұғы мүйiз дулыға мен самурай сауытын киiп көруге болады. Одан жоғары көтерiлгенде тарихи мұрағат қоры, Тойотоми Хидэйошидiң саф алтыннан жасаған шай iшетiн бөлмесi мен Эдо дәуiрiндегi бекiнiс тарихын танытатын заттар тұр. Алтын жалатылған шай бөлмесiн де Тойотоми Хидэйоши өзi жасапты. Төртiншi қабаттың қақ төрiнде ұлы көсемнiң жеке заттары қойылған. Ежелгi Сэңгоку дәуiрiне тиесiлi асыл мұралар мұрты бұзылмаған күйi тұр. Мәдени қазынаның қатарындағы Осаканың жаз жайлауы бейнеленген алтын бйоубу (көркем суреттi шымылдық) көз тартады. Алтынмен апталып, күмiспен күптелген мұралар бұнымен бiтпек емес. Шинда Коумура мен Мацудайра Тадаакидiң жойқын шайқастары бейнеленген жәдiгерлердi де шаң баспаған. Осаканың жаз жайлауы бейнеленген шымылдықтағы әр көрiнiстi талдап таныстыратын мәлiметтер қоры да осы қабатта.
Алтыншы қабатқа кiсi баласының кiруiне болмайды. Одан әрi жаяу жетiншi қабатқа жеткенде Тойотоми Хидэйошидiң өмiрiн көз алдыға әкелетiн мұраларды көруге болады. Сарай маңындағы мемлекеттiк бақтың iшiне кiретiн он үш ғимараттың иесi болған Тойотоми Хидэйошидей көсемнiң бала кезiн бейнелейтiн қуыршақ жасалыпты. Үнемi қозғалыс үстiндегi «бала Тойотоми» образынан оның кiшкене күнiнен асқан қабiлет иесi болғанын аңғарамыз. Осака бекiнiсi мен сарайының тарихын бейне-жазба таспалар, көне жәдiгерлер, карта арқылы таныстыратын да осы жетiншi қабат.
Тойотоми Хидэйоши дүниежүзi тарихында өз биiгi бар ғұлама. Ол салдырған сарайдың сегiзiншi қабатынан Огава өзенi көрiнедi. Жер бетiнен 50 метр биiктегi сарайдың үстiңгi қабатынан қаланы тамашалауға болады. Осы жерде көне Нанива шаһарын көрсететiн стереоскоп тұр. Сарайда Тойотоми Хидэйошидiң алтын дәуiрiнен белгi беретiн алтын қағазға жазылған қолжазбалары мен кiтаптары, алтынмен өрнектелген сия-сауыт, қобдишалары, алтынмен бедерленген джинхаори (батыр кимоносының түрi) және шидзугатакэкассэндзубйоубу, нанбанбйоубу, оосаканацунобйоубу сияқты саф алтынды шымылдықтар сан ғасырды өткерiп сарайда тұр. Тойотоми Хидэйошидiң Джихицувакахаримадзэбйоубу деп аталатын шымылдығы да шынайы өнер туындысы. Бұл шымылдықтың ерекшелiгi сонда – Тойотоми бұл бйоубуға вака жырларын өрнектеген. Бекiнiстiң жанындағы Оотэмон, Набунягура, Сэнканягура, Канягура, Ичибанягура, Рокубанягура, Эншйоугура, Канэгура, Сакурамон, Кинмэйсуйитоякэй сияқты сарай қақпалары мен сарайлар мәдени қазына тiзiмiне енген.
Тойотоми Хидэйоши сарайынан шыққанда арқа тiреп тұрған биiк қос ғимарат көрiнедi. Түйiсiп тұрған ғимараттың бiрi NHK теле-радио корпорациясына тиесiлi де, екiншiсi – он қабаттық Осака тарихи мұражайы. Ауласында 1500 жыл бұрынғы Ямато (Жапонияның көне атауы) дәстүрлi үйі орналасқан. Ал он қабаттық ғимараттың iшi мұражай деген ұғымның аясынан асып кетердей кешен. Бұнда көне Асука, Нара дәуiрiндегi Нанивамия сарайынан бастап ежелгi ақсүйектер өмiрiмен таныстыратын жәдiгерлер қойылған. Бұл ғимаратқа кiрген адам ежелгi Осака (Нанива, Одзака) шаһарын аралағандай әсерде болады. Көне дәуiрдегi сан-алуан кәсiп иелерiнiң мүсiндерi де шынайы сомдалған. Мұражайдың екiншi қабатындағы «Нанива тарихын тану» орталығында 4000 кiтап пен 100 дана бейнетаспа қойылған. Жапон мұражайларының барлығында ғылыми-зерттеу жұмыстары кеңiнен жүргiзiледi. Мұражай жұмысы кең салалы, аса ауқымды.
АКУЛА, АҚБҮЙIР ДЕЛЬФИН, ӘППАҚ МЕДУЗА…
Осының бәрi әлемдегi ең үлкен океанариумде тiршiлiк етедi. 1990 жылы Осака қаласында бой түзеген бұл «Мұхит сарайында» 11 мың тонна су бар. Тынық мұхиттың көшiрмесi саналатын дүниежүзiндегi ең iрi океанариумдегi 14 аквариумды 30 мың су жәндiгi, балықтар мекендейдi. Аквариумдердiң әрқайсысының әйнегi 10 тонна. Океанариум құрамындағы аквариумның ең үлкенiнде 5400 шаршы метр су бар. Сегiз қабаттық алып ғимаратқа кiрген жан мұхиттың түбiне түскендей әсерде болады. Дәлiздiң екi жағындағы алып шынылардың ар жағында теңiз хайуандары өз тiршiлiгiмен әуре. Келушiлердiң жағдайын ойлап, екi бала емiзетiн бөлме, мейрамхана мен кофетерия, жедел жәрдем бөлмесi, зат сақтау камерасына дейiн жабдықталған. Тынық мұхит деп аталатын су асты патшалығын океанариумнiң үшiншi қабатында. Туннельмен жүрiп отырып, аква-қақпадан өткенде субтропикалық, тропикалық теңiздi мекендеушi түрлi-түстi балықтар жүзiп жүр. Балықтың барлық түрi бар. Үлбiреген аппақ медузалар назарды айрықша аударады. Жаңа Зеландияның Оңтүстiгiнен Солтүстiгiне қарай созылып жатқан теңiзден әкелiнген Кукку тасбақасы жапон океанариумының төртiншi, бесiншi қабатын түгел «жайлап алған». Бесiншi, алтыншы қабаттар киттерге тиесiлi болса, Монтэррэй шығанағынан әкелiнген сүтқоректiлер жетiншi қабатқа дейiн «жайылып» жүр. Сондай-ақ, исэби, мадай, мадако сияқты Iшкi Жапон теңiзiнiң балықтары мен шаяндарының тiршiлiгiн бақылауға болады. Океанариумнен Антарктида пингвиндерiнiң үш түрiн табасыз. Қаннен қаперсiз тiршiлiк етiп жатыр.
ТЕАТРДЫҢ ТУҒАН ЖЕРI
Жапон иероглифтерiнiң атасы, данышпан көсем, шешен Шйотоку Тайши Күншығыстың мәдениетi мен өнерiнiң, әдебиетi мен Будда дiнiнiң бастауында тұрған ұлы қайраткер. Көне жапон архитектурасының айшықты үлгiсi Шитэнноуджи ғибадатханасын да Шйотоку тайши тұрғызған. 1500 жыл бұрын салынған бес қабатты Шитэнноуджи Жапониядағы ең алғашқы шйогунат ғибадатханасы саналады. Шйотоку Тайшиге арналған дәстүрлi Отайши сан мерекесi осы ғибадатханада әр айдың 21 күнi өткiзiледi. Ежелгi синкреттi театр өнерiнiң айқын үлгiсi Шйоурйоуэбугаку сәуiр айында Шйотоку Тайши ғибадатханасында салтанат құрады. Жасампаз қайраткер заманынан қалған Камигатагэйноу, Дзйорури қуыршақ театры, Камигатакабуки театры, әзiл-қалжыңға құрылған Мандзай сықақ театры, Ракуго сияқты сахна өнерiнiң көрнектi үлгiлерi Осака театрында байырғы сән-салтанатымен көрсетiледi. Ежелгi дәуiрде Бунраку қуыршақ театры Осака шаһарында ашылған. Егер Эдо (Токио) Бунраку театры ғажайып қаһармандарды сомдауға басым көңiл бөлсе, Осакадағы ежелгi Камигата театрында гуманизм тақырыбы басты арқау боп, қоғамнан тыс қалған кейiпкер өмiрiн көрсетуге көбiрек ден қояды. Жапон сахна өнерiнде Осака театрларының орны өзгеше. Дотомбори бойындағы Асахидзада Бунраку ұлттық театрының қойылымдары сахналанса, Мандзай әзiл-сықақ театрының өнерiн Шинкабукидза сахнасынан тамашалауға болады.
Бунраку – ЮНЕСКО тiзiмiне енген көне театр. Мандзай әзiл-сықақ театрының ертеде Осакада тууына бұл елдiң басқа өңiрлерге қарағанда табиғатынан әзiлкеш, қалжыңқұмар болуы себеп болса керек. Осака халқына тән бес белгiнiң бiрi де осы қалжыңқұмарлық. Әзiлге үйiр осакалықтардың басты ерекшелiгi тiлiнде. Осака қаласы құрамына кiретiн Кансай диалектiсiнiң елдiң басқа өңiрлерiнiң сөйлеу мәнерiмен салыстырғанда өзгешелiгi бiрден бiлiнедi. Сан-алуан ас мәзiрiне мән беру осакалықтардың үшiншi ерекшелiгi. Береке дарыған аймақтың «Аспан асты асханасы» аталуы бекер емес. Сәндi киiну төртiншi ерекшелiк ретiнде белгiлi болса, саудадағы ептілік те басты белгiнiң бiрi.
Мамандар Осаканың симфония залына әлемдегi ешбiр концерт залы жетпейдi деп есептейдi. Берекелi өлкеде мереке үзiлмек емес. Осаканың ерте кезден тойланып келе жатқан елуден астам мейрамының әрқайсысы ғаламат тарихқа ие. Жапонның үш ұлы мерекесiнiң бiрi Осакада тойланады Ол шiлденiң 24-25 жұлдызында аталып өтiлетiн Тэнмаңгу ғибадатханасындағы Тэнджинмацури. Аспан Тәңiрiсiне арналған бұл ғұрыптық шара кезiнде жүзден астам қайық Огава өзенiмен Тойотоми Хидейоши сарайына дейiн жүзiп барады. Тамыздың 13-16 күндерi Шйотоку Тайшидiң Шитэнноуджи ғибадатханасында ата-баба рухына бағышталып шырақтар жағу рәсiмi өтедi.
АҚБОЗ АТ МЕРЕКЕСI ЖӘНЕ БҰРШАҚ ЛАҚТЫРУ ДӘСТҮРI
7 қаңтарда аталып өтетiн Аоумаджинджи мейрамының да терең мифологиялық мәнi бар. Күншығыс елiнде кiмде кiм жаңа жылда түсiнде ақ боз ат көрсе сол жылы бақытқа кенеледi деген наным Шйотоку Тайши заманынан берi бар. Қасиеттi ақ боз атқа арналған мерекенiң мән-мағынасы мифтен көрiнедi. Жапон күнтiзбесi бойынша көктем 4 ақпанда келедi екен. Сондықтан көктем, яғни жаңа жыл келерден бiр күн бұрын бұршақ лақтырып, пәле-жаланы қуып, құт-берекенi шақыру ғұрпы өткiзiледi. Ақпанның үшiншi жұлдызында аталып өтетiн бұл дiни дәстүрдiң шығуы туралы көптеген аңыздар сақталған. Сэкку түнiнде Тамаидзуми ғибадатханасындағы жетi ғибадат үйi алдында үш қап бұршақты шашатын дәстүр бүгiнге дейiн орындалады. Жерге шашылған бұршақтарды таңертең ел терiп алып, үйiндегi камиданаға (Құдайға сиынатын орын) қояды. Ұзақ сапарға шығатындар ғибадатхана бұршағынан ала кетедi екен. Бұршақ жолаушыны бәле-жаладан қорғайды деген сенiм бар. Бұл бұршақты науқасқа суға езiп iшкiзсе ауруынан айығады деген сенiм де сақталған.
ТЕҢIЗДЕГI ӘУЕЖАЙ
Жапонияның Батыс аймағының әуежайы Сэншю ашық теңiзiнiң дәл үстiне салынған. Осакадан 50 шақырымда орналасқан Кансай әуежайын салуға жаңаша технологиялық әдiстер пайдаланылды. Ұшақ қондыратын бiр айлаққа зәру Батыс өңiрiнiң тұрғындары армандаған әуежайға аз жылда жеттi десек өтiрiк болар. Осака, Кйото, Хйого, Фукуи, Шига, Миэ, Нара, Вакаяма, Токушима префектураларын қамтитын Кансай деген алып аймаққа бiр әуежай салып берудi мамандар 1976 жылдан жоспарлаған. Ұзақ уақыт зерттеу, жобалау нәтижесiнде 1987 жылы теңiзге алғашқы дiңгек орнатылып, тас төсеу басталады. Теңiздiң асты-үстiн әбден зерттеп-зерделеген ғалымдар мен құрылысшы-инженерлер жетi жыл бойы тер төктi. Салыну барысында әуежайдың бiр бөлiгi суға батқан кезi де болды. Бiрақ мамандардың қажырлы еңбегi пен жасампаз технологияның арқасында Кансай әуежайы мiнсiз деңгейге жетiп, 1994 жылдың 4 қыркүйегiнде пайдалануға берiлдi. Жылына халықаралық және мемлекетiшiлiк 160 мың рейс қабылдайтын Кансай әуежайы дүниежүзiндегi теңiзге салынған бiрден-бiр айлақ болып табылады. Оған қоса, әлемдегi ең алып жасанды арал да осы айлақ. Жер жүзiндегi ең ұзын ғимарат та Кансай әуежайында. Әлемдегi ең үлкен қос қабат көпiрдi де осы «аралдан» көремiз. Таджиричоу кентінде Халықаралық Кансай орталығы орналасқан. Дүниежүзінің жүзге жуық мемлекетімен ғылыми-педагогикалық, мәдени, ағартушылық салаларында ынтымақтастық орнатқан орталықтың кітапхана қоры аса бай.
Кітапханада сирек кездесетін Шығыс кітаптары, әлемнің көптеген тілдеріндегі еңбектер сақтаулы. Мұнда ғалымдар, баспагерлер, жапон тілінің мамандары, ақпарат құралдарының мамандары, өнер зерттеушілердің қатысуымен халықаралық деңгейдегі іс-шаралар да жиі өтіп тұрады. Айта кету керек, осы кітапханада Жапония тұрғындары қазақтілді басылымдарды, соның ішінде Халықаралық «Түркістан» және «Қазақ әдебиеті» газеті арқылы қазақ елінің жаңалықтарымен танысады екен.
05.01.2012 Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА
Жапония