ҚЫРҒЫЗСТАНДАҒЫ КҮРЕС. КЕНЕСАРЫНЫҢ ҚАЗА ТАБУЫ
ҚЫРҒЫЗСТАНДАҒЫ КҮРЕС. КЕНЕСАРЫНЫҢ ҚАЗА ТАБУЫ
Ермұхан БЕКМАХАНОВ
Биылғы жылы ХIХ ғасырдың бiрiншi жартысындағы қазақ ұлт-азаттық көтерiлiсiнiң ұлы қолбасшысы Кенесары Қасымовтың туғанына – 210 жыл, оның қарулас iнiсi Наурызбайдың туғанына – 190 жыл толады. Осы айтулы күндердi жыл басынан бастап ескерiп отырайық деген мақсатпен бүгiнгi бiрiншi санымызда тарихшы Ермұхан Бекмахановтың «Қазақстан ХIХ ғасырдың 20-40 жылдарында» атты әйгiлi зерттеу кiтабынан шағын үзiндi жариялауды жөн көрдiк. Балқаш пен Іле аймағынан ығыстырылған Кенесары 1846 жылы Қоқанға қарсы күресті одақтассыз, тек өзіне қосылған ұлы жүз қазақтарының күшімен бастауға мәжбүр болды. 1846 жылы ол Әулиеата (қазіргі Жамбыл қаласы) ауданына басып кіріп, Мерке қамалын қоршауға алды. Сәл ғана қарсылықтан соң датқа (қамал коменданты) өзінің гарнизонымен берілді және соның белгісі ретінде өзінің «Қызыл ауыз» атты сәйгүлігін Кенесарыға сыйға тартты. Датқа сонымен бірге Пішпек құсбегімен және қырғыз манаптарымен уақытша бітім туралы келіссөз жүргізуге де уәде берді.Ахмет Кенесарин: Меркені алған соң Кенесары датқаны аластап, Меркенің билеушісі өзі болды деп жазады. Мерке құлаған соң, қырғыз манаптары Пішпек құсбегі Әлішерден: «Кенесарымен күрес жүргізесіз бе, әлде уақытша бітім туралы келіссөзге кірісесіз бе» деп сұрады. Әлішер былай деп жауап берді: «Мерке датқасы қорқақ және жауыз, ал мен өз ханымның адал құлымын және оның сенімін ақтаймын. Менің екі зеңбірегім бар, сондықтан онымен соғысуға дайынмын». Әлішер мен Орман манап қырғыздарға елдің ішкі жағына көшуге кеңес берді, ал өздері әскерімен Кенесарыға қарсы аттанды. Жер жағдайын жақсы білгендіктен, олар Кеклі тауларындағы ыңғайлы орынға бекініп алды. Алатау тауларындағы алғашқы қарулы қақтығыстарда екі жақтан да көп шығын болды. Қырғыз манабы Дөнентайдың генерал Вишневскийге жазған бір хатында былай делінген: «Кенесары бізге келіп, дұшпанға айналды. Өткен жылы олар біздің ауылдарымызды талқандап, шабандозымызды өлтірді, ал біз Алла тағаланың шапағатымен қаруланып алып, сұлтан Бөкеннің басшылығымен олардың 4 мың адамын жер жастандырдық». 1846 жылдың орта шеніне қарай біршама тыныштық орнады да, екі жақ әскери қимылдарды тоқтатуға және уақытша бітім жасасуға келісе бастады. Алдағы келіссөздер туралы Сібір қырғыздарының шекара бастығы былай деп жазды: «Тастай тағы» қырғыздарға Кенесары өзінің және Ғали сұлтанның атынан бітім туралы келісуге елшілер жіберіп еді, бірақ олар әлі оралған жоқ». Кенесары бар уақытта да кырғыздармен әскери қақтығысты тоқтатуға тырысты. Мұны жүзбасы Абакумов та растайды, ол Кенесары «барлық шараларды қолданып, қырғыздармен бітімге келуді ойластыруда» деп жазған. Қырғыздар жағынан елші болып белгілі манап Қалығұл келді, кейіннен ол Батыс Сібір генерал-губернаторы Горчаковқа Кенесарының басын жеткізгені үшін алтын медаль алды. Кенесары Қалығұлды қабылдап, бірнеше күн ордасында күтті, тіпті оған Наурызбай да қонақасы берді. Наурызбайдың кескін-келбетін біз алғаш рет осы Қалығұлдың суреттеуінен білдік. «Барқыт қамзол киген, мұрты енді тебіндеп келе жатқан, ұзын бойлы жас жігіт қонаққа шақырды. Кейіннен оның Наурызбай төре екенін білдім». Кенесары Қалығұлмен қазақтар мен қырғыздар бұдан былай достық, тату көршілік қатынаста болады және қырғыздар Кенесарының кеңесіне құлақ асады деп келісілді. Қалығұл қырғыз халқының атынан: «Қырғыздар мен қазақтар достық қатынастағы дербес ел болады және барлық маңызды істер бойынша Кенесарымен ақылдасып отырады және оның сөзіне құлақ асады» деп уәде берді. Сонымен бірге тұтқындар алмасуға да келісті. Кенесары Қалығұлдың өтініші бойынша, қазақтардың қолынан қаза тапқан қырғыз батыры Тастанбектің найзасы мен болат қылышын қайтарды да, Қалығұл Кенесарының қолға түскен жігіттерін төлемін төлесе, қайтаруға уәде берді. Кенесарының тұтқынға түскен екі сүйікті батырын (бірі қайын ағасы, Орынборда тұтқында отырған әйелі Күнімжанның ағасы) босату туралы келіссөз кезінде қырғыздар біреуіне 64 қара баран жылқы, ал екіншісіне — 10 түлкі ішік, 10 тоқыма шапан, 10 құндыз, 10 құла ат, 10 түйе төлем төлеуді белгіледі. Кенесары қолға түскен жігіттері мен екі батырын босату үшін әр ауылдан бағалы заттар жинауға бұйрық берді, бірақ «жиналған мүлік оның қайын ағасы мен сүйікті батырын босатуға жетпеді». Уақытша бітімді көп кешікпей қырғыздардың өздері бұзды. Манаптар қырғыз батыры Жаманқараны өлтіргені үшін ұлы жүздің батыры Саурықтың ізін андыған. Саурық дем алып жатқан кезде оның жасағына 70-80 қырғыз шабуыл жасап, жігіттерін өлтіріп, 700-дей жылқысын айдап әкетті. Саурық қуғынға шыққан кезінде торуылға түсіп, қырғыздар қолынан қаза тапты. Қырғыз манаптарының Саурыққа шабуылы, жылқы айдап әкетуі, келісім шарттың бұзылуына, қарулы қақтығыстың қайта басталуына және Кенесары мен оның серіктерінің қазасына алып келді.1847 жылы Кенесары қырғыздар жеріне басып кірді. Бұл күресте Кенесарының көздеген негізгі мақсаты – қазақтар Алатау қырғыздарының ортақ жауы Қоқан үстемдігіне және Қоқан бектерінің сенімді одақтастары қырғыз манаптарына қарсы күресу еді. Сондықтан ол қырғыздарға қарсы жорықты Қоқан жағына шығып кеткен манаптар сатқындығына жауап ретінде қарады. Бірақ осының өзінде ол күрестің феодалдық әдістерін қолданып, үлкен қателік жіберді. Оның жазалаушы шаралары манаптардан гөрі қырғыз халқына қатты батты. Ол бүтіндей ауылдарды өртеп, әйелдерді де, балаларды да аямады. Бірақ қатыгездік екі жақтан да болды. Қырғыз манаптары өкіметке жазған хаттарында: «Кенесарының сансыз көп жақтастарын өлтіргенін, көтерілісшілерді аяусыз азаптағандарын және Кенесары мен оның серіктерін қинап өлтіргенін» мақтанып жазды. Феодалдық дәуірге тән қатыгездік көтерілісшілердің де күрес әдістерінен орын алған. Кенесары да, әлбетте, өз дәуірінің шеңберінен аса алмады. Феодалдық қоғам жағдайындағы ұлт-азаттық соғыстары туралы Энгельс былай деп жазған: «…халық соғысында көтеріліске шыққан ұлт қолданған әдістерді соғысты дұрыс жүргізудің жалпы жұрт мойындаған ережелерін салыстырмай немесе қандай да бір басқа ойша жасалған өлшем бойынша қарамай, тек қана көтеріліске шыққан халықтың өркениеттіліктің қай сатысына жеткеніне қарап бағалау керек». Кенесарының қатыгездігін оның шыққан ортасымен, сол ортаның салт-санасының оның идеологиясына және күрес әдісіне әсер етуімен түсіндіруге болады. Алайда дәл осы феодалдық күрес әдістері Орман мен Жантайдың қырғыз халқын Кенесарыға қарсы күреске жұмылдыруына көмектесті. Кенесарының Қырғызстанда манаптардың феодал жасақтарымен емес, халықтың қарсылығына тап болып күресуіне тура келген, оның түбіне жеткен де нақ осы жәйт. Кенесарының Қырғызстандағы істерінің аз зерттелгені сонша, ондағы оқиға барысын толық қалпына келтіру қиын. Тек Орман хан қолданған Кенесарыны талдау тәсілдерін атап өту керек, онысы қақтығыстың немен аяқталуында белгілі рөл атқарды. «Кенесарымен соғыс кезінде Орман хан өзінің отрядтарына қазақтарға көрінетін жолмен шаңдатып, таудан түсуге бұйырды. Төмен түскен соң, олар шатқалдар арқылы кері қайтып, онан қайтадан төмен түсіп отырған. Осы көрініс үздіксіз 3 күнге созылған. Мұны көріп отырған Кенесары Орман ханның шаңға оранып, үсті-үстіне оған келіп жатқан әскерінің көптігіне таң қалыпты деседі.Орман хан түнге қарай әр адамға жеке-жеке от жағуға бұйрық береді. Түнде таудағы сансыз оттарды көріп Кенесары былай депті деседі: «Қырғыз көп пе, әлде аспандағы жұлдыз көп пе?».Кенесарының қырғыз әскерлерімен соңғы шайқасы Тоқмақ селосының шығыс жағында, Пішпек қаласына жақын Кеклі тауларында болды. Кенесары әскерлері Шу өзенінен 1-2 шақырым жердегі Майтөбе деген таулы үстіртке орналасты. Қырғыздар ғасырлар бойы Майтөбені «қанды жер» деп атайды екен. Майтөбеге солтүстік шығыс жағынан Кеклі тауы жалғасып жатады, жергілікті халық оны «қасиетті төбе» деп атаған. Осы төбенің батысында Шу өзеніне дейін созылған Қарақоныс аңғары жатыр. Осы аңғар екіге бөлінеді: бірі «Алмалы сай» деп, ал онымен шектесетін аңғар «Саулман» деп аталады. Бұл аңғарлар орманға бай, ортасынан асау өзен ағып жатыр. Кенесарыны қырғыз манаптарының тұтқындаған жері осы «Алмалы сай» еді. Кенесары штабы Майтөбеде орналасқан болатын. Ондағы Кенесары жақтастары салған уақытша бекіністің, таулы үстірттің шығыс жағынан қазылған ордың және тас үйіндінің қалдықтары осы күнге дейін сақталған.Кенесарының қырғыздармен шайқасының тағдыры қырғыздар жеңісімен аяқталатыны алдын ала белгілі еді. Біріншіден, патша отрядтарының басшылары манаптармен әскери қимыл жоспарын кеңесіп отырды. Генерал-майор Вишневскийге рапортында жасауыл Нюхалов былай деп жазды: «Мен аса белгілі билерге – Бұғы руының биі Борамбай Бекмұратовқа және Әжібай Сералинге, Сарыбағыш биі Орман Ниязбековке, Солты руының биі Жаңғараш Есхожинге хат жолдап, сендердің де, орыс үкіметінің де жауы Кенесарының көзін құртайық деп шақырдым».Екіншіден, қазақ сұлтаны Рүстем және Сыпатай би Кенесары қозғалысына тоналудан қорқып қосылған адамдар еді. Шайқас болардың алдындағы түнде олар Кенесары жасақтарынан қашып кетті. Ол туралы Мәдібек Бекқожаев былай дейді: «Сыпатай мен Рүстем төре түнде өз әскерлерін бөліп алып, Шу өзенінің арғы жағына өтіп, «Мықан суына» жеткен соң өткел іздеп, таң атқанша жүрді. Осы кезде оларды қырғыз әскері байқап қалып, шабуыл жасады. Артта жау, алда өткел бермес батпақ су, міне, осындай жағдайда қазақтар қырылып, бір бөлігі қолға түсті». Сыпатай мен Рүстем көрсеткен қызмет ұмыт қалған жоқ. Кейіннен манап Жантай Қарабеков Сібір қырғыздары шекара бастығынан сұлтан Рүстемді наградтауды сұрай отырып, былай деп жазды: «Рүстем сұлтан мен Сыпатай Әлібеков би әскерлерін алып, кетіп қалды да менің Кенесарыны жеңуіме жағдай жасалды». Үшіншіден, Қоқан бектері өз әскерлерін Орман манаптың қарамағына берген-ді. Жағдайдың үмітсіз екендігін түсінген Кенесары әскери кеңес шақырып, қоршаудан шығу жолдарын қарастырды. Наурызбай Кенесарыға мынадай ұсыныс жасады: Маған Тама руынан Құрман батыр және Ағыбай батыр бастаған, ұрысқа жарамды 200 жігіт беріңіз, мен сол жігіттермен қырғыздар шебіне шабуыл жасап, бұзып өтемін» деді. Бұл ұсынысты барлығы қолдағанмен, Кенесары келіспеді. «Егер біз бұзып өтсек, он датоқтамай қашамыз. Кімнің аты жүйрік болса сол құтылады. Ал халықтың басым көпшілігі қырылып қалады. Егер мен, әскер басшысы бола тұра қашып кетсем, онда мен бұдан былай халыққа хан бола алмаймын». Кенесары барлық аттарды сойып, тек азық-түлік артатын 30 ат қана қалдырып, қолға найза алып жаяу сытылып шығуды ұсынды. Бірақ оның ұсынысын ешкім қолдамады. Соғыс кезінде атынан айрылу қазақтар үшін жаман ырым болатын. Көмек келеді-ау деген оймен келесі күнге дейін күтуге шешім қабылданды. Бірақ көмекке ешкім келмеді. Кенесары мен Наурызбай әрқайсысы өз отрядтарын басқарып, қоршауды бұзып өтуге ұйғарды.Кенесары өзінің отрядымен Қарасуық деген батпақты өзен арқылы қоршаудан шықпақшы болды. Өзеннен өту кезінде көп адам суға кетті, осыған қарамастан жауынгерлер Кенесарыны аман алып қалу үшін әрекет жасады. Осы оқиғаны көтеріліске қатысқан адам былай суреттейді: «Кенесарының жүздеген адамдары желкеден төнген қара қырғыздардың соққысынан суға кетті, бірақ өліп бара жатып, өздерінің сүйікті сұлтаны Кенесарыны құтқаруға тырысты. Өздерін құрбан ете отырып, олар сұлтанды суға батып бара жатқан атынан ауыстырып, өз аттарын беріп отырды». Қоршаудан шығуға тырысу сәтсіз аяқталды. Наурызбай өзінің отрядымен күші басым шайқаста қаза тапты. Кенесарыны манаптар қолға түсірді. Өзін өлтірер алдында Кенесары қырғыз манаптарына тағы да өз ойын айтты: жауласуды қояйық та, ортақ жау Қоқанға қарсы бірлесіп күресу үшін қазақтар мен қырғыздардың күшін біріктірейік деп ұсыныс жасады. Алайда қырғыз манаптары бұл жолы да оның ұсынысын қабылдамады.Кенесары өзін өлтірер алдында, иін тірескен халық жиналып тұрған сол бір шақта өлеңдетіп қоя берді. Өлеңінде өз елінің еркіндігі мен тәуелсіздігі жолында өзі жүргізген аса ауыр күрестің бүкіл өткен жолын баяндады, Сарыарқаның кең даласын, шайқаста қаза тапқан серіктерін еске алды. Кенесары өлтірілер алдындағы сәт былайша суреттелген: «Кенесары жиналған жұртқа, алыстағы тауларға, күн шуағы төгілген биік аспанға, онан соң жан-жағына қарап алып, ән бастады. Ән ұзақ айтылып, жиналғандар ұйып тыңдады. Ән сөздері тыңдаушының бойын билеп, жүрегін баурап, қатты толқытқан. Ол өзінің өлеңінде туып-өскен кең даласында, кіндік кескен ауылында өткен бар өмірін есіне алған еді». Кенесары өлімі оның серіктері үшін, әскери достары үшін ауыр соққы болды. Я. Панферов көтеріліске қатысқан Нысанбай ақынның сөздері арқылы көсемінен айырылған қазақтардың терең қайғысын білдіреді. «Кенет шатқал тыныштығын ғажап домбыра үні бұзды, оған қосыла Нысанбайдың «Е… е… ее… Алла-ай!» деп басталып, сол жерде шығарылған жоқтауы айнала жұрттың жүрегін мұңға бөлеп, жанын тебірентті: Кенекем менің кеткен соң, Заманым қалды тарылып. Халық иесі хандардан Жетім қалдық айрылып. Екі бірдей қанатым Топшыдан сынды қайрылып, Балдағы алтын ақ берен Тасқа тиді майрылып. Кемшілік түсті басыма Көрінгеннен қаймығып… Кенесары кеткен соң, Иесіз қалды тағымыз, Наурызбай төре кеткен соң, Бастан тайды бағымыз. Бұлбұлдай сайрап жүр едік, Байланды тіл мен жағымыз. «Жоқтау ұзақ айтылып, шатқал-шатқалды, сай-сайды қуалап, кең далаға Кенесары батырдың өлімін естіртіп кете барды. Зар еңіреген домбыра үні барлық дүниені булықтырды. Тыңдаушылардың қара торы жүзін ағыл-тегіл жас жуды, кейде олар өксіп-өксіп алады. Бүкіл табиғат осы жоқтау әніне бой алдырып, жылап тұрған сияқты». Кенесарының өлімі туралы хабар жетісімен Орынбор Шекара Комиссиясы жан-жаққа жарлық жіберіп, онда «Орынбордың қарауындағы қырғыздарға, біздің бәріміздің ортақ жауымыз өлді деп хабарлады». Батыс Сібір генерал-губернаторы Горчаков осы соғыста көзге түскен қырғыз манаптарын түгел өзіне шақыруға шешім қабылдады және оларды ордендермен наградтауға ұсынды. Кейіннен бұл шаралар жүзеге асырылды. Кенесарыны өлтірген Әлібековке Горчаков арнаулы хат жолдады, онда былай делінген: «Кұрметті қырғыз Қалығұл Әлібековке! Бүлікші Кенесары Қасымовтың ісінде көрсеткен ерлігіңіз бен қызметіңіз үшін өзіме император тақсыр берген билікке сай, Сізге, Георгиев лентасына түйреп мойынға тағатын күміс медаль жіберіп отырмын. Сіздің осы жоғары сыйлықты дұрыс бағалайтыныңызға және Өзіңіздің қасиетті императорға берілгендігіңізбен үкіметтің сенімін ақтайды деп сенемін». Соңғы шайқаста, Сібір қырғыздарының шекара бастығы Вишневскийдің мәліметіне қарағанда, Орман манаптың қолынан Кенесарының інісі Наурызбай, оның екі баласы және басқа да 15 сұлтан қаза тапқан. Сонымен бірге көптеген қатардағы қазақтар өлтірілген, мыңға жуық адам тұтқындалған. Қырғыз манаптары Орман мен Жантай өздерінің риза болғанының және достығымыздың белгісі ретінде, қазақтардың бастарын Қоқан ханына сыйлыққа жіберді. Бұл туралы капитан Рыльцовқа берген жауабында бір керуенбасы былайша еске түсіреді: «Мен Ташкентте тастай тағы қырғыздардың басшыларға сыйлыққа жіберген Кенесары адамдарының екі арбаға тиелген бастарын өз көзіммен көрдім. Бастарды ұзын сырыққа іліп, Ташкент базарына іліп қойған. Жергілікті басшылар бұл іске риза болып, тастай тағы қырғыздарға сыйлықтар беруде». Өкімет қырғыз манаптарының Кенесары көтерілісін басуда көрсеткен көмегін жоғары бағалады. Осы туралы генерал-майор Гасфорд өзінің Сыртқы істер министрлігін басқарушы Л.Г.Сенявинге жазған хатында Орман Ниязбековтің қызметін бағалай отырып, былай депті: «Оның осы істе септігі тимесе, Кенесарыны өлтірмесе, онда біздің ісіміз ол кезде бізге тиімсіздеу басқаша сипат алары сөзсіз еді». Қапал уезінің қазақтары Кенесары үшін кек алу мақсатында қырғыз манаптарына қарсы жорыққа аттанған. Олар өлімге катысы бар бірнеше манапты аяусыз жазалады. Соның бірі — Төрегелді манаптың ауылы тоналып, өзі тұтқынға алынды. Кенесары қазасынан кейін, іле ХІХ ғасырдың 50-жылдары Қырғызстанда сол Орман бастаған өзара тонаушылықфеодалдық қырғын соғыс басталды. Сарыбағыштықтарды бастаған Орман Бұғы руының Ыстықкөл жағалауындағы бай жайылымдарын басып алып, өзі иемденгісі келді. Осы соғыстың барысында, 1855 жылы Орман қаза тапты. Кенесарыны өлтірген жендеттің бірі – Жантайдың қазақтар тұрсын қырғыздардың өздеріне де қандайлық жек көрінішті болғанын, оның өзінің хаты да айтып тұр: «Менің дұшпаным көп, досым аз, қазақтардың немесе тастай тағы қырғыздардың Сізге мені жамандауы оп-оңай, оларға сенбеңіз. Мен баяғы жуас калпымдамын, айтқанына көніп, айдауында жүретінімді айтып патшаға хат жазып, өз адамдарымды жібергеніме де көп болды. Қырғыздарға сенгенше маған сеніңіз». Жамбыл өзінің «Сұраншы батыр» дастанында Жантайды екіжүзді, ішмерез ретінде суреттейді. Құдияр хан қағынды, Тағы қанды сағынды, Алатын орыс қазақсың Аламын деді, бәріңді… Қырғызды ханға батырған, Әркімге бір сатылған Орман хан бар қолыңда, Қазақты барып талайық, Патшадан бұрым алайық, Деген мақсат ойында. 05.01.2012