БIРЫҢҒАЙ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КЕҢІСТІК
БIРЫҢҒАЙ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КЕҢІСТІК
Гүлзина БЕКТАСОВА
Жаңа жылдың алғашқы күндерiнiң бiрiнде «Ақ жол» партиясы Бiрыңғай Еуразиялық экономикалық кеңiстiкке орай, өз көзқарастарын бiлдiру мақсатында арнайы дөңгелек үстел ұйымдастырды. «Еуразиялық экономикалық кеңiстiк идеясы – мәселелерi мен болашағы» атты жиынға елiмiздiң бiрқатар сарапшылары, белгiлi экономистерi қатысты.
Аталмыш шараға «Ақ жол» партиясының Төрағасы Азат Перуашев, Қазақстан және Ресей елдерінің атақты саясаттанушылары Қоғамдық пікірді зерттеу орталығының директорының орынбасары Қанат Берентаев, «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботарев және ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына үміткерлер Талғат Әбдіжаппаров, Азамат Әбілдаев, Нұрлан Жазылбеков, Көгершін Жамықанова, Жібек Әжібаева, Арман Евниев, Асылхан Игбаев және т.б. сарапшылар қатысып, өз пікірлерін ортаға салды.
Бірыңғай Еуразиялық экономикалық кеңістік жөнінде партия Төрағасы Азат Перуашевке тілшілер бірер сауал тастаған еді.
«Меніңше, ел үшін өте қажетті бағыт. Себебі біз өзіміздің тәуелсіз экономикамыздың даму жолында қалай болса да, Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіміз қажет. Оған дейін өзіміздің өндірістерімізді, өзіміздің бизнесімізді дайындап, пысықтап жеткізуіміз қажет деп ойлаймын. Біз өз бизнесімізді тек пайда іздеу үшін, яғни пайда табу үшін емес, ұлттық мүдделік тұрғыдан қызмет етуге бағыттағанымыз абзал. Жалпы, республикамыздың Бірыңғай экономикалық кеңістікке кіруі Қазақстан экономикасына оң әсерін берері сөзсіз. «Ақ жол» партиясы Еуразиялық экономикалық кеңістікке кіру кезінде қазақстандық өндірушілер мен шағын және орта кәсіпкерлік мүдделерін қорғайды. Аталмыш жағдайларды нормативті-құқықтық және басқа да құжаттарды жасау барысында назарға алуы керек. Біз Еуразиялық экономикалық кеңістіктің өндірушілеріміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыру құралына айналуына қол жеткізуіміз қажет»,– дейді Азат Перуашев мырза.
Дөңгелек үстел барысында Еуразиялық интеграциялық жобаның саяси, экономикалық мәдени-ақпараттық аспектілері, Кедендік одаққа қатысты мәселелер төңірегінде, Еуразиялық экономикалық кеңістік аясындағы қазақстандық бизнесті қолдаудың негізгі бағыттары туралы мәселелер кеңінен сөз болды.
Аталмыш партияның еліміздегі бастау алған интеграциялық бастамаларды қолдайтыны белгілі. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастауымен жүзеге асырылып жатқан бастамаларды қолдайтындығы туралы да партия өз көзқарасын білдіріп жүр. Сонымен қатар, партия қазақстандық тауар өндірушілерді осы интеграциялық форматтан жеңіп, әлемдік нарыққа кіруі үшін де жұмыс істеуге әзір. Бұған дейін де «Ақ жол» партиясы Кедендік Одақ пен Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысты айтылып жүрген сындарға да өздерінің пікірлерін ашық айтып келген.
Ұлттық агроөнеркәсіп палатасының Президенті Асылхан Игбаев мырзадан Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысты пікірін сұраған едік.
– Мұның мәселесі өте тереңде жатыр. Қазіргі заманда Қазақстан өзінің тәуелсіздігін сақтау үшін оның экономикасын дамытып, өндірістер ашып, бүкіләлемдік кеңістікке кіру үшін өте үлкен өзгерістер жасап жатыр. Қазақстан сияқты экономикасы дамып келе жатқан мемлекеттерді әлемдік экономикалық кеңістік кіргізу арқылы оның экономикасын дамыту мақсатында жүзеге асырылуда. Қазақстанның мақсаты – жаһандану кезінде дүниежүзілік экономикада өз орнын табу. Ол өте қиын. Қазір өте көп блоктар құрылып жатыр. Еуразиялық кеңістік құрудың мақсаты да осында, бірнеше мемлекеттер бірігіп, өзінің экономикасын сақтап қалу. Яғни, дүниежүзілік экономиканың көшіне ілесу. ДСҰ-ға кірер алдында экономикасы жақындау мемлекеттермен бірігіп, алдағы жетістіктерге жету деген мақсат.
– Биылғы жылы қаржылық дағдарыстың екінші толқыны басталады деген болжам бар. Бірыңғай экономикалық кеңістікке бұл өз әсерін тигізбей қоймай ма?
– Дағдарыс басталады емес, басталып кеткен. Біз үшін бірден-бір жол – Еуразиялық кеңістікке кіру арқылы Ресей сияқты көршілермен бірігіп, нарықты үлкейту арқылы дағдарысқа қарсы тұруға тырысып бағамыз.
– Еліміз үшін Бірыңғай экономикалық кеңістіктің қандай тиімділігі бар?
– Оның тиімділігі, ең әуелі – үлкен нарық. Бұл нарықтың орташа бизнеске де өзінің тиімді әсері бар. Орташа нарықты Ресейдің нарығына шығаруға септігін тигізеді. Екіншісі, жұмыс істеу интеграциясында өте маңызды заңдар қабылданып, өте қажетті актілер қабылданып жатыр. Көрші мемлекеттердің алға кеткен технологияларын қабылдап, жаппай бірігіп, алға жылжуға тырысып жатырмыз.
05.01.2012