Жаңалықтар

МАҢҒЫСТАУЫН СҮЙЕТIН МӘРТ ТҰЛҒА

ашық дереккөзі

МАҢҒЫСТАУЫН СҮЙЕТIН МӘРТ ТҰЛҒА

Ақселеу Сейдімбектің шақыруымен Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ Білім академиясында оқулықтардың редакторлығы міндетін атқарып жүрген кезім. Бір күні академияның президенті ауысады екен деген әңгіме шыға қалды. Осы сөз расқа айналып, ұзамай Ақаң Астана қаласына басқа қызметке шақырылып кетті де, ол кісінің орнына Өмірзақ Озғанбаев келді. Бұрын ҚР Парламентінің Сенатында депутат болғанынан хабарымыз бар әрі осы білім саласының көп заманнан бері белсенді қызмет етіп келе жатқан тұрақты кадры. Осы уақытқа шейін әр түрлі деңгейдегі жауапты қызметтер атқарған оның Білім академиясына ауысқанда әбден толысып, тәжірибесі молайған кезі еді.

Жаңа басшы келе салып, жаңа қызметке құлшына кірісті. Бұрынғы президенттің жұмыс стиліне бейімделіп алған қызметкерлер бастапқыда ептеп абдырап қалғандай болып көрінгенімен, ұзамай бұл кісінің қойған талаптарына да үйренісе бастады. Үйреніспеуге болмайтын еді. Өйткені алдына түрлі шаруамен келген қызметкерлердің ешқайсысын бетке қағып, кеудесінен итерген емес. Бетке қаққанды қойып, реті келсе, бауырына тарта сөйлеуге бейім болатын. Қабақ шытып ұрысу немесе жерден алып, жерге салу әу бастан дағдысына жат екен. Орынсыз ұсыныс айтқан немесе әлдебір себептермен наразылық сездіре келгендердің өздерімен асықпай сөйлесіп, мәмілеге келтірудің жағдайын қарастыруы да бұл кісінің ізгі бағыттағы ниетінен хабардар етіп тұратын.

Алдыңғы президентіміз, белгілі қаламгер Ақселеу Сейдімбек те демократтық жүйеге лайық бастық болатын, жаңадан келген Өмекең де сондай бағытты ұстанатын болып шықты. Бәлкім, адаммен жұмыс істеу, қат-қабат қыруар шаруаларды ұйымдастыру барысындағы стилінде ептеп өзгешіліктері де бар шығар, бірақ бет алды өктемдік көрсетуге, қызмет бабын пайдаланып, қатқыл сөйлеуге бұл кісі де жоқ болып шықты. Бірақ шамасы келгенше, республикадағы білім беру саласының маңызды бір буыны болып табылатын осы Білім академиясын жаңа бір сатыға көтеріп, республикадағы білім беру қызметкерлерінің бір арқа сүйейтін тиянағына айналдыруды армандап жүрді. Белгілі бір дәрежеде ол мақсатына жетті де.

Жиналыс сайын жаңа идея айту, сол идеяны іске асыратын қызметкерді таңдау, қандай жағдайда да мүмкіндігінше уақыт ағымына ілесіп отыру сияқты мәселелерді тиянақтап отыру да қызмет барысында қалыптасқан дағдысы. Республиканың білім беру саласында күнде өзгерістер болып, жекелеген принциптердің әлі айқындала қоймаған уақыты ғой, кейде бүгінгі дұрыс деп санаған шаруаны министрліктегілер ертеңіне басқаша жөндеуді де талап етіп жатады. Бітіңкіреп қалған жұмыстың жалпы принципін басынан бастап қайта қарауға тура келетін жағдайлар да болып қалады. Өмекеңнің кештің бір уағына дейін кабинетінде ұзақ отырып қалып жүретіні сондай уақыттарда. Кейбір қызметкерлердің ренжитінін біле тұра, ортақ мақсат үшін жұмысты қайтадан істетуіне тура келетін. Әсіресе пісуі жетпеген, шикі еңбектермен жұмыс істеудің жаңа басшыға оңайға соқпағаны анық.

Осындай принципшілдік тұрғысынан қарағаннан кейін де болса керек, ішінара президентіміздің көзқарасымен келіспеушілер де табылып отырды. Ондай психологиядағы адамдардың бас салып сынап жіберуге де жақын тұруы заңды. Жұмыстың үлкені жаңа буын оқулықтарын шығаруға байланысты орын алды. Ғылыми әдістемелік кеңестер қызу талқылаулармен өтетін десек, артық айтқандық бола қоймас. Оқулық жазушылардың өздері де кейде бір бірімен шығармашылық тұрғыдан бәсекелес болып жатады. Білім және ғылым министрлігінен келетін ескертулердің бәрін де орынды деуге тағы болмайтын еді.

Осынау дау-дамай, талас-тартыстардың бәрінің ортасында Өмекең жүреді. Кейде ол кісінің көңіліне келетін орынсыз, артық сөздер де айтылып қалады. Сондай уақыттарда қабақ шытып, ренжігенін байқамайсыз. Сабырлылық пен ұстамдылық биігінен көрінуді осы кісіден үйрену керек-ау деген ойлардың айтылып қалатыны тегін емес еді. Баз бір қызметкерлердің осы кісінің ұстамдылығын тілге тиек етіп, таңдай қағысуында да негіз бар еді.

Сөздің қысқасы, Өмірзақ Озғанбаев академияға басшылық құрған жылдары жұмыс қарқындамаса, бәсеңдеген жоқ. Жаңа өң алып, уақытқа ілесу үрдісін бас­тан кешіп жатты.

Ол кісі тек білім саласындағы жұмыс­тарды ұйымдастырушы ғана емес, педаго­гикалық әдебиеттердің де авторы ретінде жақсы көрінді. Бұрынғы жазылған жұмыста­рының үстіне осы академия қабырғасында еңбек етіп жүріп, жаңадан кітаптар шығар­ды. Атап айтқанда, сол кезде назар аударған еңбектердің ішінде Алаштың ардагер перзенті Халел Досмұхамедұлының ғылыми, шығармашылық өмірбаяны, Қ.Жарықбаевпен бірігіп, «Жантануға кіріспе» және «Туған жер әуендері» сияқты кітаптары бар. Бұл ғана емес, оның оқырман жұртшылықтың игілігіне айналған еңбектері бірсыпыра. Тынымсыз ұйымдастырушылық жұмыстарымен айналысып жүріп, соншама қыруар шаруалардың ара-арасында ғылыми шығармашылық мәселелермен шұғылдануға қалай уақыт табатынына еріксіз қайран қаласың.

Кейінгі жылдары да ол бірсыпыра кітаптар шығарып тастапты. Олардың қай қайсысы да халыққа, жас ұрпақтың тәрбиесі мен болашағына қажетті дүниелер. Бүкіл саналы өмір жолының көп бөлігін жас ұрпақ тәрбиесіне арнаған Өмірзақ Озғанбайұлының артында қалдырған басқа да іздері аз емес.

Өмекең бірқалыпты көңіл күйдің адамы. Басына қандай іс түссе де, қандай қуанышты сәттерге тап келсе де, әу бастағы орнықты мінезінен айнымайтын, өмірлік ұстанымына қашанда берік жан. Өзін айналадағы ортасына сүйкімді етіп көрсететін де сол мінезі.

Қызмет бабы бойынша да, қарапайым тірлікте де араласа жүріп, осы кісінің адами жақсы қырларының біразына куә болдым. Олардың бәрін тәптіштеп тізбелеп жатсақ, айтар әңгімеміздің көлемі ұлғайып кетуі әбден мүмкін.

Бүгінде асқаралы жетпіс жастың желкесіне шығып отырған Өмірзақ Озғанбайұлы тек өзі туып-туып өскен Маңғыстау өңіріне ғана емес, бүкіл қазақ еліне танымал тұлға. Қазақтың шалқар даласының бір қиыр шетінде өмір сүріп, тиісті шаруаларымен айналысып жатқанына қарамастан, ол кісінің есімі жалпақ қазақ жұртшылығына жақсы мәлім. Бүгінгідей мерейтой кезінде өзінің еңбекқорлығымен, қабілет-қарымымен қашанда дәл осы қалпында ел сүйіспеншілігіне бөленіп жүре берсін, туған халқына беретіні ортаймасын дегіміз келеді.

05.01.2012

Нұрдәулет АҚЫШ,

жазушы