Жаңалықтар

АНАНЫҢ АҚ СҮТІ

ашық дереккөзі

АНАНЫҢ АҚ СҮТІ

Халық арасында сонау ескі заманнан келе жатқан бір аңыз әңгіме менің есіме жиі түседі. Ертедегі аумалы-төкпелі кезеңде өмір сүрген Жиренше шешеннің ақылды да ажарлы әйелі Қарашашқа ханның көзі түсіп, көңілі кетеді. Соны сезген Жиренше ханның назарынан қалай әйелін қорғап қалу жағын ойлап, басы әбден қатады. Содан әрі ойлап, бері ойлап тығырықтан шығар жол таппаған ол Қарашаштың өзіне келіп:

– Айналайын, Қарашаш! «Сені ханның «қармағынан» қалай сақтап қаламын?» деп басым қазандай болды. Еш жолын таппай қиналып жүрмін. Ақыл қоспасаң болар емес, мен әбден титықтадым, – дейді. – Е, мен оны күні бұрын ойлап қойғам. Ханнан құтылу еш қиын іс емес, – деп жауап қатады сүйікті жары Жиреншеге күлімдей қарап. – Сен ханды аң аулауға шақыр. Аңшылар тобын екі-үш күндік ұзақ, шалғай түзге алып кет. Әбден шаршап, азықтары таусылатын болсын. Сол кезде ханға менің омырау сүтіме иленген нанды жегіз. Сонымен шаруа бітеді, – деп ақыл қосады Қарашаш еш саспай.Жиренше барлығын әйелі айтқан­дай жасайды. Аң аулау бірнеше күн­дерге созылып, азық-түлік бітеді. Қарны ашқан ханға Жиренше дорба түбінде жатқан әйелінің пісірген нанын ұсынады. Әлгі нанды жеп отырып хан: Қанша жыл ел билесем де тура мынадай дәмді нан жеген емеспін. Бұл өзі қандай нан? – деп Жиреншеге сұрақ қояды. Жиренше ештеңені бүкпей, бар шындықты жайып салады. Сол сәтте хан атынан домалап түсіп, Жиреншеден кешірім сұрайды. Өйткені өзі сыртынан ғашық болып жүрген сұлу әйел Қарашаш бір сәтте-ақ абайсызда оның анасына айналады. Ананың ақ сүтінен қасиетті, одан артық бұл дүниеде ештеңенің жоқ екенін білетін хан Қарашаштың алдында борышкер екенін сезініп, бұрынғы райынан қайтып, қалған өмірінде оны анасымен қатар қойып, сыйлап өтіпті. Міне, халық арасында сақталып қалған аңыз-әңгіме осылай деп сыр шертеді. Ақылға салсақ, бұл кімді болса да ойландыратын философиялық терең мәні бар салмақты, мәнді әңгіме. Ана сүті! Кім болмасын, дүниеге шыр етіп келген сәттен бастап ана омырауын, ана кеудесін іздейді. Ананың өз ішінен шыққан перзентіне деген ерекше сезім-мейірінен бүкіл денесі иіп, оның кеудесінен тамшылап шыққан ақ сүті-уызы сәби ерніне тиеді. Ана сүтімен қауқарсыз қызылшақа сәби қоректеніп, бірте-бірте бойына күш-қайрат жиып, өсіп, дамиды. Ана сүті көмегімен әртүрлі ауруларға қарсы тұру қасиеті өсе түседі. Қазақта «Уызға жарымаған» деген сөз бар. Ол әдетте, әлжуаз, нәзік, бос боркемік болып өскен, иіні жұмсақ, жалтақ адамдарға айтылады. Әдетте, ана сүтін емген бала мейірімді, бауырмал, жаны таза, адами қасиеті жоғары болып қалыптасады. Ананың ақ сүтін, ананың еңбегін бағалау, оның алдында перзенттік парызды сезіну саналы, түйсігі бар жанға үлкен жүк. Ананың ақ сүті алдында кім болмасын бас иіп, борыштық сезім туындайтыны заңдылық. «Анаңды сыйла, анаңды сыйла, тағы да анаңды сыйла» деп Пайғамбарымыздың өзі ана рөлін ерекше бағалаған. Ата-ана мен перзенттері қандай байланыста болуы туралы қасиетті Құранда анық жазылған мә­ліметтер мен өсиеттер жетерлік. Құран Кәрімде: «Раббың тек оның өзіне ғана ғибадат етуіңді және ата-анаға жақсылық қылуды әмір етті. Егер құзырыңда олардың бі­реуі, әйтпесе екеуі бірдей қартайып қал­са, оларға «түһ» деуші болма, ренжіте көрме және оларға жақсы сөз айт! Екеуіне де зор мейірмен, кішіпейілмен бас иіңдер, Тәңірім, мені кішкентайымнан мәпелеп өсір­гендей сен оларға рақым ет де» делінген. Демек, Алланың ғибадатынан кейін ата-анаға жақсылық жасау қажет. Бұл – Алланың әмірі, парыз. Алла Тағала аятта өзіне ғибадат етуге шақырып тұрып, ата-анаға жақсылық жасауды ескертіп тұр. Өз кезегінде бұл Ислам дінінде ата-ана ақысының қаншалықты екенін білдіреді.Имам Мүслим (р.а.) риуаят еткен хадис шәріпте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ата-аналарыңа мейірімді болың­дар, сонда перзенттеріңнен мейір көресіңдер», – деген. “Біздің елде ертеректе бір жалғыз­басты ана болды. Жастау кезінде күйеуі жол апатынан көз жұмып, тым ерте жесір қалыпты. Жалғыз ұлын арқа етін арша, борбай етін борша ете жүріп қақтырмай өсірді. «Орыс тілін білсе, сауатты болып өседі» деп баласын орыс мектебіне беріп, барынша орысша тәрбиеледі. Рас, обалы не керек, бала алғыр, білімпаз болып өсті. Сонау Балтық теңізінің жағасындағы Рига қаласына барып, сондағы азаматтық авиация институтына түсті. Диплом алғаннан кейін Свердловск (қазіргі Екатеринбург) қаласындағы авиоотрядқа қызметке жіберіледі. Бірер жылдан кейін сол өңірдің бір орыс қызымен көңілдері жарасып, үйленіп, отбасын құрды. Елдегі анасын сол жаққа – қолына алмақ болып біраз әуреленді. Оған анасы: «Балам, өркенің өссін! Мені жылы жерімнен қозғап не қыласың… Өскен елімді, туған топырағымды, жүрген жерімді, мына сен өскен қара шаңырақты тастап қай жаққа барамын. Көңіліңе, пейіліңе дән ризамын, балам! Әзірге, Құдайға шүкір, бойымда күш-қуат бар, денсаулығым да жаман емес. Жаратқанның өлшеп берген өмірін жасармын. Маған алаңдама. Хат бар, телефон бар… Хабарласып тұрармыз. Өскен ұяңды ұмытпай немерелерім мен келінімді елге әкеліп, атамекеніңді аралатып, әке-бабаңа Құран түсіріп, бізбен дидарлас­тырып тұрсаң болғаны, жарығым!– деп ризашылығын білдіреді. Рас, алғашқы кездері жыл аралатып болса да ұшқыш жігіт ауылға келіп-кетіп жүрді. Әйелі бір рет келіп, ауылдың ауыр тірлігін көріп, айналадағы барлық дүниеге мұрынын шүйіріп, несін айтамыз, әйтеуір, кері қайтуы тез болыпты. Бара-бара баласы анасымен тек хат арқылы хабарласып тұрды. Бірер рет шәй, кәмпит, орамал және тағы басқа кәкір-шүкір салынған посылка да келіпті. Сонда әлгі әйелдің: «Балам, алтыным менің, сыйлық жіберіпті. Летчик балам ұмытпапты мені, айналайын сол!» деп көрші-қолаңдары мен таныстарының алдында мақтанып, қуанғанын көргендер жанарларына ыстық жас келіп, көңілдері босайтын-ды. Ауыл үстінен анда-санда ұшып өткен самолетке қолын қалқалай сонау биік көкке көз тігіп: «Әне, анау самолетте менің летчик балам ұшып барады. Байқадыңдар ма, қанаттарын қағып, сәлем жолдап барады ғой. Айналайыным менің… Жұмысбастылықтан келе алмай жүр ғой менің жарығым. Мен түсінемін ғой сені, жаным. Әйтеуір аман жүрсең болғаны, соның өзі күш-қуат маған, балам»,– деп мейірленіп, екі жанары еріксіз суланады екен. Бірақ уақыт келе ұшқыш баласы анасын мүлдем ұмытып, туған аулына ат ізін салмай кетті. Немерелерін бір иіскеуді арман еткен, оларды және ішінен шыққан ұлын күн сайын сарғая күтіп, үкілі үмітін үзбеген ана әбден қажып, самайларын ақ шалып, қартайып, бақилық болыпты. Ел болып әлгі жалғызбасты ананы қолдарынан келгенше арулап, жер құшағына берді. Баласы қай жерде жүргенін ешкім біле алмай, оған хабар жетпепті. …Ауылға барған сайын жар жағасындағы ескі зиратта оқшаулау тұрған бір бейітке көз салам. Басындағы қураған жалғыз ағаш та қорқыныш тудырады. Уақыт өте шөп басып, жермен жексен болып бара жатқан сол жалғыз бейіт менің көңілімді астаң-кестең етіп, жан дүниемді төңкергендей бір ауыр сезімге бөленемін. Неге олай екенін өзім де білмеймін. Әйтеуір көңілім құлазып, жұдырықтай жүрегім кеудеме сыймай жиі қағып, жанарларыма ыстық жас мөлт-мөлт етіп келіп қалады. Сол дел-сал күйден әрең арыламын”, – деп аяқтады өз әңгімесін менің бір әріптесім.Ия, өмірде сирек болса да кездесіп жататын осы бір оқиғадағы ананың түн ұйқысын төрт бөліп, мәпелеп өсірген перзенті ана алдындағы өз борышын өтеді деп айтуға аузың бармайды. Ана кешірді ме екен баласын?! Қайдам, мен үшін бұл ауыр сұрақ… …Жуырда бір бойжеткенмен кездейсоқ «Меркі» санатория­сында таныстым. Жақында ғана абақтыдан шығыпты. Жап-жас қыздың түрмеге түсуіне өзі қызмет істеген фирмадағы алаяқ, су жұқпас аферист басшысының заңсыз тірлігі себеп болыпты. Бухалтер-есепші болып аз уақыт қана істеген ол ойда жоқта себепсізден-себепсіз сотқа тартылып, екі жыл арқалап, бәйкүнә қыз тордың арғы жағынан бірақ шығыпты. Қызының істі болғанына күйінген ана қатты қапаланып, бүк түсіп, ел бетіне қарай алмаған күйі уайым мен қайғыға шыдай алмай жүрек талмасынан о дүниеге аттанып кетіпті. – Несін айта берейін, анамды өз қолыммен арулап о дүниеге аттандыра алмағаныма осы күнге дейін өкінемін. Аналық ақ сүтін маған кешірді ме екен?! Қайдам, айта алмаймын. Перзенттік парызымды өтей алмағаныма күйінемін. Не дерсің, Жаратқан иемнің пешенеге жазғаны солай болды… Міне, содан бері үш жыл өтті. Осы күнге дейін анамды мезгіл-мезгіл түсімде көрем. Сірә, мен өз қолымнан оны уақтысынан бұрын қартайтып, өмірін қысқарттым-ау деймін. Ойласам, түнгі ұйқым төрт бөлінеді, жүрегім сыздайды. Қатыгез тағдыр мені қатал сынаққа алды. Барлығына шыдадым, төздім, басқа не амал бар менде… Қазірге дейін бастан өткерген сол қиындықтарды ойласам, мына жарық дүниеден тіпті түңіліп кетем, – деді әлгі бойжеткен қос жанары мұңға толып.Әлдебір себептерден (ауыр жара­қаттан, айқпас дерттен) жан тәсілімін жасамақ болып, о дүниеге аттанып бара жатқан перзенті алдында:«Ақ сүтімді кешірдім, балам!» деп жанарларын жас жуып, перзентін құшып зарлаған аналарды, дәрігер болғандықтан болар, талай көрдім. Жүрегің езіледі, санаң ауырлай түседі. Ананың ақ сүті… Базбір сәттерде ішінен шыққан перзентінің қыңыр, жағымсыз істе­ріне көңілі жабырқап, нала болып, ренжіген, тіпті кейде ашу-ызаға бой берген, күйінген шешесі өз перзентіне: «Ақ сүтімді көкке саудым!» деп қарғыс айтады. Санасында саңылауы бар адамға бұдан ауыр қарғыс жоқ бұл жарық дүниеде. Ол теріс бата бергенмен тең. Кешірілмейтін ауыр күнә. Ана сүтін ақтамау, ана алдындағы борышыңды орындамау, анаңды сыйлап, қадірлемеу екі дүниеде де кешірілмейтін ауыр жаза! Ондайдан құдай сақтасын! Сондықтан ананы ренжітпей, көңіліне қаяу түсірмей, аялап, сыйлап өтейікші мына жарық дүниеден… Барлығымыз бұл дүниеде уақытша қонақ екенімізді ұғынайық. Сыйластықпен өмір сүріп, бір-бірімізге құрмет көрсетіп, қадірлеп, барды бағалай білу де ғанибет дүние. Уақыт – керуен, өмір – көш. 05.01.2012 Сағындық ОРДАБЕКОВ, медицина ғылымдарының докторы Тараз қаласы