ҚОНАЕВТЫҢ ҚЫТАЙҒА САПАРЫ

ҚОНАЕВТЫҢ ҚЫТАЙҒА САПАРЫ

ҚОНАЕВТЫҢ ҚЫТАЙҒА САПАРЫ
ашық дереккөзі

Ежелгі тарихы мен мәдениеті әлемді күні бүгінге дейін таңғалдырып келе жатқан Қытай елі жөнінде айтса әңгіме таусылмайды. Ал Қытайдағы қазіргі даму мен өркениеттің жаңа үрдісі және экономикалық қарыштау баршаны қайран қалдырып отыр. Сондықтан әлем Қытай тарихы мен оның бүгінгі орасан жетістікке жету сырын білуге тәнті.

ҮШ АҚШ

Кеңестік дәуірде Қытай жөнінде тамаша кітап жазған сол кездегі Қазақ Ғылым академиясының президенті, академик Дінмұхамед Қонаев еді. Аспан асты елінде 30 күн болып, аталған елдің тарихы мен мәдениетін, рухани әлемін және социалистік даму жолына түскен мемлекеттің қоғамдық өрлеу бағытын Димекең өзінің көргендері мен ойға түйгендері бойынша қаз-қалпында баяндайды. 1955 жылы шыққан сапарнама-очерк “30 дней в народном Китае” деп аталады.Қытайға Димекең КСРО-ның басшысы Никита Хрущев бастаған делегация құрамында барады. Кеңес-Қытай Достық қоғамының ұйымдастыруымен шақырылған делегация ішінде атақты ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері және жазушы, тарихшылар бар еді.

Димекең әңгімені алдымен әлемдегі алып ел, жер шарының алтыдан бір бөлігін алып жатқан Кеңестер Одағының ұшы-қиыры жоқ жер аумағынан бастайды. Өйткені Мәскеуден шет-шегі жоқ Ресей арқылы ұшып келе жатқанда Еділ-Жайық, Батыс Сібір, Орал таулары мен Солтүстік Қазақстанның орманды далалары, Алтай өлкесі ұшақ ішінде бір шексіз кеңістікті елестетеді. Міне, сондықтан академик Қонаев ұлы мемлекеттің жер көлемі жөнінде “3 АҚШ, 7 Үндістан, 60 Жапония және 700 Голландия сиятын ұлан-ғайыр мемлекет СССР” деп жазады. Әсіресе, өз Отаны Қазақстан жайында толғанысы ерекше. Ақынжанды Димекең Ертістің мұхитқа құяр тұсын көргенде тың игеруге байланысты ой құшағында отырады. Өйткені Қазақстанда тың игерудің ұлы ісі осы кезде басталған еді.

Ұшақ Қытай әуе кеңістігіне кіргенде ғұлама ғалым Гоби шөлі мен Лобнор көлі жөнінде және аспанасты елін зерттеуші-саяхатшы Пржевальский туралы түсіндіреді. Сапарға дайындаларда бұл елге байланысты тарих пен географиялық анықтамаларды оқып, бәрін біліп зердесіне түйіп алған ғой.

“МӘСКЕУ-ПЕКИН” ӘНІ

Димекең отырған ұшақ ауа райына байланысты Ұлан-Баторда аялдап, соңында Қытай астанасы Пекинге келіп қонады. Делегацияны әуежайда Қытай-Кеңес достығы қоғамы төрағасының орынбасары У Юй-Чжан, белгілі ғалым Цзянь Сань-Цянь, тарихшы Лю-Дан-Нянь, тағы да басқа ел зиялылары қарсы алады.

Мамандығы тау-кен инженері Қонаев әдебиетті және ақын-жазушыларды ерекше жақсы көретін ғалым еді. “Пекин” қонақ үйінде ол жазушы Антанас Венцловпен көрші болады.

Кеңес делегациясы Қытай Халық Республикасының құрылғанына бес жыл толу мерекесіне байланысты салтанатқа қатысуға келген еді. Пекиндегі Император Сарайында Бүкілқытайлық халық жиналысы өкілдері қатысқан салтанатты шара басталады. Құрметті қонақтар мен шетелден келген меймандар алдында ҚХР төрағасы Мао-Цзе-Дун және партия қайраткерлері Чжу Дэ, Лю-Шао-ци, премьер Чжоу Энь-лай сөйлейді. Кеңестер Одағының басшысы Никита Хрущев мінбеге шыққанда ұзақ қол соғылады. Хрущев “Қытай халық Республикасының даңқы арта берсін!» – деп сөзін аяқтайды.

Салтанат соңында Достық гимніне айналған “Мәскеу-Пекин” әні орындалады. Тяньанмин алаңында әскери шеру өтеді. Қытай сапарына байланысты Димекең күнделік жазып отырған. Кездесу-жүздесулердің бәрі дәл ай-күнімен көрсетіледі.

Димекең бір айға созылған сапар-саяхатында Солтүстік Шығыс, Оңтүстік Шығыс және Орталық Қытайды түгел аралайды. Қытайдың атақты қалалары Шанхай, Нанкинь, Кантон, Ухан, тағы да басқа шаһарларда болып, жұмысшылар мен ғалым және өнер адамдарымен кездеседі.

АСПАН ХРАМЫ

Димекең Қытай астанасы Пекин шахарын қызыға аралап, оның тарихы мен тарихи орындары жайында қызықты деректер мен мәліметтер келтіреді. “Бэйхай” саябағы мен “Гугун” патша сарайын көріп, “Аспан храмын” тамашалайды. Бес жүз жылдық тарихы бар қытай астанасы жөнінде Димекеңнің білгендері мен көргендері тіпті көп. Басқыншылармен соғыс кезінде өртеніп, тоналған Император саябағы мен сарайы жөнінде Димекең өкіне айтады. Өйткені Қытайды отарлаған ағылшын, жапон және француз әскерлері құнды тарихи мұраларды құртып, тіпті жойып жіберген. Олардың халықты құлдыққа салған аярлықтарында шек жоқ еді. Ақын жазушыларға жаны жақын Димекең Пекинде Қытай халық жазушысы Лао Шэмен әңгімелесіп, сұхбаттасады. Тарихқа, әдебиетке байланысты көп әңгімені оған осы қаламгер айтады.

Қытай адамзат тарихында алғаш компасты, қағаз, оқ-дәріні ойлап тапқан ел ретінде тарихтан ерекше орын алатын халық екені белгілі.

Академик Қонаев кітабында ежелгі Қытай ғалымдары мен ғылымы жөнінде өте жақсы айтады. Біздің дәуірімізден бұрынғы үшінші ғасырда ойлап тапқан компастың алғашқы үлгісін мұражайдан көрген Димекең Қытайдағы ежелгі темір өңдеу, құрылыс және сәулет өнерлері жайында да сөз қозғайды. Мамандығы инженер Қонаев қытайлық тау-кен инженерлерімен әңгімелеседі. Қытай Ғылым академиясының президенті Го Мо-Жомен кездесіп, бірге жүріп, Қытай ғылымының сол кездегі (өткен ғасырдың елуінші жылдары) дамуына байланысты көптеген мағлұматтар алады.Қытайда құрылған қырықтан аса ғылыми орталықтың жұмысына талдау жасап, баға береді. Түсті металлдар ғылыми-зерттеу институтының директоры Ли-Пин-Канмен әңгімелеседі, Қытай ғылымындағы табыстарды еске түсіреді. Димекең барған кезде бұл елде физика, математика, биология, география ғылымдарын дамытуға баса көңіл бөлген еді. Ғылыммен қатар Димекең елде ауыр өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының да дами бастағанын айтып, бұған көптеген мысалдар келтіреді. Сондай-ақ қоғамдық ғылымдардың социалистік идеяны қолдап, осы бойынша бағыт алғаны жөнінде айтады. Қонаевтың ірі ғалым, атақты академик екенін білген Қытай ғалымдары Димекеңмен кездесу өткізеді. Екі мыңға жуық адамға арналған үлкен залда Димекең Кеңестік ғылымның дамуы жайында сөйлейді. Ғылымның геология және тау-кен істері саласындағы жетістіктерін көрсетеді. Ертеңінде Димекеңнің әңгіме-дәрісі зор таралыммен тарайтын басты газетте қытай тілінде жарияланады.

Қазақ Ғылым академиясы жөнінде айтқанда көптеген сұрақтар қойылып, қызу пікір-таласқа ұласады. Академик ғылымның практикамен байланысы жөніндегі сауалдарға жауап береді. Димекеңнің білімділігі мен біліктілігі және ғылымдағы ақыл-ойына тәнті болған болулары керек, ертеңінде Қонаевты Қытай Тау-кен институтына арнайы шақырады. Кездесу сұхбатта Димекең кеңестік геология ғылымы мен тау-кен жұмыстары жайында, жерасты қазба байлықтарын игеруге байланысты тереңнен толғап, нақты деректер мен мәліметтер негізінде баяндайды.

ЖАМБЫЛ ЖАЙЫНДА СҰХБАТ

Қытай Халық Республикасы құрылған алғашқы жылдары Пекинде аз ұлт балаларына арналған институт ашылған болатын. 1951 жылы ұйымдастырылған, 47 ұлт өкілдері оқитын осы оқу орнының ректоры Цуй Кэн-Жин мен Димекең ұзақ әңгімелесіп, оқу-орнының білім беру ерекшелігімен танысады. Оқу орны астанадағы әсем әрі көрікті жерлердің біріне орналасқан екен. Димекең барғанда институтта 1300 студент болады. Ол аудиторияларды аралап, жатақханаларды көріп, мәдениет сарайындағы жұмыстармен танысады. Тибеттен, Құлжа өңірінен, Ішкі Моңғолия және Хайнань аралынан келген жастармен жолығып, Кеңес еліндегі білім берудің жайын әңгімелейді. Шыңжаң өлкесінен келген қазақ, ұйғыр және дүнген жігіттерімен кездесіп, олардың оқуы жайында сұрайды. Димекең Кеңес Одағындағы қуатты Қазақстан туралы оның географиялық картасын көрсетіп тұрып ұзақ әңгімелейді. Қазақстан туралы Қытайдағы аз ұлт өкілдерінің жастары біледі екен. Сұрақтар қояды. Әсіресе, белгілі жазушылар Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов және Ғабиден Мұстафин туралы тереңірек білгілері келіп, көп сұрайды. Атақты жазушылармен етене жақын араласқан Димекең олардың сауал-сұрақтарына іркілмей жауап береді. Ұлттар институттарындағы кездесуде Ғабиден Мұстафиннің “Қарағанды” романын қытай тіліне аударып жүрген аудармашы, тау-кен инженері Димекеңнен шахтерлер шаһары жөнінде көбірек айтып беруді өтінеді.

Ол кезде атақты Жамбыл ақынның жырлары әлемді дүркіретіп тұрған кезі еді. Димекең ақын өлеңдерін қытай тіліне аударған қаламгер Гэ-Бао-Цюаньмен кездесіп, Жамбыл жайында сұхбаттасады. Осы жерде бір айта кететін нәрсе: Димекең Жамбылмен кездескен. Әкесі Меңдіахмет Жамбыл өлеңдерін жатқа айтатын болған. Димекең аудармашыға қазақ және орыс тілдеріндегі Жамбылдың өлеңдер кітабын сыйлайды. Бұған риза болған қаламгер “енді Абай шығармаларын қытай оқырмандарына таныстырамын” деп уәде береді. Қонаевтың қытай ақын-жазушыларына деген сүйіспеншілігі сезіледі.

Димекең күллі Қытай мақтанышы, даңқты жазушы Лу-Синнің мұра жайында болып, оның өмірі мен шығармашылығы жайында терең біледі. Қытай реализмінің негізін салушы Лу-Син Кеңестер Одағындағы Горькийге ұқсайды. Ол төңкерісшіл қаламгер, ұлттық батыр, ұлт мақтанышы.Димекең мұражайын көріп, әйелімен жолыққан жазушы кедей отбасыдан шыққан. Жапон басқыншылығына қарсы болып, бостандық жолында күрескен. Қытай тарихында халық санасын оятқан қаламгер ретінде қалған. Әлемдік әдебиетіне, оның ішінде орыс классиктеріне ден қойған. Толстойды, Гогольді, Шолоховты қытай тіліне аударған жазушы жөнінде Димекең қызықты деректер келтіріп, жақсы ой түйеді.

ШАНХАЙ ШАҺАРЫ

Қытай тарихы мен мәдениеті, ондағы халықтың тұрмыс тіршілігі мен әлеуметтік жағдайы жөнінде білгірлікпен баяндалатын кітаптың бір тарауы Шанхай туралы толғаныс және баян. Шанхай шаһарында Димекең төрт күн болады. Осы уақыт ішінде қаланың тарихы, мәдениеті және экономикасы көз алдынан өтеді. Бәрін көреді, аралайды және беймәлім нәрселерді білуге құмартады. “Шанхай – Қытайдағы ең ірі қала. Қазір оның халқы алты миллионнан асады” деп әңгіме бастайды Димекең. Бұл қала ежелден майда өнеркәсіп пен саудасы дамыған шаһар және әлемге әйгілі порт-айлақ. Шанхайда ол бұрын француздардың меншігі болған атақты қонақүйге жайғасады. Көл жағасындағы мейманхана бір мөлдір көлдің атымен аталады.

Шанхайдағы Кеңес мәдениет қайрат­керлері және ғалымдармен кездесу өте қызықты әрі естен кетпейтін әсерлі болып өтеді. Қытай-Кеңес достығының салтанатты жиындары мен кездесулері күн сайын жалғасады. Әсіресе, бұрын “Шығыс мейманханасы” деп аталатын қонақүйдегі жаңа заманның көріністері Кеңес делегациясын қайран қалдырады.

Шанхай өнеркәсіпті қала болғандықтан Димекең кітабында өндіріс орындары мен фабрика, заводтар көбірек еске алынады. Өйткені Шанхайда ежелден келе жатқан тігін фабрикалары, майда өнеркәсіп шеберханалары жұмыс істейтін. Ал заман талабына сай өмірге келген жаңа өнеркәсіп орындары енді-енді жұмыс істей бастаған. Қаланың мәдениеті мен өндірісіне Димекеңнің көңілі толады. Қаланы аралап, бәрін көреді. Кең даңғылдар мен әсем гүлзарлар, су бұрқақтары, сәндік ағаштар қала көркі еді. Димекеңе қаланың бір әсем жерінде орнатылған Пушкиннің ескерткіші қатты ұнайды. Орыс халқының ұлы ақынына орнатылған ескерткіш тарихы жөнінде біраз тоқталады.

Шанхай ұлт азаттық көтерілістің бесігі болған қала ғой. Әсіресе, тарихтағы Шанхай көтерілісі Қытайды отарлаушы мемлекеттердің зәресін алған. Көтеріліс жөнінде орыс ақыны Владимир Маяковский арнау өлең жазған. Димекең естелігінде ақын өлеңінен үзінділер келтіреді. Шанхай басқыншылардан 1949 жылы азат етіледі. Қытайды жаулаған милитаристік Жапония болатын. Шанхайдың қанды қырғын тарихын айта келіп, Димекең оның азаттықтан кейінгі дамуы мен өркендеуін сөз етеді. Қытай коммунистік Партиясының бірінші съезі (1921 ж.) өткен қаланың тарихы мен тағылымы өзгеше. Осы съезде Қытай халқының ұлы көсемі Мао Цзэ-дун сөз сөйлеген.Азаттықтан кейін Шанхайда 17 оқу орны ашылып, онда 21 мың студент оқиды.

Қытайда жастарды құлдық санаға тәрбиелейтін Америка үлгісіндегі оқу орындары жабылады. Өйткені сабақты қытай тілінде емес ағылшын тілінде жүрген. Бәрін айтып жату әрине, мүмкін емес, Димекеңнің кітабындағы “Шанхайда” тарауында аспан­асты елінің тарихы мен тағылымына байланысты көрегендік ойлар мен болжамдар айтылады. Қытайдың түбінде қарыштап дамып, шырқау биікке көтерілетініне шек келтірмейді. Бізге Құдай көрші қылған ұлы мемлекеттің болашақта жәйлап дамып, әлемге танылатынын Димекең ондағы оқу ордаларындағы білім мен тәрбие арқылы меңзейді.

КОНФУЦИЙ МҰРАЖАЙЫ

22 қазан күні делегация Кантон қа­ла­сына келеді. Қытайды жаулаушы империалистік мемлекеттерге қарсы алғашқы көтеріліс (1839 ж.) осында бас­талған. Англияның Қытайға қарсы атақты “Опиум соғысының” қайғы-қасіреті осы қалада халықты қан жылатады. Қорлау мен тонауға және зорлау мен зұлымдыққа көнбеген «кантондықтар батыл күреске шығады.

Қытайдағы алғашқы маркстік үйірме 1920 жылы осы қалада құрылады. Оның құрылуына Ресейдегі Қазан төңкерісі (1917) себеп болады. Мао-Цзэ-Дуннің Төңкеріске дайындық жасау әрекеті басталады. Кантон “Қытай Төңкерісінің бесігі” аталғандықтан тарихы ерекше қала. Кантонның бір ауданында мұражайға айналған қытай философы Конфуцийдің храмы сақталған. Шетелдерге барған сапарларында мешіт, шіркеулерге және ғибадатханаларға баратын, ондағы құлшылық ғибадаттарды көруге құмар Димекең ілімі дінге айналған Конфуций храмын көріп, тамашалайды. Әбден аралап, оның өмір-баянымен танысады.

Бес оқу орны, бір университеті бар қаланың тіршілігі Димекеңе ұнайды. Қытай ұлт көсемдерінің бірі Сунь-Ят-Сенің өмірі мен өнегесін біледі. Алты жүз жылға жуық тарихы бар ағаш мұнараны көріп, мұнара тұрған жердегі гүлзарға қызығып, осы жерде біраз аялдайды. Сондай-ақ Сунь-Ят-Сен атындағы сарайға кіріп, оның ішкі көрінісін тамашалайды. Қалалық Кантон газеті Кеңес үкіметі делегацияның келгені жөнінде хабарлайды. Делегация құрамында белгілі академик Қонаев бар деп жазса керек. Кантон Политехникалық институтының оқытушылары мен профессорлары ертеңінде Димекеңмен кездесу өткізіп, сұхбаттасады.

ЯНЦЗЫ ӨЗЕНІ

Жылдың төрт маусымы жаз болып тұратын Кантон ұжмақ өлке екен. Димекең табиғат таңғажайыбынан ерекше әсер алса керек. Бұл өлкенің жеміс-жидегі мен табиғатын мақтайды.Қытай елінің таулары мен өзен-көлдері адамзат тарихында аңызға айналған та­биғат таңғажайыптарына жатады. Со­лардың бірі – Янцзы өзені. Ол география ғылымында ұлы өзен аталады. Басы Тибет тауларынан басталатын өзеннің ұзындығы 5700 шақырым. Қытайдың ұшы-қиыры жоқ ұлы өлкелерінен өтіп, Шығыс Қытай теңізіне құятын өзен жағасы тамаша тіршілік мекені. Өзен жағалауы орман-тоғайға бай, ал егіс алқаптарында есеп жоқ. Янцзы өзені бойында Чунцин, Ухань, Иган, Нанкин, Шанхай, тағы да басқа ірі қалалар орналасқан. Димекең атақты өзеннің табиғат әлемі жайында айта келіп, өзен бойындағы өндірісті қала Уханға тоқталады. Алдымен қала тарихына байланысты аңызды айтып, бір жарым мың жылдан аса тарихы бар шаһардың қазіргі тіршілігін тілге тиек етеді. Ухань ірі өзен порты, су жолдары мен темір жолдары осында түйіседі. Сондай-ақ әуе кемелері қатынайды. Өкініштісі, бұл қалаға өзен жақын болғандықтан су тасқыны жиі болады екен. Димекең 1854 жылғы апатты сел тасқыны жөнінде біраз деректер келтіреді. Апатпен алысқан қытай халқының ерлігіне қайран қалып, оны бірлік пен ұйымшылдықтың үлгісі деп ұғады. Су тасқынына қарсы 200 мыңға жуық адамның күндіз-түні “тілсіз жаумен” алысқаны әлемдегі тосын оқиға еді. Халық тағдырын ойлаған Қытай коммунистік партиясының әрекеті нәтижесінде апат зардаптары жойылады.

Ухань қаласының тарихы мен мәдениеті және экономикасы жөнінде Димекең біраз әңгімелейді. Әсіресе, гидротехникалық құрылыстар жөнінде өз ойын түйіндейді.

Қытайда Ухань университеті өзіндік білім беру бағыты бар оқу орнына саналады екен.

Университет 1913 жылы ашылған. Университет ректоры, коммунист Ли Да ұлттық сәулет үрдісі мен салынған оқу ғимараттарын көрсетеді. Ғалымдардың келгеніне қуанған университет оқытушылары мен профессорлары өздерінің ғылыми тәжірибелері жөнінде айтады. Қырық оқу кафедрасы, 91 профессоры бар оқу орнында орыс тілінің оқытылатыны қонақтардың көңіліне қуаныш ұялатады. Орыс тілі ол кезде социалистік мемлекеттер үшін мәртебе болатын. Ухань университетіндегі кездесуде МГУ-дің ректоры И. Петровский сөз сөйлеп, оқытушы, профессорларға ғылымда табыс тілейді.

ҰЛЫ ҚЫТАЙ ҚОРҒАНЫ

Әлемде адамзат тарихындағы керемет­тердің біріне саналатын Ұлы Қытай Қорғаны екен белгілі. Димекең ежелгі заманның бұл ғажайып құрылысын Ұлан-Батордан Пекинге ұшып келе жатқанда ұшақ ішінде көреді.

“Қорған биік тау шыңдарының үстінде ирелеңдеп жатқан жыланды елестетті” дейді. Қытай сәулет өнерінің ғажайып туындысы Димекеңе бала жасынан белгілі еді. Өйткені мектептегі тарих оқулығынан ол жайында оқып, суретін көрген. Ал көзбен көргенде айтары жоқ әсерде қалады. Пекиннен онша алыс емес жерде қабырғалары басталатын алып құрылысты көруге келгенде оңын төңірегінде құжынап жүрген халықты көреді. Ұлы Қорғанның бір бөлігіндегі “тас саты” арқылы оның үстіне шығады. Одан ары қарай алысқа созылып жатқан қорғанның “жоталары” көрінеді. Екі мың жылдық тарихы бар ұлы қорғанның құрылысы жөнінде тарихшылар жиі айтатын деректі Димекең де есіне түсіріп қайталайды. Сыртқы жау­лардан қорғану үшін Қытайдың бірінші императоры Цин Ши-Хуа патша тұсында оның ірге тасы қаланады. Қанша мың адам жұмыс істеді – оның есебін білу мүмкін емес. Құрылыс бір ұрпақтан екінші ұрпаққа жалғасып, ғасырларға ұласқан. Сары теңізден Батыстағы шөл далаға дейін созылған қамал құрылысы “тылсым тарихты” елестетеді. Қытай халқының еңбекқорлығы мен ұлылығын әлемге паш еткен Қорған қамалдың тарихы жөнінде Димекең қызықты мысалдарға жүгініп, өзінше ой толғайды.

Ұзындығы төрт мың шақырымға жуық Ұлы Қытай Қорғанын көріп, оның салыну тарихы мен құрылыс ерекшелігі жөнінде сол елдің ғалымдарынан көп дерек естіп, мол мағлұмат алып, бәрін түгел білуге ниеттенген Димекең кітабынің бір тарауы осы керемет туралы сыр шертеді. Әлемдегі қазіргі заманның жеті кереметінің бірі Тәж-Махал жайында сәулетшілердей ой-толғап, тарих тұңғиығына бойлаған Димекең Қытай Қорғаны туралы да тереңнен тартып, шежіре шертіп, әңгіме қозғайды.

ТҮЙІН НЕМЕСЕ ДИМЕКЕҢНІҢ

САПАРДЫ САҒЫНА ЕСКЕ АЛУЫ

1949 жылы құрылып, социалистік даму жолына түскен Қытай “социалистік лагерьдегі” Кеңес одағынан кейінгі екінші ұлы ел еді. Алғашқы бес жылдық жоспарларында Қытай біраз табыстарға жетеді. Әсіресе, өндірістің дамуында өрлеу, әлеуметтік жағдайда ілгерілеу нышаны сезілді. Мысалы болат қорыту 13,7 пайызға, көмір өндіру 2,6 пайызға, электр қуаты 2,5 пайызға өседі. Елді индустрияландырудың нәтижесінде өнді­ріс ауқымы 1954 жылы 4,2 пайызға көбейе­ді.

Қытайдағы социализмнің ал­ғашқы бесжылдықтар тұсындағы табысын Димекең нақты цифр, деректер арқылы көрсетеді. Кеңес үкіметінің көмегі арқасында елде көптеген өңдіріс орындары жұмыс істеп, жұмыссыздық жойыла бастайды. Мысалы ірі өндірістік қала Шэньянда 200 ге жуық өндіріс орны ашылып, ауыр өнеркәсіп дамиды. Қытайда шығатын машинаның төрттен бір бөлігі осы қалада жасалады. Өндіріспен қатар елдің мәдени өмірі де жаңалана бастайды. Мәдениет үйлері, театр, клубтар барлық жерде ашылып, онда халық жиі келеді. Сол кездің ең жақсы рухани орны, кітапханалар кітапқа толып, оқырман саны көбейеді. Шэньян қаласында 750 000 том ежелгі қытай әдебиеті бар кітапхана оқырманға есігін ашады. Оқырман үшін мұнда барлық жағдай жасалады. Сол дәуірдің идеологиясы мен саясаты болған маркстік-лениндік ілім классиктерінің шығармалары Қытайда миллиондаған таралыммен таралады.

Мәдениет саласында Кеңес Қытай достығына арналған әндер мен жырлар, кинофильмдер халыққа насихатталады. Екі елдің достығына арналған “Москва-Пекин” атты ән елде жиі айтылатын музыкалық шығарма еді. Кеңес делегациясы келген алғашқы салтанатты кеште осы әнді залдағы күллі адам орындарынан тұрып хормен айтады. Кеңес-Қытай достығының жыршысы, ақын Эми-Сяонының жырларын халық жатқа айтатын сол дәуірдің рухани үрдісін Димекең тебірене баяндайды.

Қытайда 30 күнге созылған “сапар-саяхатын” Димекең аспанасты елі жайында әсерлі “сапарнама очеркін” өзінің қорытынды сөзімен аяқтайды. Қытайда 30 күннің қалай тез өте шыққанына қайран қалып, кейін сапарды сағына еске алады. Елге оралған соң түрлі кездесулерде Қытай жөнінде әңгімелеп, алған әсерлері мен көрген-білгендері туралы ағынан жарылып айтады. 1954 жылы күздегі Димекеңнің “сапарнама очеркі” келесі жылы “Халықтық Қытайдағы 30 күн” деген атпен оқырман қолына тиеді. Таралымы 15 мың дана кітап жаңа Қытай жайында жазылған Қазақстандағы алғашқы бірегей очерк еді. Әсірелеу және лепірмелік жоқ бұл шығарма қытайтанушылар үшін қазір де құндылығы жоғалмайтын үлкен еңбек. Димекеңнің жүз жылдық мерейтойына байланысты Қытай-Қазақстан достық қарым-қатынасына қатысты бұл кітап бойынша әртүрлі рухани шаралар өткізілсе құба-құп.

Қонаевтың ұлы Қытай елі жөнінде жазған еңбегі Димекеңнің жақсыны көре білетін ерекше қасиетін, көрген-білгендерін терең ой мен ақыл-сезімі арқылы өрнектеп, жаттық тілмен жеткізе білетін кемеңгерлігін дәлелдейтін рухани дүние десек артық айтпаймыз.

05.01.2012

Ораз ҚАУҒАБАЙ,

жазушы